Аббаситтер халифасы Харун Рашиттің заманында Бәһлүл деген өте тақуа кісі өмір сүріпті. Бір күні сол кісі Басраның көшесінде кетіп бара жатып, ойнап жүрген бір топ баланы көреді. Сәл аялдап, балалардың ойынын тамашалайды. Кенет анадай жерден бір баланың солқылдап жылап тұрған даусын естіп жанына барады. Баладан:

–  Иә, балақай, неге жыладың? – деп сұрайды.

–  Емдей алмасаңыз, дертімді қозғамаңыз, – дейді бала.

–  Әуелі дертіңнің не екенін айт, бәлкім, көмектесермін.

–  Олай болса айтыңызшы, біз осы ойнау үшін жаратылдық па?

Бәһлүл аз ғана ойланып:

–  Мен мұның жауабын білмейді екенмін. Өзің айтшы, сонда не үшін жаратылдық?

–  Біз ілім алу үшін, ғибадат ету үшін жаратылдық. Бірақ мұны түсінетіндер аз.

Бәһлүл балаға риза болып, басынан сипайды:

–  Өркенің өссін, балақай. Мұны кімнен үйрендің?

–  Сіз Құран оқымайсыз ба?

–  Әрине, оқимын. 

–  Онда «Біз сендерді босқа жаратты, есеп бермейміз деп ойладыңдар ма?» («Мүмин» сүресі, 115-аят) деген аятты көрмеп пе едіңіз?

Баладан осы сөзді естігенде, Бәһлүлдің де көңілі бұзылып, жылап жіберіпті.



Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы