Ережеп, Шағбан, Рамазан. Осы үш айдың қадірі мен қасиетін мұсылман саналатын қарапайым халық  біліп, естіп немесе бұқаралық ақпарат құралдары арқылы оқып жүрсе де оның маңыздылығына мән бере бермейтіні белгілі. Себебі, аталмыш айлардың насихаты аса жүргізіле бермейтінін  мойындауымыз қажет. Сонымен қатар, осындай қасиетті айлар немесе  қасиетті күндер белгілі бір мешіт қызметкерлеріне я болмаса намазхан жандарға ғана қатысты болып көрінеді. Расында мұсылман қауымы үшін қасиетті күндердің, айлардың барлығы бірдей шарапатты, қадірін түсінген әрбір мұсылман үшін сауабы мол.

Міне, осындай шарапаты мол айлардың бірі – Шағбан айы. Жалпы исламда қасиетті саналатын әрбір айдың өзіндік мән-мазмұны бар. Осы жылы мамыр айының 19  жұлдызында кірген, қасиетті Ережеп пен Рамазан айларының арасын жалғаушы Шағбан айының  өзіндік қадір-қасиеті турасында қалың оқырман біле жүргені дұрыс.

Қасиетті айлардағы сауапты амал турасында Айша анамыз Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.):«Шағбан айындағы секілді көп ораза тұтқандығын көрмедім», – дейді.

Айша (р.а): Алла елшісі (с.ғ.с.) Рамазанға дейін шағбан айын толықтай оразамен өткізетін. Сонда мен: «Уа, Расулалла! Шағбан сіз үшін айлардың ең сүйіктісі ме? Сол үшін ораза тұтасыз ба?», – деп сұрадым. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Иә, бір жыл ішінде бақилық болатындардың тізімі осы айда жазылады. Сондықтан да менің де ажалымның құлшылық үстінде жетуін қалаймын».
Ибн Нәжжардың риуаятында: «Айша! Бұл айда ажал періштесі жаны алынатындардың тізімін жазады. Менің де атым ораза тұтқан кезімде жазылғанын қалаймын» деген еді.

Алланың сүйікті елшісінен не үшін шағбан айында көп ораза тұтатындығы сұралғанда: «Шағбан – амалдар Алла тағалаға ұсынылатын ай. Мен де амалдарымның ораза тұтқан кезімде ұсынылғанын қалаймын. Шағбан – адамдардың басым көпшілігінің рамазан мен режеп айларының ортасында мән бермей кететін ай. Мен ол айды босқа өткізгім келмейді», – деп жауап берген.
Шағбан айының маңыздылығы туралы:
Әнас (р.а.) былай дейді: «Алла елшісінен (с.ғ.с.) «Рамазаннан кейін қандай ораза маңызды?», – деп сұралғанда, ол: «Рамазанға құрмет ретінде шағбан айы», «Қай садақа абзал?», – дегенде, «Рамазан айында берілген садақа», – деп жауап берді».
Мүбәрак шағбан айының 15-түні – Бәрағат кеші. Бұл түнде періштелер жер бетіне түседі, дұғалар қабыл болады.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл түннің маңыздылығын былайша түсіндіреді:«Шағбан айының жартысы толған түнді құлшылықпен (мағынасы мен маңыздылығына сай) өткізіңдер. Күндіз ауыз бекітіңдер. Өйткені, Алла тағала күн ұясына батқан шақта: «Кешірім тілеуші бар ма, кешірейін. Рызық сұраушы бар ма, берейін. Ауру-сырқауға ұшыраған бар ма, шипасын берейін» деп таң шапағы атқанға дейін рахымын төгеді». Тағы бір хадисте:
«Алла тағала шағбан айының он бесінші түні (Бәрағат түні) жер бетіне мейірім жаудырып, Өзіне серік қосқандар мен ата-анаға қарсы шыққандар мен басқаларды кешіреді».

Міне, жер бетіндегі пенделері үшін осыншама қадірі мен қасиеті өз алдына мол айлар мен күндерді нәсіп еткен Ұлы жаратушының расында рақымды, әрі мейірімді екені даусыз.

Осындай қасиетті айларда Алланың қалауымен біз үшін келіп тұрған мүмкіндікті қалайша жіберіп алмақпыз? Жалған дүниедегі сауапты істеріміз -  мәңгілік өмірдегі бақытымызды анықтайды.Олай болса, ең болмағанда қасиетті айларда сауаптан құр қалмағанымыз абзал.
Ұлы Раббымыз режеп пен шағбан айларын мүбәрак етіп, рамазанға амандықпен жетуімізді нәсіп етсін.

ТАЛҒАТ НҰРМАНҰЛЫ

«ЫБРАЙЫМ  МОЛДА» МЕШІТІНІҢ НАЙБ ИМАМЫ



Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы