Жаһандану заманында геосаяси және геоэкономикалық мүдделердің діни негізде бүркемеленуі және діннің саясилануының күшеюі,алпауыт елдердің әлемдік саясат пен нарықтағы бәсекелестігі мен мүдделер қайшылығында діни факторды әлемдік және аймақтық қатынастардың өзекті құбылысына айналдырып отыр.Әлемдік экономикадағы дағдарыстардың шешілмеуі және әлеуметтік мәселелердің күрделі сипат алуы  батыс елдерінде ксенофобиялық әрекеттердің туындауына  түрткі болып отыр. Қоғамдық пікірді өзге арнаға бұру үшін ақпарақтық шайқас алаңына әлеуметтік желілер және ғаламтор желілері тартылуда. Бұл үшін түрлі жобалар дайындалып адам санасы мен психикасына, әрекетіне ықпал жасаушы тетіктер механизмі жетілдірілуде. Діни экстремизм мен  фанатизм, әсіре діншілдік жаһандық сипат алуда. Діни экстремизм мен лаңкестікке қарсы тұратын сыни көзқарас, азаматтық позиция қалыптастыру Дінтану пәнінің міндеті болып табылады. Елімізде 1999 жылы «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы», 2005 жылы «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» ҚР Заңдары қабылданды. 2011 жылы желтоқсан және 2014 жылы қарашада ҚР кейбір заңнамалық актілеріне  экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ҚР Заңы қабылданды. Діни экстремизм мен лаңкестік адам мен қоғам өміріне, мемлекет негізіне қауіпті індет екендігі жастарға байыпты және ғылыми тұрғыда түсіндірілуі қажет. 2013-2017 жылдарға арналған діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға байланысты қабылданған мемлекеттік бағдарламада  нақты көрсетілген. Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру аясында республикалық және өңірлік денгейде  ақпараттық-насихаттық топтар құрылды.

ХІХ ғасырдың ортасында Дінтану ғылымында дін социологиясы қалыптасты. Дін әлеуметтануында діннің қоғамдық негіздері, діннің құрылымы мен қызметі, қоғамдық жүйедегі діннің рөлі қарастырылады. Бүгінгі өркениетті қоғамда тұлғаны қалыптастыру рухани-адамгершілік кемелдену және білім мен тәрбие беру арқылы іске асады. Тәрбиелеу процесінде ұлттық және адамзатқа ортақ құндылықтарды үйлесімді үйлестіру және зайырлылық қағидаты негізінде жастардың діни санасы мен рухани әлемін қалыптастыру үшін исламның дәстүрлі құндылықтарын қоғамның әлеуметтік-мәдени жағдайына, елдік діл мен ұлттық дүниетанымға сай байыппен, байсалды түрде тиімді қолдану керек.Қазақстан Республикасының Президенті, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Н.Назарбаевтың партияның XVI съезінде сөйлеген сөзінде  «Біздің елімізде 17 конфессияның өкілдері бейбітшілік пен келісімде тату-тәтті тұрып жатыр. Олардың ішіндегі аса ірілері – ислам, православие және протестанттық. Қазақстан аумағында тарихи қалыптасқан Ханафит исламы ұстамдылығымен және төзімділігімен, ислам құндылықтарын парасатты түсіндіруімен ерекшеленеді», - деп атап көрсетті [1].  

Қазіргі заманда Дінтану ғылымында дін мен саясаттың аражігін  анықтау – маңызды мәселе. Әлемде мемлекет пен діннің арақатынасын шешудің бірнеше тәсілдері бар. Дінтанулық ғылымда мемлекет пен дін қатынастарының негізгі модельдері төмендегідей: 1) теократиялық басқару формасындағы елдер; 2) нақты конфессионалды идеологияны ұстанатын зайырлы мемлекеттер; 3) ресми атеистік идеологияны ұстанатын зайырлы мемлекеттер; 4) зайырлы, көпконфессионалды мемлекеттер. Мұсылман елдерін екі топқа бөліп қарастыруға болады: мұсылмандар басым болатын діни басқарудағы елдер, мұсылмандар басым тұратын зайырлы елдер. Кейбір еуропалық және мұсылман елдерде діни-саяси партияларға рұқсат етілген.

Араб елдерінің әлеуметтік құрылымы түрлі ру-тайпалық, кландық, этникалық, діни, конфессионалды топтардан құралған. Таяу Шығыс және Солтүстік Африкада мемлекеттік шекараларды батыс отаршылары Ұлыбритания, Франция, Италия, Испания белгіледі. Атап айтсақ, Ирак, Сирия, Йемен, Судан, Ливия, Алжир. Батыс отаршылдарының бөліп ал да билер бер ұстанымы бұл мемлекеттердегі экономиканың нақты бір секторын  немесе нақты бір өнімді шығару мен өндіруді, пайдалы қазба байлықты бір тайпаға не бір кланға, болмаса бір діни топқа бөліп берген. Бұл қоғамдарда мемлекеттік бірегейлік емес ру-тайпалық, діни-конфессионалды, ұлттық, кландық бірегейлік басым: сүннит, шиит, друзд, христиан, араб, курд және т.б. Ру-тайпалық және конфессионалды бірегейлік-араб қоғамының түп негізі.                                                                                        

Сондықтан бұл аймақтағы қоғамдардың ішкі құрылымы ыдыраңқы және ортақ мақсат жолында жұмылуына ұлттық, тайпалық, діни, кландық ерекшеліктер кедергі келтіреді. Бұл елдердегі саяси-әлеуметтік үдерістер мен экономикалық ахуалды зерделеу үшін  қоғамның әлеуметтік  құрылымына назар аударған жөн. Аймақ елдеріндегі саяси және экономикалық үрдістер қоғамның әлеуметтік өмірінің салдары ғана  болып отыр. 2010 жылы Тунистен  басталған араб көктемі Мысыр, Ливия, Сирия, Йемен, Алжир, Бахрейн елдерін шарпыды. Экономикалық әлеуеті зор мұнайға бай Сауд Арабиясы, Бахрейн, Кувейт, Катар туындаған мәселелерді ақшамен басып отыр. Араб дүниесінде болып жатқан саяси-әлеуметтік және діни үдерістер әлем назарын аударуда. Араб қоғамындағы азаматтық қоғам институтарының әлсіздігі  және сыртқы  күштердің ықпалына қарсы тұра алмауы қазіргі жағдайдың ушығуына себеп болуда.

Қазіргі өркениетті әлем бетпе-бет келіп отырған лаңкестік пен діни экстремизм, ксенофобия дерті  адамзат болашағына қауіп төндіруде. Елбасы дамуымызға қауіп төндіретін 5 жаңа сыртқы сын-қатерлер туралы « Бұл – әлемдік тәртіптің дағдарысы мен ортақ белгісіздіктің өрістей түсуі. Қауіпсіздіктің әлемдік жүйесінің беріктігі жаңа сипаттағы жанжалдармен сыналуда. Әлемдік аренада экстремизм мен зорлық-зомбылықты пайдаланатын жаңа жүйесіз ойыншылар пайда болуда», - деп көрсетті [2]. Жаһандық және аймақтық қауіпсіздікке қауіп төндірушілер арасында ИШИМ, Боко Харам, Джабхат ан-Нусра, әл-Каида, Талибан лаңкестік ұйымдары белсенді әрекет етуде. 2006 жылы Иракта моджахедтер кеңесі және 11 әсіре діншіл топтардың бірігуі нәтижесінде Ирак  ислам мемлекеті құрылды. 2013 жыл сәуірде Ирак және Шам ислам мемлекеті құрылғаны жарияланды. 2013 жылы ИШИМ әл-Каидамен байланысын үзді. 2014 жылы маусымда Ирак және Сирия аумағында  ислам мемлекеті - халифат құрылды. Абдалла Ибрагим әл-Самарий (Әбу Бәкір әл-Багдади) Халиф болып сайланды. Халифаттың орталығы –Сирияның – Ракка және Ирактың – Мосул қалалары. Ислам мемлекеті үгіт-насихат жұмыстарын «әл-Фуркан», «әл-Хаят» медиаорталықтары арқылы жүргізеді. Кейбір деректер бойынша, Ислам мемлекеті радикалды ұйымының қатарында 80-ге жуық елдерден келген еріктілер бар. Ислам мемлекеті аумағында шариаттық заң нормалары енгізілген. Басқа діни ұйымдардан ерекшелігі ислам мемлекетінің діни негізінде. Ислам мемлекеті аумағындағы шиитер мен христиан діндерін ұстанатындарға қысым көрсетіледі. Ислам мемлекетінің басшылық құрамында бұрынғы Саддам Хусейн билігіндегі әскерилер мен БААС партиясының жақтастары, Асадқа қарсы топтар бар. 2015 жылы ақпанда Ресей ФҚК директоры А.Бортников Ислам мемлекеті қатарында 1700-ге жуық  ресей азаматы ұрыс қимылына қатысып жүргенін айтқан болатын. ТМД антитеррорлық орталығының басшысы А.Новиков 2000-5000 жуық ТМД елдерінің азаматтары бұл лаңкестік ұйым қатарында жүргенін айтты. Қырғызстаннан-330, Қазақстаннан-300, Өзбекстан мен Тәжікстаннан-1000-2000 жуық адамдар жалған діни ұстанымға елігіп алпауыт елдердің геосаяси және геоэкономикалық мүдделер қақтығысының құрбанына айналуда. Кейбір сарапшылар пікірінше, ислам мемлекеті қатарында Францияның-700-900, Германияның-300, Англияның-400, Австралияның -150 жуық азаматтары бар.Еуропа елдерінен келгендер қатарында тегі еуропалық ұлттар және еуропалық иммигранттардың балалары мен немерелері кездеседі. Әсіре діншіл экстремистік топтар ғаламтордағы әлеуметтік желілер мен виртуальды уағызшылардың үгіт-насихатымен қатарларына діни білімі таяз, дүниетанымы қалыптаспаған, көрсеқызар еліктегіш, атын шығаруды аңсаған албырт жастарды тартуда.

2015 жылы маусымда Түркия мен Сирия шекарасында ММУ студенті және 14 ресей азаматы ұсталды. Соңғы жылдары батыс еуропа елдерінде әсіре ислами топтар қатары өсуде. Босқындар мен мигранттар салдарынан батыс  еуропаның этникалық-діни құрамы өзгеріске ұшырады, мәдени парадигма ауысуда. Бұл Африка және Азия елдерінен келген иммигрантардың батыс қоғамының мәдени құндылықтарын сіңіріп,социумға кірісе алмағандығын көрсетеді. 2011-12 жылдары Германияның Золинген қаласында «Миллатул Ибрахим» радикальды ұйымы әрекет етсе, ал Вупперталь қалашығында шариат полициясы дүкендерде спиртті ішімдіктердің сатылмауын қадағалай бастады.

Германиялық радикальды топтардың 10% Сирия және Иракқа кеткен. Египеттің Александрия қаласының маңындағы Мандар ауданында неміс мұсылмандарының қауымы бар. 2013 жылы Лондон көшелерінде шариат патрульдері пайда болды. Соңғы жылдары «Аль Мухаджирун» және «Islam 4UK»  ұйымдары қоғам өміріне  шариат заңдарын енгізуге шақыруда. Англияда радикальды діни ілімдердің таралуын алдын алу мақсатында құрылған «Preventing violent extremism» бағдарламасы елдегі мұсылман қауымының мүшелері туралы толық ақпарат алуға құқылы. Лаңкестік ұйымдар құрамындағы этникалық еуропалық мұсылмандардың түрткілері-неофиттік энтузиазм, авантюризм, өмір мәнін іздеу, дүниетанымдық-психологиялық күйзеліс, бірегейлікке ұмтылу, еуропалық тұтыну қоғамынан жирену, азғындаған (гомосексуализм, транссексуальдық, лесбиандық) құбылыстардан қашу. Жиһадқа қатысушылар құрлық жолымен Йордания арқылы –Иракқа, Түркия арқылы-Сирияға, ал теңіз жолымен Кипр арқылы Сирия мен Ливанға барады. Батыс еуропа елдері Ирак пен Сириядағы соғысқа қатысқан азаматтарын азаматтықтан айыру мәселесін көтеруде.

2012 жылы Джабхат ан Нусра (Шам халқына көмек майданы) Сирия мен Ливандағы әл-Каиданың бөлімшесі құрылды. Сирия аумағындағы азаматтық соғысқа қатысушы ұйым БҰҰ және АҚШ,Түркия, Ресей, Ұлыбритания, Австралия елдерінде лаңкестік ұйымдар тізіміне енгізілген.

2002 жылы Боко-Харам (Батыс білімі харам)-Нигериялық лаңкестік ұйымының негізі қаланды. Бұл ұйым батыстық өмір салтын, мәдениет пен білім беру жүйесін және заманауи ғылымды теріске шығарады. Басты мақсаты - Нигерияға шариғат заңын енгізу. Адам ұрлау және зорлық-зомбылық, лаңкестік әрекеттерімен аты шыққан ұйымды 2014 жылы БҰҰ қауіпсіздік кеңесі лаңкестік ұйымдар тізіміне қосты. 2015 жылы наурызда Боко Харам  өзін Ислам мемлекетінің  батыс африка провинциясы ретінде жариялады. Боко Харам құрамында жергілікті кануби және хауси эностары басым. Сонымен қатар, бұл ұйым Камерун, Чад елдерінде әрекет етеді.

Индонезияда «Джамаа исламия» радикалды әсіре діншіл ұйымы шариат негіздерін қоғамдық құрылысқа кіргізу жолында әрекет етуде.  

Таяу шығыс өңіріндегі геосаяси жобалар мен геоэкономикалық мүдделер қақтығысының шиеленісуі жаһандық экономикалық дағдарыс  пен әлемдік саясаттағы кеудемсоқтық пен айқынсыздық және адамзаттық құндылықтардың қайта қаралуы замананында өрши түсуде. Геосаяси ойындар негізіне діни сипат беру арқылы діндер және діндарлар арасында өшпенділік сезімі мен дүрдараздық ұрығын себуді көздейтін жобалар тұтас мемлекеттер мен мәдениеттерді жойып жіберуді көздеп отыр. Түрлі радикалды әсіре діни-саяси идеологиялық ілімдер адамдар санасы ықпал ету үшін психологиялық манипуляция әдістерін  пайдаланып, діни сезімге әсер етуші фильмдер мен бейнебаяндар, діни әндерді ғаламторға орналастырады.

 Әлемнің діни суреттемесін зерттеу бүгінде батыс пен шығыс өркениеттері дүниесінде болып жатқан саяси-діни ахуалдан туындаған  оқиғалардың нақты суреттемесін береді.

Соңғы жылдары Батыс әлемінде ислам дінің түрлі «измдер» арқылы қарастыратын исламофобиялық, ксенофобиялық көзқарастар және мұсылмандарды келемеждейтін карикатуралар мен фильмдер белең алып отыр.

1988 жылы Ұлыбританиялық жазушы Салман Рушди «Ібіліс өлеңдері» шығармасында ислам тарихы мен мәдениетін әжуалады. 2004 жылы Нидерландтық кинорежиссер Тео Ван Гог «Submission» («Бағыну») фильмінде ислам әлемінде әйелге деген қатігездік жайлаған-мыс деп  көрсету үшін мұсылмандық әдепті маңсұқтады.

2006 жылы Данияның Jyllands-Posten газетінде антиисламдық карикатура жарияланды. 2011 жылы АҚШ-та «Innocens of muslims» (Мұсылмандардың күнәсыздығы) антиисламдық фильмі түсірілді. 2015 жылы қаңтарда Француздық «Charlie Hebdo» («Шарли Эвдо») сатиралық апталығында антиисламдық карикатура жариланды. Германия мен Францияда антиисламдық шерулер өтті. Бұл мультимәдениеттіліктің кәрі құрлықта орнықпағандығын және өзге мәдениетке деген сенімсіздіктің бар екендігін дәлелдейді. Франциның бұрынғы президенті Н.Саркози, Англия премьер-министрі Д.Кэмерон, Германия канцлері А.Меркель мультимәдениеттілік болашағына сенбейтіндіктерін айтқан болатын.

Әлемнің назарын тіккен Украинадағы жағдайға Мәскеу патриархатына қарасты орыс православ шіркеуі және 1992 жылы құрылған Киев патриархатына бағынышты украин православ шіркеулері арасындағы даулар ықпал етуі мүмкін. Украинада екі патриархат арасында ғимараттар мен мүлік үшін тайталас орын алуы мүмкін. Солтүстік Ирландиядағы протестанттар мен католиктер жанжалы, Сирия, Ирак, Ливан, Йемен, Бахрейн елдеріндегі сүнниттер мен шииттер текетіресі аймақтағы діни-саяси ахуалға әсер етіп отыр. Қазіргі исламтанушы және дінтанушы ғалымдар үшін исламның адамзатқа ортақ құндылықтарын және бейбітшілік сүйгіш мәнін ашып көрсету маңызды. Себебі, экстремистік, діни фанатизм, лаңкестік, пікір төзімсіздігі ислам дініне жат. Ислам дінінің  сипаты бұл ғибадат пен мінез-құлықта орта жолды ұстану. Исламның мақсаты адамдарды бұл және мәңгілік өмірде бақытты ету.

Қазақ қоғамының рухани тұрғыдан жаңаруында дәстүрлі діндер маңызды рөл атқарады. Еліміздегі әлемдік діндердің жалпы адамзаттық  және гуманистік құндылықтарының ұлтаралық және конфессияаралық келісім мен татулықты орнықтырудағы атқаратын рөлі ерекше. Әсіре діншіл  топтарға қарсы жұмыстың тиімді тәсілдері-қаржыландыру көздерін жабу, лидерлері мен мүшелеріне идеологиялық ықпал ету, психологиялық тұрғыда әлсіз тұстарына  ықпал ету, діндарлардың дүниетанымдық көзқарастарының өзгеріске түсуін  қадағалау, ата-ана, дос-туыстары және беделді дін ұстаздары мен  ақсақалдар арқылы әсер ету.

Өңірлердегі діни ахуалдардың динамикасы мен тенденцияларына ықпал етуші жағдайларды анықтау бүгінгі дінтанулық зерттеулер жүргізуде негізгі мақсаттардың бірі. Ауылдарда жастар үшін спорт үйірмелері мен түрлі мәдени ойын сауық клубтарын құру маңызды іс.

Дәстүрлі діндердің жасампаз әлеуеті қоғамымызда достық пен түсіністік жолына қызмет етуі тиіс. Мультимәдени қоғамда-  діни және этникалық топтар- өзекті мәселелерді ортақ шаңырақтың берекесі үшін сұқбат және  төзімділік пен әлеуметтік әріптестік негізінде шешеді. Қазақстандағы дінаралық келісім мен тұрақтылықты сақтау үшін -  жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтар негізінде зайырлы  ұстанымдағы діни сана қалыптастыру маңызды.       

1. Қазақстан Республикасының Президенті, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың партияның XVI съезінде сөйлеген сөзі//Егемен Қазақстан.12.03.2015.
2. Н.Ә.Назарбаев.Асу бермес асқар жоқ.Егемен Қазақстан.2015.30 сәуір.



Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы