Бірде Аллаһ тағала Мұса пайғамбарға (а.с.) екі теңіздің қосылған жерінде ерекше білім қонған бір құлының өмір сүретінін білдірді. Мұса пайғамбар (а.с.) ол кісімен жүздескісі келетінін білдіргенде, «Дорбаңа тұздалған балық сал да, терістікті бетке алып жүре бер. Ұзақ жүргеннен кейін дорбаңдағы балыққа жан бітіп, көзден ғайып болады. Сол жерге аялда. Екі теңіздің қосылған жері сол арада. Іздегеніңді сол жерден табасың» деген уахи түсті. Хазірет Мұса (а.с.) айтылғандарды екі етпей, дереу жолға шықты. Көп жүріп бір теңіздің жағасына жетті. Сәл аялдап, көз шырымын алмақ болды. Оянса, дорбасы босап қалған екен. Дорбасындағы тұздалған балыққа жан бітіп, теңізге жүзіп кетіпті. Ал, анадай жерде біреу теңізге қарап отыр екен. Мұса (а.с.) іштей екі теңіздің қосылған жерінде мекендейтін ілім иесі, сірә, сол болса керек деп топшылады. Анығында, ол Қызыр (а.с.) еді. Барып сәлем беріп, өтінішін білдірді: 

– Мен Мұсамын, сізге ілім үйренуге келдім. Біршама уақыт жолдас болуға рұқсат етсеңіз? – дейді.

– Менімен жолдас болуға шыдамың жетпес, – дейді бейтаныс.

– Қолымнан келгенше сабырлы болуға уәде беремін, – деп тағы да өтінген соң,

– Олай болса, менен ештеңе сұрама. Сонда ғана екеуміз жолдас  бола аламыз, – деген жауап алады.

Мұса (а.с.) ризашылығын білдірді. Екеуі жолға шықты. Ұзақ жүргеннен кейін бір кемеге мінді. Кеме иесі Қызырды танығандықтан, ақы алмады. Біраз жүргеннен кейін Қызыр (а.с.) қолына ара алып кеменің қоймасына түсті. Арамен кеменің тақтайларын аралай бастады. Аздан соң су жиналып, кеме бір қырына қисайып қалды. Бұны көргенде Мұса (а.с.) шыдамай:

– Бұныңыз не? Еш ақы сұрамаған кісілердің кемесіне қастандық жасағаныңыз қалай? – деді.

– Әлгіндегі уәдең қайда? 

Мұса ( а.с.) дереу кешірім сұрады. Шынында да ол уәдесін ұмытып кеткен екен. Осы кезде олардың көз алдында кішкентай бір құс келіп, теңізге тұмсығын батырып су ішті де, қайтадан ұшып кетті.

Бұны көргенде Қызыр (а.с.) Мұса пайғамбарға қарап:

– Аллаһтың ілімінің жанында біздің білгеніміз жаңағы құстың тұмсығына жұққан судай ғана, – дейді.

Ұзақ жүріп кемемен жағаға жетеді. Екеуі ары қарай сапарын жалғастырады. Бір уақытта алдарынан бір топ ойын баласы кездеседі. Қызыр ойланып жатпастан әлгі балалардың біреуін өлтіріп тастады. Бұл жолы Мұса (а.с.) тағы ашуланды:

– Баланы жазықсыздан-жазықсыз неге өлтірдіңіз?

– Жол бойы менен ештеңе сұрамауды ескертпеп пе едім?

– Онда кешірім өтінем, соңғы рет тағы рұқсат етіңіз, – дейді Мұса (а.с.)

Екеуі тағы жүріп кетті. Жүре-жүре бір ауылдың үстінен түседі. Бірақ жолаушыларды жан баласы қонақ қылмайды, не тамақ бермейді. Екеуі шарасыз кетіп бара жатқанда, құлағалы тұрған бір қабырғаны көреді. Қызыр (а.с.) қораны түзетіп, қалпына келтіріп қояды. Мұса (а.с.):

– Бұл ауылдағылар бізді не қонақ етпеді, не үйлеріне қондырмады, ал сіз танымайтын біреудің қорасын жөндедіңіз, – деп ренжиді. 

Бұны естігенде Қызыр уағдасын орындамағаны үшін Мұсамен осы жерден қош айтысатынын білдірді. Сөйтті де оған түсініксіз көрінген істердің мәнісін былай түсіндірді:

«Әуелі, кеменің тақтайларын кесіп, кемені сәл қисайтып қою арқылы кедей-кепшіктің жағдайын ойладым. Себебі ол атырапта ашық теңізге шығып кеме тонайтын қарақшылар бар еді. Олар бүтін кемеге ғана тиісетін. Баланы өлтіру себебім, оның әке-шешесі өте жақсы кісілер еді. Ал бала бұзақы боп өсіп келе жатты. Кейін өскенде кәрі ата-анасына күн көрсетпейтін қаныпезер болмақ еді. Аллаһ тағала әлгі ата-ананы аяғандықтан, баланы менің өлтіргенімді қалады. Бұзылған қораны жөндегенім, ол негізі екі жетім баланікі еді. Қабырғаның астында балаларға тиесілі қазына болатын. Қабырға құласа, қазынаны жұрт талап кететіндіктен, Раббым екі жетімнің мирасын өздеріне сақтағысы келді. Мен екі бала ер жеткенше ашылмайтындай етіп қазынаны көміп кеттім. Әй, Мұса, бұның бәрін мен істегенмен, анығында бір Аллаһтың әмірімен жүзеге асты», – деп түсіндірді.

Құдайберді БАҒАШАР



Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы