Құлдарын қараңғылықтан жарыққа шығару үшін қасиетті Құранды аманат етіп түсірген құдіреті шексіз Аллаға сансыз мақтаулар болсын! Үмметінің арасына тірі Құран болып жіберілген, Алла сөзін амалмен айшықтаған ардақты Пайғамбарымызға сансыз салауаттар болсын!

Алла Тағала адамзат баласын ақылмен ардақтап, пендесі құр босқа ғұмыр кешіп, құмарын қандырып құрдымға кетпеуі үшін қасиетті Кітабын түсірді. Сол арқылы ақыл иелерін ең тура жолға бастады. Бұл туралы Құран Кәрімде:

إِنَّ هَذَا الْقُرْآنَ يَهْدِي لِلَّتِي هِيَ أَقْوَمُ وَيُبَشِّرُ الْمُؤْمِنِينَ الَّذِينَ يَعْمَلُونَ الصَّالِحَاتِ أَنَّ لَهُمْ أَجْرًا كَبِيرًا

«Негізінде осы Құран ең тура жолға салады. Әрі дұрыс іс істеген мүміндер үшін әрине зор сыйлық бар екендігін сүйіншілейді».[1]

Ғұламалар Алла Тағаланың аяттары (аят – араб тілінен аударғанда белгі, яғни Алланың құдіретінің белгісі дегенді білдіреді) Құранда түсірілген оқылатын кітап аяттары және адамның жан-жағындағы жаратылыстан көрінетін аяттар болып екіге бөлінеді дейді. Құранды оқу арқылы ақыл иелері Алланың аяттарынан үгіт алса, маңайындағы мүлтіксіз шеберлікпен аса көркем түрде жаратылған, Жаратушының құдіретін паш етіп тұрған жаратылыстан Оның құдіретін таниды.

Жаратылысқа қарап ой жүгіртудің сауаптылығы жайлы Құран Кәрімде аяттар жетерлік. Бірақ біз бүгін адамзат баласын дүние мен ақіретте бақытқа кенелту үшін түсірілген Алланың сөзі – Құранды оқудың артықшылығы жайлы сөз етпекпіз.

Жетінші ғасырда қараңғы Хира үңгірінде алғаш «Оқы!» деп басталған бұл Кітап сол үңгірді ғана жарық етпей, бүкіл әлемге нұр болып келді. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) кеудесін қысып барып берілген алғашқы аяттар күні бүгінге дейін қанша жанның кеудесін қыспақтан құтқарып, жүрегін жайландырды десеңізші!

Бұл өмірде сырт көзге қарағанда төрт құбыласы тең болып көрінетін қаншама мол байлықтың иелері жүректері тыныштық таба алмай, қаншама қаражатын түрлі мамандардан кеңес алуға жұмсап жүр. Жүректі тыныштандырып қана қоймай, нұрландыратын, адамды шынайы бақытқа жетелейтін Жаратушының тегін кеңестеріне құлақ аспай жүргендер қаншама?!.

«Жүректер Алланы еске алумен тыныштық табады»,[2] - дейді Құранда Алла Тағала.

Алланың кітабын оқудың өзі – зікір, яғни Оны еске алу. Бұл жайлы Құранда:

إِنَّا نَحْنُ نَزَّلْنَا الذِّكْرَ وَإِنَّا لَهُ لَحَافِظُونَ                                       

«Шындығында Зікірді (Құранды) біз түсірдік және оны біз қорғаушымыз».[3]

Құран оқудың артықшылығы мен Құранды оқыған адамның дәрежесі көтерілетіндігі жайлы Пайғамбарымыздың хадистері жетерлік.  Мысалы:

اقْرَؤوا الْقُرْآنَ فَإِنَّهُ يَأْتِي يَوْمَ الْقِيَامَةِ شَافِعًا لأَصْحَابِهِ

«Құран оқыңдар, өйткені ол Қиямет күні өзін оқығандарға шапағатшы болып келеді», - дейді ардақты Елші өз хадисінде. Сондай-ақ:

الَّذِي يَقْرَأُ الْقُرْآنَ وَهُوَ مَاهِرٌ بِهِ مَعَ السَّفْرَةِ الْكِرَامِ الْبَرَرَةِ، وَالَّذِي يَقْرَأُهُ وَهُوَ يَشْتَدُّ عَلَيْهِ فَلَهُ أَجْرَانَ

«Құранды шебер оқушы адам Алла Тағаланың әмiрiне бойсұнған періштелермен бiрге болады. Ал Құранды қиналып және кiдiрiп оқығанға екi есе артық сауап берiледi», - деп Құранды шеберлікпен оқитындармен қатар, қиналып ежелеп оқитындарды да қатар сүйіншілейді.

«Қиямет күнi Құранды оқыған адамға: «Оқы да жоғары көтерiл. Дүниеде қалай оқыған болсаң, солай оқи бер. Сенiң (жәннаттағы) сый орның соңғы аятты оқитын жерiңде»-деп айтылады».

إِنَّ الَّذِي لَيْسَ فِي جَوْفِهِ شَيْءٌ مِنْ الْقُرْآنِ كَالْبَيْتِ الْخَرِبِ

 «Ішінде Құраннан ештеңе болмаған адам құлаған үй тәріздес».[4]

Осы хадисте Құраннан бейхабар жанның ішкі дүниесі қаншалықты бос екенін сипаттап, қирап жатқан үйіндіге ұқсайтынын айтады.

Құран оқу арқылы адамның санасы мен жүрегі нұрланбақ. «Денең – жан нұрлы болса жөнделмек» деп Шәкәрім Құдайбердіұлы айтқандай жаны саудың тәні де сау.

Құранның ерекше қасиеттерінің бірі – оны адам оқыған сайын оқи бергісі келеді, еш уақытта оқудан жалықпайды. Басқа кітапты бірнеше рет оқыған соң адам оны біліп алып шаршай бастаса, Құранды әр оқыған сайын адам қасиетті кітаптың бұрын байқамаған жаңа қырларын байқай түседі.

Құранды оқу арқылы мұсылман баласы Алладан қуат алады, Құрандағы өткен Пайғамбарлар мен ізгілердің көрген қиындығымен таныс болып өзінің өмірлік сынақтарға төтеп беруі тиіс екенін түсінеді.

Құран оқу арқылы мұсылман Аллаға жақындай түседі, өйткені Алланың сөзіне деген махаббат оны Алланың Өзіне деген махаббатқа жетелері сөзсіз.

Құранды оқып үйрену мен оны үйретудің абзалдығы жайлы: «Сендердің ең жақсыларың Құранды үйренгендерің және оны үйреткендерің» деген хадистен білеміз. Сондай-ақ баласы Құран жаттаған ата-анаға Қияметте Алла Тағала тәж кигізіп, абыройларын асқақтататыны ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінде айтылған.

Осыны білген ата-ана баласына ерте жастан Құран оқуды үйретуі керек. Өзі үйрете алмаған жағдайда Құран үйрететін мешіттердегі дәрістерге қатыстырып, немесе медресеге беріп оның Алла сөзінен тәлім алуына жағдай жасауы тиіс. Мешітке жиналып Алланың сөзін оқудың сауабы мен артықшылығы төмендегі хадистен анық байқалады:

... وَمَا اجْتَمَعَ قَوْمٌ فِى بَيْتٍ مِنْ بُيُوتِ اللَّهِ يَتْلُونَ كِتَابَ اللَّهِ وَيَتَدَارَسُونَهُ بَيْنَهُمْ إِلاَّ نَزَلَتْ عَلَيْهِمُ السَّكِينَةُ وَغَشِيَتْهُمُ الرَّحْمَةُ وَحَفَّتْهُمُ الْمَلاَئِكَةُ وَذَكَرَهُمُ اللَّهُ فِيمَنْ عِنْدَهُ

«Алланың үйлерінің бірінде қандай да бір қауым жиылып, Алланың Кітабын оқып, оны өзара бір-біріне үйрететін болса, оларға міндетті түрде тыныштық түседі (жандары жайланады), Алланың мейірімі оларды баурап алады, оларды періштелер қоршап, Алла Тағала бұл құлдарын өз қасындағылардың алдында еске алады».

Қортындылай келе  Құранның өзінде оны оқитын адамдар туралы не дейді екен тыңдап көрейік:

إِنَّ الَّذِينَ يَتْلُونَ كِتَابَ اللَّهِ وَأَقَامُوا الصَّلَاةَ وَأَنفَقُوا مِمَّا رَزَقْنَاهُمْ سِرًّا وَعَلَانِيَةً يَرْجُونَ تِجَارَةً لَّن تَبُورَ لِيُوَفِّيَهُمْ أُجُورَهُمْ وَيَزِيدَهُم مِّن فَضْلِهِ ۚ إِنَّهُ غَفُورٌ شَكُورٌ 

«Әрине, Алланың Кітабын оқып, намазды толық орындағандар және өздеріне берген несібемізден көрнеу, көмес түрде тиісті орынға жұмсағандар, еш түгесілмейтін бір сауда (сауап) үміт ете алады. Өйткені Алла, олардың сыйлықтарын толық беріп, әрі өз кеңшілігінен артылтып береді. Әрине Ол, Өте жарылқаушы, Аса қадыр білуші».[5]

Алла Тағала баршамызды құранды оқып, мол сауапқа кенеліп, Өзінің ризалығын алуды нәсіп етсін!

Қанат Қыдырмин,
ҚМДБ-ның Ақмола облысы бойынша өкіл имамы


[1] «Исра» сүресі, 9-аят.
[2] «Рағд» сүресі, 28-аят.
[3] «Хижр» сүресі, 9-аят.
[4] Сунан ат-Тирмизи 2837.
[5] «Фатыр» сүресі, 29-30 аяттар.



Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы