Ислам діні − ілім алуға, сауатты болуға шақыратын дін. Алла Тағала ең алғаш Құран аяттарын уахи еткенде «Алақ» сүресінде: «Оқы! Жаратқан Раббыңның атымен оқы!» - деген.

Демек, алғашқы аяттар тек оқу керектігін меңзеп тұр. Бұл Алла Тағаланың бізге бұйырған әмірі. Алайда аятта қай ілім саласын оқу керектігі айтылмаған, бұл аят жалпылама ілім алуды, сауатты болуды бұйырып тұр. Сол үшін адам өмірінде діни ілімнің де, дүниеуи ілімнің де алатын орны ерекше. Тек діни білім алу парыз да, дүниеуи ілім алу маңызды емес деген қате түсінік.

Алла Тағала тағы бір Құран аятында: «Алла Тағала сендердің араларыңнан иман келтіргендердің сондай-ақ өздеріне ілім нәсіп болғандардың дәрежесін көтеріп, мерейін өсіреді»

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) хадис шарифінде: «Ілім алу әрбір мұсылман ер мен әйел кісіге парыз» - деген.

Қазіргі таңда ақпараттық-технологиялық заман да мұсылман емес мемлекеттер қарыштап дамып жатыр, оған себеп ілімге аса қатты мән беруде. Кейбір дінге жаңадан келген мұсылман бауырларымыз тек діни ілім алу керек, дүниеуи ілімнің пайдасы жоқ деген біржақтылық түсінік қалыптастырып алумен, еліміздің жастарын кері тартуда. Бұл түсінік елдің дамуын тежейтіні бесенеден белгілі. Мұсылман емес мемлекеттер ғарышты зерттеп, түрлі технологияларды дамытып, бүкіл жер бетіндегі тіршілік ошақтарын ашып жатқан да мұсылмандар артта қалып жатыр. Бұлай артта қалуының бірден бір себебі Құран аяттары мен Пайғамбарымыз Мұхаммад (с.а.у.) хадистерін дұрыс түсінбеуде. Мұның өзі дінді дұрыс түсіну үшін ілім алудың керектігін айқындайды.

Құран Кәрімде Алла Тағала: «Оларға: Білетіндер  мен білмейтіндер тең бе? – деп айт» - делінген.

Алла Тағаланың аятынан ұғатынымыз білімді мен білімсіз ешқашан тең бола алмайды.

Алла Елшісі (с.а.у.) көптеген хадистерінде ілім алудың артықшылықтарын айтқан: Әбу Хурайрадан (р.а.) жеткен хадисте:

«Әбу Дарда р.а : «Алла елшісі (с.а.у.): «Кімде-кім білім жолына түссе, Алла Тағала оған жұмаққа барар жолды жеңілдетеді. Періштелер де білім алушының талабына дән риза болып, аяғының астына қанаттарын жайып, ізет көрсетеді. Сондай-ақ жеті қабат аспан мен жердегі барлық жаратылыс атаулы, тіпті судағы алып балықтар да шынайы ғалым үшін Алладан жарылқау тілейді. Ғалымның білімсіз діндардан артықшылығы толған айдың өзге ұсақ жұлдыздардан артықшылығы секілді. Расында, шынайы ғалымдар – Пайғамбарлардың мұрагерлері. Шынтуайтында, Пайғамбарлар мұра ретінде динар мен дирхам емес, тек қана ілім қалдырды. Кімде-кім сол іліммен сусындаса, мол несібеге кенелгені» - деген»

Пайғамбарымыз (с.а.у.) хадистерінен көріп отырғанымыздай ілім алудың өзі құлшылық түріне жатады. Мұсылман үшін ілім алу, білімді болу ғибадатының кемшіліксіз орындалуына жол ашады. Ислам әлеміне қауіп төндірген хауариждер намаз, ораза, және тағы басқа ғибадаттарды мейлінше көп орындайтын, алайда олар ілімсіздіктен тура жолдан адасты. Сол сияқты кейінгі кездері өздерін нағыз сәләфилердің жолын ұстанамын, мазхаб ұстанбаймын, таза сүннетпен жүремін деп көкіректерін қағатын тобырдың да шығуы ілімсіздіктің зардабынан ақиқатты мойындамай жүргені қынжылтады.

Ислам діні қазақ жеріне келгеннен бастап орта азиядан бүкіл әлемге танымал мәшһүр ғұламалар шықты, атап айтсақ, Жүсіп Баласағұн, Ахмет Яссауи, Мұхаммед Хайдар Дулати, Махмұд Қашқари, Әль Фараби, Ахмет Иүгінеки, Ас-Сығанақи сынды ғалымдардың барлығы Ислам дінімен сусындап, білімінің негізін діннен тапқан.

Ілім мен хикмет мүміннің жоғалған малы, мүмін оны қайдан тапса бірден бойына сіңіріп алуы тиіс. Дүние мен ақырет бақытының кілті – ілім.

Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Ілім Қытайда болса да алыңдар» - деген.

Ілім алудың маңыздылығы жайында Ислам әлемінде төртінші халиф болған Али ибн Әбу Талиб (р.а): «Ілімсіз ғибадатта, түсінбей оқыған ілімде және ойланып, мән бермей оқуда еш жақсылық пен берекет жоқ.

Ілім дүние мүліктен қымбат. Ілім сені қорғайды, малдың қорғаушысы сенсің. Онымен амал еткеніңде ілім арта түседі, ал дүние – мүлік жұмсаған сайын азаяды.

Ғалымды жақсы көру діннен. Ілім ғалымға тірі кезінде тағат берсе, өлгеннен кейін жақсылықпен еске алғызады. Дүние жинаған адам дүниесімен бірге жоқ болып, аты да, заты да қалмайды. Дүние жинаушылар тірі кезінің өзінде өлік сияқты. Ғалымның тіршілік тоқтап қалса да, аты мен хаты қалады. Ілім оған ие болғандардың толығымен жоқ болуынан кейін жоғалады».

Бұл дүниеде не өлмейді? деген сауалға Жиренше шешен:

Жақсының аты өлмейді,

Ғалымның хаты өлмейді. – деген.

Ілім қараңғылықтан жарыққа шығаратын шамшырақ. Қазақтың көрнекті ағартушысы Ыбырай Алтынсарин «Кел балалар оқылық» атты өлеңінде:

Бір Аллаға сыйынып!

Кел балалар оқылық!

Оқығанды көңілге

Ықыласпен тоқылық! – десе Абай атамыз «Ғылым таппай мақтанба!» деген тәрбиелік мәні зор өлеңінде:

Болмасаң да ұқсап бақ.

Бір ғалымды көрсеңіз!

Сізге ғылым кім берер?

Жанбай жатып сөнсеңіз! – деп кейінгі жас ұрпақ пен аға буынды білім алуға шақырады.

Ілім алу тал бесіктен жер бесікке жеткенше парыз амал екенін естен шығармайық қалың елім қазағым қайран жұртым!

Алла Тағала болашақ ұрпақтарымызды байлық жинап жарысуда емес, ілім алуда жарысуын нәсіп еткей!

[1] Мүжәдәлә сүресі 11 аят
[2] Зумәр сүресі 9 аят
[3] Тирмизи Ильм 19, Әбу Дәуіт, Ильм 1
[4] Саңлақ сахабалар. А. Әділбаев 116 бет.


Нұрлан Жарқымбаев



Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы