Бүгінде әлемдік ірі дағдарысқа айналған әрі ұлық дінімізге қара күйе жағып, өздерін ислам мемлекетін құрушымыз деген ИСИМ радикалдарына соққы беру әсте мүмкін болмай тұр. Ал ең сорақысы, ғаламтор арқылы ИСИМ жауыздарына арбалған қаншама жастарымыздың тағдыры солардың ойыншығына айналуда. Әлемнің түкпір-түкпірінен қаншама жанды ұйықша тартып әкетіп жатқан ұйымның құрбандары өте көп. Сондай құрбандарының бірі, франциялық 21 жастағы келіншек өткен аптада ИСИМ-нің құрсауынан қашып, Түркияның Газиантеп аймағында қамауға алынған. Оның түрік ақпарат құралына берген сұхбаты ИСИМ-нің бетпердесін ашып, дүйім жұртты дүр сілкіндірді.

Өзін «Надя» деген бүркеншік есіммен таныстырып, ИСИМ-нің дінді желеу етіп, қыз-келіншектерді сатып алатынын айтқан келіншек «террорлық ұйымға мүше болған келіншектерді Сириядағы соғысқа қатысушы содырлардың жыныстық құмарлықтарын қанағаттандыру үшін пайдаланатынын» жеткізген. Бұдан басқа, франциялық келіншек аталған террорлық ұйымға қатысты көптеген шындықтың бетін ашып беріпті. ИСИМ-нің тұзағына ғаламтордағы түрлі желілер арқылы арбалып, ақыр соңында, көктемде Сирияның солтүстігіндегі «Ислам мемлекетінің» астанасы Раккаға аттанған ол «шариғат заңдары мүлтіксіз орындалатын аймақта өмір сүргісі келгенін, ақыр соңында осы тілегінің «кесір болып», әйел затына адам ретінде емес, мақұлық деп қарайтын, Ислам құндылықтары мүлдем сақталмаған хайуандардың ортасына тап болғанын» ашына айтқан. Бұдан бөлек, Надя бұның барлығын ИСИМ-нің тұзағына түсіп, көзсіз көбелектей отқа түскен жас қыздардың көздерін ашу мақсатында жария етіп отырғандығын мәлімдеді. ИСИМ мүшелерінің ғаламтор арқылы жөнелткен 1800 еуро көлеміндегі қаржыға 4 наурызда Франциядан Швейцарияға, ол жерден Түркияға жөнелтілген Надяны сол жерден белгісіз екеу қарсы алған. Одан әрі автобус арқылы Түркияның Шанлыурфа қаласына бет алған Надяны тағы да екі адам күтіп алыпты. Сосын жанындағы террористермен бірге тікен сымдар арқылы шекара асып, ИСИМ- нің сол уақытта қол астында болған Тель-Абьяд қаласына, кейін Ракка қаласына барған.

7 наурызда Ракка қаласына жеткен Надя өзі тектес бірнеше келіншекпен оңаша бір үйге қамалған. «Үйден шыққылары келсе, күйеуге тиюлері керектігі, әйтпесе сол қапаста өмір бойы қалатыны» туралы шарттарына сай Надя ИСИМ-ге мүше француздыққа тұрмысқа шыққан. Алайда Надя «отбасын құрған» күннің ертеңіне-ақ ажырасып, сөйтіп, екі француз әйелмен бірге тұра бастаған.

 

Ол жерде Ислам, Құран мүлдем жоқ

Француз қызы 3 ай бойы ИСИМ-нің қатаң тәртібінде қалай өмір сүргенін айтып: «Ол жерде жақындарыңды іздеуге, ғаламтор пайдалануға рұқсат жоқ, Құран, Ислам қағидаттары мүлдем ауызға да алынбайды, тек қана суық қару мен соғыс шарттарына дайын, өздерін тек соғысқа дайындаған бірыңғай форма киінген адамдар ғана болды. Олар өздерінің бұл істі тек Жаратқанның разылығы үшін жасап жатқандықтарын айтты. Алайда дінге сүйене отырып бізді сатып алады. Олардың істері Ислам шарттарына мүлдем кереғар. Құранды да сирек оқиды. Көбісі Ислам дінін енді үйреніп жүргендер, бір жыл төңірегінде ғана қабылдап үлгергендер. ИСИМ-ге келген қыз-келіншектер содырлардың жыныстық құмарлықтарын басу үшін әкелінген. Олар бізді адам құрлы көрмейді, құдды бір базардан сатып алынған заттай қарайды. Қолдарына тілдей қағаз ұстап, «сарысы керек, қараторы болсын, жасы мынаншада болсын...» деген сияқты тізіммен келеді», — деп, ИСИМ-нен көрген-білгендерімен бөлісті.

Мыңдаған адамға ажал құштырып, жүздеген тұрғынды босқын етіп жіберген осы террорлық ұйымның салқыны бізге де тимей жатқан жоқ. Осы уақытқа дейін өздерін «жиһадшылармыз» деп санап, санасы уланған жүздеген отандастарымыз соғысқа аттанып жатқаны бәрімізді де алаңдатады. Ол жақта Надя сияқты алданып, тұзаққа түсіп қалып, енді Отанына орала алмай жүрген жастарымыз бар екенінде сөз жоқ. ИСИМ-нің тұзағына түсіп қалмаңыздар, бауырлар!

Дайындаған Нұргүл Жамбылқызы

«Қазақстан Заман» газеті



Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы