Алматы орталық мешітінің мұрындық болуымен биылғы «Дін мен дәстүр» жылына орай осы қос құндылықты насихаттау аясында әсем қаламыз Алматының «Таугүл-3» мешітінде «Тәуелсіз елге ақ бата» атты бата беру сайысы болып өтті. Тұғырлы еліміздің тәуелсіздік күніне орайластырылған бұл іс-шараға шаһарымыздың мешіт жамағаттары, еңкейген ақсақалдардан бастап, жалындаған жастарға дейін қатысып, өз бағын сынап көрді. Жарыстың шарты бойынша бата беру өнері оның киім киісі, қол жаю мәдениеті, дауыс ырғағы, батасының мазмұнымен бағаланды.

Жарысқа Алматы қаласының Бас имамы Нұрбек Есмағанбет, ҚМДБ «Иман» журналының бас редакторы Оңғар қажы Өмірбек, Сағитжан қажы Дәулетияр, Алматы қалалық дін істері басқармасының басшысы Нұржан Бейсенбайұлы, «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің оқытушысы, теология ғылымдарының докторы Мұхиддин Исаұлы  төрелік етті.

Әділқазылар шешімі бойынша ІІІ-ші орынға 5 жасар Мұхаммедәмин Нұрбекұлы, ІІ-ші орынға Наурызбай ауданынан келген Мұхтар Шакиров ақсақал лайық деп табылса, Таугүл мешітінің жамағаты 76 жасар Мұқан Түңлікбайұлы  І орынды еншіледі. Сондай-ақ Бостандық ауданынан келген 23 жасар Серік Мағаз көрермен ықыласымен марапатталды.

Жарыс жеңімпаздарына ақшалай сыйлық  беріліп,  қазақы дәстүрге сай иығына зерлі шапан жабылды. Ал  қатысушылардың барлығы ынталандыру сыйлығымен, алғыс хатпен марапатталды.      

Дін мен дәстүрдің қабыса біріккен, айқара ұштасқан тұсы қазақтың бата беру дәстүрі екендігі талассыз шындық. Ақ бата – ұлтымыз үшін баға жетпес сөз асылы.  Ал сөз – адамзаттың тарихындағы ұлы да құдіретті күш. Адал жанын, бар болмысын, өткені мен бүгінін, ертеңі мен ақыретін батамен байланыстырған қазақ халқымыз қашан да ақ батаны қастерлеп, оның сөздеріне сүттей ұйыған, бүтіндей болмысын, мінезін, ақ пейілін сол батаның ішіне сыйғызған.

Ақ бата – қазақ халқы үшін – ой, ниет, тілек, істің жиынтығы, барлық наным-сенімнің бірлігі. Бүгінгі бата беру сайысы көпшіліктің қызығушылығын, құлшынысын арттырды деген сенімдеміз. Тәуелсіз елге арналған ақ баталар қабыл болсын! Ел іргесі тыныш, тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай!



Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы