Қасиетті Құран Кәрімде: الَّذِي أَحْسَنَ كُلَّ شَيْءٍ خَلَقَهُ

«Ол сондай Алла әр нәрсенің жаратылысын көрікті етіп әсемдеді», – деген аят бар. («Сәжде» сүресі, 7-аят). Құран Кәрім айнала қоршаған орта мен табиғатты Алланың сұлулығы, сән-салтанатының көрінісі деп суреттеуде. Шынында Алла тағала мына әлемді көркем әрі сұлу жаратқан. Әр мақұлық табиғаттың үйлесімімен және белгілі бір мақсатпен жаратылған.

Құран Кәрімнің көптеген аяттары табиғатты аралап, ол туралы ойлануға шақырады. Тағы бір қызығы, Құранның кейбір сүрелері табиғи құбылыстар мен жәндіктердің атымен аталған. Мәселен, Қамар (ай), Шәмс (күн), Ләил (түн), Зуха (күндіз), Зілзала, Анкабут (өрмекші), Нахл (бал арасы), Бақара (сиыр) тағы басқалар.

Құран аяттары табиғатты Алланың құдіретінің бір көрінісі деп біледі және тіпті кейбір жағдайларда табиғи құбылыстарға, атап айтқанда аспанға, жерге, таңсәріге, күннің сәулесіне, айдың нұрына, күндіздің жарығына, түннің қараңғылығына ант етіп, мүлтіксіз жаратылған дүниелер арқылы ой салуға шақырады. Құран аяттарында табиғаттың қайтадан жандануы да ескерілген. Табиғат қыс маусымында ұйқыға батса, көктем мезгілінде қайтадан оянып, жанданады. Құран Алланың бұл рақымын жауынның әсері деп сипаттайды. «Ағраф» сүресінің 57-аятында Алла тағала желді өзінің рақымы, жаңбырдың қуанышты хабарын жеткізуші деп баяндайды. Сондай- ақ, «Фатыр» сүресінің 9-аятында: «Ол сондай Алла, желдерді жіберіп, сонда ол; Бұлтты қозғап, оны өлі бір жерге айдаймыз. Және жаңбыр арқылы жансыз қалған жерді қайта жандандырамыз. Өліктің тірілуі де осы сияқты», – деп келеді.

Құран аяттарында судың нығметі теңіз, өзен, арық және жауын түрлерімен ескерілген. Алланың кіламы әр жәндіктің өмірі суға тәуелді екенін, жаңбырдың түсуі және оның берекетімен өсімдіктердің шығатындығы айтылады.

«Сендерге дәндерді, өсімдіктерді және ағаштарды жайқалту үшін көктегі бұлттардан жаңбыр жаудырдық», - дейді Алла тағала «Нахыл» сүресінің 10-аятында. Қарап тұрсақ, жер беті, аспан, теңіздер, күн, ай, өсіп-өнген егіндер мен талдардан бастап жеміс-жидекке дейін тек қана адам баласының игілігі үшін жаратылған.

Құран түрлі аяттарында жерді адам тіршілігінің қойнауы деп біліп, ондағы артықшылықтар мен мүмкіндіктерді сөз етеді. Атап айтсақ, Алла тағала жер бетін өсімдіктердің шығуына қабілетті етіп жаратқан.

Кейде Құран табиғат нығметтерінен мысал келтіре келе адамның нәпсісін тәрбиелеуге және оның қапы қалуына жол бермеуді айтады. Құран аяттарындағы назар аударарлық бір жайт осы аспаннан түскен Құран кәрім кітабы адамдарды табиғатты дұрыс пайдалануға ынталандырады. “Һуд” сүресінің 61-аятында былай дейді: هُوَ أَنشَأَكُمْ مِنْ الْأَرْضِ وَاسْتَعْمَرَكُمْ فِيهَا

«Ол, сендерді жерден таратып әрі онда өмір сүргізді»

Құран Кәрім көп жағдайда табиғатты пайдалануға ынталандырумен қатар адамзат баласын жер жүзінде бұзақылық істеуден тыяды. Табиғаттағы нығметтерді дұрыс қолданбау, оны игеруде шектен шығушылық немесе қоршаған ортаны ластау жер жүзіндегі бұзақылыққа жатады. Сондықтан адам табиғи нығметтерді парасаттылықпен игеруі керек. Өйткені, табиғат пендеге бірқатар міндеттер жүктейді. Негізінде құлдың Алла алдында міндеті болғанындай адамдармен қарым-қатынаста да діни жауапкершілігі бар. Сол секілді өзін қоршаған табиғатқа да аса жауапты. Жаратқанның алдындағы жауапкершілігі неғұрлым мықты кісі табиғаттың құқығын құрметтеуге, аялап баптауға көбірек талпыныс жасайды. Ондай адам өзгелерге зұлымдық етпейді, табиғатты бүлдіруді әрі оған кесірін тигізуді мақсат тұтпайды.

Айналадағы барлық нәрсе адамзатқа қызмет ету үшін жаратылған. Ол туралы қасиетті Құранда былай делінеді: «Олар көктер мен жер бетіндегі барлық нәрсені өз кеңшілігінен (сый ретінде) сендерге мойынсұндырды. Әлбетте, мұнда ойланатын қауым үшін ғибрат бар» . («Жасия» сүресі, 13-аят). Ендеше сансыз нығметтерге шүкіршілік етіп, табиғаттың ғажайып сұлулықтарын неге аялап қорғамасқа?! Табиғат әлемі адам баласына аманат ретінде берілген. Аманатқа қиянат жасамау да мұсылманның бір сипаты. Олай болса, табиғатты исі мұсылман баласы жанындай қорғай білуі керек.  Бір хадисте:

آيَةُ الْمُنَافِقِ ثَلاَث‏:‏ إِذَا حَدَثَ كَذِبَ، وَإِذَا وَعَدَ أَخْلَفَ، وَإِذَا ُاؤْتُمِنَ خَانَ‏

«Әңгімелессе өтірік айтады, уәделессе уәдесінде тұрмайды және аманатқа қиянат жасайды», – деп мұнафиқ яғни екі жүзді адамның үш сипатының қатарына аманатқа қиянат жасайтынын да айтып өткен.

Ислам тазалыққа шақыратын дін. Құранда және Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) көптеген хадистерінде тазалықтың маңыздылығы жайында айтылады.

الطُّهُورُ شَطْرُ الْإِيمَانِ

«Тазалық иманның жартысы», - деген хадис осының бір айғағыЖәне Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) адамдар жүретін жолдың үстіне, тынығатын көлеңкелерде, әсіресе жемісті ағаштардың түбінде дәрет сындыруға болмайтындығын айтып сахабаларына:

اِتَّقُوا اللعَّانَينْ “. قَالُوا: وَمَا اللَّعَّانَانِ يَا رَسُولَ اللهِ؟ قَالَ: ” الَّذِي يَتَخَلَّى فِي طَرِيقِ النَّاسِ

أَوْ فِي ظِلِّهِمْ

«Екі түрлі қарғыс арқалаудан сақ болыңдар!» - дейді. Олар: «Әй, Алланың елшісі! Екі қарғыс алушы дегеніңіз кім?» – деп сұрайды. Ол:

 «Адамдар жүретін жолға немесе тынығатын көлеңкеге дәрет сындырушы», - деп жауап берген (Мүслим).

Демек, мұсылмандарға айналамыздағы қоршаған ортаны таза ұстау міндеті жүктеледі. Ағаш отырғызып, табиғатты аялау қажет. Өйткені, ағаштардың болуы адамдарға жан-жақты пайда әкеледі.  Қарапайым ағаштың өзі ауадан көміртегіні алып, тіршілік иелерін оттегімен қамтамасыз етеді.

Негізінде мұсылман бүлдіруші емес, бүтіндеуші, қиратушы емес дұрыстаушы, зиян келтіруші емес пайда әкелуші. Өкінішке қарай, мұсылманшылықты бағаламаудан теріс әрекеттер орын болып жатады. Мәселен, көктем кездерінде табиғат аясына демалғанда қоқыстарды шашып, ағаштарды сындырып, темекінің қалдықтарын тастап кететіні бар. Тіпті сол бір темекі тұқылынан тұтастай орман алқаптары өртеніп, салдарынан табиғат зардап шегіп жатады. Демек, табиғатқа осылай қиянат жасау сорақылықтың нақ өзі. Ал, қияметте бұл істен сұралады әрі жазасы өте ауыр болмақ. Себебі Алла тағала осы берілген шексіз нығметтердің о дүниеде сұрауы бар екенін ескертеді. «Тәкәсур» сүресінің 8-аятында:

ثُمَّ لَتُسْأَلُنَّ يَوْمَئِذٍ عَنِ النَّعِيمِ

«Ырыс-дәулеттеріңнен (берілген нығметтерден) әлбетте сұраққа тартыласыңдар», - дейді. «Судың да сұрауы бар» деп бабаларымыз да бекер айтпаса керек.

Алланың разылығы үшін оның жаратқан мақлұқаттарына сүйіспеншілікпен қарау құлдық міндетіміз. Бұл дүние нығметтерінде күллі жаратылыстың хақысы бар. Олардың хақысына қол сұғу қияметте ауыр есеп беруді керек етеді. Өкінерлік жағдай, игілік үшін жаратылған барлық мақлұқтар адамдардың қатыгездігінен жойылуда. Адамдардың табиғатқа «байлық немесе табыс көзі» деп қарауының нәтижесінен өкінішті жағдайлар орын алып жатыр.

Табиғатқа мейірімділікпен қараудың өзі Алла құзырында құлшылық һәм үлкен сауап. Алла тағала құлдарынан жер бетін абаттандыруға және оны түрлі бүлінушіліктен қорғауға шақырады. Демек, дінімізде табиғи байлықтарды пайдаланудың өз ережелері мен заңдары бар.

Құранның талабы бойынша табиғатты пайдаланудың алғашқы және ең маңызды қағидасы ысырап етпеу және шектен шықпау болып табылады. Алла тағала: «Ішіп-жеңдер, бірақ ысырап етпеңдер», - деп әмір етеді. Ысырапшылдық және табиғи байлықтарды оңды-солды шашу жаратылыс заңдылығына қайшы келеді. Өйткені, Алла өлшеп, белгілі дәрежеде жаратқан. “Қамар” сүресінің 49-аятында:

إِنَّا كُلَّ شَيْءٍ خَلَقْنَاهُ بِقَدَرٍ

«Шын мәнінде әр нәрсені бір өлшеумен жараттық», - дейді. Табиғи байлықты шектен тыс пайдалану әлемдегі тәртіпті және ондағы тепе-теңдікті бұзуы әбден мүмкін. Қоршаған ортаға қатысты тағы бір маңызды қағида –  өзгенің зиянына соқтыратын істі істемеу. Алла тағала құрлық пен теңіздегі бұзықтықты адамдардың орынсыз істерінің нәтижесі деп біледі.

Дін тағылымдарындағы әділеттілік пен көпшілік пайдасы қағидасын да табиғи нығметтер бір топқа, тайпаға және тіпті нәсілге арналмағанын, демек барша халықтар мен нәсілдерге тиесілі екенін көрсетеді. Сондықтан табиғи байлықтардың сарқылуына немесе оның бүлінуіне әкелетін кез-келген әрекетке жол жоқ.

Ислам көзқарасынша, табиғи нығметтерді игеруде әділетті болу керек. Басқаша айтқанда қоршаған ортаның құрып кетуіне немесе ластануына әкелетін және қазіргі шақта әрі келешекте адам өміріне қиындық туғызатын табиғатты пайдалану жөніндегі әрқандай әрекетке тыйым салынады.

Ислам діні қоршаған ортаны қорғайтын заң мен қағидаларды осыдан 14 ғасыр бұрын баяндап қойған. Ол заманда табиғат мәселелері түгілі әлеуметтік әрі экономикалық мәселелердің өзі қарастырылмаған кезең еді.

Көптеген хадистерде қоршаған ортаны бүлдірмеу және оны қорғау қажеттігі айтылады. Мәселен, ағаш отырғызу мен құдық қазу дінде құп саналып, осы істерге мұсылмандар жұмылдырылған. Пайғамбар (с.ғ.с.):

إِنْ قَامَتْ السَّاعَةُ وَفي ِيَدِ أَحَدِكُمْ فَسِيلَةٌ ،فَإِنْ اسْتَطَاعَ أَنْ لَا يَقُومَ حَتَّى يَغْرِسَهَ فَلْيَغْرِسْهَا 

«Кімде-кімнің қолында бір құрма ағашының көшеті (тал шыбығы) болса, соны қиямет-қайым басталып кетсе де дереу отырғызып үлгерсін»,  – деген (Бухари, Әдеп кітабы). Хадистен ағаш егудің маңызды іс екеніне көз жеткізе аламыз.  Тағы бар хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Үш нәрсе көздің нұрлануына себеп болады: Жасыл желекке, ағып жатқан суға және жарқын жүзге қарау», – деп айтқан.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өз қолымен құрма ағашын егіп, мұсылмандарды солай істеуге шақырып: «Қандайда бір мұсылман ағаш егіп немесе егін ексе, ол егіс-тіктен адамдар, құрт-құмырсқалар мен құстар жеп азықтанатын болса, міндетті түрде өзіне сауап ретінде кері қайтады», - деп сауапты іске ынталандырған.

Ағаштың, ну орманның жан-жануарлар үшін де пайдасы орасан зор. Өйткені, жан-жануарлардың басым көпшілігінің паналайтын жері ағаштар мен орманды алқаптар.

Сондай-ақ Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұны тек айтып қана қоймай, іс жүзінде де дәлелдей білген. Оған тарихтан дәлел ретінде айтар болсақ, Алла елшісі (с.ғ.с.) Меккеден Мәдинаға көшіп келген кезінде Мәдинаның  батпағын кетіру үшін ең алдымен айналдыра ағаш еккізген. Міне, осы секілді ағаш батпақты ғана кетіріп қана қоймай ауаны да тазартады, оның саясында демалған адам да кең тыныс алып жаны жай табады.

Күнделікті қолданып жүрген материалдың көбі осы ағаштан жасалады. Жаңадан өмірге келген сәбидің бесігі де, өміріміз біткеннен кейін қабірге апаратын табыт та сол ағаштан жасалады. Ағаштардың арқасында табиғат көз тартарлық жап-жасыл кейіпке бөленеді. Ауаны тазартып, үйді жылытатын да сол ағаш.

Бір қызығы, жеміс берсін-бермесін кез-келген ағаштың адамзатқа тигізер пайдасы ұшан-теңіз. Адамға тіршілік үшін ең керегі ауа болса, сол ауаны жасайтын, тазалайтын, сүзгіден өткізетін, яғни ауадағы газдарды, түрлі ластықтарды өзіне тартып алып, орнына оттегі бөліп шығаруда ағаш орасан қызмет атқарады. Халымыз: «Ауа адамсыз өмір сүре алады, адам ауасыз өмір сүре алмайды», – деп бекер айтпаған.

Адамзат өз тарихында осы күнге дейін әлі ағаштан артық ауаны тазартатын бірде-бір қондырғы ойлап таба алмады. Ағаштың ауаны тазартумен қатар ауаны реттеп, шудың азаюына да айтарлықтай пайда тигізеді. Әсіресе ағаштар қаладағы шудың деңгейін едәуір төмендететін бірден бір құрылғы болып табылады.

Табиғи тепе-теңдікті сақтап тұрған да айналамыздағы ағаштар. Бұған қоса, ыстықты, аязды басып, ылғалдылықты сақтап, жаңбырлардың уақытында және табиғи тәртіппен жаууын реттеп, топырақтың құнарлылығын сақтап, жел мен дауылдың екпінін азайтады.

Табиғатты қорғау дегеніміз «атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» деген нақылға сүйене отырып аялау, табиғатты қорғауға және оны тиімді пайдалануға үйрету, мейірім көзбен қарау.

Қорыта айтқанда, Алла тағаланың разылығы үлкен нәрседе, орташа нәрседе, ал кейде кішкене нәрседе жасырынып тұрады. Ашуы да дәл солай. Олай болса, Алланың барша жаратқандарына мейірім-шапағатпен және сүйіспеншілікпен қарап, оларға қамқор болуға тиіспіз. Ислам діні барша тіршілік иелеріне, адамдарға, жан-жануарларға, тіпті өсімдіктердің өзіне рақымдылық танытуға, сүйіспеншілікпен мәміле жасауға бұйырады. Әлгінде айтқанымыздай, олардың алдында адам баласының атқарар міндеттері бар. Әрбір мұсылман қашанда кез-келген тіршілік иелеріне, жануарларға, өсімдіктерге, құстарға қызмет ету арқылы айналасын жасыл желекке айналдыратын әрі өзімен бірге береке алып жүретін жан болу керек.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Адамдардың ең жақсысы басқаларға пайдасы тигені», - десе, тағы бір хадисінде: «Бір адам бір ағаш отырғызса, дәптеріне отырғызған ағашының жемісіндей сауап жазылады», - дейді. Осы тұста мына бір ғибратты әңгімені айта кеткен жөн болар.

Аббаси халифаларынан Һарун Рашид бір қарт адамның кішкене жеміс ағашының көшетін (тал шыбығын) отырғызып жатқанын көріп, оған: «Әке, сен қартайдың. Отырғызып жатқан ағашыңның жемісін көре алмайсың, олай болса неге бейнеттеніп жатырсың?» – дейді. Қарт: «Бізден бұрынғылар ағаш отырғызды, жемісін біз жедік. Енді біз де ағаш отырғызайық, ал жемісін бізден кейінгілер жесін», – деп жауаптайды. Бұл жауап Һарун Рашидке ұнап, қартқа бір уыс алтын береді. Қарт: “Көрдің бе, балам. Отырғызып жатқан көшеттің (тал шыбықтың) жемісін міне, мен де көрдім”, – дейді. Бұл сөзге Һарун Рашид одан сайын риза болып тағы да алтын береді.  «Басқа ағаштар жылына бір рет жеміс берсе, менің еккен ағашым жылына екі рет жеміс береді», – деген екен әлгі қарт сонда.

Еккен ағашымыздан жануар-жәндіктердің өзі пайдаланып жатса оларға берілген садақа екендігін Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былайша айтады:

مَا مِنْ مُسْلِمٍ يَغْرِسُ غَرْسًا أَوْ يَزْرَعُ زَرْعًا فَيَأْكُلُ مِنْهُ طَيْرٌ أَوْ إِنْسَانٌ أَوْ بَهِيمَةٌ إِلَّا كَانَ لَهُ بِهِ صَدَقَةٌ 

     «Бір мұсылман бір ағаш отырғызса немесе бір нәрсе ексе және одан бір құс, бір адам немесе жануар жесе, ол адам үшін садақа болып есептеледі». (Бухари   риуаяты)

Адамзаттың табиғатсыз күні жоқ. Мұны айтуға табиғаттың тілі жоқ. Олай болса, табиғатты аялау, оған көңіл бөлу, таза ұстау, зиян келтірмеу, аманатқа қиянат жасамау әрбір адамзаттың міндеті болып саналады. Ендеше табиғатты аялап, оны таза ұстау өз қолымызда. Алла тағала әрбір жасаған амалдарымызды қабыл алып, еккен ағаштарымыздың жемісін екі дүниеде жеуді нәсіп етсін. Әмин!

Бақтыбай Бейсенбаев

muslim.kz



Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы