Әлемнің жаратушысы Ұлы Алла Тағала жер бетіндегі пендесін осы дүниеге сынақ үшін жіберуімен қатар, сол сынақ өмірде қателерін түсініп тура жолға түсуіне, тәубесіне келуіне, тіпті ниет-тілектерінің орындалуына да көптеген мүмкіндіктерді ашып, жолдарын көрсеткен.

Себебі, Ұлы Жаратушы аса мейірімді, әрі Кешіруші.

Ал, пенде атаулы осындай мүмкіндіктерді біле тұра, кейде жақсылыққа ұмтылып, тәубесіне келуге асықпайды. Алла Тағала қасиетті етіп көрсетіп кеткен уақыттарда ғибадатын жасап, салихалы құлдар қатарынан болуға талпынбайды.

Дегенмен, Исламдағы қасиетті айлар мен қасиетті күндер, түндер, құлшылықта ыңғайлы уақыттар адамзат санасына насихат құралдары арқылы айтылып келеді, айтыла да бермек.

Білген жақсы нәрселерді өзгелерге айтып, сүйіншілеу, хабарлау әрине міндет. Осы мақсатта Қасиетті Рамазан айының алдында келетін, сол қасиетті айға сүйіншілеп шақырушы болған  - Шағбан айы туралы айтпақпыз.

Аталмыш қасиетті Шағбан айына деген дайындық өзіндік мәні бар. Қандай да бір жақсы нәрсені бастап, күткенде пенденің ең бірінші кезекте ниеті таза болғаны абзал. Амалдар ниетке қарай әділ, әрі шынайы болып бағаланатыны да сондықтан.

Шағбан айына қатысты Әбу Әмәмә әл-Бәһилиден жеткен хадисте Алла елшісі (с.ғ.с.):  «Шағбан айы кіргенде, нәпсілеріңізді тазалаңыздар және ниеттеріңізді дұрыстаңыздар», - деген екен.

Осылай деуімен қатар, осы қасиетті айдың құрметіне, көп күндерін оразамен өткізуді әдетке айналдырған. Бұл қасиетті айға деген құрмет болумен қатар, алдағы рамазан айындағы оразаға, ауыз бекітуге деген дайындықты да меңзесе керек.

Сонымен қатар, бүгінгі таңда көпшіліктің насихатында жүрген, мақаласына арқау болып келе жатқан «Ережеп - Алланың айы, шағбан - менің айым, рамазан - үмметімнің айы» деген мағыналы сөзге аса мән беру керек.

Осы тіркестер арқылы қасиетті үш айдың мағынасын, мәнін ашумен қатар әрбір айдағы құлшылықтардың орны мен сауабын да жеткізе білген.

Шағбан айының көпшілік қадірін біле бермейтін бір ерекшелігі – бұл айда Бәраат түнінің болуы. Осы түн періштелердің жер бетіне түсіп, пенделердің дұғалары кері қайтарылмай қабыл болатын түн.

Бүгінгі таңда қаншама пенделер, адамзат өздерінің ниет тілектерінің қабыл болмайтынына жүйкелерін тоздырып, қатерге бастарын тігіп немесе адам санасына сыймайтын әрекеттерге баратыны ақиқат.

Пендешілікке салынып, балшы, бақсы, балгер жағалап Алла Тағалаға ұнамсыз әрекет еткеннен көрі осындай Қасиетті түндері ниеттерін түзеп, құлшылығын реттеп, дұғасын жасаса нұр үстіне нұр болар еді-ау.

Ато ибн Яасардан келген хадисте Пайғамбарымыз с.а.с. былай деген: «Рамазан айындағы Қадір түніннен кейін, Шағбан айындағы  15 түннен яғни Бараат түнінен артық түн жоқ.»

онымен қатар, және бір хадисінде аталмыш түннің қасиеттілігі мен ерекшелігін «Шағбан айының жартысы толған түнді құлшылықпен өткізіңдер. Күндіз ораза ұстаңдар. Өйткені, Алла тағала күн ұясына батқан шақта: «Кешірім тілеуші бар ма, кешірейін. Ризық сұраушы бар ма, ризық берейін. Ауру-сырқауға ұшыраған бар ма, шипасын берейін» деп таң шапағы атқанға дейін рахымын төгеді» деп атап айтқан.

Осы қасиетті айды құрметтеп, әрі Жаратушының әмірін орындап, Пайғамбарымыздың с.ғ.с. дегенін жасап, құлшылығымызды арттырып, садақамызды беріп, оразамызды ұстап, салауатымызды көбейтсек, оның жақсылығы мен сауабы, шарапаты да өзімізге тиер еді.

Мұсылман баласы үшін, Ислам діні қасиетті санап, атап көрсеткен қасиетті құлшылықтардың барлығының түбінде сол адам баласы үшін шарапаты мол.

Демек, көпшілігіміз сананы қаржы билеген, дүниауи тірліктерге бағынып қалған заманда өзімізге осы дүние мен мәңгілік өмірдеде пайдасы мол істерден құр қалып жатқанымызды сезінбейміз.Қорыта айтқанда:

Ей пенде, құлшылығыңа бекем қара,

Ғибадат -  мол сауапқа себеп болған.

Себебі, сүйіншілер Рамазанды келіп жетті,

Қасиеті мол үш айдың бірі – Шағбан! –дей отырып, Ережеп айының бітуінен хабар берумен қатар, одан да ерек Қасиетті Рамазан айына шақырушы Шағбан айында құлшылығымыз молынан болсын! 

Талғат Нұрманұлы

Қызылорда қалалық «Ыбырайым»

 мешітінің найб имамы



Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы