«Кім Аллаға жүгініп, Оған ісін тапсырса (тәуекел етсе), Ол оған жеткілікті. Ақиқатында, Алла – ісін соңына жеткізуші...»(«Талақ» сүресі, 3 аят).

Қиыр Солтүстіктегі Ханты-Мансий автономиясы мұсылман қауымына жаңа жылдың есігі Алланың үйімен ашылды. Алланың жердегі үйінің тұрғызылуына Башқұрт елінен осыдан 35 жыл бұрын көшіп келген Фанзия Карманова есімді мұсылман әйелі себепші болыпты. Фанзия Карманова мешіттің салынуы жайлы таңқаларлық уақиғаларды жергілікті басылым бетінде бөлісті.

Аталмыш мешітті салу туралы ұсыныс, құрылыс жобасы мен оны тіркеу жұмыстары осы аймақтағы «Шұғыла» ұлттық мәдени орталығы қоғамдық ұйымының ұйытқы болуымен басталады. Алайда, көп ұзамай мешіт ғимаратына қажетті қаражатты табу мәселесі де баршасын ойландырады.

– Осы істі қолға алып бастаған кезде, көп адамдар менен «Мешітті қандай қаражатқа тұрғызасың» деп таңдана сұрай бастады. Себебі, біздің ұйымда ақша жоқтың қасы еді. Алайда, олардың сауалына: «Алла өзі жәрдем етеді» деп қысқа жауап бердім, – дейді Фанзия апай сол сәтті еске алып.

Фанзия Карманова сол уақыттардағы небір қиын сәттерде Алланың бір жәрдемі келетініне сенімді болғанын айтады.

«Иә, шын ықылас болса, Алла бәрін жеңілдетіп қояды ғой. Біз ең алғаш мешітке қажетті жерді заңды тіркеу үшін қала әкімдігіне хабарласқан кезде, әкімдік өкілдері сөзімізге құлақ қойып, қажетті мәселелерді шешіп берді. Ойлаңыз, ол уақытта басқарушы шенеуніктердің арасында бір де бір мұсылман болмады, бәрі орыс ұлтының, христиан дінінің өкілдері еді. Бірақ, біздің өтінішіміз екі етпестен орындалғанына қайранмын» дейді Ф.Карманова.

Алайда, таңқаларлық уақиға мұнымен шектелмеді. Мұнан кейінгі ең негізгі мәселе мешіт құрылысына қаражатты қайдан алып, кім қаржыландыратыны еді. Міне, қызық. Ниеті түзу жандарға Алла өзі жеңілдік жолдарын ашып қояды деген осы болар. Құлшылық үйі құрылысына «Газпром», «Лукоил», «Северавтодор» секілді ресейлік ірі компаниялар 800 000, 1, 2 млн және 300 000 рубль қаражат аударып, демеушілік көрсетеді.

Әлбетте, жергілікті мұсылман жұртшылығы да құрылыс материалдарына шама шарқынша өз қаражаттарын жиып жатты. Сол аймақтағы құрылыс фирмаларының бірі (директоры – орыс ұлтынан) мешіттің іргетасына қажетті материалдарын бөліп, іргетастың монтаж жұмыстарына атсалысса, өзге кәсіпорындар еденге тас төсеніштерін салып, әрлеуге жұмыла кіріскен.

Сонымен қатар, құрылыс жұмыстарына мұсылман жамағаттары да тікелей араласып, мешіттің қабырғаларын Рамазан айында 16 адамнан тұратын Тәжік елінің азаматтары тұрғызады. Ал Фанзия ханымның өзіне кей кезде прораб та, шебер де, қара жұмысшы да, көлік жүргізуші де болуға тура келіпті. «Мен көлік жүргізу курсын бітірген кезде 55 жаста едім. Бұл куәлік маған осы қызу жұмыс кезінде керегіме жарады» дейді ол жылы жымиып.

«Қалған өмірімді де Алланың разылығына арнап, немерелерімді  Исламның нәрімен сусындатып өсіргім келеді. Өз уақытында ата-әжелеріміз де бізді Ислам дініне, Алла тағалаға деген махаббат-сүйіспеншілігімізді оятып, тәрбиелеп еді. Ізгілердің ізінен жаңылмау ұрпақ үшін ұлы мұрат» деп сөзін аяқтады Фанзия Карманова.

Айта кетейік, осындай ізгі ниет, ыстық ықыласпен бой көтерген мешіттің имамдығына Дағыстаннан келген діндар жігіт тағайындалған. Бүгінгі күні айтулы мешітте күн сайын бес уақыт намаз жергілікті жамағаттың қатысуымен оқылып, жастардың ақ некесі қиылып, өзге де діни рәсімдер өткізілуде. 

Ummet.kz



Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы