Items filtered by date: Қазан 2017

Жат ағымның арбауынан сақтану мәселесі – қоғамның әрбір мүшесін ойландыруы қажет. Теріс пиғылды ағымдардың жетегінде тек ер азаматтар ғана емес, қаракөз қыздарымыздың да еріп кетіп жатқаны ақиқат.

Осы бағытта ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, облыс бойынша әйелдер-қыздар секторы «Жат ағымның алдын алу» атты дөңгелек үстел өткізді.

Дөңгелек үстелді сектор жетекшісі Файзуллина Марал жүргізді. Әйелдер жамағатына арналған бұл шарада жат ағымдардың шығу тарихы, сақтану жолдары, олардың зардабы туралы кеңінен ақпарат берілді.

Өз кезегінде қатысушылар сауалдарына жауап алып, пікірлерін ортаға салды.

Қызылорда облыстық «Ақмешіт-Сырдария»

мешітінің баспасөз қызметі

Published in ІС-ШАРАЛАР
Сәрсенбі, 25 Қазан 2017 12:18

Молдаларға 3 күндік семинар өтуде

Мешіт молдаларының біліктілігін арттыру, олардың сауаттылығын көтеріп, дамытып отыру да -мешіт қызметіндегі басты талаптардың бірі.

Осы орайда, ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешіті қала және ауданға қарасты мешіт молдаларына арнап семинар ұйымдастырды.

Семинардың алғашқы күні бас имам Омаров Талғат Сейіткәрімұлы молдалар үшін бұл семинардың маңыздылығына тоқталды.

Семинар барысында мешіт молдаларына қызмет бабында, халықпен араласуда, ас, жаназаларға қатысқанда атқарылуы тиіс шариғи шарттар түсіндіріліп, діни сауаттылығы арттырылатын болады.

3 күнге созылатын семинарды білікті маман, дінтанушылар жүргізеді.

Қызылорда облыстық «Ақмешіт-Сырдария»

мешітінің баспасөз қызметі

Published in ІС-ШАРАЛАР
Сейсенбі, 24 Қазан 2017 19:48

ҮНСІЗДІКТІҢ ЖЕҢІСІ

«Үндемеген үйдей бәледен құтылады» дейді дана халқымыз. Иә, бұл сөздің тереңге бойлаған мағынасын түсініп, өмірімізді сәндеуіміз қажет. Нақтырақ айтар болсам, жұбайлар арасы қарым-қатынаста ескерілуі керек, жадымыздан шығармай, есте сақталуы тиіс керемет сөз дер едім.

   Үй болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Отбасылық өмірде жұбайлар арасындағы түсініспеушіліктер кейді ұрысқа айналып жатады. Немесе, өмірлік жарыңыз жұмыстан ашулы келді делік, тиісетін адам іздеп, жарылғалы тұр. Не істейміз? Көп жағдайда оның ашуынан тұтанып, біз де ашуға басамыз. Екі ашу қосылып, үлкен ұрыс туындатады. Және де, соңы ренішке айналып, сезімдеріміз әлсірей бастайды. Ал, бұл тығырықтан шығу үшін не істесек болады? Сіздерге «ҮНСІЗДІКТІҢ ЖЕҢІСІ» атты әдіс ұсынбақпын.

   «Үнсіздіктің жеңісі» әдісі үндемей құтылу дегенді білдіреді. Үндемеу дегенімімді сөйлемеу деп емес, ашуланбау деп түсініңіздер. Яғни, жұбайыңыз ашуға басқан кезінде сіз сабырлы қалпыңызды сақтаңыз, оның ашуынан тұтанып, сіз де ашуға баспаңыз. Оның ашуын басуға тырысыңыз немесе басылуын күтіңіз. Мысалы, ашуды отқа ұқсатсақ, сабырлы бола алуды суға ұқсатуға болады. Жұбайыңыз от болып жанған кезде сіз де от болып жансаңыз, екі от қосылып, үлкен өрт шығады. Одан да, жұбайыңыз от болып жанған кезде, сіз су болуға тырысыңыз. Су болып өртті сөндіріңіз!

   Қазақта «ашулану» сөзі мен «жындану» сөзі мағыналас болып келеді, қатар қолданылады. Яғни, ашуланған адамды жындыға теңейді. Ашуланған адамның ақылы істен шығып, жындылар санатына қосылады. Өзінің іс-әрекеті мен сөздерін бақылап, қадағалай алмайды. Сондықтан да, жындымен бірге жынды болмаңыз. Жұбайыңыз ашуға мініп, жындының тірлігін істеп жатқан кезде, сіз өз қалыпыңызды сақтауға тырысыңыз, жұбайыңыздың өзіне келуін күтіңіз.

   Егер де «үнсіздіктің жеңісі» әдісін қолдансаңыз, оның 3 пайдасын көре аласыз:

1-                Жұбайыңыздың ашуы тезірек басылады. Өйткені, жалғыз ашулану, жалғыз ұрысысу қызық емес. Мысалы, боксті ойлап көріңізші. Рингке шыққан боксшіге қарсыласы еш жауап қайтармаса, соққылары жауапсыз қалса, оның да бокстесуге деген қызығушылығы азайып кетпейді ме? Сол секілді, жұбайыңыз да ашуланудан ерте бас тартады.

2-                Ашулы кезінде сіз жауап қайтармағандықтан, ол өз қатесін тезірек түсінеді.

3-                Қатесін түсінгені үшін, уақыт өткізбей, келіп кешірім сұрайды.

   Ал, егер екеуіңіз бірге ашуға мінсеңіздер, онда ұрыс-керіс ұзаққа созылады. Ұрыс аяқталған соң, екінші кезең басталыды: Кінәліні анықтау кезеңі. Яғни, екеуіңіз бір-біріңізді кінәлауды жалғастырасыздар, өз қателеріңізді түсінулеріңіз кешігеді. Сондықтан да, бір-біріңізден кешірім сұрау қажеттілігі сезінбейсіздер. Ал, бұл әрекет сезімдеріңізді әлсіретеді.

   Қысқасы, ашу – дұшпан, ақыл – дос. Жұбайлар арасы қарым-қатынаста да ашудың дұшпандығына алданбай, ақылымызбен дос болып, адам деген атымызға сай әрекет етуіміз қажет.

     

 Елжас Ертайұлы,

«Бақытты отбасы» отбасылық кеңес орталығы

Published in ҒИБРАТНАМА

Тіпті бізді Алланың разылығын алуға итермелейтін игі ынтамыз бен үмітіміз бола тұра, біздің мақсатымыздан алыстатар сипаттарымыз бар. Игі амалдар жасаумен байланысты осы сипаттар біздің жүректерімізді қарайтып, иманымызды әлсіретеді. Өзімізді осы тұңғиықтардан қалай қорғауға болады? Алдымен Құранда келтірілген солардың бірнешеуімен танысайық:

1.Және оларға: «Аллаға әрі Пайғамбарға бой ұсыныңдар» де. Егер олар бет бұрса, сонда Алла ҚАРСЫ БОЛУШЫЛАРДЫ сүймейді» (3:32)

2. «Өздеріңмен соғысқандармен Алла жолында соғысыңдар да шектен шықпаңдар. Негізінен Алла Тағала ШЕКТЕН ШЫҒУШЫЛАРДЫ жақсы көрмейді» (2: 190)

3. «Олар жер жүзінде бұзықтыққа тырысады. Алла БҰЗАҚЫЛАРДЫ жақсы көрмейді» (5:64)

4. «Бір жамандықтың жазасы өзіндей ғана жамандық. Сонда кім кешірім етіп, жарасса; онда оның сыйлығы Аллаға тән. Күдіксіз Ол, ЗАЛЫМДАРДЫ жақсы көрмейді»  (42:40)

5. «Алла Тағалаға құлшылық қылыңдар. Оған еш нәрсені ортақ қоспаңдар. Және әке-шешеге, жақындарға, жетімдерге, міскіндерге, жақын көршіге, бөгде көршіге, жан жолдасқа, жолда қалғандарға және қол астындағыларға жақсылық қылыңдар. Негізінен Алла, ТӘКАППАР, МАҚТАНШАҚТЫжақсы көрмейді» (4:36)

6. «Өздеріне кесір істегендер үшін сөз таластырма. Өйткені; Алла,ҚАРАЛЫҚШЫЛ КҮНӘКАРДЫ жақсы көрмейді» (4:107)

7. Алла Тағала ЖАМАН СӨЗДІҢ ЖАРИЯЛАНЫП СӨЙЛЕНУІН жақсы көрмейді.Бірақ зұлымдыққа ұшыраған біреудікі басқа. Алла әр нәрсені естиді, біледі» (4:148)

8. «Әй, адам балалары! Әрбір құлшылық орнында зейнеттеріңді алыңдар (киініңдер). Және жеңдер, ішіңдер де ысырап етпеңдер. Күдіксіз Алла ЫСЫРАП ЕТУШІЛЕРДІ сүймейді» (7:31)

9. «Рас Қарұн, Мұсаның (а.с)  елінен еді де, оларға қарсы келді. Сондай-ақ, оған кілттерін күшті бір топ әрең көтеретін қазыналар берген едік. Сонда оған халқы: “Елірме! Расында Алла, ЕЛІРГЕНДЕРДІжақсы көрмейді” деді» (28:76)

Published in ҒИБРАТНАМА
Сейсенбі, 24 Қазан 2017 19:40

Өзгелер үшін өмір сүре аласыз ба?

Құдай Тағаланың ақырғы Елшісі (с.а.с.): «Адамның жақсысы – елге пайдалысы» дейді.Демек, қоғамға тырнақтай пайдасын тигізген адам – игі жақсылардың қатарында. Өзгелер үшін өмір сүре білген өресі кең жандарды сол игі жақсылардың ішіндегі ең абзал тұлғалар ретінде танимыз. Негізі Пайғамбарымыздың айтпағы да осы болса керек.

Алайда өзгелер үшін ғұмыр кешкен жан қандай болуы керек?

 Қазақта ондай адамды «қауымшыл» яки «көпшіл» дейді. Алайда осы тұста бұл сөздердің мағыналық аясы тар тәрізді. Ойымызды одан әрі сабақтасақ былай: хазіреті Мұхаммед пайғамбар (с.а.с.) күллі адамзатқа жіберілген. Ендеше, оның үмбеті де өз қауымын ғана емес, жер бетіндегі барлық адамзаттың екі дүниеде бақытты ғұмыр кешуін ойлауы тиіс емес пе?! Әдетте, өзімшіл болмайтын өзгешілдер Ұлы Жаратушыдан бейхабар ғұмыр сүрген адамдарды иманға шақырып, көркем мінезділікке баулумен ғана тыныс ала алады. Мұндай өзгешілдер ешуақытта өздерінің қарақан бастары үшін өмір сүрмейді. Олар тек қана қара басының мүддесін ойлай бастаса, сол сәттен бастап өздерін «өлі» санайды. Сондықтан да хазіреті Әлі «Адам баласы ұйқыда, өлгенде ғана оянады» деген. Шамасы, ол бұл пәниде мәңгілік қалатындай күй кешіп, қу құлқынның қамы үшін күйбең тіршіліктің күйкісінен аса алмаған жұмыр басты пенделердегі осындай ой-сана, түйсік-пайымдарын түсіне алмағаннан айтса керек. Текке келіп, босқа кеткен қайран өмір! Ал, өзгелер үшін өмір сүргендер ше? Олардың өмірі өзгелердің тыныс-тіршілігіне нәр береді. Тіпті өлімі де кейінгілеріне өнеге болмақ. Яғни, олар жұрт үрейлене қашқан ажалдың өзін өзгелердің тірілуіне арқау етіп кетеді.

Бұл жайлы Пайғамбарымыздың айтып кеткен мынадай оқиғасын осы тұста келтіре кетуді жөн көріп отырмыз:

«Бұрынырақта өмір сүрген бір патшаның сиқыршысы қартайған шағында патшаға келіп: «Мен қартайдым. Маған жас шәкірт жібер. Оған сиқыршылықты үйретейін»,- дейді. Патша оған бір жас жігітті жіберді. Әлгі жас жігіт күнде сол сиқыршыға барып дәріс алып жүрді. Алайда жігіт жүретін жол бойында бір монах тұрушы еді.

Күндердің күнінде сиқыршының шәкірті жолай әлгі монахқа соғады. Монахтың сөздері жанына майдай жаққан әлгі жас жігіт сиқыршыға бара жатып жолда монахқа соғып, одан да дәріс ала бастайды. Бір күні жігітті кешіккені үшін сиқыршы таяқтың астына алып соққыға жығады. Жас жігіт мән-жайды монахқа баян етеді. Сонда монах:

 – Егер сиқыршыдан қорықсаң: «Әке-шешем кешіктірді» де. Әке-шешең тергесе «Сиқыршы жібермей қойды»-де»,- деп ескертеді. Жас жігіт осылайша алма-кезек дәріс алып жүргенде, бір күні ел жүретін жолды кес-кестеп жатқан әлдебір үлкен аңға кезігеді. Сонда ол іштей:

 «Сиқыршы мен монахтың қайсысы үстем екендігін білетін күн жетті» дейді. Іле-шала қолына тас алып:

 «Иә, Аллаһ! Егер монахтың ісі сиқыршының ісінен қайырлы болса, онда мына аңды өлтіріп, елдің жүретін жолын аш!»,- деп әлгі тасты көздеп лақтырғанда, аң өледі. Тосылып қалған жұрт жолдан өтеді. Жас жігіт болған жайды монахқа келіп әңгімелейді. Монах сонда шәкіртіне қарап:

 «Бұл бүгіннен бастап сенің менен озғандығың. Мен сенің жоғары мәртебеге көтерілгеніңді байқап тұрмын. Алайда жақында қиыншылыққа тап болып, қатты сыналасың. Сол кезде сақ бол! Мен жайлы жақ ашушы болма!»,- деп қатаң ескертеді.

Жас жігіт зағип, алапес секілді түрлі ауруға шалдыққан науқастарды емдей бастайды. Бірде оның емшілік қасиетін патшаның көзі су қараңғы досы естіп, қолына мол сый-сыяпат алып жігітке келеді. Ол:

 «Егер мені емдеп жазсаң, мына сый-сыяпаттың бәрі сенікі»,- дейді. Алайда жігіт:

 «Мен өздігімнен ешкімді емдей алмаймын. Шипа дарытушы – Құдай Тағала. Егер Аллаһ Тағалаға иман келтірсең, «дертіне шипа бере гөр» деп Оған жалбарынамын. Ол саған шипа береді»,- дейді. Зағип дереу иман келтіргенде, Аллаһ Тағала оған шипа  дарытады. Артынша әлгі адам патшаның сарайына барып, күндегідей оның жанына отырады. Патша:

 «Шырағыңды қайта жаққан кім?»,- деп сұрайды. Ол:

«Раббым!»,- деп жауап қайтарады. Сонда патша:

 «Сенің менен басқа сыйынатын құдайың бар ма еді?»,- деп сұрайды. Әлгі адам:

«Менің де, сенің де Раббымыз – Аллаһ Тағала»,- деп жауап береді. Патша оны дереу тұтқындап, азаптайды. Ауыр азапқа шыдай алмаған әлгі адам иман етуіне жас жігіттің себепкер болғандығын айтып қояды. Патша жігітті құзырына әкелдіреді. Патша оған:

«Ей, бала! Сен сиқырың арқылы көрлердің көзін ашып, алапестерді құлан-таза емдеп жүр екенсің. Осы рас па?»,- дейді. Жас жігіт:

 «Мен ешкімге шипа дарытқан емеспін. Шипа беруші – Аллаһ Тағала»,- дейді. Патша жас жігітті де дереу қамауға алып, қинай бастайды. Ақыры ол да ауыр азапқа төзе алмай, монахтан үйренгенін айтады. Артынша монах ұсталып, патшаның алдына әкелінеді. Оған «Дініңнен бас тарт!» деп талап қойылады. Монах қыңқ демей азапқа шыдап бағады. Ақыры болмаған соң ара әкеліп, монахтың басын аралап екіге бөліп тастайды. Содан кейін жас жігітті алдыртып оған да:

 «Дініңнен бас тарт!»,- дейді. Ол да төзімділік танытып, міз бақпайды. Патша әлгі жігітті әскерлеріне тапсырып:

«Мынаны пәлен тауға апарып, ең ұшар шыңына шығарыңдар да дінінен бас тартуын талап етіңдер. Дінінен бас тартса, тиіспеңдер. Қасарысса, сол шыңнан лақтырып жіберіңдер!»,- деп бұйрық береді. Иманын алқаракөк аспанда алқызыл тудай желбіреткен жігіт таудың ұшыр шыңына шыққанда:

«Аллаһым! Көмектесе гөр!» деп дұға етеді. Сол-ақ екен, тау сілкініп, жас жігіттен басқасының бәрі төменге құлап өледі. Жас жігіт сау-саламат қалпында патшаның ызғарлы құзырына кіріп келеді. Патша таңырқап:

«Қасыңдағылар қайда?»,- деп сұрайды. Жігіт:

«Аллаһ Тағала маған жәрдем етіп, оларды жер жастандырды»,- деп жауап қайырады. Патша тағы да әскерлерін шақырып:

 «Мынаны кемемен теңіздің ортасына дейін апарыңдар. Егер дінінен бас тартса, тиіспеңдер. Қасарысса, теңізге тастаңдар!»,- деп қатаң бұйырады. Әскерлері бұйрықты екі етпей, жігітті телегей теңіздің ортасына апарады. Сүйкімді ажарын жел өпкен жас жігіт тағы да:

«Аллаһым! Көмектесе  гөр!» деп дұға етеді. Сол-ақ екен, теңіз буырқанып, кеменің тас-талқаны шығып, жас жігіттен өзгесінің бәрі су түбіне кетіп өледі. Жас жігіт тағы да дін-аман оралып, патшаның құзырына барады. Патша бұл жолы да:

 «Қасыңдағылар қайда?»,- деп таңырқап сұрайды. Жас жігіт:

 «Аллаһ Тағала маған жәрдем етіп оларды су түбіне тастады!»,- деп жауап қайтарады. Осыдан кейін жас жігіт патшаға:

«Сен менің айтқанымды істемейінше, мені өлтіре алмайсың»,- дейді. Патша:

 «Ол нендей нәрсе?»,- деп елең ете қалады. Сонда жас жігіт:

 «Халықты түгелдей алаңқайға жинап, мені ағашқа байлайсың. Сосын қорамсамнан бір жебе алып, садаққа керіп тұрып:

 «Мына жігіттің құдайының атымен!» деп мені қарауылға алғанда ғана өлтіре аласың»,- деп ұсынысын айтады. Патша жігіттің айтқанын орындайды. Жебені адырнаға керіп тұрып:

 «Мына жігіттің құдайының атымен!» деп жігітті нысанға алып, атып қалғанда жебе қас-қағым сәтте оның құлақ-шекесіне қадалады. Жас жігіт қадалған жерін қолымен ұстайды да тіл тартпай өліп кетеді. Бұл оқиғаны көзбен көрген қалың ел бәрі бірауыздан:

 «Жас жігіттің құдайына иман келтірдік!» деп, түгелдей иманға келеді. Бұл сөзді халық үш рет қайталайды. Патшаның әскерлері не істерін білмей:

«Патшам, не бұйырасыз? Әнекей, қорыққаныңыз басыңызға келді. Халық жас жігіттің Құдайына иман келтірді»,- дейді. Патша шұғыл түрде жолдың жанына ор қазуларын әмір етеді. Ор қазылып, ішіне от жағылады. Патша:

 «Дінінен бас тартпағандарды осы орға тастаңдар!»,- дейді Оның айтқаны дереу орындалып Аллаһ Тағалаға иман еткендер бір-бірлеп отқа тасталып жатты. Бір кезде әскерлер құндақтағы сәбиі бар бір әйелді сол орға алып келеді. Әйел ордағы отты көріп, шошынып тұрып қалады. Ол не істерін білмей отқа қарап абдырап тұрғанда, құшағындағы сәбиі:

 «Анашым, сабыр ет! Өйткені сен тура жолда, хақ діндесің!», – дейді»[1].

Міне, Пайғамбарымыздың осы хадисіндегі жас жігіт өзгелер үшін өмір сүрген азамат. Ол тау мен теңізден аман қалған соң, бас сауғалап басқа аймаққа кетсе де болар еді. Бірақ ол өз қауымының мәңгілік бақыты үшін өлімге бас тіккен. Екі мәрте өлмей тірі қалуы арқылы халыққа патшаның құдай емес, жай өздері секілді жұмыр басты пенде екендігін дәлелдеген. Сонда барып оған табынып жүрген халықтың көзі ашылып, хаққа бет бұра бастаған. Ел арасында жас жігіттің бұрыннан айтылып жүрген әңгімелеріне қатты назар аударып, саналарына сәуле ұялай бастаған. Кейіннен патшаның ел алдында жас жігіттің құдайын атап қана атып өлтіргенін көріп, өлім мен өмірді сол жігіттің құдайы, яғни Ұлы Жаратушының ғана беретініне көздері анық жетіп, терең иман келтірген. Олардың имандарының тереңдігі сонша, отқа тірідей түссе де мойымаған.

Жас жігіт өз өлімі арқылы ақиқаттың пердесін түріп кеткен. Өзі құрбандыққа шалынса да халқының иманына себепкер болып өлді. Бір ғана бұл емес, өлімі арқылы елінің жарыққа шығуына себепкер болған өмірде қаншама жандар өткен. Олар бейне бір алма ағашының дәнегі тәрізді. Күзде алманың дәнегі топыраққа көміледі де, көктемде қайта көктейді. Бірнеше жылдан кейін көмілген сол дәнек көз тоймас әдемі алма ағашына айналып, бір – мыңға айналып, одан есепсіз көп алмалар өсіп шығады.

 Иә, бір қауымшыл өлер. Оның орнын мыңдаған қауымшыл мен өзгелер үшін өмір сүрген аяулы жандар басады. Өмір сүрудің нағыз мән-мағынасы да осы емес пе?!

М.Исаұлының
Пейішке жетелер пейіл” кітабынан

_______________
[1]
 Муслим, Зуһд 73.

Published in ҒИБРАТНАМА

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) намаздың сүннетін парызды оқыған орнынан бөлек жерде оқитын. Хадисте: «Сендер (парыз) намазды оқып болған соң, ілгері немесе кейін тұруға шамаларың келмей ме?[1]», – делінген.
Сондықтан, сырттан келген адам жамағат парыз оқып тұрған болар деген ойға қалмауы үшін сүннет намазды тізіліп, сап түземей оқу – мұстахаб[2].



[1] Әбу Дауд, Ибн Мажа, Байһақи
[2] Әл-Ихтияр ли Тағлил Мұхтар, 1-том, 103-бет

Published in СҰРАҚ-ЖАУАП

Имам намаз ішіндегі парыз немесе уәжіп амалды кешіктірсе немесе ұмытып жатса ұйып тұрған ер кісілер «субхана Алла» деп тасбих айтуы, ал әйелдер қол соғып белгі беруі сүннет. Сонымен бірге, намаз оқушыны біреу байқамай алдын кесіп өтпек болса және т.б. сол сияқты кедергінің алдын алу үшін де намазхан тасбих айтып ескерту қажет.
Әбу Һурайра (р.а.): «Ер кісілер «субхана Алла» деп айтады, ал әйелдер қол соғады[1]»,-деген риуаят жеткізген. Ал, Саһл бин Сағд (р.а.): «Анығында, әйелдер қол соғады, ал ер кісілер тасбих («Субхан Алла» деп) айтады», – деген хадис риуаят еткен.

Қол соғуға қатысты екі түрлі нұқсау бар:
1. Тасфих (қол соғу) – оң қолдың сыртымен сол қолдың алақанын ұру;
2. Тасфиқ (шапалақ) – оң қол алақанын сол қол алақанына ұру.

Published in СҰРАҚ-ЖАУАП
Сейсенбі, 24 Қазан 2017 19:28

САХАБАЛАРДЫҢ ЖАЛПЫ САНЫ ҚАНША?

Пайғамбарымыз көз жұмған уақыттағы сахабалардың жалпы саны жайлы нақты мәлімет жоқ десек те, Ислам тарихына байланысты жазылған классикалық кейбір еңбектерде жүз мың сахабаның болғандығы айтылған. Мысалы, қоштасу қажылығына 40 мың, Тәбук жорығына 70 мың сахабаның қатысқандығы жайлы Ислам тарихына байланысты шығармаларда мәліметтер бар. Имам Шафи‘и Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) көріп, одан хадис риуаят еткен сахаба санының 60 мың болғандығын айтады. Меккені алғанға дейін қайтыс болған сахабалардан өзге, Меккенің алынуы кезінде сахабалар алыс жақтарға тарап кеткендіктен олардың есімдерінің көбі кейінгі ұрпаққа жетпеген. Сахаба есімдерін шығармасында ең көп көрсеткен ғалым – Ибн Хажар. Ол “Исаба” атты еңбегінде 11 783 сахабаның атын атайды[1].


[1] И. Атасой, М. Паксу,Сахабилер ансиклопедиси, Иени Асия, Истанбул, 1993, 1:19.

Published in СҰРАҚ-ЖАУАП
Сейсенбі, 24 Қазан 2017 19:25

КӨРКЕМ МІНЕЗ – ЕҢ ҚҰНДЫ ҚАСИЕТ

Көркем мінезділік – адам бойындағы ең құнды қасиет. Мінезі жайдары жанның жүзі нұрланып, айналасына махаббат шуағын сыйлайтыны айтпаса да белгілі. Оған қараған адамның көңілі кемелденіп, мейірім жылулығын сезінеді.

Көркем мінезділік – Алланың берген үлкен сыйы. Ерекше мейірімді Жаратушы Ие Алла Тағала өзінің соңғы елшісі Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) мінезін көркемдікпен көмкерген. Мәлик (Алла оған разы болсын) Пайғамбарымыздың (Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  мынандай сөзін жеткізеді: «Мен көркем мінездерді толықтыру үшін жіберілдім».

Нағыз мінез жұмсақтығы Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бойында жинақталған. Оның өнегілі ғұмырын оқи отырып, өзіміз үшін тәлім-тәрбие есігін ашамыз, нәтижесінде, Алла сүйіп қарайтын мүміндердің қатарына қосылуымызға үлкен мүмкіндіктерге қол жеткізеріміз хақ.

Көркем мінезділік – Алланың адамзатқа берген ардақты сыйы. Өкінішке орай, адам баласы жалған өмір жолында адасушылыққа жолығып, жамандықпен бетпе-бет кезігіп, бойындағы Раббымыздан дарытылған кіршіксіз мөлдір қасиеттерден ажырап қалып жатады. Бұндай сәтте, адамды пендешілікке түсірмей, АДАМ қалпында сақтап қала алатын жолдарды іздей бастайсың. Адамды адам ететін – Иман. Иман – көркем мінезділікпен өлшенеді. Көркем мінезділік – махаббат, білім, сабырлылық сияқты адами қасиеттердің өзара ұштасуынан пайда болады. Аллаға және Оның елшісі Пайғамбарымызға (с.ғ.с.), Жаратушы Құдірет Иенің жаратылыстарына деген махаббат, Алланың шексіздігінен хабардар ететін білімнің бұлағына деген қызығушылық, Алла махаббатына жетуге және білім бұлағынан нәр алып, оны өмірлік шырақ етуге көмектесетін сабырлылықты ту ету әр мұсылманның үлкен парызы болып саналады. Осы үш қағиданы ұстанған жан көркем мінезділікті бойына сіңіреді.  

«Махаббатпен жаратқан адамзатты, Сен де сүй, ол Алланы жаннан тәтті» деп Абай атамыз айтпақшы, біздің жаратылысымыздың өзі махаббатпен байланысты. Сол себепті айналаға сүйіспеншілікпен қарау – адамның өмір жолын жеңілдетіп қана қоймай, Алла алдында абыройлы етеді, мол сауапқа кеңелтеді. Махаббаттың түрлері сан алуан. Солардың ішіндегі ең биік тұғырлысы – ананың балаға деген кіршіксіз қамқорлығы, махаббаты. Алайда, бұл махаббат Алланың құлына деген махаббатының қасында тек бір пайыздық бөлікті құрайды. Сондағы тоқсан тоғыз пайыздық бөлік Алланың құлына деген махаббатына тиесілі екені көптеген мүмін жандардың жүрегіне демеу болары хақ. Алла Тағаланың бізге күнделікті беріп жатқан нығметтерін санар болсақ, шегіне жете алмаспыз. Оның аса қамқорлығы мен ерекше мейірімділігі тақуа мүміннің жүрегін елжіретпей қоймайды. Алланың махаббатын сезініп, Раббысының беріп жатқан рызықтарын түйсігіне түйген адамның бойы сүйіспеншілікке толықсиды. Жүзінде жылы жымиыс пайда болады. Ал, жымиып жүру – сүннет амалдардан. Көркем мінезділіктің бір бөлігі.

Білім алуға деген құштарлық – көп жетістікке жетелейді. Алла Тағала өзінің шариғатын алғаш түсірген кезден-ақ, білім ізденудің қаншалық маңызды екенін басып көрсетеді. Бұған алғашқы түскен Құран аяттары дәлел бола алады: «(Ей, Мұхаммед) Жаратқан Раббыңның атымен оқы! Ол, адам баласын ұйыған қаннан жаратқан. Оқы! Раббың аса ардақты. (Раббың) Сондай (ілімді) қаламмен үйреткен. Ол, адамзатқа бімеген нәрселерін үйреткен» (Алақ сүресі, 1-5 аяттар).

Білім – нағыз мүміннің екі дүниеде де дәрежесін биік етеді. Барлық жаратылыстың сұлтаны болған Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) білімнің маңыздылығы жайында бірнеше хадистер қалдырған. Солардың бірінде: «Білімді бесіктен көрге дейін ізденіңдер» делінген болса, тағы бірінде: «Білім іздену – мұсылманға парыз» деген. Бір хадисте пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Шын мәнінде, даналық – құлды патша дәрежесіне дейін көтеріп, абыройлы етеді» - дейді. Сонымен қатар, кім де кім білім іздеп, жолға аттанар болса, сол адамның әр басар қадамына періштелер қанатын төсеп, құрмет көрсетеді. Адам баласы тікелей білім алу арқылы, даналыққа ұмтылған сайын Аллаға деген сүйіспеншілік сезімін күшейте алады. Себебі, қай ілімді алып қарасақ та, Алланың қолтаңбасы байқалатыны баршамызға белгілі. Сонымен қатар, білімділік адам бойына қарапайымдылық қасиетін ұялатады. Ал, қарапайымдылық, кішіпейілділік көркем мінезді жанның өңінің әсемдігін еселей түсетіні анық. 

Білім негізі – сабырлылық. «Білім инемен құдық қазғандай» деген халық мәтелінің мағынасы тереңде жатыр. Білімге қол жеткізу үшін адам баласы сабырлылық танытуы қажет. Алла Тағала сүйікті құлдарын түрлі жағдайлармен сынайды. Сабырлылық танытқан мүміндерге мол сауаптан жазады. Бұл жайында Құранның «Инширах» сүресінің бесінші аятында былай делінеді: «Негізінде ауыртпалықпен бірге бір жеңілдік бар» және де «Таһа» сүресінің қырық алтыншы (46) аятында: «Қорықпаңдар! Сендермен біргемін. Естимін. Көремін» дейді Ұлы Жаратушы Алла Тағала. Әр нәрсеге төзімділік танытатын жан Алланың сүйікті құлдарының қатарына қосылады. Себебі, Алла аса шыдамдылық танытып, сабыр сақтаған құлдарын ерекше жақсы көреді. Білім жолы – ауыр жол, шыдамдылықты талап етеді. Осы жолда батылдық көрсеткен адам, ілімнің биігіне шығады, Алладан мол сауапқа кенеледі. Көркем мінезділіктің «қайраттылық», «жігерлілік» және «нәпсісін қымтап ұстаушылық» сынды қасиеттерін де әдетке айналдырады.    

Ғабдулла инб Жабир (Алла оған разы болсын) жеткізуі бойынша Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) Жебірейіл (а.с.) Алла Тағаланың былай дегенін хабарлапты: «Шын мәнінде, бұл Ислам діні Мен разы болған дін. Оған жомарттық және көркем мінез жарасады. Ислам дінін жомарттық және көркем мінез арқылы қуаттаңдар!» Бұл хадистің астарында көркем мінезділік Исламның айнасы екенін түсенеміз. Егер де, өзімізді нағыз мұсылман деп санайтын болсақ, ең алдымен, көркем мінезділікке ұмтылғанымыз абзал. Сол сәтте, Аса құдіретті Алланың назарында болып, шапағат нұрына бөленуімізге бірден-бір септігін тигізері айқын.

Қасиет Тағайбекқызы 

Published in МАҚАЛАЛАР
Фақих Әбу Қасым бин Абдурахман Әбу Хурайрадан жеткен (оған Алла разы болсын) Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисін келтіреді:
Шынында, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтқан:  «Қабірде жатқанға қатты өкірген дауыс естіледі, бұл дауысты оның қасында тұрған адамнан басқа жануарлардың бәрі еститін болады. Егер бұл дауысты (бұл дүниеде) адам еститін болса, айғай салып, есінен танып қалар еді. Нағыз иман келтірген адам қабірде жатып былай айтады: «Асығыңдар, мені қандай жақсылық күтіп тұрғанын білсеңдер, сендер менің алдымда жүрер едіңдер». Ал иман келтірмеген кісі: «Асықпаңдар, мені қандай зұлымдық күтіп тұрғанын білсеңдер, сендер мені асықтырмас едіңдер», - дейді.

Нағыз иман келтіргенді қабірге жатқызғанда оның бас жағынан көк көздері бар екі періште жақындайды. Сонда иман келтірген момынның намазы оларға:

«Маған жоламаңдар, ол көп түндерін ұйқысыз, құлшылықпен өткізген» деп айтады.

Сосын періштелер оның аяқ жағынан келеді. Сонда ата-анаға жасаған жақсылығы оларға:

«Бізге жоламаңдар, ол бізге қамқор болған» деп араша түседі.

Содан кейін періштелер оның оң жағынан келеді. Сонда бұл адамның берген садақасы періштелерге:

«Маған жақындамаңдар, расында, ол садақа берген» деп жолатпайды.

Содан кейін періштелер оның сол жағына шығады, сонда қабірде жатқанның оразасы былай айтады:

«Маған жақындамаңдар, расында, ол шөлдеп, ашыққан».

Сосын періштелер адамды ұйқыдан оятқандай оятып: «Алла Тағаланың сөзін жеткізгенді көрдің бе?», - деп сұрайды.  Қабірдегі адам олардан: «Кім ол?» - деп сұрайды. Сонда періштелер: «Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)», - деп айтады. Сонда адам былай айтады: «Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Алла Елшісі екендігіне куәлік беремін». Періштелер оған: «Сен иман келтірдің және иман келтірген күйіңде өлдің», - дейді. Содан кейін оның қабірі кеңейіп, Алланың берекеті тарайды.

Біз Алла Тағаладан бізді бейқамдыққа түсіретін нәпсінің азғын тілектерінен сақтасын деп сұраймыз, сондай-ақ, Ұлы Алла бізді қабір азабынан сақтасын деп тілейміз. Біздің сүйікті Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Алла Тағалаға қабір азабынан сақта деп жиі дұға жасаған.

"Танбихул ғафилин" кітабынан

Published in МАҚАЛАЛАР
Page 1 of 3
Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы