Айналамдағы бірнеше мұсылмандармен әрдайым мүмкіншілікке қарай дін төңірегінде сұхбаттасып тұратынмын. Соның ішінде мені мазалап, көңіліме күдік ұялатқан тақырып Ислам дінінің ішіндегі ғұсыл дәреті болатын. Тіпті, осы мәселені терең ойланумен қатар оның сырын іздеуге түстім.

Әуелгіде ғұсылды жай ғана кірден тазалану ғой деп түсіндім. Америкалық біздер көбірек жуынуды күнсайынғы әдетке айналдырғанбыз. Өйткені, бізде дәрет, ғұсыл деген нәрсе жоқ. Әжетханада пайдаланатын қағаз да тазалықтың орнын толық баса алмайтынын білемін. Сол себепті күн сайын немесе күнара бастан-аяқ жуынуға мәжбүрміз.

Оның үстіне әжетхана мен шомылу орны қатар орналасқандықтан әжетін өтеген кісі кейін дереу шайынуға кіріп кете салады. Осы пайымдауыма сүйеніп «американдық мұсылмандар несіне әуре болып ғұсыл алады екен?» - деп ойланатынмын. Осы ойымның дұрыс-бұрыстығына жету үшін мұсылман досыма ашып айттым.

Ол маған: «Ғұсылды мұнан да кеңірек түсінуге болады», - деді. Шынымды айтсам, күткен жауабым осы болатын. Өйткені, бұл досым университеттің ғылыми ізденушісі еді. Негізіне келсек, ойлауға, талдауға, сынауға келмейтін дін – ол шынайы дін бола алмайды.

Сонымен әлгі досыма: «Жуынып тазаланудың қасында ғұсыл дәретінің қандай пайдаларын көрдіңіз?» - дедім сұрақты төтесінен қойып. Алғашында ойланыңқырап, сосын маған қарады. Мен болсам жауабын күтіп тұрмын. Негізінде адамға қатысы бар кез-келген нәрсені зерттеп талдауға өзімді машықтандырғанмын.

Сосын ол: «Уақытың болса, сөз еткен осы тақырыбыңды кеңірек отырып сөйлессек қайтеді?», - деді. Мына ұсынысына қатты қуанып кеттім. Менің де оған тақырып шеңберінде айтатын ащы сындарым, хақиқи көзқарастарым бар болатын. Дереу ойланбастан келісе кеттім. Университеттің кафетериясына барып, сүт қатылған кофені ішіп отырып тақырыпты тереңнен қозғауға кірістік. Досым отырған жерінде мәселені кеңінен ашықтай бастады.

- Әрбір нәрсені тұтастай қолға алуға мәжбүрміз, - деді сөзін одан әрі жалғап. – Ислам діні бір тұтас десек, оның ішінде ғұсыл дәреті де өз алдына тұтас нәрсе. Егер қаласаң, тек қана ғұсыл дәретін толығымен түсіндіріп берейін. Сіз қажет жерін қағазыңызға түртіп алыңыз. Кейін көзқарасың мен келіспеушіліктеріңді айтарсыз. Соған сай оның да жауаптарын қайтарамын.

Бұған «Жарайды!» демеске басқа шара жоқ. Досым тақырыпқа қайта ауысып: «Ғұсыл дәреті өзін мұсылманмын деген жанға қатысты ғибадат. Мұсылман еместерге ғұсыл дәретін сөз ету қажет емес. Ғұсыл дәретін Алла әмір еткені үшін аламыз. Яғни, ислам дінінде Алла әмір етеді, ал мұсылман оған мойынсұнады.

Қандай да мұсылман ғұсыл дәретін алып жатқанда «кір-қолаңнан тазарамын» деп түсінбейді. Тек ғұсыл ниетімен ине ұшындай жер қалдырмастан шайынады. Бірақ ғұсыл алумен қатар кір-қолаңнан тазаруы да мүмкін. Ең маңыздысы ғұсыл әміріне итағат етіп оны орындау. Ал, дененің тазалығын сақтау адамның еркіндегі нәрсе. Орайы келгенде мынаны айта кетейін, ғұсыл дәреті секілді денені таза ұстау ол да жаратқанның әмірі. Сол үшін ғұсыл дәретін алатын адам дененің тазалығына да көңіл бөледі. Бұл да өз алдына бір тақырып», - деді ойын осы жерден бір түйіндеп.

Мен сөзге араласып: «Кешірім өтінемін, өзге тақырыпқа бас сұқпайық. Ғұсыл дәреті жөнінде сөз ете берейік», - дедім. Мұныма рахметін айтты да: «Ғұсыл дәреті өз алдына бір әмір болғанына қарағанда, ғұсылға тиісті алыс-жақын бұйрықтар бар. Мәселен, мұсылманның ішімдік ішуі, зина жасауы харам амал. Олай болса, «ғұсыл дәретін ал!» - деген әмірге мойынсұнған мұсылман: «Ішімдік ішпе, зина жасама!»-деген секілді әмірлерге де итағат етеді. Осындай діннің әмірлеріне мойынсұнған мұсылман екі жағдайда ғана жүніб (жыныс мүшеден бөлінген сұйықтықтың шығуы) болады: Біріншісі, некелі әйелімен жыныстық қатынас еткенде, екіншісі, ұйқыда жатқанда. Ердің әйелімен жыныстық қатынас жасау барысында жүніб болу – қалау ісі.

Намаз уақытын жіберіп алатындай жағдайда жүніб болмағаны дұрыс. Сондай-ақ, жуынып, ғұсыл алатындай мүмкіндік пен уақыт қажет. Салқын суға түсіп, ауырып қалып, жұмысына кедергі келтірмеуге тырысқан жақсы. Міне, назар салып қарасаңыз, ғұсыл дәретін алу мәжбүрлігі адамның жиі-жиі жүніб болуына жол бермейді. Жиі-жиі жүніб болу – медициналық тұрғыдан алып қарағанда адамның жүйке (нерв) ауруына, мидың қалыпты жұмысынан ауытқуына әкеліп соғады. Біршама аурулардың ортаға шығуына жиі-жиі жүніб болудың ықпалы зор.

Тіпті жиі-жиі жүніб болатындарда өкпе ауруы, психикалық түрлі аурулар болатыны секілді ақылдан адасу, өзін-өзі өлтіру сияқты жағдайларға да алып барады екен. Қысқаша айтқанда, шамадан тыс жиірек жүніб болу – адамның денсаулығына айтарлықтай кері әсерін тигізері шындық. Сондай-ақ, әйелзатының ай сайын келетін хайыз (етеккір қаны) уақытында және босанғаннан кейін қырық күндік нифас кезінде жыныстық қатынас жасауға дініміз тыйым салады. Осылайша еркек бір сәтке жүнібтіктен сақтанады.

Ер адамның жынысынан бөлінген сұйықтық (мәни) өзі үшін қуат көзі. Жүніб болмастан бұрын ер адамның күші, ойлау қабілеті, жүріс-тұрысы басқаша. Ал, жүнібтіктен кейін мүлдем басқа болады. Мәселен, жүніб болмастан бұрын ер адам өзін өте күшті және қарқынды сезінеді. Әйеліне деген қарым-қатынасы артады. Жүніб (жыныстық қатынастан кейін) болғаннан кейін осының барлығы керісінше өрбиді. Демек, жиірек немесе өзін қинап жыныстық қатынас жасауды қайталай түссе, ер адамның көңіл-күйі түсіп, желі шыққан доптай басы салбырап қалады. Осылайша есте сақтау қабілетін жоғалтады.

Әрбір жыныстық қатынастан соң ғұсыл дәретін алу мәжбүрлігі әйелді де жүнібтіктен сақтануына жол ашады. Яғни, еркектің өзін-өзі ұстауының нәтижесінде әйел жүніб болмайды. Ислам дінінде әйелзатының жыныстық қатынасты құмартуын жақсылыққа санамайды. Өйткені, құмарпаз әйел ер адамды жыныстық қиыншылығына кезіктіреді. Өзін-өзі ұстай білетін жыныстық қатынастың нәтижесі – байсалды, салмақты адам бейнесін қалыптастырады.

Жыныстық қатынастағы шектен шығушылық мінез-құлық пен жүріс-тұрыстағы әдәуір нормадан ауытқуға себепкер етеді. Тоқсан ауыз сөзімнің тобықтай түйінім арқылы мына нәрсені жеткізгім келді. Мінсіз жаратылған адамның бүйрегінің үстіне тұқымдық қауашақтарды қойып, мәни деп аталтын жыныстық сұйықтықты сонда топтаған Алла тағала дене қозғалысын ең әдемі түрде жұмыс жасауы үшін қажет болған әмірлерін де берген.

Солардың бірі де бірегейі осы айтылған ғұсыл дәреті», - деп жан-жақты маған осылай түсіндіріп берді.

Досымның бағанадан айтып жатқан тақырыбы осы жерден аяқталды. Ғұсыл жайында айтқан тұжырымдары маған жаңа-жаңа көзқарас пен дұрыс пікірлер қалыптастыруға жол ашты. Ислам дінінің жанұя өміріне берген маңыздылығы өте түсінікті. Тіпті, бала тәбиесі мен оның денсаулығына қатысты мәселелер де өз шешімін тапқан.

Ислам сондай ерекше бір дін екені соншалық, әрбір әмірінің бір-біріне деген тығыз байланысы бар. Оларды түсіну үшін ғылыми-теориялық бір зерттеуді қажет етеді. Сол үшін көзқарасым мен пікірлерімді дұп-дұрыс айқындау мақсатында мұсылман досымнан әркез уақыт бөліп тұруын сұрадым.

Сосын алдымдағы қағазыма мына сөзді жаздым: «Жақсы адам Исламмен ғұмыр кешеді. Исламмен өмір сүрген де жақсы бір адам болады». Осыны досыма айтқанымда ол маған: «Біз үшін маңыздысы ғибадат ету. Жақсы болу халіміз өздігінен ортаға шығады», - дейтін. Қазір осы шындықты дәлелдеуге тырысып жатырмын. Ислам дініне қатысты кітаптарды оқыған сайын «Мен де мұсылманмын» дей беремін.

Х.КАНТ,

Әзірлеген Қайырбек Отызбаев

«Нұр Астана» орталық мешітінің ресми
«ummet.kz» сайтының редакторы, дінтанушы 



Пікірлер  

 
0 # Салтанат 2015-01-26 05:29
сауатты да, ғылыми жауапқа негізделген сұхбат-ойтолған ысыңызға алғыс айтамын.
Жауап жазу
 

Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы