Items filtered by date: Қараша 2017
Сейсенбі, 28 Қараша 2017 07:13

ТАЛАҚ – ӘЙЕЛ ТАҒДЫРЫН ТӘЛКЕК ЕТУ

Кезінде елімізде екі әйел алуды заңдастыру туралы мәселе көтерілгенде, көпшілігі қолдамаған еді. Бүгінде өздерін дін ұстанатын азаматтар қатарына жатқызатындар арасында заңсыз-ақ көп әйел алушылық жиі кездесуде. Олар бұған исламның рұқсат ететінін алға тартады. Алайда соңғы уақытта діни ортада әйелдер арасында күйеуінен «талақсың» деген бір-ақ ауыз сөз естіп, тағдыры тәлкекке ұшырап жатқандар көбеюде.

Көбіне бір сценарий тән: діндар әйел діндар күйеуге шыққысы келеді. Танысады. Азаматтығына сенім артады. Ол болса біраз уақыттан соң талақ айтады. Әйел көп өтпей, дәл сондай екінші бір жігітке тұрмысқа шығады. Ол жігіт алғашқы күйеуінің танысы болуы да мүмкін. Бірақ бұл жігіт те тез айниды. Ал, әйел тағы да басқа еркекпен некелеседі. Дәл осылай жалғаса береді.

Қазір мешітте неке қию үшін әйел затының ата-анасының рұқсаты және АХАЖ бөлімінің неке куәлігі керек. Дегенмен, бұл шаралардың аталған келеңсіздікті қаншалықты тоқтататынын уақыт көрсетпек.

Ал дәл қазіргі жағдайда талақ айтып, тез үйленіп ажырасу үрдісінің теріс бағыттағы діни ортада өршіп тұрғаны мәлім. Бұл жағдай бірнеше күйеумен ажырасып, бірнеше баламен жесір қалып, көз жасын көлдетіп, жағдайының мүшкіл екенін мешіт имамына айтып көмек сұрап келген әйел кісілер арқылы анық білінуде.

Кінә кімде? Дінде ме, діндарда ма? Әрине, бұл тұста кінәні дінге аудару орынсыз. Себебі, көп әйел алушылыққа алғаш жол ашқан да ислам діні емес. Керісінше ислам ер кісілерге алатын әйелдің санын төртеуге дейін шектеген.  Одан бұрын ер кісілер жиырма-отыз әйел алса да ерікті болғандығы тарихтан белгілі. Ал, ислам адамның өмірде кездесетін әртүрлі жағдайларын есепке алған. Мәселен, алғашқы әйелі бедеу болып шығуы мүмкін. Тіпті еш себеп болмаса да төрт әйел алуға ер кісіге рұқсат береді. Бұл жерде рұқсат сөзіне ерекше мән берген жөн. Қазіргі дін жолындағы азаматтар осы рұқсатты өздеріне міндетті парыздай көріп әрі өзгелерге де дәл солай насихаттауда.  Ислам діні мүмкін болса бір әйелмен бақыт табуға кеңес береді. Ал өзге әйелдерге тек рұқсат шеңберінде мүмкіндік берген. Ол қасиетті Құран аятында ашық көрсетілген.

Қазіргі діни орталардағы уағыздардың бірсыпырасы жиһадты қолға қару алып кәпірлермен соғысу деп түсіндіру және осы көп әйел алушылыққа қызықтырып шақырумен де қауіпті деуге болады. Өйткені, көп әйел алуға қызықтырғанмен оның ар жағында бұның қаншалықты жауапкершілік екені жеткілікті түсіндірілмеуде. Діндар азаматтар Құран талабын (өз түсініктерінше) орындадық немесе мұсылмандар саны көп болуы керек деген түсініктерді өз істеріне ақтау ретінде қабылдағанмен діннің басқа да бірқатар талаптарын аяқасты етуде. Мәселен, өзіне өмірлік сенім артқан нәзік жандының сенімін ақтамауда. Өзіне Алланың аманат еткенін есепке алмауда. Әйел кісіге тірек болып, қамқорлық жасаудың орнына өміріне немқұрайлы қарап, тағдырын тәлкек етуде. Нәпсіге құл болып, балаларының жетім қалуына көз жұма қарауда. Кісі ақысын, құда-құдағи, туған-туыстардың татулығы бұзылатынын елемеуде. Исламның неке деген қасиетті ұғымының қадірін кетіруде. Мұсылманға тән сабырлы мінез таныта алмауда. Оны жаман жүріске итермелеуде. Тағдырдың қиындықтарына мойынсұнбауда. Талаққа себеп болатындай жағдай орын алмаса да, тұрмыстағы ұсақ-түйек жағдайларды себеп ету арқылы басқа әйел алуға асығумен ислами түсініктерінің өресін байқатуда.

Иә, ислам  ажырасуға рұқсат берген. Дегенмен «Талақ – Алла Тағала жек көре отырып рұқсат еткен іс» деген қағидатты белгілеп, оның талаптарын ауырлатқан. Ислам бойынша ерлі-зайыптыларда ажырасу мына жағдайлармен байланысты: 

1. Ауру немесе үзір жағдайы. Яғни үйленгенге дейін, не кейіннен пайда болған, бірге өмір сүруді қатты қиындатқан қандай да бір үзір не ауру себепті әйелдің ажырасуға құқы бар.

2. Күйеуі асырай алмағанда. Әйелдің ішіп жеу, киіну және басқа да шығындары күйеуіне тән. Күйеуінің жағдайы бола тұра жұбайына көңіл бөлмесе, оны аш, нашар жағдайда қалдыратын болса, әйел алдымен күйеуінен нәпақа алуға тырысады. Ол мүмкін болмаған жағдайда ажырасуға құқылы болады. Күйеуі кедей болса, әйелі оған опа танытып, одан ажырамағаны дұрыс.

 3. Күйеуі үйін тастап кетсе немесе жоғалып кетсе. Күйеуінің үйді тастап кетуі немесе тірі не өлі екені жайында еш хабар болмаған кезде төрт жыл күтіп, содан кейін әйел ажырасуды талап ете алады. Ислам ғалымдары күйеуі түрмеге түсіп не жау қолына тұтқынға түсу жағдайына қарай түрлі көзқарас білдірген.

 4. Бірге тұра алмағанда не әйеліне қатты жәбір көрсеткенде.  

 5. Зинаға барған жағдайында.  

Ал «Күйеуінен орынсыз ажырасуды талап ететін әйелдер жұмақтың исін сезбейді» деген хадистер ерлі-зайыптыларға ажырасуға сылтау іздемеу керектігін білдіреді.

Талақ – әзіл көтермейтін мәселе. Әзілдеп те талақ айтуға болмайды. Шариғат бойынша әйелін үш рет талақ еткен ер адам жұбайымен қайта қосыла алмайды. Қайта үйлену үшін әйел басқа бір еркекпен тұрмыс құрып, одан талақпен ажырап, етеккір мерзімінің бітуін күтуі тиіс.

Міне, сонда ғана бірінші күйеуі ол әйелді жаңа мәһрмен жаңа неке арқылы өзіне ала алады.

Ал бүгінгі күнгі кейбір теріс діни ағым өкілдерінің некеге тым жауапсыз қарауы, көп әйел алушылық исламда бар дегенді желеу етуі, жиі талақ айтуы, бұл расында халықтың сол адамдарға деген ренішін тудыруда. Айналып келгенде, ол дінге деген салқын көзқарас тудыруда.

Аз уақыттың ішінде бірнеше ер адаммен некелескен әйел қайсысынан бала көтергенін де біле алмайтын жағдайға келуде. Бұның исламға дейінгі жахилия кезінен қандай айырмашылығы бар? Ислам әйел затына деген құрмет мен қамқорлықты жоғары қояды. Неке – ол Алланың алдында уәде бере отырып, жауапкершілік арқалау. Хишам ибн Мұғираұлдары Фатиманың үстіне хазірет Алиге (р.а.) Әбу Жахилдің қызын некелеуге рұқсат сұрағанда, Ардақты Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.)«Фатима - менің бір бөлшегім. Кім Фатиманы ренжітсе, мені ренжіткені» деп бұған рұқсат бермеген.

Ал тұрмыста келіспеушіліктердің кездесуі о бастан қалыпты жағдай. Қазақ халқы «Үй болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды» деп бұған  кең түсіністікпен қараған. Бұндай келеңсіздікті мұсылман адам сабыр және кешірім арқылы жеңуі тиіс.    

Құранның «Әйелдеріңмен жақсы қарым-қатынаста болыңдар. Егер оларды жек көретін болсаңдар, (ұмытпаңдар) Алла сендер ұнатпаған нәрсеге көп жақсылық жазған болуы да мүмкін» (Ниса сүресі 19-аят) дегені, хадистегі «Сіздердің ең қайырлыларыңыз - жұбайына жақсы қарағандарыңыз» деген сөздер ерлі-зайыптыларды бір-біріне түсіністікпен қарап, сыйластықпен, кешіріммен өмір сүруге шақыруда. 

Отбасында шаңырақты ер мен әйелдің сыйластығы ғана ұстап тұрады. Сол себепті ерлі- зайыптылар бір-бірімен тіл табысып, жарасымды тіршілік етуі керек. «Екі жақсы қосылса, бірін бірі қимайды, екі жаман қосылса, бір төсекке сыймайды» деп ата- бабаларымыз бекер айтпаған. 

Құдайберді Бағашар, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,

Дінтану және мәдениеттану кафедрасының

аға оқытушысы, PhD докторы

Published in ЖАНҰЯ

ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінде қала және қалаға қарасты ауылдық округ имамдарының «Нұр Мүбарак» Ислам университетінің проректоры Шәмшәдин Тұрсынұлы Керіммен кездесуі өтті.

Әдебиет  зерттеушісі, шығыстанушы, исламтанушы,  филология ғылымдарының докторы,  профессор Шәмшәдин Тұрсынұлы жастардың діни білім алудағы ахуалы мен университет мүмкіншілігі турасында сөз қозғады.

Шараға сондай-ақ, өкіл имам Т.Омаров пен облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Е.Нематуллаұлы қатысты.

Имамдар тақырыпқа сай сауалдарын жолдап, пікір алмасты.

Қызылорда облыстық «Ақмешіт-Сырдария»

мешітінің баспасөз қызметі

Published in ІС-ШАРАЛАР

ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешіті жыл сайын жергілікті имамдардың біліктілігін арттыру мақсатында семинарлар ұйымдастырып келеді.

Биыл да қала және аудан имамдарына арналған семинар өз жалғасын тапты. Семинардың алғашқы күні өкіл имам Омаров Талғат Сейіткәрімұлы имамдарға сауатты болудың, сауаттылықты арттырудың маңыздылығы туралы насихат айтты.

3 күнге созылған семинарда имамдар ақида, фикһ, құран сауаттылығы бағытында білімдерін шыңдап, білетіндерін жаңалады. Жергілікті ұстаздар мен дінтанушылар жүргізген семинар қатысушылардың көңілінен шығып, ризашылықтарын білдірді.

Қызылорда облыстық «Ақмешіт-Сырдария»

мешітінің баспасөз қызметі

Published in ІС-ШАРАЛАР
Жексенбі, 19 Қараша 2017 15:56

Шектен шығып кетпесек екен!

Өтірік айту үлкен күнә. Бірақ кейбір жерлерде жақсылыққа, қайырға себеп болғаны үшін жаиз болады. Соғыста, дұшпандардың зиянынан сақтану үшін, екі мұсылманды татуластыру үшін, біреуінен екіншісіне жақсы сөз тасу үшін өтірік айту жаиз болады. Хадис шәрифте былай делінген:

«Екі кісіні татуластыру үшін қайырлы сөз айтқан адам өтірікші болмайды.» (Мүслим)

Бұлардан өзге мәселелерде қалжыңдап болса да өтірік айтпау керек. Бұл жөніндегі хадис шәрифте былай делінеді: «Мүмін кез келген қателікке жол беруі мүмкін. Бірақ аманатқа қиянат жасай алмайды және өтірік айта алмайды.» (Ибн Әби Шәйбә)

Бірақ, «Өтірік айтпасқа амалым болмады...» – деген тіркесті саналы жасыңызда тым құрығанда бір рет айтқан шығарсыз. Айтпаған күннің өзінде де, сізге ешкім сене қоймас. Сөйтіп, жалған сөйлеу, өтірік айту, алдау-арбау сынды жағымсыз қасиеттерді бүгінгі тіршілігіміздің ажырамас бір бөлігіне айналдырып алдық та, елу жылда бір рет оның кері жақтарын есімізге түсірер-түсірмес жағдайға жеттік. Бір-бірімізге шетінен, кілең өтірікші болып көрінетініміз де осындайда байқалады-ау. Шыныңды айтсаң да – өтірікшісің, өтірігіңді айтсаң да – өтірікшісің.

Мүмкін, әр адамның ішінде өтірікші – егізі өмір сүретін шығар.

Кейде осы ағыңнан жарылып, ішіңдегі бар шыныңды айтып жатқанда сенбейтіндердің күмәнді сұрақтарынан кейін, өз шындығыңнан өзің күмәнданып, біреудің өтірігіне қалай сеніп қалғаныңды да байқамайтын жағдай да болады ғой.

Бір жағынан, «өтірік» – адамның аса дамыған санасының жемісі сияқты. Біздің миымыздың мол мүмкіндігі дем арасында өтірік айтып, сан алуан проблемалық немесе даулы жағдайдан құтылып кетуге мүмкіндік беріп отыр. Әлі күнге дейін сыры толық ашылмаған жұмбақ миымыздың төңірегін­де талай зерттеулер жүргізілді, әлде де жүргізіліп келеді. Мә­селен, Жер бетінде пайда болған алғашқы адамдардың миы бүгінгі адамның миының үштен бір бөлігін ғана құрапты. Сәйкесінше, алғашқы адамдар тіршіліктен хабарсыз, аңқау, санасыз, зердесіз, ақылсыз болды. Ондай жағдайда өтірікті қайдан айтсын?

Ал қазіргі адамның миының салмағы мың грамнан екі мың грамға дейін жетеді екен. Алайда, барлық адамдардың миы біркелкі жұмыс істей бермейді. Сондай-ақ, барлық адамдар бірдей өтірік айтпайды және өтірікке алданбайды. Адам санасының дамығаны соншалық, ол көптеген эволюциялық үрдістерден өтіп, өзінің ашкөздігі мен тоғышарлығынан өтірікті де айтып, сатқындықты да жасап (ол да бір өтірік), екіжүзділікті де көрсетіп жүр. Сөйтіп, адамда макиавеллиандық зерде, яғни әзәзілдік пен қаталдықтың, рахымсыздық пен жалғандықтың арқасында әлеуметтік әрекет қалыптасты. Адамзат баласы жақсылықты көп байқай бермейміз, баға­ламаймыз. Ал, бүгін бізді біреу алдап, тақырға отырғызып кетсінші, ертең өле-өлгенше ондай әрекеттің қайталануына жол бермейміз. Түрлі жағдайларға байланысты біреулер абайсызда өтірік айтады, екіншілері қалай өтірік айтқанын өздері де байқамай қалады.

Өтірік айту адамның тегінде бар нәрсе. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деп бекер айтылмаса керек. Баланы бесіктен өтірік айтпауға тәрбиелеген дұрыс. Мысалы, алты жасар Асқар үйдегі кесені сындырып қояды да, бірақ анасына оны үш жасар қарындасы Айша сындырды дейді. Осылайша, бала бесіктен белі шықпай жатып, өтірік айтуға дағдыланады. Ертең, бала өскен сайын ол өтіріктің салмағы да ауырлайтынын ескере бермейміз.

Әлбетте, адамның құлағына жаман шындықтан гөрі, жақсы өтірік майдай жағатыны...

Мәселен, 1-сәуір алдау күні, күлкі күні деп атап жатамыз. Осы күннің шығу туралы бірнеше дерек бар.

«15-ші ғасырдың соңында, христиандар мұсылмандардың Андалусиядағы ең соңғы қамалын қоршап алады. Соғыс қыстың суық ызғар себебінен ұзаққа созылды, және мұсылмандар ерлікпен қайтпастан шайқасты. Християндардың қолбасшысы, өзінің қиын жағдайға түскенін көріп, қулық істеуге көшеді.

31-ші наурыз күні қамалдың алдына, бір қолында Құран, бір қолында Інжілді ұстап алып, егер осы түні мұсылмандар берілетін болса, онда ешкiмге тиіспейміз деп ант ішеді. Жиналыстан соң, мұсылмандар өз өмірлерін сақтап қалу үшін, қамалды християндарға босатып береді.

Таңертең, яғни 1-ші сәуір күні, християн қолбасшысы барлық мұсылмандарды өлтіруге бұйырады. Уәде бергенін ескерткен адамдарға, "мен тек қана сендерді кеше түнде өлтірмеймін деген едім, бүгін емес!"

Содан бері 1-сәуір християндар үшін: "Қулық пен алдау, өтірік айту" күні болып аталып келеді. Өкінішке орай, біз християндардың барлық жеркенішті мейрамдарының арасынан, бұл "мейрамын" да ұмытқан жоқпыз... Егер бұл мейрамның түбін зерттесек, мұсылмандардың қанының иісі келгеніне байқауға болады"-дейді бір жазбаларда.

Ал тағы бір деректе, көптеген христиан дінін ұстанатын елдер 1 сәуірде күн мен түн теңелуі мен Пасха мерекесін атап өткен. Мереке күні күллі жамағат ойын-сауық құрып, әзіл-қалжыңға толы әрекеттермен көңілдерін көтеретін. Бұл дәстүр әлі күнге дейін жалғасуда.

Күлкі күнінің шығу тарихы туралы келесі әңгіме 1582 жылы Рим папасы Григорий енгізген григориан күнтізбесіне көшумен тығыз байланысты. Орта ғасырларда Жаңа Жыл мерекесі 1 қаңтарда емес, наурыз айының соңғы күндері тойланатын. Жаңа Жылды тойлау 25 наурыздан бастау алып, 1 сәуірге дейін жалғасатын. Мерекелік апта бойы әзіл-қалжыңға толы әрекеттер жасалып, көңіл көтерілетін. Жаңа күнтізбеге көшкен соң, бұл дәстүр өз күшін жоғалтқан жоқ. Жаңа Жылды тойламаса да, әзілге жақын жамағат ойын-сауықты жалғастыруды тоқтатпады.

Кейбір деректерде күлкі күні Ежелгі Үнді елінен шыққан делінеді. Үндістанда 31 наурызда әзіл-оспақ күні атап өтіледі.

Тарихқа көз жүгіртер болсақ, Ежелгі Рим күлкі күнінің шығуына себеп болды. Ақпан айының ортасында "Зердесіздер мерекесі" тойлана бастады. Күлкіге толы мереке сәуір айына дейін жалғасатын. Бұл мереке Күлкі құдайының құрметіне орай атап өтілетін.

18 ғасырда күлкі күні кеңінен танылып, ауқымды әзілге толы шараға айналды. Күлкі күнінде міндетті түрде өзгелермен әзілдесіп, барлығын алдау керек. Еуропадан бастау алған бұл шара уақыт өте келе әлемнің басқа да мемлекеттеріне кеңінен таралды.

Ендеше бірінші сәуір күні әзілге толы іс-әрекеттер мен ойындарға жол беруге болатын секілді. «Әзілің жарасса, атаңмен ойна» дегендей, бұл күні үлкен-кіші, жас-кәріні бір залалсыз әзіл-қалжыңмен алдап қою сонша ауыр күнә болмаса керек... Тек шектен шығып кетпесек болды да!

Published in ҒИБРАТНАМА
Жексенбі, 19 Қараша 2017 15:56

Өз тағдырың өз қолыңда

Арабтың «تقدير» (тақдир) сөзінен туындаған қазақтың «тағдыр» сөзін айтқанда ойыңа еріксіз «бақыт» және «бақытсыздық» деген сөздер келеді. Бұл ғажап та емес! Себебі «бақыт» және «бақытсыздық» ұғымдары «тағдыр» сөзімен тығыз байланысты.

Негізі «бақыт» және «бақытсыздық» ұғымдарын екі тұрғыдан қарастырса болады. Ол: діни және дүнйауи (атеистік, діни емес) көзқарас.

Дүнйауи көзқарасқа келер болсақ, бақыт бірінші мәселеде денсаулық тұрғысынан қарастырылады. «Бірінші байлық – денсаулық» деген сөз осыдан туындаса керек. Алайда біз мына қарбалас тіршіліктің себебінен пендешілікпен «денсаулық» деген Хақ Тағаланың бағасыз құндылық жайында ұмытып та кетеміз. Бұған қоса жұмыс, бала-шаға, қу тіршіліктің әсерімен қатты ширығу да бар.

Денсаулық мәселесінен соң құндылықтар бағыты айырыла бастайды. Біреу үшін ол жұмыс, біреу үшін жоғары лауазым, ал біреу үшін бизнес, тағы біреу үшін ол байлық т.с.с. Осының бәрі де нәтижеде бір нүктеге алып барады. Ол: ауқаттылық, зәулім үй, қымбат көлік, банктегі жеті таңбалысанды банк шоты (әрине долларда болса тіпті жақсы) т.с.с.

Шариғат тұрғысынан қарағанда мұның бәрі адам табиғатына тән әрі харам емес. Өйткені Ислам өркениет жетістіктерін пайдалануға, дәулетті болуға тыйым салмайды. Бар мәселе соның бәрі адал жолмен табылса болғаны.

Ал енді дін тұрғысынан карар болсақ бақыт деген не? Молшылықта ма? Мүмкін байлықта болар? Әлде перзентің көп болғанында ма?

«Ақиқат бақыт» дегеніміз не? Келіңіз, осы мәселені дін тұрғысынан қарастырып көрерік!

Мына нәрсеге таңданбаңыз! Бір қызығы Қасиетті Құранда «سعادة» (са`ада - бақыт) деген сөзді таба алмайсыз. Бұл не?! Жаратушы Ие біздің бақытты болуымызды қаламайтыны ма? негізі Ислам діні адамзатты екі дүниенің бақытына жеткізу мақсатында түсірілмеді ме?

Мына пәни дүниенің өзі де, ондағы барлық жаратылған да, бәрі де өткенші. Дәл сол өткенші, уақытша болған дүниеге қол жеткізу мақсатында біз күнделікті түрлі қиыншылықпен арпалысып, сол үшін қанша ма күш-қуатымызды, тіпті бар ғұмырымызды сарып етіп жатамыз. Не үшін? Мұның мәнісі: кей жағдайда біз пәнилікті (жалғанды) мәңгі нәрсе ретінде қабылдай жатамыз. Айта кететін жайт! Негізінде мұндай келеңсіздік Ақыретке сенбеген, Қиямет күні болатын сұрақ-жауап жайында ойланбаған адамдарға тән болады. Мұндай қылықтың бір ғана көкейге қонарлық түсініктемесі болуы мүмкін: «Өлсем өлермін. Бірақ артымда атым қалады». Немесе: «Бар жиған-тергенім балаларыма қалады». Енді осыдан сұрақ туындайды: «Сонда сен пәнилік болғаннан соң 100-200 жыл өткеннен соң әлде біреу сенің есіміңді бір энциклопедиядан оқығаны ақиқат бақыт болғаны ма?» Мүмкін ақиқат бақыт дегеніміз сен о дүниелік болғанан соң ұл-қыздарын сен 5-10 жыл бойы көтерген үйіңді сатып, қаладан бес қабатты үйден үш бөлмелі пәтер сатып алғаны болар?!

Біз оқыма, ғылыммен айналыспа, ұл-қыздарыңа қараспа дейден аулақпыз. Мұның бәрі керек! Ол ол ма? Білім алып қоғамға пайдаңды тигізу, мұқтаж болғандардың қажетін өтеу – осының бәрі де сауапқа лайық іс. Бұл орындағы әңгіменің мәйегі – «Ақиқат бақыт деген не?»-деген сұраққа жауап табу.

Көздегеніміз айқын болу үшін мына сұрақтарға жауап беріп көрейік: жоғары оқу орнында оқыған біреу «бақыт білімде» деп ойласын. Сонда жоғары оқу орнында білім алмастан құрылысшы немесе қойшы бақытсыз болғаны ма? Бизнесмен біреу «бақыт дәулетті болуда» десін. Сонда тіпті арзан шетел көлігі жоқ, жұмысына автобуспен барғанның бәрі бақытсыз болғаны ма? Сондықтан бұл жерде біз кім нені «бақ» деп есептегені емес, дәл сол «ақиқат бақыт дегеніміз не?» деген мәселені қарастырамыз.

Ислам дінінде барлық мәселе Қсиетті Құран және ардақты Пайғамбарымыздың (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) сүннеті мен хадистері негізінде қарастырылады. Сондықтан біз де «ақиқат бақыт» мәселесін Құран мен хадис негізінде талқылаймыз.

Діни тұрғыдан алғанда ақиқат бақытқа, бірінші мәселеде, һидаят (тура жолды) табу болып табылады. Ал бұл жолдағы бастапқы қадамға Алла Тағаланың бар екеніне әрі Оның жалғыздығына иман келтіру жатады. Неге?

Адам баласы бір салада, мәселен ғылым саласында дейік, жоғары деңгейге жетуі ықтимал. Ол тіпті халықаралық деңгейдегі академик болуы мүмкін. Болмаса біреу аты бүкіл әлемге әйгілі инженер, хирург, адвокат немесе әлемдегі ең бай бизнесмен болды дейік. Біреудің өзгелерде жоқ қасиет-қабілеті болуы мүмкін. Алайда ол мына пәни дүниеден имансыз болып өтсе, Ақыретте оның жетістіктері мен ерекшеліктерінен не пайда?! Сондықтан да кезкелген адам ғылым ізденіп, жаңалық ашсын. Әлемдегі ең жоғары дәрежелерге жетсін. Мұның бәрі жақсы! Алайда оның бар жетістігі имандылыққа, Алла Тағалаға болған сенімге негізделуі тиіс. Болмаса пенденің лауазымы, атағы мен байлығынан не пайда?

Хақ Тағаланың қалауымен иманды бір пенде кедей, емсіз ауруға шалдыққан, жай ғана қарапайым күзетші немесе қора тазалаушы болуы мүмкін. Алайда мына мәселеде күмән жоқ! Қиямет күні Жаратушы Ие оны иманы себебінен бұл әлемдегі ең жоғары атақ пен лауазым иесі, ең бай, тіпті адамзат тарихындағы патшалардың патшасы болған, бірақ өзінің ең бастапқы міндетін, яғни Алла Тағалаға иман келтіру борышын орындамаған пенделердің әлде қайда үстем етеді. Сондықтан да һидаят тауып иманды болу – ақиқат бақ болып есептеледі.

Жоғарыда біз Құранда «سعادة» (са`ада – бақ, бақыт) деген сөз жоқ деп айттық. Алайда дәл сол Құранда «бақытты» деген сөз бар!

Алла Тағала айтады:

"وَأَمَّا الَّذِينَ سُعِدُوا فَفِي الْجَنَّةِ"

«Ал енді бақытты болғандар жаннаттық болады». («Һуд» сүресі, 108 аят)

Міне, ақиқат бақыт дегеніміз осы емес пе?!

Мына пәни дүниенің қай ең таңдаулы деген ләззаты мәңгі жәннаты болумен теңесе алады? Жәннаттың өзі де, ондағы шексіз рахат-ләззат та – мәңгі. Ал мына өткенші дүниенің қайсы жаратылғаны күннен-күнге жақсара әрі жаңара түседі? Автокөлік, тіпті ең қымбаты болсын, бұзылады. Киім тозады. Ас бұзылады. Ал біз қартайғанның үстіне қартая түсеміз. Ал жәннатта болудың шегі жоқ әрі ондағы нығметтің бәрі таңдаулы әрі ләззатты бола бермек.

Дегенмен бұл дүниеде бақыт жоқ деп ойлаған дұрыс емес. Мына пәни дүниеде де бақыт бар! Ол – шариғат бұйырған ізгі амал істеу бағы. Өйткені Ақырет үшін істеген жақсылық есімің бір энциклопедияда жазылумен немесе ұл-қыздарыңа бір пәтер алып берумен тәмамдалмайды. Ол өз жалғасын Аллаһ Тағаланың разылығына лайық болып, жәннаты болу ісінде жалғасын табады.

Иә! Мына пәни дүниеде бақ бар! Ол – Хақ Тағалаға шын иман келтіріп, сол иманның нышаны болған сауапты амал істеу. Бұл мәселеге қатысты Хақ Тағала былай деді:

"وَبَشِّرِ الَّذِينَ آمَنُوا وَعَمِلُوا الصَّالِحَاتِ أَنَّ لَهُمْ جَنَّاتٍ تَجْرِي مِنْ تَحْتِهَا الأَنْهَارُ كُلَّمَا رُزِقُوا مِنْهَا مِنْ ثَمَرَةٍ رِزْقًا قَالُوا هَذَا الَّذِي رُزِقْنَا مِنْ قَبْلُ وَأُتُوا بِهِ مُتَشَابِهًا وَلَهُمْ فِيهَا أَزْوَاجٌ مُطَهَّرَةٌ وَهُمْ فِيهَا خَالِدُونَ"

«Иман келтіріп, ізгі іс істегендерді қуандыр! Расында олар үшін астарынан өзендер ағатын жәннәттар бар... Сонымен қатар олар үшін онда пәк жұбайлар да бар. Олар онда мәңгі қалады». («Бақара», 25 аят)

Рас! Мына өткенші дүниеде бақыт бар! Ол – Аллаһ Тағаланың қаһарынан қорқып күнадан тыйылу. Мұның нәтижесі:

"رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمْ وَرَضُوا عَنْهُ ذَلِكَ لِمَنْ خَشِيَ رَبَّهُ"

«Алла Тағала олардан, ал олар Алла Тағаладан разы болады. Міне осы сыйлық – Раббыларынан қорыққандар үшін». («Бәйина», 8 аят)

Хақ Тағала бір пендесінен разы болса, сол пендесін тозақы ете ме? Әрине тозақы еетпейді! Ал тозақ азабынан азат аман болу ақиқат бақыт емес пе?!

Иә! Мына жалған дүниеде бақыт бар! Ол – мешкейлікте емес, бәлкім ауыз бекітуде.

Бір ғажабы, кейде ауыз бекітпеген біреу жаздың шілдесінде ораза ұстағандарды мүсіркегенін байқайсың. Ал негізінде мүсіркегенге дәл сол ауыз бекітпегендер лайық. Неге? Себебі олар нәпсінің құлдығында жүрген біреулер. Сондықтан да олар бар болғаны таңатқаннан күн батқанға дейін ауыз бекіте алмайды. Сол себептен олар ауыз ашудың ләззатын әрі Аллаһ Тағалаға деген шексіз шүкіршілік пен сүйіспеншіліктің шарбатын сезіне алмайды. Мнымен іс бітпес! Олар «Раййан» атты жәннатқа кіруден мақұрым қалады. Ал дәл сол Раййан жәннатына кіруді тіпті жәннаты болғандардың өздері аңсамай ма? Сондықтан қасиетті Рамазан айында мұсылмандығының дәлелі ретінде ауыз бекіту – осы дүниедегі бақ емес пе?!

Рас! Мына жалғанда бақытқа орын бар! Оның мәнісі байығанның үстіне баю емес, бәлкім Хақ Тағаланың саған сынақ ретінде бергенін жақсылық жолына жұмсау. Дәл осыған қатысты Алла Тағала былай деген:

"وَيُطْعِمُونَ الطَّعَامَ عَلَى حُبِّهِ مِسْكِينًا وَيَتِيمًا وَأَسِيرًا إِنَّمَا نُطْعِمُكُمْ لِوَجْهِ اللَّهِ لا نُرِيدُ مِنكُمْ جَزَاء وَلا شُكُورًا... فَوَقَاهُمُ اللَّهُ شَرَّ ذَلِكَ الْيَوْمِ وَلَقَّاهُمْ نَضْرَةً وَسُرُورًا"

«Олар өздері қажетсініп тұрса да міскін, жетім және тұтқындарды тамақтандырып: «Шын мәнінде сендерді Алла Тағаланың ризалығы үшін тамақтандырамыз әрі бұл үшін сендерден төлем немесе алғыс тілемейміз»-дейді... Соның есесіне Алла Тағала оларды Ақырет күнінің апатынан сақтап, жарқын жүзді етіп қуанышқа бөлейді». («Инсан», 8-11 аят)

Иә! Мына пәни дүниеде бақыт бар! Ол – жамағатпен бірге болуда. Бұл мәселеге қатысты Расулуллаһ(Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  былай деген:

"إِنَّ الشَّيْطَانَ ذِئْبُ الإِنْسَانِ، كَذِئْبِ الْغَنَمِ يَأْخُذُ الشَّاةَ الْقَاصِيَةَ وَالنَّاحِيَةَ، فَإِيَّاكُمْ وَالشِّعَابَ، وَعَلَيْكُمْ بِالْجَمَاعَةِ وَالْعَامَّةِ وَالْمَسْجِدِ"

«Шын мәнінде шайтан адам үшін қойды жейтін бөрі тәрізді. Ал, бөлінген қойды бөрі жейді. Өзгелерден бөлінуден сақтанып, мешіттерде жамағатпен, көпшілікпен болыңдар». («Әл-Жәмиъус-Сағир», 2022)

Дана қазақ бұл айтылғанның мәнісін: «Көппен көрген – ұлы той»-деп жеткізген.

Шын мәнінде мына дүниеде бақыт бар! Ол – барына шүкіршілік, азына қанағат ету.

Бірде Омар (Оған Алла разы болсын)  Нәбидің (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)үйіне келіп, Ол шидің үстінде жатқанын көріп қалады. Нәбидің (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) үстінен шидің ізін байқаған Омар (Оған Алла разы болсын) жылап жібереді. Расулуллаһ (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа Омар! Сен неге жылайсың?»-деп сұрағанда, ол: «Уа Расулуллаһ! Жылмай қайтейін? Парсылар мен византиялықтардың патшалары жібек пен қамқа да жатса. Ал Сіз Алла Тағаланың елшісі бола тұрып денегізге батқан жай шидің үстінде ұйықтайсыз»-деп жауап береді. Сонда Расулуллаһ (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  Омарға (Оған Алла разы болсын): «Уа Омар! Көзіңді тый! Оларға осы дүниеде берілсе, бізге о дүниеде нәсіп болады. Мен бар болғаны талдың көлеңкесінде демалып, көп кешікпей сапарын жалғастыратын жолаушыға ұқсаймын»-дейді. («Мажмаъуз-Зауаид», 18300)

Сондықтан да «бұл дүниенің бақыты дәулетті болуда» деп, бай болу мақсатында жалғанға барып, айналасындағыларды тонап, өлтіріп, қанағандар қатты қателеседі. Ол ол ма?! Олар тіпті осындай жолмен «тапқандарына» сүйсіне қарап: «Міне өмір! Міне бақ! Жолым болды»-деп ойлайды. Ал шын мәнінде олар бар болғаны Қиямет күнін әрі мына нәрсені ұмытып жатқанымен жұмысы жоқ. Расулуллаһ (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтады:

لاَ تَزُولُ قَدَمَا عَبْدٍ يَوْمَ القِيَامَةِ حَتّى يُسْأَلَ عَنْ عُمْرِهِ فِيمَ أَفْنَاهُ، وَعن عِلْمِهِ فِيمَ فَعَلَ، وعن مَالِهِ مِنْ أَيْنَ اكْتَسَبَهُ وَفيمَ أَنْفَقَهُ، وعن جِسْمِهِ فِيمَ أَبْلاَهُ"

«Қиямет күні пенде қалай өмір сүргені, қаншалықты іліміне сай амал еткені, дүниесін қалай тауып, оны не нәрсеге жұмсағаны және денесін қандай жолда пайдаланғаны жайында сұралмайынша, орнынан қозғала алмайды». («Тухфатүл-Ахуази», 2462)

Иә! Бұл дүниенің бақыты – Ақыретке ұмтылу. Себебі Алла Тағала Ақыретке ұмтылған пендесінің пейілін бай етеді. Нәтижеде ондай пенде мал табу мәселесінде талғамшыл болады. Ал: «Қандай жолмен болмасын әйтеуір байысам болады»-дейтіндердің құлақтарына алтын сырға! Расулуллаһ (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) айтады:

"مَنْ كَانَتِ الدُّنْيا هَمَّهُ، فَرَّقَ اللهُ عَلَيْهِ أَمْرَهُ وَجَعَلَ فَقْرَهُ بَيْنَ عَيْنَيْهِ، وَلَمْ يَأْتِهِ مِنَ الدُّنْيَا إِلاَّ مَا كُتِبَ لَهُ، وَمَنْ كَانَتِ الآخِرَةُ نِيَّتَهُ، جَمَعَ اللهُ لَهُ أَمْرَهُ وَجَعَلَ غِنَاهُ فِي قَلْبِهِ، وَأَتَتْهُ الدُّنْيَا وَهِي رَاغِمَةٌ"

«Алла Тағала бар мақсаты осы дүние болғанның бар ісін машақатты етіп, кедейшілікті оның көз алдына әкеп қояды. Нәтижеде оған тағдырына жазылғаннан артық дүние нәсіп болмайды. Сонымен қатар, Хақ Тағала Ақыретке ұмтылғанның бар ісін оңдап, жүрегін бай етеді. Ал, дүние оған қорланған күйде келеді». («Сунәну Ибн Мажәһ», 4105)

Тағы бір ескерту! Дәл сол нәпсіні қызықтырған сымбат аруға ұқсаған дүние Ақыретте мыжырайған кемпір бейнесінде келіп Алла Тағаладан: «Мені бір пендеңнің мүлкі етші»-деп өтінгенде, Хақ Тағала: «Мен сені пенделеріме пәни дүниеде лайық көрмеген едім. Енді олар жәннаты болғанда сені соларға лайық көреді деп ойлайсың ба?»-деп жаап береді.

Рас! мына пәни дүниеде бақыт деген нәрсе бар! Ол - бай бизнесмен немесе шоу-бизнес жұлдызымен емес, бәлкім құдайшыл, тақуа пенделермен сұхбаттасу. Рас, сенің бір құдайшыл пендемен сұбаттасуың өзгелердің назарында бір діреже-мәртебе болмас. Алайда құдайшыл пенде саған Ақырет үшін пайдалы насихат беріп, сол арқылы Жаратушы Иенің разылығына лайық етері сөзсіз.

Дәлел керек пе?

Расулуллаһ (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

"الْمَرْءُ مَعَ مَنْ أَحَبَّ"

«Пенде осы дүниеде кімді жақсы көрсе, Ақыретте сонымен бірге болады»-деген. («Кәшфүл-Хафа», 2284)

Ал енді шоу-бизнес жұлдыздарының бірі сізге қолтаңбасын сыйлай тұрып сізге «тақуа бол» десе жақсы-ақ! Алайда... бұл «das ist fantastisch»!

Теледидардан әсіре жанкүйерлер табынардай болып әспеттелетін пірін (жұлдызын) көріп әкесі дүниеден өткендей жылап, үстіндегі киімін жыртып жатқанын көресің. Сол «жанпидашылардың» (жанкүйерлердің) бірі науқастанып қалсыншы, дәл сол пірі оның жағдайын барып сұрамайды, тіпті оның мына пәни дүниеде бар екенін де ойламасы анық. Жағдайын сұрағанын қойя бер! Дәл сол аңыраған топтың ішінде сол жанкүйерін байқай ма десеңші?! Бұл айтылған осы дүниеге қатысты. Ал болары ақиқат болған, тіпті нәресте баланың шашын ақ ететін Ақырет күні сол жұлдыз өзінің жанкүйеріне не бермек? Шапағатын ба...?! қалайша?!

Рас! мына пәни дүниеде бақыт бар! Ол – пенденің Алла Тағаланың назарында дәрежесін көтеретін тасбих. Дінді үйренуде. Әрбір әрпі сауап нәсіп ететін Құранды оқуда. Қартайған ата-анаға қамқорлық етуіңде. Ұл-қызыңды Отанына, қоғамға адал ететін мұсылман етіп тәрбиелеуде. Жаратушы Иеңнің талабына бойсұнуыңда.

Біреулер үшін дін тым машақатты болып көрінеді. Алайда олардың машақатты деп есептеген діннен пендеге пайдадан өзге нәрсе жоқ!

Ибраһим пайғамбардың (Оған Алланың сәлемі болсын) тарихына қараңыз! Мушриктер Ибраһимді (Оған Алланың сәлемі болсын)  лаулап жанған отқа тастап жатып оны азаптап жатырмыз деп ойлады. Ал ақиқатында пенделердің емес, Алла Тағаланың дегені болды емес пе?! «Дін» дегеніміз – Алла Тағалаға бойсұну, дінде табанды болу. Ибраһим(Оған Алланың сәлемі болсын) : «Енді қайтейін! Жанып кететін болдым-ау»-деп зарламады. Керісінше, ол иманында берік болды. Соның есесіне Хақ Тағала: «Уа от! Ибраһимге салқын әрі зиянсыз бол»-деп бұйырып отты залалсыз етіп оймады ма? («Әнбия», 69 аят)

Ибраһим мен Исмаилдің (Оған Алланың сәлемі болсын) оқиғасын қараңыз! Алла Тағала Ибраһим пайғамбарға(Оған Алланың сәлемі болсын)  80 жастан асқан шағында көрген жалғыз ұлын байыздауды бұйырды. Бұл бір сынақ еді. Сол сынақта Ибраһим пайғамбар(Оған Алланың сәлемі болсын)  Алла Тағаланың әміріне бойсұнып Исмаилды(Оған Алланың сәлемі болсын) құрбандыққа шалғаны не болды? Адамзат адам баласын бауыздау қасіретінен құтылды. Бұл бір үлкен мейрам еді. Оның үлкен мейрам болғаны соншалық, тіпті осы күнге дейін соны Құрбан айт ретінде тойлап келмейміз бе?

Біреу бай болғанына қуанады. Алайда күндердің күнінде ол сол байлығынан айырылып кедей болып қалмай ма? Тіпті бай болып көз жұмғанның өзінде Ақыретте Жаратушы Иенің жарылқауына мұқтаж болған бишара күйде тұрмай ма? Сонда «мен баймын» дегені қайда қалады?

Біреу сұлу бойжеткенге үйленетінін бақ тұтады. Алайда: «Қыз кезінде бәрі жақсы, жаман әйел қайдан шығады»-дегендей болып қалмасқа кім кепіл.

Жоғарыда айтылғаннан былай деп қортынды етсе болады: мына пәни дүние әрі ондағының бәрі - өткенші. Сондықтан да қазақ бабаларымыз дүниені «жалған» деп дөп сипаттаған. Алайда дәл сол пәни дүниеде екі дүниеде де аса бағаланатын нәрсе бар. Ол – Хақ Тағаланың дидарына лайық болу бақыты. Егер бұл өтірік болса, оны айтыңыз!

Тұжырым ретінде

Назарларыңызға «тағдыр» және «бақыт» мәселелеріне қатысты хадисті ұсынамыз. Алла Тағала баршамызға сонда айтылғанның дұрыс ұғымын нәсіп етсін. Әмин!

Әбу Әл-Аббас Әл-Мустағфири (Оған Алла разы болсын) айтады:

«Мен ілім алу мақсатымен Мысырға, имам Әбу Хамид Әл-Мысриге бардым. Мен одан Халид ибн Уалидтен (Оған Алла разы болсын жеткен хадисті айтып беруді өтінгенімде ол маған бір жыл бойы ораза ұстауды бұйырды. Мен ол айтқандай бір жыл бойы ауыз бекітіп, кейін өз өтінішімді қайта айтқанымда, ол маған былай деді: «Халид ибн Уалид (Оған Алла разы болсын былай деп риуаят етті: «Бірде Нәбиге (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір адам келіп: «Мен сізден дүние мен Ақыретке байланысты бір мәселелерді сұрайын деп келдім»-деді. Расулуллаһ(Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сұра»-деді.

- Уа Расулуллаһ! Мен адамдардың ең білімдары болуды қалаймын.

- Онда тақуа бол! Сонда сен адамдардың ең білімдіс боласың.

- Мен адамдардың ең дәулеттісі болғым келеді.

- Азға қанағат ет! Сонда адамдардың ең байы сен боласың.

- Мен адамдардың ең жақсысы болуды қалаймын.

- Адамдардың ең жақсысы - өзгелерге пайда келтіргені. Олай болса озгелер үшін пайдалы бол.

- Мен адамдардың ең әділі болғым келеді.

- Өзіңе тілегенді өзгелерге тіле. Сонда адамдардың ең әділі боласың.

- Мен Алла Тағалаға ерекше жақын болуды қалаймын.

- Ондай болса хақ тағаланы көп зікір ет. Сонда Алла Тағаланың ерекше құлына айналасың.

- Мен Алла Тағалаға Оның алдында тұрғандай күйде құлшылық еткім келеді.

- Онда Хақ Тағаланы көріп тұрғандай құлшылық ет. Тіпті сен Оны көрмесеңде, Ол сені көріп тұрғанынжадыңнан шығарма.

- Мен иманым кәміл болғанын қалаймын.

- Онда көркем мінезді бол. Сонда иманың кәміл болады.

- Мен Хақ Тағалаға толық бойсұнғандардың қатарында болуымды қалаймын.

- Онда Алла Тағаланың бар бұйырғанын орында. Сонда Алла Тағалаға толық бойсұнғандардың қатарында боласың.

- Мен Хақ Тағаламен күнәм болмаған күйде жүздесуді қалаймын.

- Онда жүнуб болған жағдайда үнемі ғұсыл ет. Сонда Ақыретте Алла Тағаламен күнәң болмаған халде кездесесің.

- Мен Ақыретте нұрланып тұруды қалаймын.

- Онда өзгелерге зұлымдық етпе! Сонда қиямет күні нұрланып тұрасың.

- Раббым мені рахметіне бөлеуін қалаймын.

- Онда өзгелерге рақымды бл. Сонда Раббыңның рахметіне лайық боласың.

- Мен күнәм аз блуын қалаймын.

- Онда үнемі истиғфар айтып жүр. Сонда сенің күнәң кемиді.

- Мен адамдардың ең құрметтісі болғым келеді.

- Онда қажетіңді жаратылғандарға емес, Алла Тағалаға айт. Сонда адамдардың ең құрметтісі боласың.

- Мен несібемнің берекелі болуын қалаймын.

- Онда үнемі дәретті бол. Сонда несібең берекелі болады.

- Мен Алла Тағала мен Оның елшісінің сүйіспеншілігіне лайық болғым келеді.

- Онда Алла Тағала және Оның елшісі жақсы көргендерді жақсы көр. Олар жеккөргенді сен де жекөр.

- Мен Алла Тағаланың қаһарынан аман болуды қалаймын.

- Онда басқаларға ашуланба. Сонда Алла Тағаланың қаһары мен жазасынан аман боласың.

- Мен дұғам қабыл болуын қалаймын.

- Онда харамнан аулақ бол! Сонда дұға-тілегің қабыл болады.

- Мен Алла Тағала мені басқа жаратылғандардың алдында масқараламауын қалаймын.

- Онда зинаға жолама.

- Мен Алла Тағала менің айыптарымды жасыруын қалаймын.

- Онда бауырларыңның айыптарын ашпа. Сонда Алла Тағала сенің айыптарыңды әшкере етпейді.

- Менің күнәмді не жуып-шаяды?

- Сенің көз жасың және ауырғаның.

- Алла Тағаланың назарындағы ең абзал қандай амал?

- Көркеммінезділік, кішіпейілдік, сабырлық және тағдырға деген разылық.

- Алла Тағаланың назарындағы ең ауыр қандай күнә?

- Жаман мінез-құлық пен сараңдық.

- Алла Тағаланың қаһарын не басады?

- Жасырын берілген садақа әрі туыстық қарым-қатынас.

- Тозақтың отын не сөндіреді?

- Раза». («Канзүл-Ъүммәл», 44154)

Абдусамат МАҚАТ

Published in ҒИБРАТНАМА
Жексенбі, 19 Қараша 2017 15:53

Осындай әйел жақсы!.

1.Таңертең төсегінен күліп оянған әйел жақсы. 

 2.Еңсесін асқақ, иінін тік ұстап, иіліп сәлем беріп тұратын әйел жақсы.

 3.Жанұясына жарық сәуле шашып, жылу беріп, береке, құт болып тұратын әйел жақсы. 

4.Шашын күземей, бетін боямай, табиғи өзінің түр түсін сақтап жүрген әйел жақсы. 

5.Барға мастанбай, жоққа жасымаған әйел жақсы. 

6."Еңбек ету бақыт, адамның жауы жалқаулық,"- деп балаларын адал еңбекке баулыған әйел жақсы. 

7."Жетім жесірді, кемтар, мүгедекті келеке етпе, пейіл құлқы бұзылған адамға жолама"- деп балаларына дұрыс жол көрсетіп отырған әйел жақсы. 

8.Күйеуін аялап, әлпештеген, жан дүниесін түсініп, арқа сүйері болған әйел жақсы. 

 9.Күйеуінің қабылдаған шешімдерін қолдаған және отбасының ортақ мақсаттарына жетуде қолғабыс болған әйел жақсы. 

10.Отбасының ұйытқысы болып, әдемі келбетін, әр кез жасына сай әдемі көрінісімен, әдемі қартая білген, екі елі ауызына ие болған, орынды сөйлеп, көп тыңдаған әйел жақсы.

Published in ҒИБРАТНАМА

Бір күні Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) таң намазын оқуға шығады, ал әйелі болса үйде құлшылық етіп қалады. Бұл күні Ол (с.а.у.) әйелі Жууайрия бинт әл-Харисте (р.а.) қонған болатын.

Ол духа намазының уақытында үйіне қайтып оралғанда әйелін таңертең құлшылық етіп қалған орнынан табады. «Сен әлі таңертеңгі қалпыңдасың ба?» - деген сұрайды. Жууайрия мақұлдап: «Иә», - деп жауап береді.

Сонда отбасына, достарына, барша үмбетке қамқор болған сүйікті Пайғамбарымыз (с.а.у.) келесі дұғаны үйретіп, былай дейді:

 «Сенен шыққанда, сенің осы уақытқа дейін зікір етіп отырған сөздеріңнің бәрінен артық түсетін төрт сөзді үш рет қайталадым»,- дейді:

سُبْحَانَ اللهِ وَبِحَمْدِهِ عَدَدَ خَلْقِهِ، وَرِضَا نَفْسِهِ وَزِنَةَ عَرْشِهِ، وَمِدَادَ كَلِمَاتِهِ

СубханАлла уа бихамдиһ:  a'дадә халкиһ, уа рида нафсиһ, уа зинәтә а'ршиһ, уа мидәәдә кәлимәәтиһ!

“Алланың жаратқандары қанша өмір сүрсе, оған Оның қалауынша қанша рет қажет болса, сонша рет мадақ, сонша рет шүкір болсын! Осы дәріптеулер мен мадақтардың салмағы Оның аршысының салмағына тең болсын және Оның сөздерін жазу үшін қанша сия қажет болса, сонша сия болсын !” (Мүслім).

Міне, Пайғамбарымыз (с.а.у.) жарты минутын да кетірмей 3 рет қайталаған осы дұғасы тақуалардың анасы Жууайрияның (р.а.) бірнеше сағат жасаған құлшылығынан да мол сауапқа кенелтеді.

Бұл дұғаның күшін тереңірек түсіну үшін әрбір сөзін бүге-шігесіне дейін түсіндіріп көрейік. Екі дүние сардары Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) бұл дұғаны:

«СубханАлла», - деген сөзбен бастаған. Әдетте бұл «Аллаға Мадақ», - деп аударылады. Бұл зікірді келесідегідей түсіндіруге болады:

 «Уа, Алла, қара ниетті әрі надан адамдар саған телитін кез келген кемшіліктен, кез келген өтіріктен және кез-келген байланыстан немесе кез келген жаратылысқа ұқсаудан Сен адасың, пәксің». Осылайша, Аллаға телінетін кез келген жағымсыз қасиеттер жоққа шығарылады.

Содан кейін ол «уа бихамдиһ», - деп айтқан. Оның мағынасы: «Уа, Алла! Сен дәріптеуге барынша лайықсың». Осы дәріптеу арқылы біз Алланың бірлігін, бірегейлігін, күшін, құдіретін, Оның барлық көркем есімдерін және Оған тән мадақтарды айтамыз!

Осылайша, біз Аллаға тән барлық жағымды қасиеттерді айтамыз. Одан әрі дұғада Аллаға тән жағымды қасиеттерді дәріптеу және жағымсыз қасиеттерді жоққа шығару сипаттары мен түсіндірулері айтылады.

Дұғаның екінші бөлігін жақсы түсіну үшін, мысал келтірейік. Бір бала ата-анасына: «Мен сіздерді жақсы көремін»,- десе, екінші біреуі ата-анасын қалай қатты жақсы көретінін сипаттай отырып, былай айтады: «Мен сіздерді өте қатты жақсы көремін! Аспандағы жарқырап тұрған күндей қатты жақсы көремін! Ал менің сүйіспеншілігім аспаннан да биік!». Екеуі де өз сезімдерін білдіруде, бірақ, әлбетте, екінші бала барынша мықты сезімдермен жеткізген.

+.«Оның жаратқандары қанша өмір сүрсе, сонша рет мадақ болсын»(а'дада халқиһ). Мұның қандай көп екенін түсінесіздер ме?! Бұл әрбір адам, әрбір жын, әрбір періште, әрбір жануар, әрбір тіршілік иесі, әрбір тірі емес табиғаттағы зат, шөлдегі әрбір құм мен мұхиттағы тамшы су ғой! Әрбір жұлдыз бен әрбір өсімдік! Бір сөзбен айтқанда, әрбір бізге белгілі әрі белгісіз жаратылғандар! Алла Ұлық!

+.«Оның қалауынша қанша рет болса, сонша рет мадақ болсын» (уа рида нәфсиһ). Мұның мағынасы: «Уа, Алла! Сенің қалауыңша Сені сонша дәріптеймін де мадақтаймын». Бұл қолжетерлік мақсаттардың аса үлкені, мүмкін болар қарқынның аса зоры!

+.«Осы дәріптеулер мен мақтаулардың салмағы Оның Аршысының салмағына тең» (уа зината а'ршиһ). Алла аршысы көлемінің қандай зор екенін елестетіп көріңізші! Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) былай айтқан: «Аршыны көтеріп жүретін Алла періштелерінің бірі туралы менің айтып беруіме рұқсат берілген болатын. Асылында, оның құлақ сырғалығынан иығына дейінгі аралық жеті жүз жылды құрайды!» (Әбу Дәуд). Алла Аршысы қандай үлкен десеңізші, Алла Ұлық!

+.«Оның сөздерін жазу үшін қанша сия қажет болса!»(уа мидаада кәлимаатиһ). «Оның сөздері» - бұл Оның өсиеті, Оның ұйғарымы, Оның барлық ілімі, соның ішінде, жасынды білу ілімі әрі жер бетінде және теңізде болып жатқан нәрселерді, сондай-ақ, ағаштан түскен әрбір жапырақты білу ілімі.

Қасиетті Құранда Алла Тағала былай айтқан: «Рас егер жер жүзіндегі ағаш атаулы қалам, теңіз (сия болып), одан кейін оған тағы жеті теңіз көмектесіп, (жазса да) Алланың сөздері таусылмайды. Күдіксіз Алла, өте үстем, хикмет иесі» (31:27)

Аталмыш төрт теңеулер туралы ойланған сайын, бұл дұғаның күшін көбірек сезіне түсеміз әрі сол үшін Алладан барынша хайыр аламыз. Осы дұғаны әр күні таңертең үш рет қайталауды ұмытпаңыз және басқаларға да айтыңыз, олар да дұғаны айтып жүрсін.

Published in МАҚАЛАЛАР

Сахаба Əбу Дарда (оған Алла разы болсын) Алла Елшісінің(Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) былай деп айтқанын риуаят еткен: «Кім əрбір таңда жəне кеште жеті мəрте мына сөздерді айтса:

Маған Алла жетіп артады. Одан басқа құлшылыққа лайықты (ешбір) құдай жоқ.Тек Оған ғана мен тəуекел еттім. Сондай-ақ, Ол - ұлы 'аршының Раббысы

حَسْبِيَ اللّهُ لا إِلَهَ إِلاَّ هُوَ عَلَيْهِ تَوَكَّلْتُ وَهُوَ رَبُّ الْعَرْشِ الْعَظِيمِ

 

Хəсбия-Ллаhу лə илəhə иллə hу-уə ‘əлейhи тəуəккəлту уə hууə Раббул-‘аршил-‘азыйм

Алла Тағала оны осы дүниенің жəне ахиреттің уайымынан құтқарады». [ Əбу Дауд 5081 ; Ибн Сунни 71 ]

|darulahnaf | دار الأحناف]

Published in МАҚАЛАЛАР

Пайғамбар  (с.ғ.с.)  пырақпен миғражға ұшқанда Аршыдан өтіп, шексіз, үлкен дарияға тап болады. Сол жерге келгенде пырақ:

– Ей, Мұхаммед, мына дариядан мен түгіл, бірде-бір періште өте алмайды. Дарияның шеті жоқ, шегі жоқ. Ұшқан мақұлық дарияның ортасына да жете алмайды. Сондықтан мен ары қарай алып өте алмаймын, – дейді. Мұхаммед(с.ғ.с.)  пырақты қоя беріп, дарияның жағасына келгенде, Жебірейіл періште жайнамаз әкеледі.

– Ей, Мұхаммед, мына жайнамазға отырсаң, ол сені демде дариядан өткізеді. Алланың дәргейіне жеткізеді, – дейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.)  жайнамазға мініп, екі рәкәт намаз оқиды. Жайнамаз ұша жөнелді. Көзді ашып-жұмғанша оны дарияның арғы бетіне жеткізіп, Алланың дәргейіне әкелді. «Намаз – мұсылманның миғражы» деген нақыл сөз осыдан қалса керекті. Пайғамбар(с.ғ.с.)  жайнамазды тастамай, үмбетіне ала келіпті.

Тәңірі Тағала ақ дастархан жайып, досын күтіп алады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.)  дастархан басына жайғасады. Күллі періште қызмет етуді мәртебе санайды.
Сол кезде Ұлық Алла періштелеріне:

– Менің сүйікті пайғамбарымның шынтағы мамыққа тисін, – дейді. Періштелер пайғамбарымыздың оң иығына жастық әкеліп қойыпты. Содан бастап мұсылман қауымында қонаққа жастық ұсынатын дәстүр пайда болады. Қазақтар жастықты миғраждан келген киелі зат деп сенеді. «Жастықты астыңа басып отырма», «жастықты теппе» дейтіні содан екен.
Алла Тағала пайғамбарға:

– Достым, не қалайсың? Бүгін сұрағаныңның бәрін беремін. Мен сені екі дүниенің нығметіне қатар бөлеймін. Мына дастархандағы ас-ауқат жаннәттің ең асыл тағамдарынан саған арнайы дайындалып жасалған. Дастарханнан дәм ал, – дейді. Сол кезде Мұхаммед (с.ғ.с.)   пайғамбар:

– Менің үмбетім де осы дастарханнан үлес ала ма? – деп сұрайды.

– Жоқ, тек саған ғана. Мен бұл тағамдарды сенің бір өзің үшін ғана әзірлеттім.

– Олай болса, үмбетіме бұйырмаған астан тойып ішуге менің ар-ұятым жібермейді, – деп, дәмге қол созбай отырып алыпты.

– Онда мына дастарханды берейін. Ішіне ырыс, дәулет, берекені жасырдым. Үмбетіңе айт. Егер дастарханын таза ұстап, адал асқа ғана жаятын болса, күллі ырысты сол дастархан арқылы табылады.
Пайғамбар дастарханды өзімен берге миғраждан ала келген екен. Үмбеттеріне «шаңыраққа береке кірсін десеңдер, дастарханға арам ас жолатпаңдар, аяқасты етпеңдер» деп өсиет қалдырыпты.
Миғраждан қайтар сәтінде Ұлық Алла періштелеріне:

– Мұхаммедтің иығына зүміреттен жасалған шапан жабыңдар. Басына сәлде ораңдар. Сәлде ер үмбетінің қорғаны болсын, – дейді. Періштелер пайғамбарға салтанатымен зерлі шапан жабады, басына сәлде орайды. Сол кезде пайғамбар:

– Сәлде ердің қорғаны болса, әйелдің қорғаны не болмақ? – деп сұрапты. Ұлық Алла:

– Әйел затты үмбетіңе орамал беремін. Орамалы олардың әрі көркі, әрі қорғаны, әрі иба-әдебі болады, – депті.

Миғраждағы осы оқиғадан соң қазақ арасында құрметті қонағына шапан жабу, басына бөрік кигізу, әйел адамға «орамал тон болмайды, жол болады» деп, ақ орамал сыйлау сияқты салттар орныққан.

Пайғамбар (с.ғ.с.)   миғраж сапарынан мұсылман үмбетіне тоғыз түрлі қасиетті зат ала келіпті. Олар:

-жастық,

- дастархан,

 -шапан,

 -сәлде,

-орамал,

 -жайнамаз,

-сәлемдесу үлгісі,

-Құран,

-намаз екен. Мұны «пайғамбардың базарлығы» деп атайды. Ел арасында Құранды құрметтеу, дастарханды баспау, киім-кешекті, бас киімді, орамалды аяқасты етпеу, жастықты, жайнамазды қадірлеу сияқты ырымдар осыған орай шығыпты...

Бірде Иса ғ.с. пайғамбар намаз оқып тұрған Ібілісті көріпті. Астына жайнамаз төсеп алыпты. Иса ғ.с.:

– Әй, малғұн, сен намаз оқитын болғансың ба? – деп сұрайды.

– Білмеуші ме едің? Мен қырық мың жыл періштелерге ұстаздық еттім. Жүз мың жыл Аллаға құлшылық қылдым. Бұл сонан қалған әдет қой, – дейді. Иса (ғ.с.):

– Намазды әдет қылғаннан Құдай сақтасын. Жайнамазды қайдан алдың? – дейді.

– Ашық тұрған жайнамазда мен намаз оқимын, – деп жауап қатыпты.
Содан бастап жайнамазды жауып жүру, шетін қайырып қою туралы тыйымдарқалыптасыпты...

Published in МАҚАЛАЛАР

Алла Тағала шошқа етінің харам екендігін Құранда былай баяндайды:

قُل لَّآ أَجِدُ فِي مَآ أُوحِيَ إِلَيَّ مُحَرَّمًا عَلَىٰ طَاعِمٖ يَطۡعَمُهُۥٓ إِلَّآ أَن يَكُونَ مَيۡتَةً أَوۡ دَمٗا مَّسۡفُوحًا أَوۡ لَحۡمَ خِنزِيرٖ فَإِنَّهُۥ رِجۡسٌ أَوۡ فِسۡقًا أُهِلَّ لِغَيۡرِ ٱللَّهِ بِهِۦۚ فَمَنِ ٱضۡطُرَّ غَيۡرَ بَاغٖ وَلَا عَادٖ فَإِنَّ رَبَّكَ غَفُورٞ رَّحِيمٞ  

 «(Уа, Пайғамбар!): «Маған уахи етілгеннің ішінде азықтанған жанға өлік, аққан қан, шошқаның еті – өйткені ол лас нәрсе немесе Алладан өзге үшін шалынған пасықтықтан [малдан] басқа нәрсенің харам етілгенін таппадым» деп айт. Ал кім тыйымға қарсы шықпай әрі шектен аспай (харамды жеуге) мәжбүр болса, онда Раббың – Аса Кешірімді һәм Мейірбан!»[1].

 Ал есектің еті туралы Жәбірден жеткен риуаятта ол былай дейді: «Хайбарды алған күні Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үй есегінің етін жеуге тыйым салып жылқы етін жеуге рұқсат етті» (аль-Бухари 4219, Муслим 1941).

Доңыз және есек етінің харам болуының негізгі себебі нәжістігінде, ластығында. Мұның өзі тыйым салуға жеткілікті.

Алла Тағала Құранда былай дейді: وَيُحِلُّ لَهُمُ ٱلطَّيِّبَٰتِ وَيُحَرِّمُ عَلَيۡهِمُ ٱلۡخَبَٰٓئِثَ ...   

 «Оларға жақсы нәрселерді халал етіп, лас нәрселерді харам ететін»[2].

Ибн Кәсир кейбір ғалымдардың сөзін жеткізіп былай дейді: «Алланың халал еткен нәрселерінің әрбірі жақсы саналады әрі ол адам баласының ағзасы мен дініне пайдалы. Ал әрбір харам еткен нәрсесі лас есептеледі әрі ол адам ағзасы мен дініне зиян келтіреді»[3].

Ендеше шошқа мен есектің еті лас әрі адам ағзасына зиян болғандықтан харам етілген. Алла толық білуші.

[1] «Әнғам» сүресі, 145-аят.

[2] «Ағраф» сүресі, 157-аят.

[3] Ибн Кәсир, «Тәфсиру әл-қурани әл-Азим», 2/264.

Источник: http://fatua.kz/kz/post/view?id=824

Published in СҰРАҚ-ЖАУАП
Page 1 of 3
Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы