Бейсенбі, 14 Қаңтар 2016   |   4504 рет оқылды

Франк (Біләл) Рибери: «Алаңда да, өмірде де менің мықты болуымның сыры Исламда жатыр»

Футболдан күллі дүниенің назарын аударған Әлем чемпионатының басталғаны күні кеше ғана. Миллиондаған адамның бар пейіл-ықыласы Бразилияға ауып, жанкүйерлердің ұйқысыз түндері, мазасыз күндері басталды. Дәл футбол секілді мұншама көп көрерменді тартатын басқа спорт түрі де, фильм де жоқ шығар. Дәл футболшылар секілді жастар көп еліктейтін тұлғалар да аз болар. Міне, футбол десе есімі аталмай қалмайтын осындай тұлғаның бірі – француздық Франк (Біләл) Рибери. Оны тек футболсүйер жастар, жанкүйерлер ғана емес, мұсылман әлемі де мақтаныш тұтады.

 

Католик Рибери қалай мұсылман болды?

Атақты футболшы Франк Рибери Булонь-сюр-Мер қаласында 1983 жылдың 7 сәуірінде қарапайым жұмысшы отбасында дүниеге келген. Ол бүгінгі таңда Франция құрамасының ойыншысы әрі мюнхендік «Бавария» клубының жартылай қорғаушысы. Франктың футбол әлемінде жеткен жетістіктері аз емес. Ол 2012 жылғы Чемпиондар Лигасының күміс жүлдегері, 2013 жылғы Чемпиондар Лигасының жеңімпазы. Ал 2012-2013 жылғы футбол маусымында Еуропаның ең үздік футболшысы ретінде танылды.

Франк Рибери футбол әлемінің үлкен алаңына жарқ етіп шыға келгенде, көрермен қауым оның оң жақ бетіндегі қос тыртығына ерекше назар аударды. Батыс басылымдары футболшының бетіндегі бұл тыртық туралы «Риберидің ержүрек тұлғасына көрік қосып тұр» деп жарыса жазды. Ал негізінде, бұл жарақат футболшының екі жарым жасында ата-анасымен бірге ұшыраған көлік апатынан пайда болған болатын. Сол жолы бала Франктың бетін шыны тіліп кетіп, ол белгі оның бетінде мәңгілікке қалып қойды. Кейін ақшасы болып, мүмкіндігі жете тұра Рибери пластикалық ота жасауға еш келіспейді. «Ес білгенімнен бар бұл тыртығым үшін ұялған емеспін. Әрине, мұның болмағаны жақсы еді. Бірақ бар екен, оны алып тастамаймын. Керісінше, бұл тыртық мені күшті болуға үндейді», - дейді ойыншы бір сұхбатында. Ал жанкүйерлері болса, Рибери алаңға ойынға шыққанда беттеріне тыртықтың суретін салып, сүйікті футболшыларына қолдау білдіреді.

Франк Риберидің Исламға келуін негізінен тегі алжирлік әйелі Уахибаның есімімен байланыстырады. Бірақ футболшының өзі бір сұхбатында: «Менің әке-шешем мұсылман емес. Исламды қабылдау туралы шешімді 15 жасымда өзім қабылдадым. Өйткені мен өскен ауданда көптеген мұсылмандар тұратын», - дейді. Франктың бұл сөзіне қарап, оның мұсылман болу ойы сонау бала кезінде басталған деуге толық негіз бар, тек ол ойдың жүзеге асуы болашақ жұбайы Уахибамен таныстықтан кейін басталған. Қараторы, ибалы Уахибаға ессіз ғашық болған Франк оған үйленгісі келетінін білдіреді. Бірақ қыздың ата-анасы Ислам негіздерін толық ұстанатындығы себепті қыздарын католикке бергісі келмейді. Онсыз да Ислам діні төңірегінде ұзақ толғаныста жүрген Рибери еш ойланбастан Уахибаның әкесінің куәлігімен Ислам дінін қабылдайды. Бұл 2002 жыл болатын. Рибери өзінің Франк есімін өзгертіп, Ислам дінінің алғашқы азаншысы, Пайғамбарымыздың (с.а.с.) сүйікті сахабасы Біләлдің есімін алады. Өзі бір сұхбатында ол туралы: «Мен мұсылманмын. Ислам дінін қабылдау арқылы өзімнің ақыл-ой жағынан да, физикалық тұрғыдан да мықты бола бастағанымды түсіндім. Құранды оқып, одан барлық сұрақтарыма жауап таптым. Мұсылман болу арқылы жан дүнием, жүрегім тыныштыққа кенелді. Пайғамбарымыздың бір хадисінен барлық адамның мұсылман болып өмірге келетінін, оны тек өскен ортасы немесе ата-анасы христиан не иудей жасайтыны туралы оқыдым. Яғни мен де алғашында мұсылман болып туып, кейін уақыт өте сол ұмытылып кеткен дініме қайта оралдым. Шыны керек, мен әлемдегі ең керемет әйел ­– Уахибаны кездестірмегенде Ислам дінін қабылдауым екіталай еді. Сондықтан әйелімді бақытты ету үшін бәріне дайынмын», - дейді. Бұл күнде Біләл мен Уахиба Ислам дінінің негіздерін орындауға тырысып, маңайындағыларға үлгі болып отырған тамаша отбасы. Екеуі Хайзия, Шахинез атты екі қыз, Сейфул-Ислам атты бір ұл тәрбиелеп отырған бақытты ата-ана.

 

Рибери ішімдікке қарсылығын әрқашан ашық білдіреді

Батыс басылымдары Риберидің ішімдік ішпейтінін таңырқай жазады. «Ол ішпейді. Мүлде татып алмайды» дейді олар. Әрине, бұл біздер үшін таңғаларлық нәрсе емес. Нағыз мұсылман ішімдік ішуші ме еді? Жоқ, керісінше, ол ішімдіктен қашуға үндемей ме? Рибери де дәл солай. «Мен ішімдік ішпеймін, шошқа етін жемеймін», - дейді футболист өз сұхбаттарында. Жарнамаларда да сыра ұстап суретке түсуге қарсы Рибериді бір жолы командасындағы әріптесі Джером Боатенг қатты ренжітті. Кезекті жеңісті футболшылар алаңда тойлап тұр еді. Джером болса, қолындағы сыра толы шөлмегін Риберидің үстіне құя салады. Қатты ренжіген Франк: «Онымен тіпті, сөйлескім келмейді. Джером менің мұсылман екенімді біле тұра қалай солай істеді?», - деген болатын.

Алкогольге тәуелділікпен күрес мақсатында Франк Рибери өзінің туған қаласы Булонь-сюр-Мерде ішімдік сатылмайтын бар ашады. Француз газетіне берген сұхбатында спортшы ол туралы: «Ерекше бірдеңе жасағым келген болатын. Сол оймен осы барды аштым. Енді француз мұсылмандары баратын жер іздеп қиналмайтын болады. Өйткені, олар ішімдік сатылатын жерлерде өздерін қолайсыз сезінеді. Ислам ішімдікті ішуге ғана емес, оны сатуға да, өндіріске енгізуге де, таратуға да тиым салады» деп, өзінің ішімдікке қарсы ойын ашық білдірген.

 

"Зиданмен алғаш намаз бөлмесінде таныстым"

Әлем чемпионаттарының бірінде Францияның ұлттық құрамасының ойыншысы Франк Риберидің Германия алаңының дәл ортасында тұрып, Аллаға алақан жайып дұға етуі футбол әлемі үшін сенсациялық жаңалық болды. Осыдан кейін діни көзқарасы туралы сұрақтардан жалтармаған Рибери, кезекті голдарынан кейін алаңның қай жерінде болмасын өзіне сондай мүмкіндік сыйлаған Аллаға сәжде етуді ұмытпайтын.

Рибери Франция ұлттық құрамасына 2006 жылы мамыр айында шақырылды. Оған дейін құрамада тағы бір мұсылман футболшы Зинедин Зиданның аты дүркіреп тұрған болатын. Рибери Зиданмен алғашқы таныстығын былай еске алады: «Құрамаға алғаш келген күнім дәл бүгінгідей есімде. Зиданмен бетпе-бет таныс болмағаннан кейін атақты футболшы мені қалай қабылдар екен деп қатты уайымдадым. Тіпті бірнеше рет таныстығымыздың сценарийін құрып, «былай сөйлеймін, мынаны айтамын» деп, жоспарлай бастадым. Бірақ бәрі мен ойлағаннан басқаша болды. Намаз оқу үшін, құлшылыққа арналған арнайы бөлмеге барған едім, ол жақтан Зиданды кездестіріп қалдым. Екеуміз бірге намаз оқыдық. Таныстығымыз осылай әдемі басталып, бауырластыққа ұласып кетті. Зинедин тамаша адам болып шықты. Өте қарапайым. Біз жасыл алаңда да бір-бірімізді сөзсіз түсіндік. Менің сөзімді пафос санамаңыздар, бірақ мен Язды (Зиданның мұсылманша есімі) өзімнің үлкен ағамдай көремін». Риберидің ағасы туралы осындай жылы лебізіне Зидан да үндемей қалған емес. Ол Рибериге бірде «Француз футболының жауһары» деген ат тақты.

Бүгінде Франк Риберидің Франция ұлттық құрамасының көшбасшы ойыншыларының бірі екеніне ешкім қарсы пікір айта қоймас. Футболшының өзі: «Алаңда да, өмірде де менің мықты болуымның сыры Исламда жатыр» десе, тағы бір сұхбатында: «Мен күніне бес рет Аллаға құлшылық етемін, бұл менің рухыма азаттық сыйлайды әрі өзімді осыдан тамаша сезінемін» деген болатын. Және биресми ақпарат көздері Риберидің Алланың мейірімі төгілген мекен – Меккеде умра қажылығын өтеп қайтқанын айтады.

Өкініштісі, Франк Рибери осы жылғы Әлем чемпионатына арқасынан алған жарақаты себепті қатыса алмайды. Дүбірлі доданы сырттай бақылауға мәжбүр болған футболшы «Француз құрамасының нөмірі бірінші жанкүйерімін» дейді өзін. Ал біз өз тарапымыздан сүйікті футболшымызға Алла шипа беріп, тезірек қатарға қосылуына тілектеспіз.


 Марфуға Шапиян

 

 
Әлеуметтік желілерде бөлісуді ұмытпаңыздар

Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы