Міне, әз, пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаның (с.а.с) мәуліт айы келіп еліміздің барша мұсылмандары тілдеріне салауаттарды тиек етіп, пайғамбарымыздың (с.а.с) шапағатынан үміт етіп, сауапты зікірлерін арттыруда. Әрбір мешіттерде мәуліт кештері аталып өтіп, жұртшылыққа пайғамбарымыз (с.а.с) жайлы өмір деректері мен ұлағатты саралы хадистері оқылып, хабардар етілуде. Рамазан айы келгенде барынша сауапты істер істеуге әрекет жасайтынымыз белгілі. Бір жағынан ол кезде шайтандар байлаулы болса екінші жағынан ол айдағы әрбір сауапты істер еселене түсетіні кісіге ыждағаттылық береді. Ал, Бұл мәуліт айында пайғамбарымызға (с.а.с) салауат айтудың да сансыз сауаптары бар. Мұны біріміз білсек, біріміз біле бермейтінімізді ескеріп қолға қалам алдық.

Екінші әмірші Омар ибн Әл-Хаттабтың (р.а) халифалық тұсында дүниеге келіп, Халифадан «Аллаһым оны дін білімінде Фақиһ және адамдарға сүйікті қыл» - деп дұғасын алған Хасан Әл-Басри (р.а) бір сөзінде: «Менің Ухуд тауындай алтыным болса, оны Алла елшісінің (с.а.с) мәулітін оқытуға жаратқан болар едім» - дегенін тарихтан білеміз. Атақты тәпсірші ғалым Жәләлуддин Әс-Суюти (р.а): «Бір үйде немесе мешітте Пайғамбарымыздың (с.а.с) мәуліті оқылса, сол үйдің немесе мешіттің адамдарын періштелер қоршап алады, олардың барлығына Алла Тағаланың рақымы болады және олар нұрменен оралады. Себебі, періштелер Пайғамбарымызға (с.а.с) мәуліт оқығаны үшін ол адамға салауат айтып тұрады», - деген. Бұл мәуліт жайлы айтылған ғалымдардың сөздері. Басқада ірі-ірі үлкен ғалымдардың сөздерін келтіре берсек жеткілікті. Дегенмен мақсат мәулітті дәлелдеп шығу емес, ол айда салауатты арттыруға бел буу. Бұл Мәуліт айыныңда сансыз сауапқа толы күндері бар екенін, ол күндері салауатты арттыру қажет екенін естен шығармауымыз керек.

Бұл мәулітті дінге енгізілген жаңалық, бұл адасулық, пайғамбарымыз кезінде топ болып туған күнін тойламаған, дінде туған күн деген жоқ деп қарсылық білдіретіндер де бар екенін ескеріп кішкене тоқталып кеткеніміз жөн болар. Рас, пайғамбарымыз (с.а.с) туған күн тойламаған. Бірақ әр дүйсенбі күндері нәпіл ораза ұстайтын. Мұның себебін сахабалар сұрағанда «Мен осы күні дүниеге келдім» - деп жауап берген-тін. Демек, пайғамбарымыз (с.а.с) туған күнін елеп, ол күнді ораза сияқты құлшылықтармен өткізген. Ал, бүгінде біз қолданып жүрген Құранды кітап етіп жазып шығару, Рамазан айында Құранды хатым ету, соңғы он күндікте жамағатпен тахажуд оқу сынды көптеген амалдар мәуліт сияқты пайғамбар заманында болмаған. Дегенмен ғалымдар құп көріп, бүгінгі үмметке тигізер мол сауабы мен пайдаларын ескере отырып бұл амалдарда көп сауап бар екендіктерін жеткізген. Әсіресе бұл мәуліт айларында көп салауаттар айтылып, пайғамдарымыз жайлы деректер жұртшылыққа таныстырылады. Нәтижесінде Шапағатшы Мұхаммед (с.а.с) пайғамбарымызға көп салауаттар айтылып, сансыз сауапқа кенеледі. Өмір баяндарын біліп, діннің қайнар бұлақтарын түсінеді. Мәуліт кештері себебінен көптеген жұртшылықтың намазға бел буып, имандылық жолдарына түсіп жатқандарға жылда куә болып келеміз. Осындай кештерде көрсетілетін тәрбиелік мәні бар қойылымдардан көздеріне жас алып, ата-ана мен туған туыстардың діндегі орындарын түсініп, сыйластық қалыптасып жатқанын тағы көріп келеміз. Ендеше мұндай кештерді қалайша дұрыс емеске шығара аламыз. Керісінше суалауатқа салауаттар қосып, жақсылыққа атсалысу керек.

Біздер әр қашан Алланың рахымына, пайғамбарымыздың (с.а.с) шапағатына мұқтажбыз. Біліп-білмей істеген күнәларымыздың кешірілуін Алладан сұрап, пайғамбарымызға Алланың игілігі мен сәлемі болсын деп салауаттар айтамыз. Алладан түрлі дұғалар тілейміз. Тіпті осы дұғаларымыздың өзі Алла тарапына салауатпен көтерілетінін қаперде ұстаған жөн. Сағид ибн Әл-Мусайбтен жеткен хабарда Омар (р.а) былай дейді: «Маған мынадай хабар жетті: «Жасаған дұғалар жер мен аспанның арасында қалып қояды. Пайғамбарыңа (с.а.с) салауат айту мен ғана көтеріледі» - деген. Демек еткен дұғаларымыздың өзі салауат айтпайымызша Алла тарапына жетпейді екен.  

Жәбир ибн Абдуллаһтан жеткен хадисте, пайғамбарымыз (с.а.с) былай дейді: «Кім маған бір күнде жүз салауат айтатын болса, Алла оның жүз қажетін орындап қояды. Оның жетпіс қажетін Ақырет күні, ал отызын осы дүниеде орындайды» - десе, Анас ибн Маликтен жеткен хадисте: «Кім маған бір салауат айтса, оған Алла он салауат айтады және оның он қателігін кешіреді» - деген. Қаншалықты таптырмаййтын мүмкіншілік десеңізші иә? Бір ғана салауатпен 10 қателігімізді кешіртіп, Алладан өзімізге он салауат естиміз. Бір күнде жәй жүріп ауызбен жүз ақ салауат айтып екі дүниелік жұз қажетімізді орындатып аламыз. Алланың мейірімділігін көрмейсіз бе?! Осы сияқты салауат айтудың тізе берсек өте көп хадистермен келген сауаптары мен пайдалары бар. Тіпті Пайғамбарымызға салауат айту өзге ғибадаттан да артық деген ғалымдар. Себебі Алла Тағала Құран Кәрімде: Ахзаб сүесінің, 56 – аятында «Расында Алла және Оның періштелері пайғамбарға салауат айтады. Уа, иман келтірген мүминдер! Сендер де оған салауат айтып, толық мойынсұнушылықпен салауат, сәлем жолдаңдар» - деген. Яғни, өзге намаз, ораза сияқты ғибадаттарды Алла Тағала Өзі жасап және періштелерге жасатып сосын бұйырмаған. Ал, пайғамбарымызға салауатты Өзі айтып және періштелерде пайғамбарға (с.а.с) салауат айтады, сендерде айтыңдар деп біз пенделеріне бұйырып отыр. Осы аяттан ғалымдар пайғамбарға салауат айтудың сауабы өзге ғибадаттардан да абзалырақ деп келтірген.

Ардақты ағайын! Ардақты әз пайғамбарымыздың (с.а.с) үлгі-өнегелі сүннеттерін орындап, ата-аналарымыздың, ағайын-туыстарымыз бен көршілердің тіпті жалпы мұсылмандардың алдындағы хақыларын біліп кіші пейілділікпен өмір кешейік. Алланы көп зікір қылып, Пайғамбарымызға (с.а.с) салауатты арттырайық. Салауат – дұға тілек дегенді білдіреді. Жоғарыда пайғамбарымызды жазғанда (с.а.с) деп қысқартып көрсеттім, толығырақ «Саллаллаһу Алайһи уас Сәләм» болады. Мағынасы «Алланың оған игілігі мен сәлемі» - болсын деген салауат немесе дұға. Салауаттың көптеген түрлері бар, ең қысқасы Пайғамбарымыздың есімі аталғанда «Саллаллаһу алайһи уас сәләм» немесе «Алайһис-салату уас сәләм» - деуге болады. Жәй күнделікті салауат ретінде де қолданса болады немесе «Аллаһумма салли ала сайидинә Мухаммад, Саллаллаһу алайһи уас сәләм» - деуге болады. Сахабалар қалай салауат айтамыз деп сұрағандарында, Пайғамбарымыз (с.а.с): «Аллоһумма солли ала Мұхаммадин уә әзуәжиһи уә зурриятиһи, кәмә солләйтә ала әли Ибраһимә, уә бәрик ала Мұхаммәдин уә әзуәжиһи уә зурриятиһи, кәмә бәрактә ала әли Ибраһимә, иннәкә Хамидум Мажид» - деп айтыңдар деген хадисі де бар.

Салуатты көп айтайық ағайын. Көп жақсылыққа жетеріміз ақиқат. 

ҚМДБ-ның Қызылорда бойынша өкілі,

Орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің Бас имамы:

Талғат Сейіткәрімұлы Омаров



Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы