«Ораза»  арабша «саум» деп айтылады. Оның тілдік мағынасы өз нәпсісін тыю, жаманнан алыстау болса шариғи терминдік мағынасы таң атқаннан күн батқанға дейін оразаны бұзатын нәрселерден тыйылу деген ұғымға саяды. Құранда Алла Тағала  «Әй мүміндер! Сендерге бұрынғыларға парыз қылынғандай ораза парыз етілді...» - деп бұйырған аяты негізінде әрбір мұсылманға ораза тұту парыз болды.

Иә, бұл мұсылмандардың сағына күтетін айлардың сұлтаны, дерттердің шипасы, күнәлардан арылтушы, тақуалыққа баулаушы болған Құран айы яғни Құран алғаш түсірілген ұлық та қасиетті Рамазан айының сауабы шексіз. Тіпті бұл айда бір күн жасалған жақсылық, өзге айларда қанша күн жасалса да сауабы жеткіліксіз болатын жомарт айы. Тізе берсең ораза ұстағанға сансыз пайдалары жетерлік. Айталық, бұл айда ораза ұстағанның тақуалығы (Аллаға деген сенімі мен құлшылығы, ыждағаттылығы) артады.Ораза адам жанын тазартып, жаман қылықтардан сақтайды. Құранда Алла Тағала оған байланысты: «Ей, иман еткендер! Күнәлардан сақтанып, тақуалыққа жетулерің үшін сендерге бұрынғыларға парыз етілгендей ораза парыз етілді» («Бақара»:185) – деп бұйырды. Алла тағала біздерге не нәрсені бұйырған болса, ол бұйырғаны ақыретіміз үшін де, қоршаған ортамызға да, тіпті өзіміз бен еліміз үшінде пайдалы нәрселерді ғана бұйырған. Керісінше харам қылып тыйған нәрселері аталғандар үшін зияны орасан зор екені ақыл иелеріне мәлім.

Дана халқымыз «Ауру астан, дау қарындастан» - деп сырқаттың негізі астан болатынын ескеріп кеткеніндей, пенде үшін бір жыл тынымсыз еңбек етіп неше түрлі астар мен сусындарды қорек еткен асқазанымызды жылына бір ай күтім жасағандай демалдыруымыздың өзін медицина мойындап отырса, бұл денсаулығымызға Алланың берген үлкен нығметі деп білуіміз қажет. Бұл денсаулық жағынан болса ақыреттік сауабы мен ас пен сусынның қадірін біліп, кедей кепшіктерді түсінетіндей ғибрат аларлық жайты тағы бар.

Ораза кісі нәпсісін сындырады.Қаншалықты ас – сусынға, не басқа нәрсе қалап тұрсақ та одан Алланың мейірімін үміт етіп, оразаның бұзылуынан қорыққан түрде тыйылуымыз арқылы өз нәпсімізді тежей алуға үйретеді. Тағыда басқа көптеген пайдалары жетерлік бұл оразаны Алла тектен-тек парыз қылмады. Ал енді харам қылған арақтың өзін алып қарайықшы. Біріншіден оны қанша теңгеге сатып аламыз, пайғамбарымыз (с.а.с): «Арақ сұмдықтар мен жексұрындықтардың анасы» - дегеніндей ішіп алып, неше түрлі сұмдықтар жасап, әркімге жексұрын боламыз. Ақыретімізге имансыз барып, қай бетімізбен Аллаһ алдында тұрамыз? Сол сияқты темекіні шегушіден көрі оны иіскеушіге зияны көптігін білеміз. Мысалы, тасмалдау көліктер ішінде жүргізушінің шеккен темекісінің күнделікті құны мен өз денсаулығын айтпағанда, күнделікті неше түрлі мінген айналасындағы жолаушыларға келтірер зиянын еске алсақ тек зиян ғана емес, үлкен күнә екені жүрек ауыртарлық. Міне, осы секілді Аллаһ өз пендесіне тек пайдалы әрі шығынсыз намаз, ораза сияқты тіпті денсаулығымызға да пайдалы амалдарды бұйырған. Осы ретте әрқайсымыз «ауру астан» деген дана бабаларымыздың сөзіне мән беріп қарамауымыз ағаттықтан басқа ештеңе емес.

Дүниелік пайдасы да көп бұл айда жақсылық істеуге атсалысуымыз керек. Пайғамбарымыз (с.а.с): «Рамазан айында бір жақсы іс жасаған адамға Аллаһ тағала басқа айларда парыз істі орындағанның сауабын береді. Ал парызды орындағанға басқа айларда (орындағандай) жетпіс парыздың сауабын жазады» – деген.Иә, бұл айда бір істің, бір сағаттың, тіпті бір күннің өзі маңызды. Жай ғана бір істің сауабын еселеп аламыз. Бір күннің өзі көп сауапқа жетелейтін уақыт. Тирмизи жеткізген хадис шәрифте пайғамбарымыз (с.а.с):«Себепсіз рамазанда бір күн ораза тұтпаған кісі оның орнына жыл бойы ораза тұтса, рамазандағы әлгі бір күндік сауапқа жете алмайды» – дейді. Демек оразаның ішіндегі бір күннің сауабын басқа айда қанша күн болсада толықтыра алмайды екенбіз.

Алла тағала құдси хадисте: «Аузы берік адам ішіп-жеуін мен үшін доғарды. Ораза – Мені мен құлымның арасындағы ғибадат. Оған берілетін сыйды Мен ғана өлшеп, Мен беремін. Аузы берік құлымның аштық пен сусағандықтан шыққан ауыз исі мен үшін миск әтірінен де тамаша» - дейді.

Намаз, Зекет, Қажылық сияқты құлшылықтарды өзіміз үшін жасасақ, ораза Алла үшін, сондықтан Алла оның сансыз сауабын өзі беретінін айтуда. Тіпті Қиямет күні есеп-қисаб кезінде кісі ақысын борышты болған жанға оның намаз, зекет, қажылық сияқты істеген амалдары болса сол амалдарының сауабын алып береді екен. Бірақ оразаға келгенде«Жоқ, бұл ораза мен үшін, сондықтан оразадан ақыңды бере алмаймын, егер сен оны кешірсең, саған жомарттық етемін» - деп Алла тағала оразаның сауабын өзгеге бермейді екен.

Бұл Рамазандағы ораза көп нәрседен тыйылу. Сондықтан барлық жамандықтардан ада болу арқылы біз бейбітшілік пен халық арасында бауырмалдылыққа жетеміз. Бұл біздің бірлігіміз бен ынтымағымыздың нышаны. Ал мұндай ынтымақ-бірліктер жұмаққа жетелейтін асыл амалдар. Олай болса ынтымақпен біріккен иманды жандар қатарында болып, бірлігіміз Жұмақта да жарассын! Осы ретте Жәннат қақпалары ашық тұрған айда тек жақсылыққа ұмтылайық. Жұмақ қақпаларына қарай бет алайық.

Бірде пайғамбарымыз (с.а.с): Айша анамызға: «Жәннаттың есігін қақ» дейді (яғни, біреудің үйіне кірерден алдын әуелі есігін қағатынындай Айша анамызға «жаннаттың есігін қақ» - дейді). Сонда Айша анамыз түсінбей: «Жәннаттың есігін қалай қағады?» деп сұрағанда. Оған Алла елшісі (с.а.с): «Ораза ұста. Әр ораза ұстағаның жәннаттың есігін қаққаның» - деп жауап берген» екен.

Айта берсек оразаның артықшылығын қағазға сыйдыру оңай емес. Ең бастысы осы қасиетті айдың сансыз сауаптарынан мақрұм қалмай, ораза ұстауға, жақсылықтар жасауға, ренжіскендеріміз болса татуласып, кешірім сұрасуға тырысайық. Ақаретте тек ораза ұстағандар ғана кіргізілетін Жәннаттың «ар-Райян» қақпасынан Алла барлығымызды қуанышты жүзімізбен кіруімізге нәсін етсін. Бұл айда Жұмақ есігін қағуды ұмытпалық. Ұстаған оразаларыңыз қабыл болсын! Әмин.  

Талғат ОМАРОВ

ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкіл имамы



Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы