Дүйсенбі, 22 Тамыз 2016   |   4041 рет оқылды

Қазақтың ҚАНЫШЫ туралы тың дерек

  • Қаныш Имантайұлы Сәтбаев 1899 жылы 12 сәуірде қазіргі Павлодар облысы, Баянауыл ауданында дүниеге келген.
  • Академиктің шын аты – Ғабдулғани болатын. Арабшадан аударғанда, «шексіз байлық иесі, ешкімге мұқтажсыз Алланың құлы» деген мағынаны береді. «Ғани», «Ғаныш» еркелете келе «Қанышқа» айналған.
  • Әкесі Имантай баласының басының үлкендігіне қарап: «Менің осы балам не сөз ұқпайтын маубас, не елден асқан данышпан болады» дейді екен.

12 жасар Қаныш

  • ХХ ғасыр басындағы өзге зиялыларымыз секілді Қаныш та сауатын ауыл молдасынан ашып, кейін Павлодардағы орыс-қазақ мектебінен білім алады.
  • Бұл суретте Қаныш Томск технологиялық институтының тау-кен факультетінде студент (1921-1926). Оған дейін Семей мұғалімдер семинариясын бітірген болатын (1914-1918).

Қаныш Сәтбаев - Томск технологиялық институтының студенті

  • Қанекең 1962 жылы Американың Принстон университетіне жолдаған анкетасындағы «Сіз білім алғаныңыз үшін кімге қарыздарсыз?» деген сұраққа Алашорда көсемдерінің бірі болған, 1937 жылы атылып кеткен ағасы туралы тұңғыш рет сөз қозғап: «Оқуға түскенім үшін ескі интеллигент Әбікей ағама қарыздармын» деп жауап беріпті.
  • «Менен «Өз өміріңдегі аса зор бақыт дегенді қалай түсінесің?» - деп сұраса, онда мен өзіміздің елімізде өмір сүру және жұмыс істеу секілді зор құрметтің үлесіме тигендігін өзім үшін ең үлкен бақыт санайтындығымды алға тартар едім...» Қаныш Сәтбаев
  • Н.Назарбаев: «Қ.И. Сәтбаевты өзгелерден дараландырып тұратын қасиеттері – оның тамаша ұйымдастырушылық таланты мен өз идеялары төңірегіне қыруар пікірлестері мен шәкірттерін жұмылдыра білген ғажайып қабілеті, геологиядан тарих пен әдебиетке дейінгі, поэзия мен театрға дейінгі ғылымның сан ­алуан салаларындағы және адамзат қызметінің аясындағы шын мәніндегі энциклопедиялық білімі болатын».
  • Әлкей Марғұлан: «Қанекең тіпті басқаша адам еді».
  • Ұлыбританияның премьер-министрі Антони ИДЕН: «Кеңес Одағында Қаныш Сәтбаев сынды әлемдік тұлғаның туғандығы – ғажап құбылыс».
  • Қажым ЖҰМАЛИЕВ: «Сәтбаевты барша қазақстандықтар сүйген еді».
  • Қажым ЖҰМАЛИЕВ: «Оның бейнесінде тұңғиық ой, мейір, жылы қабақ және де бір даналық сезілетін. Көздерінің өзі таңғажайып мейірімге толы, ақылды, көңілді, сәл күліп тұратын еді».
  • Қажым ЖҰМАЛИЕВ: «Егер онымен көңіл бөліп сыр шертсеңіз, сондай бір жақсы әсерде қаласыз. Жылы жүзімен жымиғаны неге тұрады...».
  • Қаныштың атасы Сәтбай Шотықұлының қажылыққа барып, Меккеде қайтыс болғанын, сонда жерленгенін білесіз бе?
  • Әкесі Имантай Сәтбайұлы Омбы қаласының медресесін бітіргенінен хабардарсыз ба?
  • Ғалымның бойы 1 метр 96 сантиметр, бас киімінің өлшемі 62 болыпты.
  • Сәтбаевтың құсбегі, мерген де болғанын білесіз бе? Ол бір жазда қаршығамен 120 қаз алған.
  • Қазақ тарихында алғаш «Алгебра» оқулығын жазған да осы Қанекең.
  • «1916 жылы Қанекең Жаяу Мұсаға сәлем бере барғанында, әнші төсек тартып жатыр екен. Жаяу Мұсаның «Қаныш қарағым, бойың өсіпті, ойың қалай?» – дегеніне, Қанекең: «Ой да қосылады ғой, аға», – деп жауап береді. Енді әнші «Маған қандай базарлығың бар?» – деп сұрағанда, Қанекең оған: «Базарлықты сіз үшін Шыңғыстаудан арнайы алып келдім», – дейді. Ауылға қайтып бара жатқанда жанындағы Нұрлан екеуінің жұмбақтаған сөзінен ештеңе түсінбегенін айтып, мән-жайдың анығын сұрайды. Сонда Қаныш: «Нұрлан, сен қызықсың. Ол менен базарлық деп қант-кәмпит сұраған жоқ, үйреніп келген жаңа әнімді сұрады», – деген екен. Сол сапарда Жаяу Мұса Қанекеңе көк қаршығасын байлайды. Қанекең қаршығаның бөтегесін сипап тұрып: «Құсыңыз серігіңіз ғой, алмаймын. Одан да ауылға құсыңызды алып өзіңіз келіңіз. Аңға бірге шығайық», – деп құсты алмай кетеді. Мұны кейін естіген Имекең: «Балам, дұрыс жасаған екенсің. Сенің алдыңда Шорман ауылының болыс баласы сұратқанда бермепті. Атаңның көңілін тапқан екенсің», – деп риза болыпты» (М.Сәрсекенің кітабынан).
  • Геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор В.А.Хахлов ғалымның студенттік шағы туралы былай дейді: «Қаныш Сәтбаев өте қарапайым, момын шәкірт еді. Алайда оның білімге деген ынтасы бірден байқалды. Бірде мен оған кафедрадағы кітапхананы қарап шығуға кеңес бердім. Одан соң Вальтердің «Шөл даланың түзілу заңдары» деген кітабын оқуды тапсырдым. Кітапты қайтарған кезде ол маған көптеген сұрақтар қойды. Тегі, ұнаған-ау деймін. Өйткені «Қазақстанның өзіме таныс бөлігінде жер бедерлерінің қалайша пайда болғанын енді ғана түсінген сияқтымын» дегені есімде қалыпты».
  • Қанекеңнің шәкірті, жанында бірге 22 жыл қызмет еткен Герман Жилинскийді академиктің өзі өлген соң Магаданға қуып жібергенін білесіз бе?
  • Қанекең – Кеңес заманында өмір сүрсе де, екі әйел алған кісі.
  • Қанекең бірінші әйелі Шәрипаны «Шырылдиым – шаңырағымның құты» дейді екен.

Жұбайы Марияшпен. 1960 жыл

  • Ал екінші әйелі Таисия бәйбішеден туған балаларды да жат көрмей бауырына басқан, кейін ғалымның мұрасын шашау шығармай жинақтап, мұрағатқа тапсырған – аяулы ана.

Жұбайы Таисия алексеевна және қыздары Мейіз, Марияшпен. 1952 жыл

  •  Әлкей Марғұлан: «Музыкамен қатар, Қаныш өнердің бір түрі – биді де қатты қадірлейтін. Полька, мазурка, вальс билерін ол кездегі қазақ жастарында бұлардай ешкім билемеген».
  • Әбділда Тәжібаев: «Қаныштың ұлы ақындарымыздың бірі екеніне бүгінге дейін шәктеніп көрген емеспін. Рас, ол ұлы ақын еді. Ол желдің, судың тілін түсінетін, далада жатып жердің алып жүрегінің қалай соққанын тыңдайтын, тереңдегі мұнайлар шуылын еститін. Оған тас сөйлеп, сыр шертетін, темір ән айтатын. Ол нағыз адам еді ғой».
  • Сәбит Мұқанов: «Ол жан-жақты ғалым болатын. Көркем әдебиетті көп білетін, өнердің сан саласына ой жіберіп, жақсы пікірлер айтып отыратын. Жалпы, Қаныш сөзге сараң кісі еді. Ол өз білгенін орынсыз айта бермейтін. Ал кездесулерде, үлкен жиындарда, басқосуларда басқалардан озық шығып, ойлы келіп отырады. Ғылымның бар саласынан бес саусақтай хабардар еді, бәрін де жете білетін. Әркім одан жақсы ой, пайдалы пікір, әдемі әңгіме, алуан жаңалық есту үшін баратын».
  • Ұсталып кеткен туған ағасы Ғазиз (Бөкеш) туралы Қанекең жылап отырып: «Мен ағамның талантының маңайына да бара алмаймын. Ол менен әлдеқайда артық еді. Тұнып тұрған талант еді. Бірақ заманы солай болды», – депті. Ал Абайдың баласы Тұрағұл ауылына келген Әлкей Марғұланға: «Біздің Ертіс бойында Имантайдың екі ұлынан асқан білімпаз, оқымысты адам жоқ. Біз ол екеуінің маңайына бара алмаймыз», – дейді екен.
  • Қаныш Сәтбаев: «Жас адам өмір сүргенде сол өмірді босқа өткізуге тиісті емес. Ол, біріншіден, Отанына пайдалы азамат болуды, екіншіден, өз заманының, өз дәуірінің мәдениетті, білімді және алдыңғы қатарлы адамы болуды ойластыруы керек. Ол үшін жас күніңізден-ақ өзіңізді адамгершілікке баулыңыз. Ісіңізге, оқуыңызға нағыз адамгершілікпен кіріссеңіз, сөз жоқ, жеңіске жетесіздер».
  • Қаныш Сәтбаев : «Туған жердің тағдыры толғантпаған, жаны тебіреніп, ол туралы ойланбаған жігітті қайтіп азамат дейміз? Туған жердің қара тасын мақтан ете білмеген азамат бөгде жердің ­алтын тасын да мақтап ­жарытпас».
  • Кәкімбек Салықов: «Кеңес Одағы тұсында қазіргі елорда іргесіндегі Осакаровка ауданының атынан КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына сайланған Қанекең халықпен кездесуге келеді. Жиналыс басталған кезде жарық өшіп қалады. Мінбеде тұрған кеңшар директоры қағазға қарамай сөйлей беретін көкезу біреу екен. «Сіздер бұл адамды білесіздер ме, нағыз еңбек адамы, Семейдегі ет комбинатында қатардағы жұмысшыдан комбинаттың директорлығына дейін жеткен адам…» деп көсіледі. Қасында отырған аудандық комитеттің хатшысы: «Қанеке, ұят болды-ау», – десе, Қаныш аға: «Қысылатын түгі жоқ, әйтеуір, мақтап жатыр емес пе?» – деп күліп отыра берген екен».
  • Томск институтының ректоры: «Бізді екі қазақ таңғалдырды. Бірі Шоқан Уәлиханов болса, екіншісі – Қаныш Сәтбаев» деген екен.
  • Қазақстан Ғылым Академиясы Қаныш Имантайұылының бастамасымен 1946 жылы ашылды.
  • Ғылым Академиясының ішінен Тіл білімі институты ашылғанда қорыққан бір топ ғалым: «Қазақ тілін зерттеген, оның бар заңдылықтарын, атаулары жасап кеткен – Ахмет Байтұрсынұлы. Ол кісінің еңбектеріне қатал тиым салынған. Біз қайтеміз?» – деп Қанекеңе келіпті. Сонда сәл ойланып қалған Қанекең: «Әзірге атын атамай пайдалана беріңдер. Кейін баласы әкесін тауып алар» деп, тайсалмастан тапсырма берген екен.
  • Қанекеңе Социалистік Еңбек Ері атағы берілетін болыпты. Сөйтсе, ғалымның жерлестері, өзіміздің қазағымыз артынан арыз жаудырған ғой. Мәскеуге келгенде соны естіген Қанекең: «Арызды жерлестерім жазса, мен әлі жеткілікті жұмыс жасамаппын, еңбегім сіңбеген екен» деп бұрылып жүре беріпті. Тіпті, олардың кім екенін білсе де кек сақтамапты деседі.
  • Қаныш Сәтбаевтың ең сүйіп орындайтын әні «Бүркітбай» екен.
  • «Біздің байлығымыз мол болғанмен, шексіз емес» Қ.Сәтбаев
  • Қанеке академияның президенті болып тұрғанда жалғыз ағасы Ғазизді көрсетіп жібергендердің біреуі келіп, кешірім сұрапты. Сонда Қанекең: «Сенен кінә жоқ, жағдай солай болды», – деп кешірім беріп қана қоймай: «Жеңгең ауру, үйге шақыра алмаймын, мынау қонағасың, жол ақың», – деп ақша ұстатып шығарып салған екен.
  • 1947 жылы кеңестік делегациямен Лондонға Қаныш Сәтбаев та барған екен. Сапар барысында қазақ баласын алғаш көрген Ұлыбританияның  әйгілі саясаткері Уинстон Черчилль зор денелі Қаныш ағаға тесірейе  қарап: «Қазақтардың бәрі сіздей алып па?» – деп сұраса керек. Сонда Қанеке: «О не дегеніңіз, Черчилль мырза, олай емес, мен қазақтардың ішіндегі ең кішкентайымын. Халқым менен де биік», – деп жауап беріпті.
  • «Ауыздан шыққан сөзіңе де, қағазға түскен жазбаңа да, жасаған ісіңе де бүкіл адамгершілігіңмен жауаптысың» Қаныш СӘТБАЕВ.

Ақыл-ойдан жүк тиеп, теңіздейін телегей,

Желді күні желкенсіз жеке жүзген кемедей.

Менменсіген Мәскеуді, Парижді де тәкаппар

Таңғалдырған кім еді, Қаныш аға, сен емей?!»

 


 Дайындаған Марфуға Шапиян
Әлеуметтік желілерде бөлісуді ұмытпаңыздар

Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы