Сәждеде екі аяқ бірдей көтеріліп кетсе, намаз бұзыла ма? Нұрқанат Байзақов


 

Уағалейкум ассалам! Нұрқанат, сәждені толыққанды орындаудың бірнеше шарттары бар, соның бірі – аяқты жерге тигізу.  Осыған қатысты үкімдерді былайша тізбектеуге болады:

1.Сәжде кезінде екі аяқты жоғары көтермей, жер тіреу – уәжіп. Ал, оны жоғары көтеру – харамға жақын мәкрүһ[1]. «Сахих Бухари» атты хадис жинағындағы риуаятта ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у) былай деген:«Мен жеті сүйекпен сәжде етуге бұйырылдым. Олар: маңдай (қолымен мұрнын да көрсетті), екі қол, екі тізе және екі аяқ ұшы (аяқ башпайларының ұшы). Сондай-ақ, (намазда тұрып) шашты буудан және (сәжде, рукуғқа барғанда) киімді де жинақтаудан тыйылдым»[2]

Мынаны да айта кету керек, осы хадиске қарап сәждеде аяқтың жерге тиюін парыз деген Ханафи ғұламалары да бар[3].  

2.Сәжде жасап тұрған сәтте, аяғының бірін көтеріп, екіншісімен ғана жер тіреу – мәкрүһ.  Ал, жарақаты себепті аяғын көтеретін болса мәкрүһ емес[4].

3.Аяқ қоярда бас бармағын ғана жерге тигізуі жеткілікті. Аяқ ұштарымен емес, тек аяғының сыртқы жағын жерге қоятын болса, бұл дұрыс емес[5].

4.Сәждеде аяқтың башпайлары бүгіліп құбылаға қаратылады[6], бұл – сүннет. «Сахих Бухари» хадис жинағында келтірілген бір хадисте сахаба Әбу Хумайд әс-Сағиди Пайғамбарымыздың сәжде жасау үлгісін түсіндіре келе: «...Ол кісі сәждеге қолын қойғанда, білегін жерге тигізбейтін және екі жағына жабыстырып та алмайтын.  Сондай-ақ, аяқтарының башпайларын құбылаға қарататын...»[7], – деген. 

5.Сәждеге барған кезде аяқ көтеріліп кетсе намаз бұзылмайды. Тек маңдайын көтермей жатып, аяқты қайта жерге тигізуге үлгергені дұрыс. Өйткені аяқтың жерге тиіп тұруы сәжденің толық қанды жасалуын қамтамасыз етеді.  


[1] Бахрур раиқ – 1/556 бет.

[2] Сахих Бухари-№779 хадис. (Фатхуль Бари шархы)

[3] Қудури, Кәрһи, Жәссас сынды Ханафи ғалымдары сәжде де аяқты жерге қою парыз деген. Яғни, бұл пікірге қарағанда екі аяқ жерге қойылмаса сәжде жасаған болып есептелмейді. (Биная – 1/242 бет.)

[4] Фәтәуа әл-Хиндия –1/78 бет.

[5] Бахрур раиқ – 1/556 бет.

[6] Лүбәб – 1/70 бет.

[7] Фатхуль Бари шарху Сахих Бухари, №794 хадис түсіндірмесі. 

Абдусамат Қасым


Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы