Кейде көпшілік тарапынан «қолым жүрмей қалды, жолым болмай жүр, тәуіптерге барып жол аштыру керек еді» деген сөздерді естіп қалып жатамыз. Білесіз бе, негізінде саудамыздың жүруі, береке кіруі өзімізге байланысты екен. Яғни, игілік төмендегі қағидаларды орындаудан басталады:

 

1.     Саудада алдауға қатысты қағида 

Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) (бірде) азық-түлік үймесінің жанынан өткенде, оның ішіне қолын сұғып көрген еді, саусақтары ылғалға тиді. Ол: «Бұл не, ей, азықтың иесі?» – деп (сұрады). Ол: «Уа, Алла Елшісі! Бұл жаңбырдың астында қалған», – деді. (Сонда Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Сен оның (ылғалданғанын) адамдар көруі үшін азықтың үстіне қоймадың ба?! Алдаған адам – менен емес», – деп айтқан (Муслим). 

«Сатушы мен сатып алушы айырылысқанға дейін (келісімді бұзуға) ерікті. Егер екеуі де шынын әрі ашығын айтса (сатушы тауарының сапасы мен кемшілігін көрсетіп, ал алушы сатып алу шарты мен ақшасын төлеу мерзімін бүкпесіз, ашық айтқан болса), екеуінің де саудасына береке дариды, ал егер жалған айтса және жасырса, саудаларының берекесі жойылады», – деп айтқан. Яғни, саудадағы пайдалары түбінде зиянға айналады (Муслим).

 

2.     Киімді көрмей сатып алуға қатысты қағида («Муләмәсә» және «мунәбәзә») 

 «Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бізге екі түрлі саудаға және екі түрлі киінуге тыйым салды. Ол «муләмәсә» мен «мунәбәзәға» тыйым салды. «Муләмәсә» саудасы – кісінің басқа біреудің киімін түнде не күндіз қолымен ғана сипап, оны аударыстырып көрмеуі. Ал «мунәбәзә» – кісінің бір кісіге киімін тастауы және әлгінің оған өз киімін тастауы. Осылай бұл олардың көрмей және (кесіп-пішіп) келіспей(жасайтын) саудалары болады», – деп айтқан (Муслим).

 

3.     Шарап сатуға қатысты қағида 

Мысырлық Абдур-Рахман ибн Уағла әс-Сәбәи (табиғин) Абдуллаһ ибн Аббастан (Алла әкесі екеуіне разы болсын) жүзімнен сығып алынатын (шарап) жайлы сұрағанда, Ибн Аббас: «Бір кісі Алла Елшісіне (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ішінде шарабы бар ыдыс сыйлады. Сонда Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) оған: «Сен Алланың бұған тыйым салғанын білесің бе?» – деді. Ол: «Жоқ», – деді. Содан кейін ол бір адамға (әлдене деп) сыбырлады. Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) одан: «Сен оған не деп сыбырладың?» – деп (сұрады). Ол: «Оған мұны сатуды тапсырдым», – деді. (Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)«Мұны ішуге тыйым салған оны сатуға да тыйым салған», – деді. Сонда (әлгі кісі) ыдысты ашып, оның ішіндегіні төгіп тастады», – деп айтқан. (Муслим).

 

4.     Өлген малды, пұттарды және шошқаны сатуға қатысты қағида 

Жәбир ибн Абдуллаһ (Алла әкесі екеуіне разы болсын) Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Меккені бағындырған жылы Меккеде тұрып: «Ақиқатында, Алла және Оның Елшісі шарапты, өлген малды, шошқаны және пұттарды сатуға тыйым салды», – деп айтқанын естіген. «Сонда (одан): «Уа, Алла Елшісі! Өлген малдың майы жөнінде не айтасың? Онымен кемелер сыланады, терілер майланады және онымен адамдар шырақ жағады ғой», – деп (сұрағанда, Пайғамбар) «Жоқ, оған тыйым салынады», – деген (Муслим).

 

5.     Иттің құнына, жезөкшенің ақысына және бақсы-балгердің ақысына қатысты қағида 

Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) иттің құнына, жезөкшенің ақысына және бақсы-балгердің ақысына тыйым салған. Жәһилият дәуірінде арабтардың арасында бақсы-балгерлердің, болашақты білемін дейтін «каһин» деп аталатын түрі және жасырынды, мәселен, ұрланған затты т.с.с. жайттарды айтып бере аламын дейтін «арраф» деп аталатын түрі, сондай-ақ жұлдыздарға қарап болашақты болжап айтып бере аламын дейтін «арраф» деп аталатын түрі, сондай-ақ жұлдыздарға қарап болашақты болжап айтып бере аламын дейтін жұлдызшылар болған. Бақсы-балгерлерге баруға, олардың сөздеріне сенуге және оларға ақы төлеуге тыйым салған хадистер осы үшеуін де қамтиды. Ал иттің құнына келсек, бұл жөнінде ғалымдар арасында пікір қайшылығы туындаған. Имам Әбу Ханифа «пайдасы бар итті сатып алуға болады және мұндай итке зиян келтірген жағдайда оның құнын төлеу керек» деп есептеген. (Осы кітапта келген 120-хадистің түсіндірмесінде аңшы және күзетші иттерді ұстауға рұқсат етілетіні және иттерді өлтіру жайлы бұйрықтың күші жойылғаны айтылған болатын).

 

6.     Азықты толық қолға алмай тұрып, оны сатуға қатысты қағида 

Ислам ғалымдарының барлығы дерлік «азық-түлікті толық қолға алмай тұрып, оны сатуға рұқсат етілмейді» деп есептеген. Азық-түліктен басқа тауарларға қатысты ғалымдар пікір қайшылығына түскен. Шафиғи мазһабының өкілдері «тауарлардың барлығы бұл мәселеде азық-түлік сияқты» деп есептеген, мәлики мазһабындағылар «бұл тыйым азық-түлікке ғана қатысты» деп санайды.

Ибн Аббас (Алла әкесі екеуіне разы болсын): «Кім азық сатып алса, оны толық қолына алмайынша сатпасын», – деген хадисті жеткізіп: «Мен барлығы осы сияқты деп есептеймін», – деп айтқан. (Муслим).

Ал Ибн Омар: «Біз азық-түлікті керуеншілерден өлшемей, көтере сатып алатынбыз. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бізге оны (сатып алынған) орнынан тасып әкетпейінше, сатуға тыйым салды» деп айтқан. (Муслим).

 

7.     Өлшенген азықты өлшенбеген (азыққа) айырбастауға қатысты қағида 

Абдуллаһ ибн Омардан (Алла әкесі екеуіне разы болсын): «Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «музәбәнәға»: бағының өнімін, құрма болса, өлшенетін кепкен құрмаға айырбастауға, жүзім болса, оны өлшенетін мейізге айырбастауға, ал егін болса, оны өлшенетін азыққа сатуға тыйым салды. Ол осылардың бәріне тыйым салды», – деп айтқан. (Муслим).

Мұнда, мәселен, жиналмаған құрма жемістерін өлшенетін кепкен құрмаға немесе өлшенетін мейізді жиналмаған жүзімге сататын сауда-саттық түрі туралы айтылған. Мұндай жағдайда жиналмаған құрма мен жүзім шамаланып қана өлшенетіндіктен, оларға қатысты айырбас саудаға тыйым салынған. Музәбәнә саудасының құмар ойыны сияқты саналатын тағы бір түріне сатушы: «Мен саған бұл өнімді жиырма сағқа тең құнмен төлеймін. Егер өлшенгеннен кейін ол жиырма сағдан асса, артығы маған қалады. Ал егер жиырма сағдан аз болса, мен зиян шегемін» деп айтқан жағдай кіреді.

 

8.     Кептірілген құрманы өлшемей, көтере сатуға қатысты қағида 

Жәбир ибн Абдуллаһ (Аллаһ әкесі екеуіне разы болсын): «Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өлшемі белгісіз кептірілген құрманы кептірілген құрманың белгілі өлшемі үшін көтере сатуға тыйым салды», – деген. (Муслим). Бұл – бидай, арпа және басқа дақылдарға да қатысты тыйым.

 

9.     Өнімді піспей тұрып сатпауға байланысты қаиғда 

Жәбир (Алла оған разы болсын): «Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) құрма жемістерін піспей тұрып сатуға тыйым салды (немесе бізге тыйым салды)», – деп айтқан (Муслим).

Әбу әл-Бахтариден (хадис жеткізуші табиғин): «Мен Ибн Аббастан (Алла әкесі екеуіне разы болсын) құрмаларды сату жайлы сұрағанымда, ол: «Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) құрмаларды одан жегенше(немесе желінгенше) және ол өлшенгенше сатуға тыйым салды», – деді. Мен: «Оның өлшенуі (қалай)?» – деп (сұраған) едім, оның алдындағы бір кісі: «Жинап алынуы», – деп айтты», – деген (Муслим).

 

10.     Өнімді жарамдылығы белгілі болмас бұрын сатуға  қатысты қағида 

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) құрманы (жеуге) жарамдылығы белгілі болғанша және масақты қатайғанша әрі бүлінуден қауіпсіз болғанша сатуға тыйым салған. Ол (бұған) сатушыға да, сатып алушыға да тыйым салған. (Муслим).

Яғни, сатушының піспеген құрмаларды сатуына тыйым салынады. Егер ол піспеген құрмаларды сатса, оның табысы харам болады. Және бұл тыйым сатып алушыға да қатысты. Өйткені ол бұлай жасау арқылы сатушыға тыйым салынған істе көмектеседі және дүниесін ысырап етеді.

 

11.     Мысықтың құнына қатысты қағида 

Әбу Зубәйрден: «Мен Жәбирден (Алла оған разы болсын) ит және мысықтың құны жайлы сұрағанымда, ол:«Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) одан қайтарды», – деп айтты», – деген. (Муслим). Хадисте мысықтарды сатуға қатысты тыйым келгенмен, аталмыш тыйым кесімді емес. Ол адамдарды мысықтарды тегін беруге және оларды пайдалануға бере тұруға шақыру үшін айтылған. Негізінде, көпшілік ғалымдардың пікірінше, пайдасы бар мысықтарды сатуға рұқсат етіледі. Тек Әбу Һурайра, Таус, Мужаһид және Жәбир ибн Зәйд осы хадиске сүйеніп, бұған тыйым салған.

 

12.     Құрсақтағы төлдің төлін сатуға қатысты қағида 

Ибн Омардан (Алла әкесі екеуіне разы болсын): «Жәһилият дәуіріндегілер түйенің етін құрсақтағы төлдің төліне сататын. Құрсақтағы төлдің төлі – түйенің туып, кейін ол туған төлдің буаз болуы. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бұған тыйым салды», – деп айтқан. (Муслим). Сатып алушы бұл үшін белгілі бір сомада алдын ала ақша беретін. Мұндай сауда алды беймәлім нәрсеге қатысты жасалатындықтан, оған тыйым салынады.

 

13.     Алдаушылықпен бағаны көтеруге қатысты қағида 

Ибн Омардан (Алла әкесі екеуіне разы болсын): Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) алдаушылықпен бағаны көтеруге тыйым салған.  (Муслим). Мұнда бір адамның тауарды сатып алғысы келмесе де, алымсақты алдау мақсатымен саудаға қойылған тауардың құнын көтеріп, оған жоғары баға ұсынуы туралы айтылған. Әдетте мұндай әрекет сатушымен келісіп жасалады. Тауарға жоғары баға ұсынылып жатқанын көрген алушы оны осы бағаға татиды деп ойлап, тауарды сатып алады. Егер сатушы мұның қулық екенінен хабарсыз болса, оның саудасы жарамды саналады, ал алдап бағаны көтерген адам күнәһар болады. Ал егер сатушы мен алдаушы бағаны келісіп көтерсе, екеуі де күнә арқалайды. Мұндай жағдайда сатып алушы өзі қателік жіберіп, алданып қалғандықтан, тауарды қайтарып беру еркіне ие емес.

 

14.     Алтынды күміске несиеге сатуға қатысты қағида 

Әбу Минһалдан (хадис жеткізуші табиғин): «Менің бір серіктесім күміс ақшаны (қажылық) маусымына немесе қажылыққа дейін несиеге сатып, кейін маған келіп, оны хабарлады. Мен: «Бұл – жарамайтын іс», – дедім. Ол: «Мен оны базарда саттым, бірақ ешкім мұнымды теріске шығармады», – деді. Содан кейін мен Бара ибн Азибке барып, одан (осы жайлы) сұрадым. Ол: «Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Мәдинаға келгенде, біз осылай сауда жасайтынбыз. Сонда ол: «Қолма-қол болса, онда күнә жоқ. Ал несиеге болса, ол – өсімқорлық», – деді. Зәйд ибн Арқамға бар, ол маған қарағанда сауда-саттық ісін жақсы біледі», – деді. Сөйтіп, мен оған барып, сұраған едім, ол да осындай сөз айтты», – деген (Муслим).

 

15.     Сауда-саттық жасағанда ант ішуге қатысты қағида 

«Сауда-саттық жасағанда жиі ант ішуден сақтаныңдар. Өйткені ол (тауарды) өткізгенмен, кейін(оның берекесін) жояды» (Муслим).



Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы