Items filtered by date: Желтоқсан 2017

«Құлақ сал, ұлым. Бұл сөздерді сен ұйықтап жатқанда айтып жатырмын; Сен кішкентай қолыңды жастанып, қырыңнан жатырсың, ал сап-сары шаштарың терлеген маңдайыңа жабысып қалыпты. Мен өзім тыныш ғана бөлмеңе жасырын кірдім. Бірнеше минут бұрын жұмыс бөлмемде газет оқып отырып, мені үлкен өкініш толқыны тербеді. Мен сенің төсегіңе өз кінәмді толық сезініп келіп отырмын.

Көңіл-күйім болмаған кезде ашуымды сенен алғанымды ойлап қатты тебірендім. Сен мектепке бару үшін киіне бастаған кезіңде, заттарыңды жинай бастағанда, әрқашан, саған тағар мін таптым. «Өз аяқ-киіміңді тазаламапсың» деп кінәрат іздедім. «Киімдеріңнің біреуін еденге тастап кеттің» деп дауыс көтеріп, айғайлағаным есімнен кетер емес. Таңғы аста да саған тиісетін нәрселер таптым: «шайыңды төктің; тамақты дұрыс шайнамадың; маңдайыңды столға қойдың; нанға майды өте баяу жақтың т.б.»

Кейін сен ойнауға бара жатқанда, мен пойызға асығып бара жатыр едім. Сен бұрылып, қолыңды бұлғап: «Әкешім сау болыңыз!» деп айғайладың. Мен болсам, соған қабағымды шытып: «Жағаңды түзе» деп жауап бердім.

Сонымен, жұмыс күнінің аяғында бәрі қайта басталды. Үйге келе жатып, жерге тізерлеп отырып алып шармен ойнап отырғаныңды байқадым. Сенің шұлықтарың жыртылып қалған екен. Сені алдыма салып алып үйге әкелу арқылы жолдастарыңның алдында ұятқа қалдырдым. Шұлық бағалы еді, егер сен оны өз ақшаңа сатып алғаныңда, сен абай болар едің!

Жұмыс бөлмемде газет оқып отырғанда бөлмеге келгенің есіңде ме? Газеттен көзімді алып, маған кедергі келтірдің дегендей ашулы көзбен қараған кезімде не істеріңді білмей кіре-берісте тұрып қалып едің ғой. «Саған не керек?» деп дөрекі сұраған едім. Сен жауап бермедің, жүгіріп келіп мойныма асылдың да, бетімнен сүйіп-сүйіп алдың. Сенің қолың мойнымды махаббатпен қысып құшықтап тұр еді. Алла тарапынан жүрегіңе орналастырылған бұл махаббатты менің саған деген ұнамсыз қарым-қатынасым да жоя алмап еді. Одан кейін аяғыңды баяу басып, бөлмеден шығып кеттің.

Міне, осыдан кейін, ұлым, газет қолымнан түсіп, мені түсініксіз қорқыныш сезімі баурады. Менің әдеттерім мені қандай жағдайға түсірген? Кінәлау, мін іздеу әдетім сенің кішкентай бала екеніңді ұмыттырып жіберіпті. «Сені жақсы көрмедім» деп айта алмаймын. Басты проблема сенен өте көп нәрсе күтуім және өзімнің жасыма сай талаптар қоюым еді.

Ал, сенің бойыңда өте тамаша, керемет мінездерің көп. Кіп-кішкентай жүрегің мейірімге толы. Бұны мен ұйқыға кетер алдында мойныма асылып, бетімнен сүйген кезіңде байқадым.

Мен сенің төсегіңе қараңғыда, ешкімге көрінбей , жасырын келдім. Алдыңа тізе бүгіп отырмын. Бұл менің айыбымды жуу әрекетім десе де болады. Бұның бәрін сен ояу кезде айтсам, бұларды түсіне алмайтыныңды білемін. Бірақ, ертеңнен бастап мен НАҒЫЗ ӘКЕ боламын! Мен сенімен достасып, бірге ойнаймын. Сен қайғырғанда бірге қайғырып, қуанғанда бірге қуанамын. Аузымнан сені кінәлайтын, ұнамсыз сөз шығарда тілімді тістесемде өзімді тоқтатамын. Әрқашан өзіме ант беру секілді «Ол әлі кішкентай бала ғой» деген сөзді жиі қайталайтын боламын.

Мен саған үлкен жігіт секілді қараппын. Ал, қазір саған қарасам, сенің әлі кішкентай бала екеніңді байқадым. Кеше ғана анаңның құшағында сәби едің ғой, мен сенен көп нәрсе талап еткен екенмін… Кешір балам!

Аударған: Елжас Ертайұлы

«Бақытты отбасы» отбасылық кеңес орталығы

Published in ЖАНҰЯ
Дүйсенбі, 25 Желтоқсан 2017 01:38

ІСТІҢ ОҢҒА БАСПАУ СЕБЕБІ НЕДЕ?

Өмірде адам басына келетін сынақтар аса көп. Бұл пенденің маңдайына жазылған тағдырдың заңы. Адам қиындыққа мойымау керек. Сәл ғана қиындық көргенде адамдар өмірден түңіліп, барлық жақсылық аяқталғандай, әлем тарылғандай көрінеді. Бұл дұрыс емес. Адам «жолым жабылды» деп үмітсіздікке салынбау керек. Қазақта «Үмітсіз шайтан деген» ұлағатты сөз бар. Халық өлеңдерінде :

«Күнінде тоқсан тоғыз пәле көрсең,

Сонда да үміт үзбе бір Алладан»  деп, алдыңда күтіп тұрған жақсылықтан үміт үзбеуді бабаларымыз насихаттаған. Адам баласына қиындық кездессе, оны жеңуге тырысу керек. Жол-ашу, пәле жаладан арылу, үмітсіздіктен арылу туралы ислам дінінде көптеген тағылымдар, хадистер мен дұғалар бар.

Алла Тағала Құранда «Бақара» сүресінің 155-аятында: «Біз сендерді аздаған қауіп-қатермен, аштықпен және мал-мүліктеріңнен, (жақын) жандарыңнан, өнімдеріңнен айыру арқылы сынаймыз...» деген. Сондықтан келген қиындық Алла Тағаланың сынағы деп қабылдау керек. Сабырлы болуды қажет етеді.

Қиыншылықтар адамның басында орнап қалмайтындығын ескеру керек. Мұндай жағдайда «жолым жабылып қалды» деп, уайымға салынуға болмайтындығын ескеру керек. Рыздық пен несібенің, жақсылықтың, бақыттың қайнары бір ғана Алланың қолында екендігін естен шығармау керек.

Бұл жайлы қасиетті Құранның «Әнкабут» сүресі, 17-аятында:  «Расында Алладан өзгеге табынғандарың сендерге арналған несібеге иелік етпейді, сондықтан да Алладан несібені аңсаңдар, және Оған сыйыныңдар, және Оған алғыстарыңды білдіріңдер, сендер Оған қайтарыласыңдар» деп үкім еткен.

Жол неге жабылады? Исламда бұл сұрақтарға нақты жауап берілген. Атап айтқанда ғұлама Баззардан жеткен бір хадисте: «Егер зинақорлық жайылса кедейлік пен қаріп-қасерлік те жайлайды» деген. Демек, күнә жасау адамдының жақсылықтардан ада қалуына алып келеді деп ойлауға болады. Ұлы құдірет иесі Алла Қасиетті Құранның«Шура» сүресінің 30-аятында: «Бастарыңа келген бір ауыршылық, қолекі істегендеріңнің салдарынан болады. Және де Алла көбін кешіп жібереді»  делінген.

Бір сөзбен айтқанда адам күнәнің азабын тартып, жақсылыққа кенеле алмайды деген сөз. Алла қашанда кешірімді, мейрімді. Сондықтан күнәларымызды кешіруді әр кез жалынып сұрауымыз керек.

 Күнәнің зияны туралы ислам ғалымдарының бірі: «Мен егер бір күнә жасап қойсам, сол күнәмнің әсерін әйелім мен мінетін көлігімнің мінез-құлқынан кездестіремін» деуі бұл тағылымның соншалықты рас екендігін көрсетеді. Тағылымда «Күнәнің жазасы соңынан келетін тағы бір күнә, ал жақсылықтың сыйы соңынан келетін тағы бір жақсылық» делінген.

Қандай бір апат немесе басқа да жамандық адамның күні жасауынан болады деп айтуға толық негіз бар деуге болады. «Рум» сүресі, 41-аятында: Құрлық пен теңізде адамдардың қолекі істегендерінің кесірінен бүліншілік шықты. Олардың істегендерінің кейбірінің сазайын таттыру үшін. Мүмкін олар бағыттарынан қайтар» делінген. Бұл жайлы Хазіреті Омардың (оған Алла разы болсын) тұсында жер сілкінгенде ол кісі: «Ей, адамдар! Бұл жер сілкінісі сендердің жасаған бір күнәлі істеріңнен болды. Жаным қолында болған Аллаға ант етейін, егер бұл сілкініс қайталанса сендермен бірге бұл жайда ешбір тұрмаймын» деген екен, деседі, тарихи баяндарда.

Сондықтан Алланың ақ жолында күнә жасамай жүрсек, жолымыз ашық болады.

Дәулет қажы Қабидолдин

Шығыс Қазақстан облыстық «Халифа Алтай»

мешітінің наиб имамы

Published in МАҚАЛАЛАР
Дүйсенбі, 25 Желтоқсан 2017 01:37

АҒЗАНЫ АУЫСТЫРУДЫҢ ҮКІМІ

بسم الله الرحمن الرحيم  الحمد لله رب العالمين و الصلاة و السلام على سيدنا محمد وعلى آله وأصحابه أجمعين ” أما بعد“

Рақымды, Мейірімді, Алланың атымен!

Күллі мақтау мен мадақ әлемдердің Раббысы – Алла Тағалаға болсын! Жаратылғандардың абзалы Мұхаммедке, оның отбасы мен сахабаларына және оларға ергендерге қияметке дейін Алла Тағаланың сәлемі мен салауаты жаусын!

Қазіргі медицинада жиі қолданылатын трансплантация дегеннің мағынасы (лат. transplantatio – ауыстырып қондыру, салу, отырғызу), адам мен жануардың мүшелерін, тіндерін бір ағзадан (донордан) екінші ағзаға (реципиентке) ауыстырып, қондыру.

Жалпы трасплантация жасау, яғни бір адамның (тірі бола ма немесе өлі бола ма) кейбір ағзаларын екінші бір адамға ауыстырып, қондыру шариғатта жәйіз болып саналады. Бірақ бұл амал адамды қорламайтын дәрежеде белгілі бір шарттарымен толық орындалуы тиіс.

Ағза ауыстырудың жәйіз екеніне мыналар дәлел болады:

Бірінші: Алла Тағала адам баласын ардақтады. Ол жайлы  Жаратушы Иеміз:   

وَلَقَدْ كَرَّمْنَا بَنِي آدَمَ وَحَمَلْنَاهُمْ فِي الْبَرِّ وَالْبَحْرِ وَرَزَقْنَاهُمْ مِنَ الطَّيِّبَاتِ وَفَضَّلْنَاهُمْ عَلَى كَثِيرٍ مِمَّنْ خَلَقْنَا تَفْضِيلا.

«Сөз жоқ. Біз Адам балаларын ардақтадық. Құрлықта, теңізде алып жүрдік, жақсы нәрселерден ризық бердік әрі жаратқандарымыздың көбінен оларды үстем еттік»[1], -  дейді.

Сондықтан Ислам адам тәні мен өміріне зиян тигізбеуге үндейді. Адамның денсаулығына зиян келтіретін нәрселерден алыс болуға шақырып, харамға, зұлымдыққа алып баратын істерге жоламауды бұйырды. Бірақ, ауырған сәтте емделу жолдарын іздеуді міндеттеді. Алла Тағала:  

وَلا تُلْقُوا بِأَيْدِيكُمْ إِلَى التَّهْلُكَةِ.   

«Өздеріңді өз қолдарыңмен қауіп-қатерге салмаңдар»[2], - деп бұйырған.  

Усама бин Шәриктен жеткен риуаятта ол былай дейді: «Шөл далада өмір сүретін бір араб келіп: «Уа, Алланың Елшісі! Дәрі ішіп, емделсек бола ма?» - деп, сұрағанда, Ол (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Емделіңдер, расында Алла әрбір дертті шипасымен қоса жаратты. Оны білгені білді, білмегені білмеді», - деп жауап берді»[3].

Міне, ағзаны ауыстыру адам баласының жанын сақтап қалуға себеп болатын емдеу жолдарының бірі.

Екінші: Бұл амал Құранда айтылғандай, бір адамды тірілтумен тең. Алла Тағала былай дейді:  

مَنْ قَتَلَ نَفْسًا بِغَيْرِ نَفْسٍ أَوْ فَسَادٍ فِي الأرْضِ فَكَأَنَّمَا قَتَلَ النَّاسَ جَمِيعًا وَمَنْ أَحْيَاهَا فَكَأَنَّمَا أَحْيَا النَّاسَ جَمِيعًا.

«Кім кісі өлтірмеген немесе жер жүзінде бұзақылық етпеген біреуді өлтірсе, сонда шынайы түрде барлық адамды өлтіргенмен және кім оны тірілтсе, (өлімнен құтқарса) барлық адамды тірілткенмен тең»[4]. Адамның денсаулығына төніп тұрған зиянды кетіру үшін ағзаны тіріден тіріге ауыстыруға рұқсат болғандай, зәру болған жағдайда өлген адамның ағзаларын тірі адамға ауыстыруға да болады. Әрине өлген адам Құран[5] мен хадисте[6] айтылғандай, тірі адаммен бірдей құрметке лайық болғанымен, өлгеннен кейін мүшелерін басқа біреуге ауыстырса да оның құрметі төмендемейді. Өйткені, тірі адамның мүддесі өліге қарағанда жоғары тұрады. Себебі, тірі пенде тіршілігін жасап, Алланың шариғаты мен дінін насихаттап, жалғыз Жаратушыға құлшылық етеді. Фиқһта ананың жанын сақтап қалу – жатырдағы баланы өлімнен құтқарудан жоғары тұрады деп бекітілген. Өйткені, ананың жанын сақтап қалуға мүмкіндік бар, ал баланың тірі туылуы екіталай. Осыған орай ананың өмірі жатырдағы баладан жоғары тұрса, онда өлі адамның ағзасын тіріге де ауыстыруға болады. Бұл өлген адамға зиян жасаған болып саналмайды.  

Ендеше ағзаны ауыстыруға рұқсат ету қандай жағдайда болсын, сауда-саттықтан аулақ болып, донардың өзіне немесе өлгеннен кейін мирасқорларына ағза өтемі ретінде материалдық қажеттіліктермен қамтамасыз етілмеуі шартталған. Ал жалпылама тіріден тіріге немесе өліден тіріге ағзаны ауыстыру үшін мынадай шарттар сақталуы тиіс:

Бірінші: тірі адамның ағза мүшесін екінші бір тірі адамға ауыстыру шарттары:

1. Мүшені ауыстыруға аса қажеттілік, зәрулік болса. Яғни, сенімді әрі әділ медицина мамандарының шешімімен ағзаны ауыстыру – науқас адамды ауруынан айықтырудың жалғыз жолы һәм емі болуы тиіс. Сондай-ақ ағзасын беруші балиғат жасына жеткен ақылды, өз еркімен беруі шарт.

2. Ағзаны өзгеге ауыстырып салу отасы сәтті әрі пайдалы болатынына толықтай көз жеткізу. Бос нәрсе және қажетсіз қинау болмауы керек. Өйткені, кейбір денелер басқа дене мүшелерді қабылдамау ықтималы да бар.

3. Донардың ағзасын алу отасы оған ешқандай зиян тигізбейтініне немесе өмір тіршілігіндегі амалдарына кері әсерін бермейтініне медицина мамандарының нақты тұжырымдары болуы тиіс[7]. Өйткені, науқастың мүддесі ағзасын беруші адамның мүддесінен жоғары емес. Шариғатымыз бәріне бірдей талап қояды. Зиянды зиянмен жоюға болмайды. Исламда өзіңе де, өзгеге де зиян келтіріп, зарар тигізуге болмайды. Бұл мәселеде егер пайдалы жағы басым болса, әрі әділ сенімді дәрігерлер ағза берушіге отадан кейін өміріне ешқандай кері әсері болмайтынын айтса, онда донардың өз ағзасын беруіне кедергі жоқ.

4. Бұл амал ешқандай материалдық немесе рухани қайтарымсыз іске асуы тиіс. Демек, ағза сатылмауы тиіс.

5. Ең кемі үш адамнан құрылған әділ, сенімді әрі оларға ота жасауда келіп-кетер пайдасы тимейтін дәрігер мамандарынан құралған комиссиясының ота жасалмай жатып, (емдеудің бұл амалы реципиентке (ағза мүшелері ауыстырылып жатқан адамға) нақты пайдасы тиетінін және донорға (ағзаны берушіге) келешекте денсаулығына, өміріне зияны тимейтіні жайлы) жазбаша түрде нақты шешім шығарып, оны донар мен науқасқа беруі шарт.

6. Ауыстырылатын ағза ұрпақ тарату жүйесіне байланысты болмауы шарт.

Екінші: өлінің ағза мүшелерін тірі адамға ауыстыру шарттары:

1. Ағза берушінің шариғи көзқарасы жағынан өлім халі нақты болуы тиіс. Яғни, рухы тәнінен ажырап, бүкіл дене-мүшелері қайта қалпына келтіре алмайтындай жағдайға жетіп, жерлеуге рұқсат беретін дәрежеде болуы керек. Клиникалық өлім немесе миы өліп, басқа дене мүшелері істеп тұруы шариғи өлім болып саналмайды. Тек жүрек соғысы, тынысы тоқтап, мидың бүкіл қызметтері істен шығып, рухы мен денесі бір-бірінен ажырағанда ғана өлген болып есептеледі. Адамның жаны шыққаны немесе шықпағаны үш адамнан құрылған білікті, сенімді медицина мамандарының жазбаша түрде куәлік етуімен болады. Бұл комиссия мүшелері мемлекеттік деңгейде расталған мамандар болуы керек. Егер осы аталған шарттар орындалмай, адамның ағза мүшелері алынса, оны өлтіргенмен тең күнәға батады.   

2. Ағзаны ауыстыру, шынымен де зәрулік жағдайда болуы шарт. Яғни, дәрігерлер науқасты тек тірі немесе өлі адамның сау мүшелері арқылы емдеуден басқа амалдың жоғын әрі ауру адамға оның пайдасы тиетінін нақты айтуы тиіс.

3. Ағзаны беруші адам өз еркімен тірі кезінде ақыл-есі дұрыс сәтінде өлгеннен кейін белгілі мүшелерін басқа адамға беруін өсиет еткен болуы шарт. Алайда, ағзаны ауыстыру адамды қорлауға алып бармауы тиіс. Яғни, өсиеті адамның денесі босап қалатындай көптеген ағза мүшелерін қамтымауы керек. Себебі, бұл Құранда адамды ардақтап келген аятқа қайшы әрекет. Алла Тағала былай дейді:

وَلَقَدْ كَرَّمْنَا بَنِي آدَمَ.

«Расында Адам баласын ардақтадық»[8].

4. Өліден тіріге ауыстырғалы жатқан ағза ұрпақ тарату жүйесіне байланысты болмауы шарт.

5. Мұндай ота түрлері мемлекеттік деңгейде расталған, қатаң бақылау аясындағы мекемелерде жасалуы шарт. Және ағзаны ауыстыру ешбір материалдық қайтарымсыз жүзеге асуы тиіс.

Міне, осы сияқты пәтуаны Мысырдың бұрынғы мүфтилері де шығарған, атап айтқанда, 1959 жылы Хасан Мамун, 1966 жылы Ахмад Хариди, 1979 жылы Жәддул Хақ Али Жәддул Хақ, 1989 жылы Мухаммад Сайд Тантауи шығарған. Сол сияқты «Әл-Азһар» университетінің бас шейхы Ахмет әл-Тайып және д. Али Жума да пәтуа берген.   [

1] «Исра» сүресі, 70-аят.

[2] «Бақара» сүресі, 195-аят.

[3] Ахмад риуаяты.

[4]  «Мәида» сүресі, 32-аят

[5] Алла Тағала былай дейді: وَلَقَدْ كَرَّمْنَا بَنِي آدَمَ.   «Расында Адам баласын ардақтадық» («Исра» сүресі, 70-аят).

[6] Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Өлген адамның сүйегін сындыру – тірі адамның сүйегін сындырғанмен тең» (Ибн Мәжә риуаяты).

[7] Егер адамның мүшесін ауыстыру өлімге алып барса, мысалы жүрек секілді, онда донар рұқсат берсе де, бермесе де харам болады. Өйткені, оның берген рұқсаты өзін-өзі өлтіргенмен тең. Ал, рұқсат етпесе, онда ешбір айыпсыз адамды өлтірген болады. Бұл екеуі де шариғатта бекітілгендей, харам. Егер ағзасын ауыстыруы өлімге алып бармайтын болса, (яғни ол мүшесіз өмір сүре алатын болса), оның көрінісі мынадай: Егер ағза мүшесін ауыстырумен іске жарамсыз болып қалса, донар рұқсат берсе де, бермесе де харам болады. Мысалы: екі қолды немесе екі аяқты ауыстыру, онсыз өмірлік кәсібін жасай алмайды. Сондықтан бұл жағдайда ағзаны ауыстыру харам болмақ. Ал екі көздің бірін немесе екі бүйректің бірін немесе тістердің бірін немесе қанның кейбір бөлігін ауыстыру болса, онда кісінің рұқсатынсыз харам болады. Тіпті көпшілік ғалымдар оның рұқсатымен болса да харам болады деді. Бұл нәрселер фиқһ кітіптарында адамға және оның мүшелеріне зиян келтіру жайында нақты баяндалған.

[8] Исра сүресі 70-аят.

http://fatua.kz/kz/post/view?id=828  

Published in ПӘТУАЛАР

ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігінің әйелдер – қыздар секторы орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінде Мәуліт айының құрметіне рухани кеш ұйымдастырды.

«ҒАЛАМНЫҢ РАХЫМ НҰРЫ - МҰХАММЕД (С.А.У.)» атты рухани кештің өтуіне шәкірттер белсенділікпен атсалысты. Рухани кеш қасиетті құранмен ашылды. Қатысушыларға діни бейнебаяндар көрсетіліп, діни әндер мен термелер орындалды.

Кештің жоғары деңгейде өтуіне үлес қосқан жас шәкірттер өз туындыларын ұсынып, көпшіліктің ризашылығына бөленді.

Сондай-ақ қатысушыларға арнайы дастархан жайылып,қажы апаларымыз батасын берді.

Облыстағы әйелдер-қыздар секторының жетекшісі Файзуллина Марал қатысушыларға алғысын білдірді.

Қызылорда облыстық «Ақмешіт-Сырдария»

мешітінің баспасөз қызметі

Published in ІС-ШАРАЛАР

Аштықта жеген құйқаның дәмі кетпес деген аталы сөз бар. Ұлы күреспен келген тәуелсіздік біз үшін қашан да қымбат. Тәуелсіздік –  азаттықты аңсаған адам үшін қасиетті ұғым, қастерлі сөз. Еркіндіктің қадірін бодандықта болған адам біледі емес пе?

Азат ойлы бүгінгі ұрпаққа тәуелсіздікті тойлаумен қатар оның болашағын ойлау жауапкершілігі жүктеліп отыр. Тәуелсіздігімізді баянды ете түсу үшін әрбір азаматқа саналы жауапкершілік, парасаттылық, озық білім керек.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында жазғандай, көзі ашық азаматтар жаңашыл ойлап, ұлттық сананы жаңғыртуға, бәсекелік қабілетті арттыруға, ұлттық бірегейлікті сақтауға, туған жерді көркейтуге үлес қосуы тиіс.

Қазақтың әр баласына терең білім, көркем мінез, мықты рух, өз қадірін білетін биік сана және ең бастысы тонның ішкі бауындай татулық керек. Бүгінгі таңда күш те, қуат та – білім мен бірлікте.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Білім мен хикмет мұсылмандардың жоғалтқан қазынасы, қай жерден тапса да иемденіп алсын», – деген.

Оқу орындарында оқып жүрген ұл-қыздарымыз, бауырларымыз ел-жұртқа пайда келтіретін білім ізденсе, жаһанның ең озық технологияларын үйренсе, ұлттық дәстүр-салтымызды, әдебиетімізді, мәдениетімізді көкейіне тоқып алса – тәуелсіздікке қосқан үлес осы болмақ.

Ұлттық тәрбие мен көркем мінез болмаған жерде асқан білімнен пайда аз. Алла Елшісі «Дін деген не?» деген сауалға: «Дін – көркем мінез», – деп үш қайтара жауап берген. Өзі де бұл ғаламға «Көркем мінезді кемеліне жеткізу үшін жіберілдім» дейді. Қазір заманауи ғылымның оқымыстылары жетістікке жетудің төте жолы – көркем мінез екенін айтып, парасатты пікірлерін жариялауда.

Халқымызда: «Отан үшін күрес – ерге тиген үлес», – деген нақыл сөз бар. ХХІ ғасырдағы Отан үшін күрес ең әуелі терең білім алып, сол білім мен тәжірибені елдің игілігі мен өркендеуіне сарп етуден басталады. Білім – баға жетпес олжа, үлкен қару. Білімсіз өркениет жоқ.      

Тәуелсіз елдің азаматтары үшін ауадай қажет мінездердің бірі – татулық пен бауырмашылдық. Алла Тағала қасиетті Құранда:«Алланың жібінен мықтап ұстаңдар, ажырап бөлінбеңдер»(«Әли-Имран» сүресі, 103-аят) деп адамзат баласына бірлік пен ынтымақта өмір сүруді бұйырған.

«Тозған қазды топтанған қарға алады» демекші, бірлігіміз болмаса болашағымыз бұлыңғыр. Адамзат тарихынан қай елде бірлік жоғалса, сол жерде жеңіліс болғанын білеміз. Өмірдің берекесі де бірлікте.

Тәуелсіздік ынтымаққа ұйысқан елде ғана баянды болады. «Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді», – деген нақыл сөздің астарында мол мағына жатыр. Ынтымағы бар елдің ырысы мен берекесі де мол.

Бүгінгі мұсылман үмбеті, еліміздің кез келген азаматы қандай жағдай болмасын ең әуелі ел бірлігін, жұрт тыныштығын барлық мүддеден жоғары қоюы қажет. Тәуелсіздікке үлес – барлық мүддеден биік күрес.

Мына заманда мәзһабтағы бірлік те аса маңызды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Исламдағы төрт мәзһабтың ішінде халқымыздың табиғатына, ұлттық болмысына, салт-дәстүріне ең жақын дәстүрлі діни жолымыз – имам Ағзам Әбу Ханифа мазһабын ұстануға үндейді. Исламда бір мәзһабта болудың хикметі көп. Бір мәзһаб бірлік пен ынтымаққа бастайды.

Алла Тағала жаны жайсаң, дархан жұртымызды бірлігінен айырмасын.

Published in МАҚАЛАЛАР
Жексенбі, 17 Желтоқсан 2017 02:19

ДӘСТҮР ТУРАЛЫ ТҮСІНІК

«Жақсы заңың болғанша, жақсы дәстүрің болсын» халық нақылы Салт-дәстүр – әр ұлттың, халықтың діні мен сеніміне, тұрмыс-тіршілігіне, ұлттық құрылым ерекшелігіне сәйкес ғасырлар бойы жинақталып, өмірдің өзі туғызған ғұрыптардың жиынтығы; қауым мен қоғамда қалыптасқан мінез-құлықтың үлгілері. Күнделікті қолданыста бір мәдени топты екіншісінен айыратын және бейресми жолмен реттейтін қабылданған мінез-кұлық ережесіне немесе әлеуметтік әрекеттерді жөнге келтіретін терминге жатады2.

Салт-дәстүр ұлт үшін өмір сүру қағидасы, қоғам заңы болып негізделіп, сана, тағылым, тәрбие, тіршілік ережесі ретінде ел зердесіне рухани байлық – өнеге тәжірибесін құраған. Бұл талаптар мен ережелерді халық бұлжытпай орындаумен бірге оны құрметтемеген, сақтамаған адамдарды сол заң негізінде жазалап та отырған. Өткен заманда қазақ қоғамы үшін салт-дәстүр бұлжымас заң рөлін атқарды. Мысалы, той, наурыз көже, қыз ұзату, қонағасы, шашу, ерулік ата салты болып саналады. Салт-дәстүрдің ел арасындағы тәлімдік, тәрбиелік, халықтық мәні зор. Халықтың атадан балаға көшіп, дамып отыратын тарихи-әлеуметтік, мәдени-тұрмыстық, кәсіптік, салт-сана, мінез-құлық, тәлім-тәрбие және рухани іс-әрекетінің көрінісі дәстүр арқылы танылады.

Салт-дәстүр байлығы – мәдениеттің байлығы. Мысалы, ата-ананы, үлкенді құрметтеу, байғазы, көрімдік, сүйінші, кәде сұрау, сәлем беру, ат тергеу, құрдастық қалжың, т.б. салт-дәстүрге жатады. Қазақ халқы салт-дәстүрге бай. Әдет, ғұрып, ишара, ырым, тыйым, дағды бәрі осы салт-дәстүр көрінісі3.

(2) Орысша-қазақша түсіндірме сөздік: Әлеуметтану және саясаттану бойынша / Жалпы редакциясын басқарған э.ғ.д., профессор Е. Арын - Павлодар: «ЭКО» ҒӨФ. 2006. - 569 б.

(3)  Қазақ энциклопедиясы, 7-том 

"ДІН МЕН ДӘСТҮР"

Published in МАҚАЛАЛАР
Жексенбі, 17 Желтоқсан 2017 02:14

ПАЙҒАМБАРЫМЫЗДЫ (С.Ғ.С.) СҮЮ

«Қолда бар алтынның қадірі жоқ» демекші, кез келген нәрсенің қәдіріне бармай оны сүю ақылға сыйымсыз. Пайғамбарды (с.ғ.с.) сүю хақында сөз қозғамас бұрын, алдымен оның діндегі функциясын ұғынып алған жөн шығар.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) міндеттеріне Аллаға және басқа да Ислам негіздеріне иман келтіру, Жәбрейіл арқылы Алладан келген уахиды алып, оны адамзатқа жеткізу, халықты Ислам дініне шақыру, уахи арқылы келген Құранды түсіндіру, діннің үкімдерін әуелі өзі орындап, мұсылмандарға оны орындауды бұйыру және т.б. жатады.

Сондай-ақ, ол Құранның жасырын қалған тұстарын ашады. Мәселен, Алла Тағала Құранның көптеген жерлерінде «…намаз оқыңдар…» деп біздерге намазды парыз етті. Сонымен қатар, Құранда «…рукуғ етушілермен бірге рукуғ етіңдер…», «…Аллаға сәжде етіңдер…» деген сияқты аяттар болғанымен намазды бүтіндей түсіндіретін «ашық» аят жоқ. Бұл жағдайда біз хазреті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) нақты хадистеріне жүгінеміз. Алланың елшісі көптеген хадистерінде намаздың қалай оқылатындығын айтқан, тіпті «Мен қалай намаз оқысам, сендер де солай намаз оқыңдар»[1], –деп, іс жүзінде көрсетіп те берген.

ПАЙҒАМБАР (С.Ғ.С.)  – АЛЛАНЫҢ ҚҰЛЫ ӘРІ ЕЛШІСІ

«Алладан өзге табынуға лайықты құдайдың жоқтығына және Мұхаммедтің Оның құлы әрі елшісі екендігіне күәлік етемін» деген мағынадағы «Әшһәду ән лә иләһә илләллаһу уә әшһәду әннә Мухаммәдән абдуһу уә расулуһ» деген кәлиманы тілімен айтып, жүрегімен бекіткен кез келген адам мүмин-мұсылман болады. Адамды Ислам нұрына бөлейтін бұл қасиетті кәлима екі негізгі түсінікті қамтиды:

1) Алланың барлығы мен бірлігі
2) Хазірет Мұхаммедтің (с.ғ.с.) Алланың құлы әрі елшісі екендігі

Бұл кәлиманың бірінші бөлігін ғана айтумен адам мұсылман бола алмайды. Бұл кәлиманың өзі – «бізге Құран ғана жетеді, хадистің қажеті жоқ» деген сенімдегі Құраншыларға қарсы бұлтартпас дәлел. Себебі, Алланың Елшісіне (с.ғ.с.) иман келтіру оның жолымен (сүннет) жүруді міндеттейді. Құранның өзінде: «Елші сендерге нені әкелсе (бұйырса), алыңдар (орындаңдар). Ал, енді қандай нәрседен тыйса, тыйылыңдар»[2], «Аллаға бағыныңдар және пайғамбарға бағыныңдар және іштеріңдегі басшыларыңа да (бағыныңдар)»[3], – деп пайғамбарға мойынсұнуға шақырады.

Соңғы аятқа назар аударыңыздаршы. Ол аятта «бағыныңдар» деген сөз Алла пен пайғамбар екеуіне арнайы екі рет келтірілген. Ал, ішіміздегі басшыларға «мойынсұну» сөзі айтылмай шылау (атф) арқылы берілген. Бұдан тәпсірші ғалымдар басшыларға Аллаға қарсы келмеген жағдайда ғана бағыну қажет болса, ал пайғамбарға мойынсұну абсолютті тұрғыда атқарылуы керектігін айтады. Себебі, «Ол ойынан еш нәрсе айтпайды, оның атқан сөзі тек қана (Алладан келген) уахи»[4]. Яғни, Ол Аллаға мүлде қарсы келмейді.

Пайғамбар (с.ғ.с.)  – Алланың құлы. Жоғарыдағы кәлимада «Алланың Елшісі әрі құлы» емес, «Алланың құлы әрі Елшісі» делініп, Оның құлдық функциясы бірінші кезекке қойылып отыр. Айша анамыз (р.а.) риуаят еткен хадистегі Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «…Мен Аллаға көп шүкір ететін құл болмаймын ба?!»[5], – деген мүбәрак сөзіне жанымыз құрбан болсын. Ол (с.ғ.с.) тағы бір хадисінде: «…Алла мені елші етпес бұрын, алдымен Өзіне құл қылып алды», – дейді.

ПАЙҒАМБАР (С.Ғ.С.)  – ҮЛГІЛІ ҰСТАЗ

Иләһи (тәңірлік) яғни Алладан келген діндердің барлығында «ұстаздық жүйе» айқын көрініс табады. Алла Тағала ешқандай періште немесе елші (пайғамбар) жібермей-ақ, дінін біздерге тікелей Өзі жеткізе алушы еді. Әр нәрсені хикметпен істеуші Хақ Тағала дінді адамзатқа бір пайғамбар арқылы, тіпті әлгі пайғамбардың өзіне періште арқылы жеткізуінде әлбетте бір сыр болуға тиіс. Құлға тән келте ақылымыздың өзімен мұның жоғарыда айтқандай ұстаздық жүйе екендігін түсіне аламыз.

Сол діндердің бірі әрі ең соңғысы – Ислам. Жәбрейіл (ғ.с.) Хира үңгірінде хазрет Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келіп, алғашқы Құран аяттарын түсіріп, Ислам дінінің негіздері қалыптаса бастады. Осылайша діннің үкімдері толықты. Сол үкімдердің ішінен құлшылықтың сұлтаны – намаздан мысал берумен шектелсек. Аталмыш періштенің Алла елшісімен бірге әуелі бесін, сосын асыр, ақшам, құптан және таң намазын оқығандығы бізге сахих риуаяттармен жеткен. Демек, Жәбрейіл хазрет Мұхаммедке (с.ғ.с.) ұстаздық еткен. Жәбрейілдің шәкірті хазрет Мұхаммед – біздің ұстазымыз 

Ұстаз саналатын Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) –  шәкірт-үмметіне жол көрсетуші тұлға. Ол «анықтама бюросының» қызметкері емес. Яғни, жай ғана жол көрсетпейді, сол жолда қалай жүруді үйретеді. Тек қана қалай жүруді үйретпейді, өзі жүріп көрсетеді, көрсетумен бірге шәкірттерімен қатар жүреді. Себебі, өзі де – жолаушы. Ол хат әкеліп, түрімізді де көрмей, хатты жәшікке салып кететін пошта қызметкері де емес. Ол – дін түсе бастаған кездегі адамдар арасында жүретін елші.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Жаратқан Иеміз тарапынан үмметіне үлгі ретінде жіберілді.

Ол қасиетті кітабы Құранда «Күдіксіз Алла және ақірет күнінен үміттілер – сендерге Алла елшісінің бойында жақсы өнеге бар»[6], – деген.

Аяттағы «өнеге» ұғымы мұсылман өмірінің кез келген қырын қамтиды. Яғни, хазрет Пайғамбарымыз (с.ғ.с.)  бізге мейлі дін мәселесінде болсын, мейлі дүние-тіршілігіміз болсын, жалпы күллі іс-әрекетімізде үлгі-өнеге болып табылады.

ПАЙҒАМБАРДЫ (С.Ғ.С.) СҮЮ
 
Алла Тағала: «(Ей, Мұхаммед,) «Егер сендер Алланы сүйетін болсаңдар, менің соңымнан еріңдер, сонда Алла да сендерді сүйіп, күнәларыңды кешеді. Алла аса кешірімді, ерекше мейірімді» деп айт»[7], «Егер де сендерге әке(-шеше)лерің, балаларың, бауырларың, жұбайларың, руларың, жиған мал-дүниелерің, зиянға ұшырайды (банкрот болады) деп абыржыған саудаларың Алла және Оның елшісінен артық болса, Алла өз ісін (жазасын) әкелгенге дейін күтіңдер. Алла күнәһар топты тура жолға салмайды»[8], – дейді.

Бұл екі аят дінімізде Жаратушыны сүю негіздерінің бірі болып есептеледі. Абай хакім «Махаббатпен жаратты адамзатты, Сен де сүй Ол Алланы жаннан тәтті» деп жырлайды. Жалпы, «сүю» – дерексіз ұғым. Оны біз тек белгілері, нышандары арқылы ғана ұғамыз. Мәселен, «Отанды сүю» дерексіз. Кез келген адам өз Отанына деген сүйіспеншілігі мен ыстық лебізін оның нышандарын сыйлап, қастерлеу арқылы көрсетеді. Дәл сол сияқты Алланың да нышандары (шәъаир) бар. Жаратқанды сүюдің белгісі, жоғарыдағы аятта айтылғандай, Оның елшісіне бағыну. Ал, пайғамбарға бағыну үшін оны тануымыз керек. Оны таныған сәтте ерекше көркем мінезінің алдында бас иіп, оны сүймеу мүмкін еместігін түсінеміз. Бұдан келіп туындайтын нәтиже: Алланы сүю дегеніміз пайғамбарды сүю. Көзімізбен көре алмаған Алланы сүю деректі пайғамбарды сүюмен іске асады. Міне, осылайша, пенде Алланы шын мәнінде сүйетіндігін дәлелдейді. Сондай-ақ, бұл айтылған ойды тек қана пайғамбарды сүйсе жеткілікті, Алланы арнайы сүюдің қажеті жоқ деп түсіну қате екендігін айта кеткен де жөн. Біздің айтпақ болғанымыз, пайғамбарды сүю Алланы сүюге жетелейді деген ой ғана.

Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахаба Әнас ибн Мәликтен (р.а.) риуаят етілген хадисінде былай дейді: «Кімнің бойында (мына) үш қасиет табылса, иманның дәмін (хадисте «тәттілігін» деп өтеді) татқан болады: оған Алла және оның елшісінің өзгелерінен артық болуы, адамды Алла үшін сүюі және күпірлікке қайтуды отқа тасталуды жек көргендей жек көруі[9].

Бұл хадистің түсіндірмесін жазған әл-Асқаләни атақты тәпсірші әл-Бәйдауидің мына бір сөзін келтіреді: «Бұл жердегі сүюдің мұрат-мағынасы ғақли сүю. Ғақли сүю дегеніміз, сау ақылдың таңдаған нәрсесін, нәпсінің қалауларына қайшы болса да, басқа нәрселерден жоғары қою. Бұл дәріні сезім мүшелерімен қаламай, одан жиіркеніп, соңында ақылының айтқанына құлақ асып, оны қабылдауға шешім қабылдаған аурудың мысалындай. Пенде пайғамбар оған бір нәрсені бұйырарда немесе одан тыярда, оның осы дүниеде игілікке жетуін немесе ақіретте азаптан құтылуын қарайлағанын бір сәт ойлар болса, нәпсінің емес, Оның дегенімен жүріп, бұдан ол ғақли ләззат ала бастайды. Себебі, ақылдың ләззат алуы кәміл әрі хайырлы нәрселерді сезінумен іске аспақ»[10].

ПАЙҒАМБАРДЫ (С.Ғ.С.) СҮЮДІҢ БЕЛГІСІ – ОҒАН САЛАУАТ АЙТУ
 
Құран Кәрімде: «Расында, Алла және оның періштелері пайғамбарға салауат айтады. Ей, иман келтіргендер, Оған салауат айтыңдар және көркем түрде сәлем беріңдер»[11], – делінген.

Алла Тағала және Оның есебіне сан жетпес періштелері Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) бостан-босқа салауат айтпаса керек. Олар сүйгендеріне ғана осынша құрмет көрсетеді. Алла Тағала Мұхаммедті (с.ғ.с.)  сүйген болса, Хабибулланы (Алланың сүйіктісін) біз де жақсы көруге тиіспіз. Хақ Тағаланың аятын «Ақиқатында Алла және Оның періштелері пайғамбарды сүйеді, сондықтан Оған салауат айтады. Ей, иман келтіргендер, Мен және періштелерім сүйген пайғамбарды сендер де сүйіңдер, әрі Оған салауат-сәлем айтыңдар» деп түсінуге де болады.

Күндердің күнінде Алланың Елшісі (с.ғ.с.) намаздан кейін Аллаға мақтау (хамд) айтпай, елшісіне салауат оқымай, дұға жасаған адамды көріп, «Бұл адам асықты», – деді дағы, әлгіні жанына шақырып, оған былай деп айтты: «Іштеріңде біреуің дұға ететін болса, алдымен Аллаға мақтау айтсын, сосын Пайғамбарына салауат оқысын. Одан кейін қалағанынша дұға етсін»[12]

Тіпті, хазрет Омар (р.а.): «Дұға аспан мен жердің арасында тұрады. Расулуллаға (с.ғ.с.) салауат айтылмағанынша Алланың құзырына бармайды»[13], – дейді.

 ПАЙҒАМБАРДЫ СҮЮ (С.Ғ.С.) – ИМАН КӘМІЛДІГІНІҢ БІР БЕЛГІСІ

Алла елшісі (с.ғ.с.) бір хадисінде «Араларыңдағы біреуің, мен оған өзінің әке(-шеше)сінен, баласынан және де күллі адамзаттан артық (хадисте«сүйкімдірек» деп өтеді) болмағанымша иман келтірген болып есептелмейді»[14],– деген.

Бұл хадис Алла Елшісін (с.ғ.с.) сүюді иманға балап тұрған жоқ па?

Осы ретте тақырыбымызға қатысы болмаса да, мағызды бір мәселенің басын ашып кеткіміз келеді. Ол аталмыш хадистегі «…Иман келтірген болып есептелмейді» деген сөзге қатысты. Ибн Хажар әл-Асқаләнидің «Сахих әл-Бухари»-ге жасаған түсіндірмесі «Фәтхул-Бәри» атты іргелі еңбегінде: «сәлаф ғалымдар амалды иманның дұрыстығының емес, «кәмілдігінің» шарты санаған» дегенді айтқан[15].

Ал, егер амал иманның дұрыстығының шарты болғанда, әрбір дін амалын жасамаған пенде мүмин-мұсылман емес, кәпірге айналар еді. Бұл ойды муғтәзила ағымы мен хауариждер ұстанды. Амалды иманның кәміл болуының шарты деп есептесек, амал етпеген адамды иманы әлсіз, кәміл бола алмаған мұсылман адам деп санау қажет. Мәтуриди мәзһабы осы бағытты ұстанады.

Бұған сәйкес хазрет Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бұл және басқа да хадистерінде өткен «…иман келтірген болып есептелмейді» немесе «…бізден емес» деген сөздерді әһлу сунна ғалымдары «иманы кәміл емес» деп жорамалдайды (тәъуил). Ал, енді қазіргі кезде кейбір бауырларымыздың намаз оқымай, ораза ұстамай жүрген күнәһар мұсылман адамды «мұсылман емес» деулеріне жол болсын. Біз нағыз сәлаф-әһлу сунна ғалымдарының ізімен жүретін болсақ, мұндай адамды кәпір деп есептемеуге тиіспіз. Сондықтан жоғарыдағы хадистегі «…иман келтірген болып есептелмейді» деген сөзді де «иманы кәміл емес» деп ұққанымыз жөн.

Хазірет Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің сахабаларына құстың ұлпасындай жұмсақ еді. Аятта: «(Ей, Мұхаммед,) Алланың рахметінің арқасында сен оларға жұмсақ мәміледе болдың. Егер де сен қатал, тас жүрек болғаныңда, олар айналаңнан тарқап кетер еді»,[16] – делінген.

Студеттік жылдарда Мухаммед Фуад Абдулбақидің «әл-Лүълүъ уәл-марджан» деп аталатын муттафақун алейһ хадистерді жинақтаған кітабын оқып отырып, бір сахабаның хазрет Мухаммедтің (с.ғ.с.) артына есекке мінгескені жайында бір хадис көрдік. Жанымдағы жолдас бала: «Пайғамбармен (с.ғ.с.) бір есекке мінгескен болса, бұл сахабаның арманы жоқ екен», – деп қалды. Пайғамбармен (с.ғ.с.) бір есекке мінгеспесек те, бұл жалғанда Аллаға иман келтірген болсақ, соңғы демінде «үмметім, үмметім» деп өткен жүрегі кең сүйікті Пайғамбарды (с.ғ.с.) сүйіп өтсек, «арманда» қалмасымыз анық.



[1] Бұхари.
[2] «Хашр» сүресі, 7-аят.
[3] «Ниса» сүресі, 59-аят.
[4] «Нәжм» сүресі, 3-4 аяттар.
[5] Бұхари
[6] «Ахзаб» сүресі, 21-аят.
[7] «Әли Имран» сүресі, 31-аят.
[8] «Тәубе» сүресі, 24-аят.
[9] Бұхари.
[10] Ибн Хажар әл-Асқаләни, «Фәтхул-Бәри ли шәрхи сахихил-Бухари», Бәбу хәләуәтил-иман
[11] «Ахзаб» сүресі, 56-аят.
[12] Тирмизи, Дәъауәт, 64
[13] Тирмизи, Уитр, 21.
[14] Бухари.
[15] Ибн Хажар әл-Асқаләни, «Фәтхул-Бәри ли шәрхи сахихил-Бухари», Иман кітабына кіріспе.
[16] «Әли Имран» сүресі, 159-аят.

Published in МАҚАЛАЛАР
Жексенбі, 17 Желтоқсан 2017 02:10

РАДИКАЛ ТҰЛҒАСЫ ҚАЛАЙ ҚАЛЫПТАСАДЫ?

Сәләфиттер көбінесе қарадүрсін сипатта өз сенімдерін ашық үгіттейді. Олар өз ұстанымдарымен сәйкеспейтін мемлекет саясаты мен дәстүрлі үрдістерді ашықтан ашық сын тезіне алады. Әсіресе, зайырлы құндылықтарды кінәлап, оны алмастырушы кемел діни ілім ретінде сәләфизмді насихаттайды.

Олар көбіне-көп заңды ұйым емес, топ болып құрылады. Сондықтан да, мемлекеттік органдар олардың қауіптілігін қаперге ала бермейді. Бірақ, сәләфиттер зайырлы жүйені діни тұрғыдан сынай отырып, өз жақтастарын қоғамнан топ-топ болып оқшаулануға шақырады. Яғни, тәкбіршілер өз топтарына жалаулатып ат қойып, ұйым құрмағанмен, зайырлы құндылықтардан ұзақ, санасы тұмшаланған бітеу жеке тұлғалардың қарасын көбейтеді.

Әсілі, сәләфиттер зайырлы қоғамға ашық жауығуымен ерекшеленеді. Кейде олар өз идеологиясын насихаттау барысында әлеуметтік мәселелерді құрал етіп пайдаланады. Қоғамда орын алып жатқан теңсіздік пен сұрықсыз көріністерді һәм діни дүмшелікті өткір түрде айыптайды. Осыған орай кейде сәләфиттер батыл іс-қимылымен кейбір таяз ойлы адамдардың сүйіспеншілігіне бөленіп жатады. Оларға ерушілер үшін сәләфизм сенімі әділеттілікті қалпына келтіруші мазмұндағы діни идеология болып санала бастайды. Яғни, әлеуметтік-психологиялық күйзеліске түскен азаматтар өздерін турашыл етіп көрсеткен сәләфиттерге алданып жатады.  

Жалпы, сәләфизмді насихаттау­шы­лардың іс-әрекеттері әдіснамалық тұрғыдан алғанда әртүрлі сипатқа ие. Оның себебі әрбір кеңістіктің діни танымы мен әлеуметтік ахуалының түрлі деңгейде болуында. Осыған қарай сәләфизм насихаттаушылары локальді ерекшеліктерді ескере отырып, өтімді әдіс-айлаларға жүгінеді. Мысалы, саяси қолдауға ие, қаржылық қоры мол сәләфизмнің кейбір тармақтары өз ілімдерін алдын-ала жасалған кешенді жоспар негізінде насихаттайды. Шартты түрде алғанда адамдарды арбауы мынадай бірнеше кезеңдерден тұрады:

  Бірінші кезеңде сәләфиттер бұқара халыққа өздерін жақсы қырынан танытуға тырысып бағады. Тағат-ғибадатшыл, көпшілікке қайырымды, турашыл, қайсар, табанды һәм жаны жомарт бейнеде өздерін жақсы сомдайды. Дін насихатында өз идеологиясын ашық айтпағанмен, сәләфизм ошақтары саналатын елдердің мұсылманшылдығын көбірек мақтайды. Осы арқылы көпшіліктің өздеріне деген ықыласын оятуға күш салады.

Екінші кезеңде сәләфиттер өздеріне жақын тартқан белгілі-бір азаматтармен тығыз қарым-қатынас жасауды қолға алады. Тұзаққа түсіргісі келген адамдарға әрбір мәселеде жанашырлық танытып, тіпті олардың діни емес мазмұндағы қуанышына да ортақтасып, күнделікті өмірде қоян-қолтық араласады. Сәләфиттерден жылуар көрген азаматтар біртіндеп тұрақты қарым-қатынас орнатады. Олардан әрбір мәселеде ақыл-кеңес сұрайтындай халге жетеді.

Үшінші кезеңде сәләфиттер нысанаға алған азаматтардың сеніміне кіргеніне толық көз жеткізген соң оларға қоғамдағы жағымсыз жәйттерге сын көзбен қарауды үйретеді. Күнделікті өмірде не нәрсенің адал, не нәрсенің арам болатынын, қандай амалдың ширк, қандай амалдың сауапты екенін едел-жедел түсіндіруге тырысады. Арбалушы азаматтар да сәләфиттердің уағызынан әлі пәлендей өзгеше теріс пікір естімегендіктен, олардың илеуіне көндіге түседі. Бірақ, олар өздерінің зайырлы қоғамға өгей бола бастағанын аңғармайды.

Төртінші кезеңде өздерімен тұрақты байланыс жасаушы азаматтарға діни дәріс өткізуді жүзеге асырады. Кейде кітаптарын оқытса, кейде өздерінің шейхтарының уағыз-насихаттарын тыңдатады. Сәләфизмді насихаттайтын сайттардың тұрақты оқырманы етуге күш салады. Осылайша арбалушы азаматтардың санасында сәләфизм ілімінің негіздері қалыптасады. Ішкі жан-дүниесінде үлкен өзгерістер орын алады. Олар сәләфизм іліміндегі «Үш негіз» теологиялық тұжырымын Хақ діннің басты тіректері деп қабылдай бастайды.

Бесінше кезеңде олар өз жемтіктерін зайырлы қоғамнан мүлде жерітіп, шетелде білім алуға немесе шетелдегі «толық исламды» көруге шақырады. Ал, оған арбалған азаматтар қағынан жерініп, шетелге кетіп «толық  исламмен» қауышуға әзір тұрады. Сөйтіп қажылық-умра немесе шетелге саяхаттауды себеп қып сырттағы сәләфизм ошақтарына аттанады. Отқа итермелеушілер алдын ала белгіленген жоспар бойынша олардың қабілет-қарымына қарай кейбірін діни оқуға, кейбірін әскери жаттығу базасына жібереді.  

Алтыншы кезеңде сәләфизм ошағына келген азаматтар әуелгіде араб тілін меңгеріп, кейін ибн Тәймийа, ибн Жәузийа, Шәукани, Мұхаммед Абдулуаһаб, ибн Фаузан, ибн Усаймин, ибн Баз, шейх Албани, Ахмет Сурури, Рабиғ Мадхали және т.б. сәләфизм шейхтарының еңбектерін оқып, жан-жақты діни білім алады. Ал, физикалық әлеуеті мықты, бірақ ой-өрісі тар, мінез-құлқы қатал азаматтар арнайы базада әскери қабілет-қарымдарын жетілдіреді.  

 Жетінші кезеңде сәләфизм ілімімен жан-жақты қаруланған азаматтар өз еліне қайта оралып, зайырлы құндылықтар мен дәстүрлі исламды мансұқтап, игерген теріс діни ілімдерін кеңінен насиқаттайды. Құлақ түріп тыңдаған азаматтардың бәрін мемлекет пен қоғамға қарсы қояды. Ал, сәләфизмнің әскери базасында арнайы жаттығыудан өткен содырлар зайырлы мемлекетті тағұтқа балап, берілген бұйрыққа сай тағұттың күл-талқанын шығару үшін беліне «шахид» белдігін асынады. Міне, сәләфиттер жанкешті тұлғасын осылайша қалыптастырады.  

Түйін: Сәләфиттер өздерін ислам дінін батыл жақтаушы етіп көрсетуі арқылы, өз қатарын күннен күнге көбейту үстінде десек асыра айтқандық болмас. Бұл теріс діни сенімді тек ағартушылық жолмен еңсеру мүмкін болмай отыр. Егер, сәләфизмнің насихатталуына құқықтық тұрғыдан тыйым салынса, олардың өрісі тарылып, қатары сирейтіні күмәнсіз. Яғни, заңдық тұрғыда сот шешімімен тыйым салу арқылы ғана қоғамда сәләфизмнің идеал ілім ретінде үгіттелуіне тосқауыл қойып, діни теріс ілімнің таралуына жол бермеуге болады.

Мұхан ИСАХАН,

исламтанушы

Published in МАҚАЛАЛАР
Жексенбі, 17 Желтоқсан 2017 02:09

КЕДЕЙ БОЛСАҢ ДА ҮЙЛЕН

«Бас екеу болмай, мал екеу болмайды» деп жатамыз. Өйткені шаңырақ құрғаннан кейін адамның еңбекке деген құлшынысы да артады. Дүниесін үнемдеуді, есептеп, орын-орнымен жұмсауды үйренеді. Ал үнемшіл үйге береке жауады.

Құранда былай делінген:

«Егер олар кедей болса, Алла оларды шексіз шарапатымен байытады»[1]. Шаңырақ құру жастарды байсалдылыққа, сабырлы, төзімді болуға тәрбиелейді. Ұшқалақтық пен жеңілтектіктен арылтып, ақылды толыстырады. Үйлену арқылы адам баласы өзін түрлі күнәлардан қорғайды. Бұл турасында Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм):

«Уа, жастар, араларыңдағы үйленуге шамасы жететіндер үйленсін. Себебі, көз зинасынан да, іс-әрекетпен жасалатын зинадан да ең күшті сақтану жолы – үйлену. Бұған шамасы жетпегендер ораза ұстасын. Себебі, ораза ол үшін қорған»[2], - деп кеңес берген.


[1] «Нұр» сүресі, 32-аят

[2] Бұхари, Никаһ, 1

muslim.kz

Published in ЖАНҰЯ
Бейсенбі, 14 Желтоқсан 2017 15:26

Баланың көзінше ұрсысудың зияны

Балалардың ата-аналарының қасына жатқысы келетіні бәрімізге белгілі жағдай. Бес жасар Айым да түнде қорқатындықтан, төсекте жалғыз жата алмайтын бүлдіршіннің бірі. Ата-анасы қыздарының қорқу себебін білу әрі соны шешу үшін арнайы маманға жүгінеді. Маман өзі жүргізген зерттеулер нәтижесінде бүлдіршінде әкем шешемді ұрып қоя ма деген қорқыныш барын анықтайды. Осы себепті анасының жанында ұйықтап, оны қорғаймын деп ойлайтын көрінеді. Нәтижемен танысқанда бәрі таңғалады. Өйткені ерлі- зайыптылар өз жанұясын бақытты деп білетін. Кейіннен отбасы туралы зерттеуде тағы бір шындықтың беті ашылады: қыздары әлі үш жасар кезінде әкесі анасын ұрған екен. Ата-анасы екі жыл бұрын болған бұл оқиғаның балаға осыншалықты әсері болады деп ойламаған-ды. Егер осы бір түйткілді мәселені шеше алса, Айымның да қорқынышы кетер еді. Кеш те болса, күйеуі әйелінен кешірім сұрап, мәселе шешімін табады. Бірақ өкініштісі сол, баланың осындай ішкі қыжылына әр отбасы шешім таба бермейді.

Отбасылық өмірде бір шаңырақта тұрып жатқан екі бөлек адамның кейде көзқарастары бір жерден шықпауы заңдылық. Шамамен әрбір шаңырақта аз-кем кикілжіңдер орын алуы мүмкін. Бұл тұстағы қате – бұндай кикілжіңнің жиі қайталануы. Ерлі-зайыптылардың сөзбен шымшыласып не күшпен бір-бірінің жанын ауыртуы, махаббат пен сыйластықты үзуі үйдегі балалардың психологиясына ауыр зардабын тигізеді.

Келіспеушілік мүлдем кездеспейтін жанұяны кездестіру мүмкін емес. Алайда жоқ дегенде таласты созбау, соңын тату аяқтау, жанұядағы жарасымдылықты бұзбау ол да бір өнер. Кейде кездесетін болар-болмас сөзге келіп қалулар балаларға көп әсер ете бермейді. Тіпті кейбір мамандардың айтуынша, олардың психологиялық тұрғыдан мықтырақ болуына оң ықпал етуі де кәдік. Алайда талас-тартыстар жиі орын алатын болса әрі ұзаққа созылса, үйден үнемі шу кетпеуі баланың сана-сезіміне кері ықпал етеді. Өйткені бүлдіршіндер оқиғаларды өз әлеміне салып, бәріне өз көзқарасымен қарайды. Психологтардың айтуынша, мектепке дейінгі кезде ата-анасының ұрыс-керісін балалар «Бір-бірін жақтырмайды, сондықтан мені де жақсы көрмейді», «Бір-біріне өрттей өш, маған да жамандық жасаса қайтем» дегендей қабылдайды. 9-10 жастарында кінәні іздей бастайды. «Қайсысыныкі қате, қайсысы көбірек кикілжің тудырады» деп ойлап, екі жақтың қайсыбірін таңдай бастайды. Отбасылық кикілжіңдер әсіресе жасөспірім шақта күйзеліс тудырады. Көңілі далаға ауып, жора-жолдастарымен достыққа көбірек көңіл бөле бастайтын осы уақытта отбасылық ұрыс-керістер баланы өз отбасынан алыстата түседі.

Бала психиатрларының айтуынша, адамдарда қалыптасатын психо-әлеуметтік көптеген мазасыздықтар бала кезде басынан өткен осындай естеліктермен байланысты. Айталық, өмірге селқос қарау, адамдарға өштестікпен қарау, жануарларды қинаудан ләззат алу, өтірік айту, ұрлық жасау, өзіне деген сенімнің азаюы, тартыншақтық секілді көптеген психологиялық мазасыздықтардың түбінде жайсыз отбасында өсу факторы жатыр. Осындай жағдайда өскен балаларда тырнақ тістелеу, өтірік айту, дұрыс ұйықтай алмау, бұтына жіберіп қою, сотқарлық секілді нашар қылықтар кездесуі мүмкін.

 

Балалар естімесін дейміз

Көп ата-аналар ұрыс басталарда балалардың көзінше ұрсыспайық деп басқа бөлмеге өтеді. Кейбір психологтар жақсы ниетпен жасалған осы әрекеттің шынтуайтында дұрыс еместігін айтады. Айталық, басқа бөлмеде айғайласқан ата-анасының даусынан бала өз қиял әлеміндегі соққының ауырлығы мөлшерінде әсерленеді. Ал анығында ата-анасының жанында олардың іс-әрекетін көруі, ата-анасының бірінің жүзіндегі күлімсіреуді және табиғилықты сезуі оның қорқынышын сейілтеді. Сөйтіп бүлдіршін өзін ары қарай да қауіпсіз сезіне бастайды. Бұл тұста маңыздысы, бұл таластың ұрыс- керіске айналмауы әрі мәселені шешуге бағытталуы және міндетті түрде нәтижелі болуы. Сонда барып бүлдіршіндер әркез келіспеушіліктер болатынын, соған қатысты әңгімелер жүретінін де санасына түйіп қояды. Психологтар сөйлескенмен шешілмейтін немесе бір жерде түйінделмейтін, қайта үдей түсетін талас-тартысқа балалардың көзінше бармау керектігін ескертеді. Ондай мәселе көтеріле қалған жағдайда «Біз бұл туралы кейін сөйлесейік» деп, тақырыпты жапқан дұрыс.

Отбасылық өмірде балалардың білмегені дұрыс тақырыптар да қозғалуы мүмкін. Егер ата-ана келісе алмаған мәселе болашақта балалар алаңдайтындай: бар дүниеден айрылу, қарызға бату, ауру секілді тақырыптар болса, онда балаларды бұндай уайымға салмау керек. Немесе талас себебі баланың оқуына, тәлім-тәрбиесіне қатысты болса, ол жоқ жерде сөйлесіп, шешілгеннен кейін барып оған айтылғаны дұрыс. Кері жағдайда өз қалауын немесе істеген ісін құптамаған ата-анасына ашулануы мүмкін. Үлкендер талас-тартыс кезінде бір-бірін кінәласа, балалардың әлемінде қате істейтін ата-анаға деген сенім азая түседі. Сенім ұялата алмаған ата-ананы алда анағұрлым қиын күндер күтіп тұрады.

 

Талас-тартыстың жөні қандай болуы керек?

Ерлі-зайыптылар бір мәселеде келіспей қалған кездерінде, оның соңы қатты ұрыс-керіске ұласып кетпеуіне көңіл бөлуі керек. Ол үшін шешімі қиын мәселені қозғамауға, бұрынғы қателіктерді жиі бетке баспаған жөн.

Дауыс ырғағы, іс-қимыл және қозғалыспен әсіресе айтылатын сөзді таңдағанда, аса мән беру керек. Баланың жанында «болды, ажырасамыз», «өңіретіп тастап кетем» немесе «сені енді желкемнің шұқыры көрсін» деген секілді қорқыныш ұялататын сөздерді ешқашан айтуға болмайды.

Ата-ана бір-бірін балаға сырттай жамандап, оны бір жаққа шығуға қинамауы керек. Олар өз ашуын балаларға ешқашан білдірмегені жөн. Араларындағы мәселені өздері шеше алмаса, психолог маманның кеңесіне жүгіну де артықтық етпейді.

Published in ЖАНҰЯ
Page 1 of 2
Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы