Жер бетін қараңғылық басып, адамзат адасушылықтың шегіне жеткен тұста күллі жаратылыс өз құтқарушысын күтті. Әлемдердің Иесі Аса қамқор ерекше Мейірімді Алла Тағала да құлдарының мінәжатына жауап ретінде барша әлемге рақымет етіп Өзінің сүйікті әрі мақталынған құлы Мұхаммед Мұстафаны (с.ғ.с.) дүниеге елші етіп жіберді. Оның (с.ғ.с.) мүбарак үнімен қараңғылықтың түндігі түріліп, ғаламға рақым нұры төгілді. Адамзат еркін тыныстап, әрбір жаратылыс белгілі бір орынға ие болды. Яғни, әрбірі өздерінің не үшін жаратылғандықтарын тағы бір мәрте тереңнен түсініп, Рахман әрі Рахим Жаббар Хақ алдындағы борыштарын біліп, құлшылықтарында ықыласты болатын дәрежеге жетті. Міне, осы сәттен бастап тек адамзат емес, барша ғалам Ардақты елшіге (с.ғ.с.) сәлем жолдап, салауат айтып, Оның (с.ғ.с.) дүние есігін ашқан күнін рақым мерекесі етіп тойлайтын болды. Бүгінде біздер осы үрдісті жалғастырып, хижри жыл санағымен Рабиғул-әууәл айы кірісімен қос дүниенің сәруары болған, мүмін мұсылмандардың сағынышына айналған Елші (с.ғ.с.)-ның туылған күнін Мәуліт мерекесі етіп тойлаудамыз. Ол күні күнделікті айтар салауаттарымыздан да артық сәлем жолдап, Оның (с.ғ.с) салып кеткен сара жолына көз тастап, көзімізге сағыныш жасын үйіреміз. Міне, осындай игі мерекені Алматы қаласының орталық мешіті де атап өтті. Күндердің сұлтаны болған Жұма күні мешіттің іші мен сыртына лық толған жамағат имамдармен бірге Асыл елшіге (с.ғ.с.) салауат айтып, сәлем жолдады. Бас имам Нұрбек қажы Есмағанбет бастаған имамдар мен еліміздің дін жанашырлары Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) сәлем жолдаудың артықшылығына тоқталып, Мәуліт оқып, салауат айтып, Құран бағыштады. Осылайша, әрбір сәті мейірімге толы рақым Пайғамбарына деген сағыныштары арта түскен барша жамағат көз жастарына ерік беріп, Жұма намазын ынтық ықыласпен оқып тарқасты.

 
     

Алла Тағала баршаларымыздың дұға-тілектерімізбен, игі амалдарымызды қабыл етіп, ақырет махшарында ізгі құлдарының қатарынан орын алып, көзіміздің нұры болған Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаның (с.ғ.с.) жанына жайғасып, Ұлы Рахманның дидарын көруді тағдыр етсін! Әмин!

Алматы қаласы орталық мешітінің баспасөз қызметі



Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы