Ешбір заманда дінсіз қоғам болған емес. Қоғамның қай кезеңі болмасын қарапайым халық белгілі бір наным сенімде болған. Ал, сол наным сенімді жүргізіп, насихат етіп, халықты тура жолға бастар тұлғалардың да болатыны аян.

Еліміз егемендігін алып, тәуелсіз мемлекетіміз аяқтан тұрып, халықтың санасы көтеріліп, дінге бетбұрыс, Ислам дініне деген құрмет уақыт өткен сайын жоғарылап келеді.

Осы Ислам дінін уағыздаушы, халыққа рухани жол көрсетуші, жақсылыққа шақырушы маңызды тұлға – ол бірінші кезекте әрине имам.

Имамдық қызметтің атқарар жүгі мен оған артылар жауапкершілік өте жоғары.

Ислам дінін уағыздар, халыққа насихат айтар діни тұлға, имам қандай болу керек?

Имам бірінші кезекте сыртқы келбетімен, өзінің мәдениетімен, киім киісімен, көркем мінез-құлқымен және игі де ізгі амалдарымен дараланып тұрғаны абзал.

Алла Тағала имамға асыл дінімізді насихаттаушы, Алланың дінін жеткізуші деген жоғары міндетті жүктеп, игіліктің жаршысы болуды нәсіп еткендіктен, имам соған сай қызмет көрсетуі міндетті.

Алла Тағала Құранда: «Сендер адам баласы үшін игілікті әмір етіп, жамандықтан тиятын, сондай-ақ, Аллаға сенетін үмбеттердің қайырлысы болып жіберілдіңдер» - деген.

Қарапайым халық, имамның сөзіне немесе уағызына, насихатына ғана қарамайды, оның жүріс-тұрысы мен әдебіне де үлкен көңіл бөледі. Демек, имам халқына, жамағатына тұлғасымен, әдебімен де тәрбие бере алады, өнеге бола алады.

Сол себепті де, өзгеге ақыл айтып немесе иманның шарттарын түсіндіріп, туралықты насихаттау үшін, ең алдымен имамның өзі соған сай тұлға болуы керек.

Бүгінгі таңда қарапайым халықтың мешітке ағылып, Исламға ден қою деңгейі жоғарылап келеді деп мақтанышпен айтқанымызбен, бірінші кезекте осы мешіт жамағатына жақсы қарым-қатынаста болып, олардың қажеттілігіне тең дәрежеде көңіл бөле білуі – алғашқы орындағы  мәселелердің бірі.

Ханға да, қараға да мейірімділікпен, жанашырлықпен қарап, мәселесіне немесе сауалдарына ден қойып тыңдап, жақсы сөз айтуымен иманға баулу арқылы имамның да дәрежесі өседі.

Егер имамдарды соңғы пайғамбардың ізін жалғастырушы яғни ізбасары деп қарайтын болсақ, осы міндетін жақсы атқарған имамның екі дүниеде де сауапқа кенелері сөзсіз.

Оған Алла Елшісінің: «Кімде-кім адамдарды тура жолға шақыратын болса, ол адамның сауабы артынан ерген адамдардың сауабымен бірдей болады. Олардың сауабынан еш кемімейді!», – деген сөзі  дәлел.

Осындай өзінің мәдениеттілігімен және білімділігімен халыққа адал қызмет еткен имамға ең керекті және бір қасиет – тақуалық пен әділдік.

Әбу Һурайра ﴾р.а.﴿ жеткізген хадисте: «Жеті түрлі адамға Алла Тағала ешбір сая жоқ күні аршының көлеңкесінен жай береді, Олар:

  • әділ имам (басшы);
  • Аллаға бойұсынып, ғұмырын құлшылықпен  өткізген жас жігіт;
  • мешітке жүрегі байланған кісі;
  • бірін-бірі Алла жолында жақсы көріп, Алла разылығы үшін бас қосып, Алла разылығы үшін мәжілістерінен айырылатын екі адам;
  • мансапты да көрікті әйел шақырғанда: «мен Алладан қорқамын» деп харамнан қашқан ер кісі;
  • Оң қолы бергенін сол қолы білмейтіндей жасырын садақа еткен кісі;
  • жалғыз қалғанда Алла тағаланы еске алып, егіліп көзіне жас алған адам» -деген.

Әділ имам – деген сөздің астарында қай жағынан болмасын имамдыққа лайық тұлғаға берілген теңеу жатыр.

Әділ имам, діндар, білімді, адал, сабырлы, мейірімді, кішіпейіл, шешен, ұқыпты, жан-жақты болуы тиіс.

Осы қасиеттердің барлығы бір ауыз сөзбен айтқанда тақуа имамның бойынан табылса, ол халық сеніміне ие болары хақ.

Имамның сөзіне бағынып, діни тұлға әрі рухани жол көрсетуші ретінде өзі ұйыған имамына зор сеніммен қарау халық еншісіндегі міндет.

Қазіргі таңда діннің көркейуіне еліміздегі имамдардың сіңіріп отырған еңбегі зор.

Қоғамдық-саяси оқиғаларға үн қосып, орын алған келеңсіздіктен халықты тиып, жақсылыққа шақырып, сабырлылыққа үндеу тастап, халықтың мұқтажымен бөлісіп, бүгінгі заманға бейімделгені – имамның саяси белсенділігінің де артып отырғанын көрсетеді.

Себебі, бүгінгі имам – елде орын алған саяси оқиғалардың оң терісін ажыратып, халыққа тура бағытты көрсетеді, әлеуметтік желі арқылы да жастардың бойына имандылықты насихаттайды, ел үшін маңызды жиындарда үн қосып, Елбасы саясатын қолдайды.

Имамдардың бүгінгі заманға сай еңбек етуі, саяси сауаттылығының артуы, біліктілігін жетілдіруі бағытында ҚМДБ-ның атқарып отырған қызметі зор.

Еліміздегі имамдардың шет елдерде діни бағытта білімін жетілдіріп, заманауи үлгіде технологияларды игеріп, онлайн уағыздар жүргізіп, әдебиеттер санын көбейтуі, жастар арасында сұранысқа ие болуы ҚМДБ-ның орасан еңбегінің нәтижесі. Бұл имадардың рухани тұлға, үлгі бола білетінін көрсетеді.

Заман ағымымен ілесіп, туралықтан таймай, тақуалықты ту етіп, халық алғысын алатын имамдар аянбай еңбек етсе, халықтың діни сауаттылығы артып, рухани құндылықтарымыздың құлдырамауына септігі зор болары анық.

Омаров Талғат Сейіткәрімұлы

ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілі



Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы