Жаңа туған балаға қатысты Пайғамбарымыздан мынадай үлгі қалған:

1. Тәхник. Жаңадан туылған балаға (ана сүті берілмей тұрып) құрманы шайнап, оның шырынын таңдайына жағу. Сахаба Әбу Муса әл-Ашғари бұл жайында былай дейді: «Менде ұл туылған еді. Мен оны Алланың Елшісіне алып келгенімде, оған «Ибраһим» деп ат қойды да, таңдайына құрмасын (шайнап) ысқылады. Артынан оған берекет берсін деп дұға етті..»[1].  

2. Құлағына азан айтып ат қою. Сәбидің бірінші күні немесе ең кеш жетінші күні оң құлағына азан шақырып, сол құлағына қамат айтып ат қойылады. Пайғамбарымыздың немересі Хасан туылғанда азан айтқандығы риуаят етілген[2].

3. Ақиқа құрбанын шалу. Ақиқа құрбаны  перзент сыйлаған Алла  Тағалаға шүкіршілік  білдіру ниетімен шалынады. Баланың туылған күнінен бастап балиғат жасына толғанға дейін ақиқа құрбандығын шалуға болады. Десе де, жаңа туған нәрестенің жетінші күні басындағы балапан шашы алынып  ат қойыла салысымен құрбан шалу – мұстахаб, яғни ұнамды іс[3].

4. Жетінші күні баланың балапан шашы алынып, соның салмағындай күміс беру, не оның құнына шақтап ақшалай садақа беру мүстәхаб (сауапты). Әзірет Алидің айтуы бойынша Ол (с.а.у) Хасан туылғанда бір қой құрбан шалып қызы Фатимаға: «Шашын алда, алынған шаштың ауырлығындай күміс садақа бер», - деген[4].

5. Сүндетке отырғызу. Баланың балиғат жасына толғанға дейінгі аралық ішінде сүндетке отырғызылады. Ғалымдарымыз 7 жастан бастап, 12 жасқа дейінгі аралықта сүндетке отырғызу уақыты дейді[5].

[1] Бухари, «Китабуль Ақиқа», №5150-хадис.
[2] Тирмизи, «Китабуль Адзахи», №1514-хадис.
[3] Нәсәий, «Китабуль Ақиқа», №4220-хадис.
[4] Тирмизи, «Китабуль Адзахи», №1519-хадис.
[5] Бахрур Раиқ – Китабуш шахада. (باب من تقبل شهادته ومن لا تقبل)


Абдусамат Қасым


Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы