Аймақ басшысы Қ.Көшербаев күрделі жөндеуден өткен «Ақмешіт-Сырдария» мешітінде болып, жамағатты мәуліт мерекесімен құттықтады. 

«Біз дәстүрлі дінімізді ұлықтау арқылы Тәуелсіздік құндылықтары мен патриотизмді нығайтамыз және елдегі тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтап, жастар бойында отансүйгіштік сананы күшейтеміз. Әлемдегі 1,5 миллиардтан астам мұсылман қастерлейтін ардақты Мұхаммед пайғамбарымыздың дүниеге келген мәуліт айы мүбарак болсын, - деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.

Мәуліт мерекесі қарсаңында облыстың бас мешіті демеушілік есебінен күрделі жөндеуден өтті. Ғимараттың күмбезі әрленіп, ислам қағидаттары бойынша аяттар жазылды. Қазіргі заманға сай жылыту қазандықтары, бейнебақылау, өртке қарсы дабыл құрылғылар орнатылды. Намаз бөлмелерінің еденіне жылу жүйелері жүргізіліп, кілемдері ауыстырылды. Сондай-ақ, мешіт жанынан дәретхана салынса, асхананың ғимараты наурыз айында аяқталатын болады.
Аймақ басшысы өз кезегінде жылға жуық мерзімге жоспарланатын осынау ауқымды жұмыстарды аз уақытта еңсерген ел азаматтары мен мердігер компания өкілдеріне қызылордалық жамағаттың атынан ризашылығын білдірді.

Бүгінгі таңда «Нұр-мүбарак» университетінде Сыр өңірінің 48 шәкірті білім алуда. Оның ішінде 11 студенттің оқу ақысы мен жатақханасына бюджеттен тыс көздер арқылы қаржылай демеушілік жасалынып, өңір мешіттерін жоғары білімді теологтармен қамтамасыз ету мәселелері шешімін табуда.

Биыл ақпан айынан бастап аталған университеттің магистратурасын грантпен бітірген 2 студент Қазалы, Қармақшы аудандарында қызмет атқарады деп жоспарлануда.

Жалпы облыстағы 157 мешітте бір ай бойы мәуліт мерекесіне орай түрлі шаралар ұйымдастырылатын болады.

Қызылорда облыстық «Ақмешіт-Сырдария»

мешітінің баспасөз қызметі



Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы