Бір кісі Рамазан тақырыбында жамағатқа уағыз айтып жатады. Онда жомарттыққа ерекше тоқталады. Алайда уағызшының өзі ешқандай жомарттық жасамайды екен.

Бұл кісі бірде ислам ғалымы, әулие Ибраһим бин Әдһамға жолығып: «Сіз барша кісілерге насихат айтасыз, маған да бір насихат етсеңіз!», - деп өтініш жасайды. Ибраһим бин Әдһам өтінішін қабыл алып бірауыз сөз боларлық мынадай насихатын айтады:

- «Ашық» нәрсені жап, «жабық» тұрған нәрсені аш, осы саған насихат ретінде жеткілікті.

Әлгі кісі бұл сөзге еш түсінбейді. Амалсыздан түсінбегенін білдіріп: «Ашық» деген не, мен оны жабайын. «Жабық» деген не, оны да ашайын», - деп сұрайды.

Сонда Ибраһим бин Әдһам: «Ашық» дегенім әрдайым жомарттықты айтатын ауызың, соны жап. «Жабық» дегенім аузы тұмшаланған ақша салатын әмияның. Соны аш, өзіңе сол жеткілікті», - деп түсіндіреді.

Сөздің мәнісіне түсінген әлгі адам күлімсіреп:

- Сіздің мына насихатыңыз қысқа әрі мағыналы болды. Бұл сөз ақиқат пен шындықтың нағыз өзі деп білдім. Осы ең әдемі ескертуіңізден кейін жомарттықты сөз ететін мына ауызымды жабамын-дағы, мұқтаждардың жәрдеміне еш ашылмаған дорбамның аузын ашамын», - деп сөздің іске сай болу керектігін түсінгендігін айтады.

Дайындаған Қайырбек Отызбаев,
"Иманғали" орталық мешітінің наиб имамы



Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы