ҚМДБ-ның «Қазақстан мұсылмандар одағы» туралы

МӘЛІМДЕМЕСІ 

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы халқымыздың рухани дамуы мен діни сауатын ашу, ұлттар мен ұлыстардың бірлігі мен ынтымағын нығайту бағытында еңбек етіп келеді. Қоғамдағы кейбір өзекті діни мәселелерге де үн қатып, шариғат тұрғысынан және еліміздегі Заңдар мен заңнамалар аясында пәтуа шығару да – Діни басқарманың негізгі жұмыс бағыттарының бірі.

Діни басқармаға діни мазмұнда әр түрлі сауалдар келіп түседі. Оларды еліміздің жекелеген азаматтарынан бастап, түрлі мекеме басшылары, зиялы қауым өкілдері, қоғамда үлкен беделі бар тұлғалар жолдайды. ҚМДБ қызметкерлері халықтың әрбір сауалына назар аударып, толыққанды жан-жақты жауап беріп келеді.

Жуырда ҚМДБ-ға бір топ азаматтардан, ақын-жазушылардан, өзін «Қазақстан мұсылмандар одағының» басшысы ретінде таныстыратынМұрат Телібеков сайлауға қатысу жөнінде өтінішті Одақ ұсынғандығы туралы мәлімдеме жасауына байланысты сауалдар түсті.

Келіп түскен сұрақтардың жалпы мазмұны:

«Мұсылмандар одағының» Діни басқармаға қатысы бар ма?

М.Телібековтың мұсылмандар атынан өзін ұсынатын құқығы бар ма?

Осы сұрақтарға ҚМДБ келесі жауап қайтарады:

Біріншіден, біздің сұрауымыз бойынша Діни басқармаға Әділет министрлігі тарапынан ресми жауап хат келіп түсті.

Осы хатта «Қазақстан мұсылмандар Одағының» ұйым ретінде еш жерде тіркелмегені көрсетілген.

Сондай-ақ, М.Телібеков қандай да бір діни бірлестіктің басшысы не болмаса мүшесі ретінде тіркелмеген.

Осы орайда, ҚМДБ М.Телібековтың өзін «Қазақстан мұсылмандар одағының» басшысы ретінде айтуға және тіркелмеген ұйымның атынан сөйлеуге құқығы жоқ деп санайды.

Сонымен қатар, БАҚ өкілдерінен ендігі жерде М.Телібековтың есімін еліміздің мұсылмандық ұйымдармен байланыстырмауын және барлық ақпаратты толыққанды тексеріп отыруын сұраймыз.

Екіншіден, қоғамдағы діни мәселелер бойынша пәтуа шығаратын ресми мекеме – ҚМДБ Ғұламалар Кеңесі.

Осыған орай, пәтуа беру мәртебесіне ие болмаған және барлық мұсылмандардың атынан сөйлейтін адамның әрекеттерін біз құптамаймыз.

Бұл – мұсылман үмбетінің бірлігіне сызат түсіріп, бөлінуіне ықпал етеді. Мұсылман пенденің адамдар арасында бүлік тудыруы дұрыс емес.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) бір сөзінде нағыз мұсылманды адамдарға тілімен де, ісімен де зиян тигізбеген пенде деп сипаттаған.

Алла Тағала халқымызды алауыздықтан, жерімізді әртүрлі бүлік әрекеттерден сақтасын. Әмин!



Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы