Items filtered by date: Мамыр 2017

Қасиетті Рамазан айы келіп жеткелі республикамыздың барлық өңірлеріндегі мешіттерде түрлі шаралар ұйымдастырылып, қызметтер көрсетіле бастады. Соның бірі – тегін такси қызметі.

ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, орталық «Ақмешіт – Сырдария» мешіті де тегін такси қызметін халыққа ұсынды. Бұл қызмет аясында мешітке тарауих намазына қатысушы жамағаттар, мешітке аяқ басқан тұрғындар таксимен үйлеріне тегін жеткізілуде.

Бұл қызметке барлық қалалық мешіттер атсалысты. Жақсы істің басында жүріп, халыққа Рамазан айының келуін осылайша сезіндірген өкілдік ұжымына жамағат та дән риза болып, алғыстарын жеткізуде.

Қызылорда облыстық «Ақмешіт-Сырдария»

мешітінің баспасөз қызметі

Published in ІС-ШАРАЛАР
Сейсенбі, 30 Мамыр 2017 04:54

Қайырымдылық жәрмеңкесі өтті

ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінде қасиетті Рамазан айының құрметіне қайырымдылық жәрмеңкесі ұйымдастырылды.

Жәрмеңкені әйелдер-қыздар секторының облыстық бөлімі өткізді.

Қайырымдылық жәрмеңкесінде орталық мешіттің шәкірт қыздары өз қолдарымен пісірген өнімдерін, басқа да бұйымдарын саудалап, одан түскен қаржы мұқтаж жандар үшін пайдалануда.

Жалпы, мұндай қайырымдылық шаралары, жәрмеңкелер облыстық әйелдер-қыздар секторының ұйымдастыруымен тұрақты өткізіліп тұрады.

Әйелдер-қыздар секторының облыстағы жетекшісі Файзуллина Маралдың бастамасымен бірқатар шаралар бір жүйеге түсіп, әйел жамағаты белсенділігі артып келеді.

Қызылорда облыстық «Ақмешіт-Сырдария»

мешітінің баспасөз қызметі

Published in ІС-ШАРАЛАР

ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілі, орталық «Ақмешіт-Сырдария»  мешітінде ҚМДБ тарапынан қабылданған құжаттарды толығымен таныстыру мақсатында алқалы  жиын өтті.

Жиынды орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің бас имамы Омаров Талғат Сейіткәрімұлы жүргізді.

Айта кетейік, биыл республикалық имамдар форумында  екі маңызды құжат қабылданған болатын. Біріншісі – ҚМДБ-мен арнайы әзірленген «ХХІ ғасырдың үздік зияткер имамы» тұжырымдамасы. Екіншісі – «Ханафи мазхабы және Матуриди сенім мектебі – Қазақстандағы Исламның дәстүрлі жолы» ұстанымы.

Жиынға барлық қала және аудан имамдары қатысып, аталған құжаттарға байланысты ой-пікірлерімен бөлісіп, құжатта қойылған талаптар үдесінен шыға білуді қолдады.

Қызылорда облыстық «Ақмешіт-Сырдария»

мешітінің баспасөз қызметі

Published in ІС-ШАРАЛАР

Қызылорда қалалық «Айтбай» мешітінің наиб имамы, дінтанушы Қайырбек ОТЫЗБАЕВ:

 

-Қайырбек Тоқтықбай­ұлы, бір күннен кейін  қасиет­ті  Ораза айы төрімізге енеді. Рамаза­н айы мүбарак болсын! Ораза – Исламның бес парызының үшіншісі. Осы ретте әңгімемізді қасиетті парыз­ды орындау тұрғы­сында  бас­тасақ...

- Иә, барша мұсылманды сағындырған, әрі айлардың ішіндегі сұлтаны бол­ған қасиетті Рамазан айы да келді. Мүбарак Рамазан – күллі әлем мұсылмандарының сағына күтетін, қимай қоштасатын айы. Өйткені, адам баласының тәнін, жан  дүниесін тәрбиелейтін ораза­ құлшылығы осы айда парыз етілген. Сонымен қатар, адамзатты ақиқат жолға үндейтін қасиетті Құран да осы айда түсірілді. Сондықтан, бұл айда жасал­ған әрбір жақсы амалдар елеусіз қалмай, сауабы еселен­е түседі. Алла тағала былай дейді:«Әй, мүміндер! Сендерге  бұрынғыларға  парыз қылғандай ораза парыз қылынды... Рамазан айы сондай бір ай, ол айда адам баласына тура жол және (ақ пен қараны) айыратын дәлел түрінде Құран түсірілді. Сендерден кім Рамазан айында болса, ораза ұстасын...»(«Бақара» сүресі, 183,185-аяттар). Ардақты пайғамбар Мұхаммед (с.ғ.с.): «Кімде-кім Рамазан айында шынайы сеніммен, сауапты бір Алладан ғана күтіп, ораза ұстаса, бұрын-соңды жасаған күнәлары түгелдей кешіріледі», - деп айтқан. Үш шарт­тың аясында, яғни мұсылман болу, ақыл-есі дұрыс және балиғат  жасқа толған әрбір кісіге Рамазан оразасын ұстау  парыз  болып  табы­лады.

-Оразаның пайдасын айтсаңыз...­

- Ораза жекелеген адамды алдымен Алладан қор­қу­ға, қиыншылық кезіксе, сабыр­ етуге, өзіндегі бар дүниесіне қанағат пен шүкір етуге, адами қасиеттерін дамыт­ып, көркем мінез-құлқын жақсартуға, қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырындағы алтын уақытын жақсылыққа, екі дүниесіне пайда әкелер игілікті істерге жұмсауға үйретеді. Сондай-ақ, ораза қоршаған қоғам үшін де аса пайдалы. Адамдарды бірлікке және бір тәртіпке үйретеді. Барлық адам баласын күнә атаулыдан сақ болуға шақырады. Адамдардың бір-біріне мейірімді болғанын жақсы көреді. Міне, Рамазан – осындай қадір-қасиетімен ерекшеленген рухани тәрбие айы.

- Бұл  Рамазан  айында  дұға-тілектің қабыл болуы жайында  не  айтылады?

- Әрбір пенде тіршілікте жаратушы Аллаға мұқтаж екені ақиқат. Ал, Рамазан дұғаны көбірек жасаудың үлкен мүмкіншілік сәті. Өйткені, ораза ұстаушының жасаған  дұғасы  қабыл  болады. Бұл жайында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):«Шындығында ораза ұстаушының ауызашарда қылған дұғасы қайтарылмайды»,- деп айтқан. Демек, ораза ұстап, көптеген жақсылықтарға қол жеткізгеніміз секілді, ауызашар сәтінде алақан­ымызды Аллаға жа­йып, қажетімізді сұрау да – бір бақыт. Көзді ашып-жұм­ғанша өтіп-ақ кететін ораза күндерімізді сауапты әрі игі істермен өткізіп, алақанымызды бір Аллаға жайып, игі амалымыздың қабыл болуын сұрап, көп-көп дұға жасаған дұрыс болады.

- Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Мал­ғажы­ұлы қасиетті Рамазан айын­а байланысты халыққа үндеуінде  не  айтты?

- Еліміздің Бас мүфтиі, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төр­ағасы Ержан қажы Малғажы­ұлы биыл да Рамазан айының құрметіне дәстүрге айналған үндеуін жария етті. Бас мүф­ти асыл дініміз Исламдағы «садақа жария» ұғымына ден қойды. Яғни қоғамның, халықт­ың игілігі үшін жа­салуы­ керек сауапты (мешіт-медресе, аурухана, балабақша, спорт кешендерін тұрғызу, көше, көпір салу, ауызсу тарту) істерге шақырды. Үндеуде:«Меценаттар мен кәсіпкер азаматтарды жалпы жұршылыққа қажетті нысандарды тұрғызу жұмысына белсене араласып, жанашырлық танытуға шақырамын. Өйт­кені, Рамазан – қайырымды жандар үшін мол мүмкіндіктер маусымы. Оразада жасалған әрбір қайырлы іс – үлкен са­уап»,- делінген. Сондай-ақ:«Қоғамда кісі ақысын жеу, баланы аяусыз ұру, педофилизм, нәрестені далаға тастау, өз-өзіне қол жұмсау, ажырасу, кейбір азаматтар арасындағы қатыгездік жағдайлар, арақ-шарапқа тәуелділік, отбасындағы келіспеушілік, террорлық оқиғалар сынды  жалпы адамгершілік  құндылықтарға жат әрекеттер көрініс табуда. Пендені рухани тұрғыдан аздыры­п, елдің тыныштығын бұзып, қоршаған  орта мен бүкіл  қоғамның тұтастығына үлкен зиянын тигізетін мұндай жаман­ әрекеттерге жұрт болып­ жұмылып қарсы күресуіміз керек­. Бүгінгідей бірлі­гіміздің арқасында мұндай жағымс­ыз, жаман оқиғалардың   жолын  кесе аламыз»,- деп бүгінгі қоғамның өзегіне айналы­п бара жатқан жат қылықтарға  тосқауыл болу керектігін  де  баса  айтқан.

Бағалай білсек, Рамазан – мол сауап жинайтын қасиетті ай. Сол үшін қасиетті айдың құрметі үшін үндеуде айтылғандай азық-түлік, көкөніс пен тұрмыстық заттарға жеңілдік жасалып, Құдайы астар мен садақалар ауыз­ашар уақытында ұйымдастырылса, тойлар ішімдіксіз өткізілсе, жамандықтың бастауы болған арақ-шараптың сатылуына барынша жол бе­рілмесе, қандай жақсы?! Үндеуде көтерілген өзекті мәселелерге бейжай қарамай  мұсылман баласы ретінде үн қатып, Рамазан айын құрметтесек, жақсы істің өнегесі де, тәрбиенің бастауы да осы болмақ.

- Рамазан айы шапағаты мол, ізгілік пен ілтипатқа, мейі­рімге толы. Сондықтан осы айды қуанышпен қарсы аламыз. Жыл бойы жасамаған жақсылығымызды осы айда көрсетеміз. Жалпы, қазақта «Оң қолың бергенді сол қолың көрмесін» дейді ғой. Қайырымдылық шараларын жарнамалау имандылық тұрғысынан қарағанда қаншалықты дұрыс?

- Бірде Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздан бір кісі: «Уа, Алланың Елшісі, ең жақсы адам кім?» – деп сұрағанда, ол кісі: «Ең жақсы адам – қоғамға, елге пайдасы тиген пенде», – деп жауап берген екен. Қараңызшы, жақсы адам қоғамға, елге пайдалы болғаны. Демек, адам баласы елі үшін қылатұғын жақсы­лығын міндетсінбей, мақтанбай бір Алланың разылығы үшін жасағаны дұрыс. Онсыз жасалған­ жақсылықтың сауабы да жоқ болмақ. Тек, Рамазан айында ғана сауап іс жасау керек екен деген теріс түсініктен толықтай арылуымыз керек. Жыл оны екі ай жақсы істеріміз, сауап амалдарымыз күнделікті тірші­лікте мұсылманның серігіне айналуы қажет. Ал, оразада жасалған әрбір қайырлы істің сауабы көп. Сондықтан, бұл айдың ішінде мол сауапқа кенелу­ үшін әрбір иманды жан жақсылықта жарысатыны сөзсіз. Алла Елшісі (с.ғ.с.) былай деген:«Шама-шарқыңызға  қарай  сауап  амал жасаңд­ар. Өйткені сендер жақсы­лық жасауда жалық­пайынша, Алла да сендерге сауап­ жазуда­н жалықпайды. Алланың құзырында қабыл болаты­н  амал – аз да болса игі істің  тұрақты  жалғасып  тұр­ғаны». Демек, оразада көбірек сауап іс жасаған болсаңыз, Рамазан айынан кейін «осымен бітті» деп тоқмейілсуге болмайды. Одан кейінгі айлар­да да аз болса да игі, сауап­ты істерді тұрақты жалғастыру керек. Яғни, бір кісі басқа айларда кешірімді болған­ болса, Рамазан айында тіпті көбірек кешірімді болу керек. Өзге айларда қайырымдылық, жақсылық жасап келе жатқан болса, Рамаз­ан айында Ораза айыны­ң басқа айлардан ерекшелігі  секілді, қасиетті айдағы  жасаған жақсы істері өзге айлардан әлдеқайда  шоқтығы  биік  болып ерекше көрініп тұр­ғаны  жөн.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Оң қолыңмен бер­ген­іңді сол қолың көр­ме­сін», - деген мәнді хадисі бар. Бұл  хадис  берген  сада­қаңды,  жасаған қайырымды істеріңді міндетсінбей, анаған-мынаған мақтанып айтпау керектігін білдіруде. Жұртқа мақтанып көрсету үшін емес, тек шынайы түрде Алла ризалығы үшін болса, ол  жақсылыққа  сауап­ жа­зылады. Өмірде адамдардың арасында кіш­кентай  жақсылық  жасаса, соны міндетсінетін, алушыны ренжітетіндер де жоқ емес. Жалпы, жасалған қайыр­ымдылықтың сауабын жоя­тындай мақтану, мін­детсіну сынды теріс ниетт­ерден сақтанып, өзгелерге жақсы жағына­н ой салса немесе өнеге болса екен деп ақпараттандырып жатса, оның еш айыбы жоқ. Өйт­кені, БАҚ пен бүгінгі әлеуметтік  желілер – үлкен мүмкін­шілік  алаңы. Қайда­ғы арсыз­-ұятсыз  дүниелерден гөрі  өзгеге­  ой салып, ғибрат болатындай сауапты істер жақсы ниетт­е насихатталып жатса, жастарға да, халқымызға да өнеге болмай ма?

-Жалпы, Алла Ораза мен намазды адамдарға парыз етіп берген. Ал бірақ намаз оқымаған  адам нағыз күнә­һар  деген   сөзді   қалай түсінуге болады? Сонда намаз оқымай  жүрген  пенделердің барлығы қанша сауап істер істесе де, күнде еш жамандық жасамаса да, ауыр күнәға батып­  жүреді  ме?

- Парыз болған ораза амалы секілді, намаз да – өз алдына Алланың иман келтірг­ен  құлдарына әмірі. Кейде қоғамнан мынадай теріс пікірлер естіп қаламыз. Мәселен, «намаз оқымасаң, тұтқан оразаң қабыл емес, сауабы жоқ», «намаз оқымасаң, онда ораза­  ұстамай-ақ қой» деп теріс түсінік берілуде. Айтпағым, намаз оқымайтын көптеген кісілер «мойнымдағы парыз амал ғой, биыл ораза ұстайын!» деп жақсылыққа ниет етеді. Қараңыз, ораза ұстау арқылы бір пары­з амалын болса да, мойнынан түсіреді. «Ой, мен намаз оқымаймын, маған­ ораза тұтуға болмайды» екен деп, көшеден естіг­ен сөзге еріп кетсе, онда оразаның сауабынан қарап  тұрып  қағылмақ. Дәл сол секілді намаз да – мұсылман үшін иманнан кейінгі екінші парызы. Оған ешқандай сылтау жүрмейді. Яғни, сіз айтқандай «мен сауап істер жасап жүрмін, жаманшылық жа­самаймын ғой» деп айтумен мойнындағы парыз болған намаздан  босатылады деген сөз тумайды. Кім жақсылық  жасаса  біреу  үшін  емес, ең  алдымен  өзіне  болмақ. Құ­ранда­ былай делінеді: «Әлде­кім­ ізгі іс істесе, сонда өзі үшін. Ал кім  жамандық  істесе­, ол да өзіне» («Жәсия» сүресі, 15-аят). Ал, намаз – Құдай алдын­дағы сұрауы бар парыз амалдың ең маңыздысы. Құранның көптеген жерінде:«Намаз оқыңдар және зекет беріңде­р», - деген аяттармен намазды­ң маңызды парыз ғибадат екендігі білдірілген. («Бақара» сүресі, 238-аят) Хадис­те:«Намаз – діннің тірегі»,-делінген. Мойынның жар бермеуінен көп адам әлі де намаздың қадір-қасиетін білмей, оған жақындай алмай жүргені ақиқат. Оразада аузы берік екенін біліп тұрып әдейі оразасын бұзған адам қандай күнәлі болған болса, намаздың парыз екенін біліп тұрып, жалқаул­ық, немқұрайлылық себебім­ен намазды тастаса неме­се  қашқақтаса, оның да өзіндік күнәсі бар екенін ескерг­еніміз жөн. Сіз айтқандай, намаз оқымай жүрген пенде­лердің барлығы қанша жақсылық жасаса әрі күнде еш жамандық жасамаса, оның да Алла құзырында сыйы болмақ. Сол үшін «жақсылық жасап жүрмін, мен күнә жасамаймын» деп, парыз болған намаздан сытыла, сылтаурата қашуға болмайды. Қайта мойнымдағы міндетімді шама-шарқынша өтейін, бес уақыт, бес намазымды қаза қылмайын деп ниет­тенсе, қандай жақсы. Өйткені, намаз – арсыздықтан, жаманшылықтан сақ­тайтын  бірден-бір жол.

- Мешіттің наиб имамы қызметіндесі­з. Өзге  дін  өкілдерін қалай  айыруға  болады?

- Жуырда Астана қаласында ІІ республикалық имамдар Форумы өткізіліп, онда«Ханафи мәзһабы  мен  Матуриди  сенім мектебі – Қазақстандағы Ислам­ның дәстүрлі жолы»ұстанымы бекітілген болатын. Мұны бұрыннан бабаларымыз ұстанып келе жатқан рухани мектеп десек болады. Алайда Діни басқарма ұстанып отыр­ған бағытымызға қыңырлық таныт­ып, одан  теріс  айналған жандардың пікірінен, сөзін­дегі дөрекілігінен, ата-анасына қарсы келу және сыртқы жүріс-тұрысынан, сақалды ұсқынсыз бейберекет өсіру, балақтарын кесу сынды оғаш көріністерінен ажыратуға болады. Бас мүфтидің имамдарға айқындап берген төрт бағыты бар. Соның бірі – теріс ағымдағылармен жұмыс жасау. Аллаға шүкір, мешіт жамағаттарының ынтымағы мен бірлігі үшін айтарлықтай жұмыстар қолға алынуда. Әсіресе күнделікті уағыз-насихат, айлық дастарқан, қоғамдық іс-шаралар мен спорттық ойындар өткізу бірізділікке түсіп келеді. Соның  арқасында  жамағаттың бірлігі бекемделіп келеді.

-Шындық. Шаңырақ құрмаған, діни рәсіммен некесін қи­дырған  жастар, орта  жастағылар арасындағы «талақ» мәселесі. Мешіттен берілетін неке қағазын алу үшін заңды органның неке қию туралы куәлігін талап ету енгізілді ме?

- Шариғатта «неке» – шаңыр­ақ көтеруші ер мен әйелдің ұсыныс және қабылдау арқылы сөз байласуы дегенді білдіреді. Яғни, неке қидыру дегеніміз – үйленуге кедергісі жоқ екі жұптың куәгерлердің алдында сөз байласуы арқылы адал жолмен қосылып, перзентті болып, киелі шаңырақ көтеруі деген сөз. Ардақты Пайғамбарымыз  (с.ғ.с.) былай деп өсиет етеді:«Үйленіңдер. Расында мен, үмбетімнің көптігін мақтан етемін». Аллаға шүкір, қазіргі жас отбасы­лар ең алдымен ме­шіт­ке келіп, өздерінің ақ некелерін қидыртуда. Алай­да­ отбасының қадірін бағаламай, болмашы нәр­селер­ден бірінен-бірі ілік іздеп өз шаңырақтарын шайқалтып, түбінде «талақ» ажырасу мәселесіне дейін барып жататын­дар да бо­лады. Міне, осындай жағдайда, мешіт имамдарының кінәлі болып қалмауы үшін мешіттегі неке қағазын алу үшін алдымен заңды органның неке қию туралы­ куәлі­гін талап ету мешіт­тердің неке қию жөніндегі талап­тарын­да анық көрсетілген. Онсыз мешітте­рде қазір неке қиылмайды.

- Бейіт  жанынан  өтіп  бара жатқанда көлік ішінде отырып бет сипау немесе көлікті жол жиегіне қойып, ішінде  отырып  Құран  бағыштауға  бола  ма?

- Әрине, болады. Дүние­ден өткен марқұмдарға Құран бағыштау – сауап іс. Ең болмағанда «жатқан жерлер­і жәннат, имандары саламат болсын!» деп бет сипау да дұға болып табы­лады. Егер жолаушы тым асығыс болмаса, жол жиегіне тоқтап, білген Құранын оқып, оның сауабын мар­құмдарға бағыштаса, ол да болад­ы.

-Құран оқытқан орын­дарға, жерлеу рәсімдеріне бара­мыз. Қол жайып, бет сипай­тын әдетіміз бар. Сол кездегі айтар сөзіміз қандай: «Әумин» әлде «Әмин»?

-Жалпы, діни рәсімдерге барудағы негізгі мақсатымыз дұға жасап, марқұмға сауап тисе екен дейміз. Ол жерде Құран оқылады, дұға жасалады. Ал, мұсылман бауы­р ретінде дұғаға «әмин» немесе «әумин» дейміз. Яғни, «Алла қабыл етсін, сауабы­н жазсын» деген ниетім­іздің көрінісі. Екеуі де қолданыстағы сөздер болға­ндықтан, аса  алшақтық  жоқ деуге болады. Қазақ әу бастан бата бер­генде: «Әумин десең маған, бата берейін саған», - деп те қолданған. Соған бола «олай емес, былай» деп талас-тартыс жасау керек емес.

-Ораза  тұтып үйде жат­қан адам  мен  жұмыста жүр­ген адамның сауабы туралы айтсаңыз.­

- Екеуінің де ықылас-ние­тіне байланысты. Яғни, ұстап жатқан оразасының сауабын бір Алладан үміт етіп, өзін бүкіл жаманшылық әдеттерден бойын тыйса­, Рамазанның берекесі осы ғой. Ал, құлшылықты сылтау етіп, күнделікті тіршіліктен  бас тартуға тағы болмайды. Алайда ораза айын  жақсылап  құлшылықпен өткізу үшін еңбек демалысын соған туралап алып, қасиетті айды Құран оқу­мен, нәпіл ғибадаттармен өткізсе,  оның орны бір бас­қа. Жұмысты әркім өз тір­шілігі үшін жасайды. Дегенмен, жұмыстағы қиыншылыққа, шөлдеу мен аштыққа төзіп, сабыр етер болса, Алла қаласа, оның да сауабы болары сөзсіз. Ниетіміз, тілеген  дұға-тілектеріміз  қабыл болсын!

- Әмин. Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға алғыс білдіремін!

Сұхбаттасқан

Н.ҚАЗИҚЫЗЫ


- Биылғы Рамазан айындағы пітір-садақаның көлемі қанша?

- Пітір сөзі араб тілінен алғанда «жаратылыс» деген­ мағына­ны  білдіргендіктен, кейбір ғұламалар пітір сада­қасын «дененің зекеті» деп атаған. Ардақты­ сахаба Абдулла ибн Аббас (р.ғ.) пітір садақаның мәнін былай деп түсіндіреді:«Алла елшісі Пітір садақаны ауыздан шыққан ұнамсыз сөздерден және (абайсызда жасап қойған) жағымсыз әрекеттерден тазартушы әрі кедейлерге ішер ас болсын деп міндеттеді...».Пітір садақасы Рамазан айының ішінде немесе соңғы күніне дейін, яғни айт намазына дейін беріле­ді. Айт намазы оқылғаннан кейін берілген пітір жәй садақа болып есептеледі. Пітір садақаның сауабы туралы­ Пайғамбарымыз (с.ғ.с) былай деген:«Кім пітір садақасын берсе, ол пендеге Алла тағала он жақсы­лық береді».Жуырда ғана өткен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төралқа мәжі­лісінде биылғы Рамазан айында берілетін пітір садақ­а мөлшері анықталды. Әр облыстағы бидайдың бағасы ескеріліп, ортақ мөлшермен белгіленді. Төрал­қа  мәжілісіне  қатысқан мүшелердің бір­ауызды­ шешімімен биылғы пітір садақа мөлшері –жан басына­300 теңгеболып бекітілді.


Ескерту:
Биыл, яғни 2017 жылы мұсылмандық ай күнтізбесі  бойынша  қасиетті Рамазан айы – 29 күн.
1.    Сәресі ішу таң намазының кіруіне 10 минут қалғанда  тоқтатылады.
2.    Ауызды ақшам намазының уақыты болысымен құрмамен немесе сумен және т.б. жеміспен де ашуға болады.
3.    Тарауих намазы құптан намазынан кейін оқылады, ал үтір-уәжіп намазы ең соңынан жамағатпен оқылады.
4.    Пітір садақаны Рамазан айының басынан айт намазына дейін беруге болады. Пітір садақа – жан басына  300  теңге.
5.     Маусымның 21-інен 22-сіне қараған түні – Қадір түні.
6.    Ораза айт маусым айының 25-і (жексенбі) күні басталады.


 

ҚЫЗЫЛОРДА  ҚАЛАСЫНЫҢ  ОРАЗА  және НАМАЗ  КЕСТЕСІ
Миләди  2017 ж., һижри  1438 ж

Published in МАҚАЛАЛАР
Бейсенбі, 25 Мамыр 2017 22:52

РАМАЗАН АЙЫНЫҢ СЫРЫ

Рамазан айы – жер бетіндегі Алланы бір деп мойындаған, иманның шарттарына шүбәсіз сенген адамзат баласының сағынып күтетін, бізге екі дүниенің бақытының кілтін ашатын қасиетті Құран Кәрім аяттары түсе бастаған сондай бір мүбарак айымыз. Бұл ай барша адамзат баласына өз рахметі мен қайталанбас күнге толы нығметін алып келеді. Рамазан – арабшадан аударғанда түбірі «рамада» – «өте ыстық» деген мағынаны білдіреді. Бұл айдың абзалдығы жайында Құран аяттары және пайғамбарымыз Мұхаммедтің (АлланыңОған салауаты мен сәлемі болсын) көптеген хадистері бар.

Рамазан айын ораза тұту парыз болғанға шейін мұсылмандар әр айдың ортасында үш күн және Ашура күні ораза ұстайтын болған. Ораза негізі алдыңғы үмметтерге де парыз болған. Медине қаласына һижрат қылып келгенде Пайғамбарымыз (АлланыңОған салауаты мен сәлемі болсын) яһудилердің Ашура күні ораза ұстап жүргендерін көріп, себебін сұраған. Сонда яһудилер осы күні яғни Ашура күні Алла Тағала Мұсаны (оған Алланың сәлемі болсын) перғауыннан құтқарған, сол үшін шүкір етіп ораза ұстаймыз деген. Пайғамбарымыз (АлланыңОған салауаты мен сәлемі болсын) Сахабаларына «Мұса бізге лайық сондықтан осы күні ораза ұстаңдар», – дейді. Рамазан айы парыз болғанға дейін сахабалар Ашура күнін оразамен өткізген. Ислам діні қазақ даласына келгеннен бабаларымыз Рамазан айын үлкен қуанышпен қарсы алатын болған. Оған дәлел ретінде ораза айы таянғанда әр үйге барып жарапазан айтып, бір-бірін үйлеріне шақырып ауызашар беріп, сауабын аламыз деп ораза ұстаған адамның сәресін даярлап, қызмет қылатын болған.


فإن الصوم متميز بخاصية النسبة إلى الله تعالى من بين سائر الأركان؛ إذ قال الله تعالى فيما حكاه عنه نبيه صلى الله عليه وسلم: (( كُلُّ حَسَنَةٍ بِعَشْرِ أَمْثَالِهَا إِلَى سَبْعِ مِائَةِ ضِعْفٍ، وَالصَّوْمُ لِي، وَأَنَا أَجْزِي بِهِ ))

 أحمد الترمذي

Шындығында ораза басқа негізгі ғибадаттарға қарағанда Алла тағала алдында өзіндік ерекшелікпен дараланады. Себебі, Алла тағаладан Оның Нәбиі (АлланыңОған салауаты мен сәлемі болсын) біздерге баяндағандай «Әрбір жақсылық оннан жеті жүз есеге дейін еселенеді. Ораза болса Мен үшін оның сауабын Өзім беремін» (Ахмад, Тирмизи).

Құран Кәрімнің Зумар сүресінің 10-шы аятында «Сабыр қылушылар сауаптарын есепсіз алады», – деген. Ораза сабырлықтын жартысы болады, сауабы есептеуге келмейді.                                                                        Оразаның әрбір мүмінге міндетті құлшылық екендігін Хақ тағала:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا كُتِبَ عَلَيْكُمُ الصِّيَامُ كَمَا كُتِبَ عَلَى الَّذِينَ مِن قَبْلِكُمْ لَعَلَّكُمْ تَتَّقُون 

«Уа, иман келтіргендер! Сендерден бұрынғыларға парыз етілгендей, тақуалыққа жетулерің үшін, ораза ұстау сендерге де парыз етілді» («Бақара» сүресі, 183-аят), – деген аят білдіреді. Алла елшісінің (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын):«Ислам бес нәрсеге негiзделген: «Алла тағаладан басқа тәңiр жоқ, Мұхаммед (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) Оның құлы, әрi Елшiсi», – деп куәлiк ету, намаз оқу, зекет беру, қажылыққа бару және Рамазан айында ораза ұстау», – деген хадисі оразаның Исламның бес негізгі тірегінің бірі екенін көрсетеді («Сахихүл-Бухари»).

Бізді жоқтан бар еткен Алланың бізге парыз еткен бұйрықтарында көптеген нығмет бар. Адамның жаратылысы ең кемел жаратылыс болғандықтан біздің рухымызға қажетті құндылықтарды осы ораза кұлшылығы ерекше сіңіре алады. Ғылыммен үндестік тауып, дін мен күнделікті тұрмысымыз сабақтасып жатқандықтан осы оразаның адам денсаулығына орасан зор пайдасын медицина мамандары да дәлелдеп отыр. Бірақ біз оразаны денсаулыққа пайдасы болғандықтан ғана емес, Алланың бұйырған парызы және пенденің негізгі ұлы міндеті ретінде ұстанамыз. Әсіресе рухани тұрғыда алар болсақ, адам баласының ішкі дүниесінің кемелдік дәрежеге жетуіне көптеген игі әсері бар. Қазіргі таңда озық технологияны меңгердік деп дабыл қаққанымызбен, онымен мінез-құлықтың көркемдігіне қол жеткізе алмаймыз. Көңілді кірбің шалатын, сананы тұрмыс билеп кететін кезеңдерді кездестіріп жатамыз. Ашушаңдық пен бойкүйездік, сабырсыздық пен қанағатсыздық, сараңдық пен қызғаныштық секілді болмысымызды бұзатын әдеттердің жат екенін білсек те адамзат баласы бой алдырып жатады. Ең ұрымтал тұсты пайдаланып ұтымды тәрбие беретін оразаның негізгі мәні де осында жатыр. Кеңінен алып қарайтын болсақ, «мен, мен, мен» деп толықсып тұратын нәпсімізге ораза кезінде адамға өзінің кім екендігін танытады.                                                  

Имам Бухари және Муслим риуаят қылған хадисте Пайғамбарымыз (АлланыңОған салауаты мен сәлемі болсын) шындығында жәннаттың Раян атты есігі бар, ол есіктен қиямет күні тек ораза ұстағандар кіреді. Олардан басқа ешкім ол есіктен кіре алмайды. Ораза тұтқандар қайда деп дауыс естігенде олар орындарынан тұріп кіреді, кіріп болғаннан кейін есіктер жабылып басқа ешкім ол есіктен кіре алмайды.

 وهو موعود بلقاء الله تعالى في جزاء صومه، قال صلى الله عليه وسلم  لِلصَّائِمِ فَرْحَتَانِ فَرْحَةٌ عِنْدَ فِطْرِهِ وَفَرْحَةٌ عِنْدَ لِقَاءِ رَبِّهِ  متفق عليه.

Ораза ұстаған адамға Раббымызбен жүздесу уәдесі берілген, Пайғамбарымыз (АлланыңОған салауаты мен сәлемі болсын) мүбәрәк хадисінде ораза ұстаған адам екі рет қуанады деген. 1-сі ауыз ашқанында, 2-сі Алланың дидарын көргенде.                                                  Сәжде сүресінің  17 аятында

فَلَا تَعْلَمُ نَفْسٌ مَّا أُخْفِيَ لَهُم مِّن قُرَّةِ أَعْيُنٍ جَزَاءً بِمَا كَانُوا يَعْمَلُو

«Адам амалы үшін берілетін қандай сый барын білмейді».  Осы аятты тәпсірлеген кейбір ғалымдар, сол сыйға жеткізетін амал ораза деген. Себебі Зумәр сүресің 10- аятында  «шындығында сабыр қылғандар сауаптарын есепсіз алады», – делінген.

إِنَّمَا يُوَفَّى الصَّابِرُونَ أَجْرَهُم بِغَيْرِ حِسَابٍ

 Ораза ұстаған адамдардың дәрежесі болады. Жалпы адамдардың оразасы, Алладан қорқынышы артық болған тақуалардың оразасы және тандаулы құлдарының оразасы. Жалпы адамдардың оразасы – тамақ. Су ішпей нәпсісін тыю. Тақуа адамдардың оразасы ол тамақ жемеу, нәпсісін тыюдан басқа құлақтарын, көздерін, тілдерін, қолдарын, аяқтарын жәнеде басқа ағзаларын жаман істен сақтау. Сол себепті Әбу Суфиян: «ғайбат оразаны бұзады», – деген.

Таңдаулы адамдардың оразасы дегеніміз, олар өздерінің жүректерін және ойларынада жаман ой кіргізбей, Алладан басқа зат ойламайды. Кейбір ғұламалар «Қанша адам оразамын деп жүр, бірақ ауыздары берік емес, қанша адам ораза емеспін десе де, бірақ ауыздары берік», – деген. «Оразамын» – деп аузы ашық болғандар олар күнә істеп шөлдеп ашығып жүргендер. Ораза ұстамай ораза болғандар тамақ су ішіп жүрседе, ағзаларын күнәдан тыйғаны үшін ораза деп аталған. Оразаның ен абзалы Пайғамбарымыз (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) Абдулла ибн Әмірге айтқаны. Абдулла ибн Әмір көп ораза ұстайтын болған. Сонда Пайғамбарымыз (АлланыңОған салауаты мен сәлемі болсын) : «Бір күн ораза, екінші күні бекітпе бұл Дәуідтің (ғ.с.) оразасы дейді. Мен оданда артық ұстай аламын дегенде, ең жақсы ораза осы» – деп Пайғамбарымыз (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) тоқтатады.

Аштықтан денеміз әлсірегенмен, рухымыз шыңдалады. Қарны аш жүретін адамның халін өз басынан өткеріп түсінеді. Өзінің ішкі жан дүниесіне терең бойлайды. Бейпіл сөз, пайдасыз әңгіме айту, артық сөйлеудің зиянын ұғынады. Тіпті адамды «Ихсан» дәрежесіне көтереді. Жанында ешкім болмаса да, өзін Жаратушы иеміз көріп тұр деп қадағалайтындықтан оразаны бұзатын шарттардың шырмауынан өзін арашалайды. Өз дегенімен жүргісі келетін нәпсіге нені қаласа да ақырын жүріп анық басуды үйретеді. Сабырлық пен ұстамдылық, шынайылық пен тұрақтылық, сүйіспеншілік пен мейірімділік секілді құндылықтарды жинақтай отырып, Алланың кемел жаратқан пендесіне лайықты болуға жетелейді. Кемелдік шыңы өзіңді өзің тану. Өзін таныған адам бұл дүниеге келу мақсатын ұғынады. Мансап пен абырой, атақ пен даңқ, байлық пен мал дүние негізгі мақсат емес екендігін, адамның өзімен бірге мәңгі болатын «иман» байлығының бақытын мықтап еске салатын да осы ораза. Адамдар көп жағдайда мәңгілік немесе өмір бойы деген сөзді көп қолданады. Мысалы, мәңгілік бірге болуды жазсын, өмір бойы бұл жақсылығыңды ұмытпаймын деген сияқты. Себебі, біздің рухымыз мәңгілікті аңсайды екен. Сол аңсары ауып тұратын мәңгілікке деген құштарлық істерді бұл дүниелік мақсатқа ғана емес, ахиреттік амалдарға жаратуды да осы ораза қалыптастырады.

Ораза тұтушы аштық халінде өзінің әлсіздігін сезінумен қатар, тоқтықта қадірін біле бермейтін қара су мен бір үзім нанның соншалықты құнды екендігін сезінеді. Бұл дегеніміз – «судың да сұрауы бар» деген мәтелдің мәнін түсіндіреді. Сонымен қатар, ауыз ашар мезгілде құдды бір ыждағаттылықпен дәл уақытты күтуде де сабырлықтың нағыз үлгісін ұстанады. Қолбасшыдан бұйрық күткен қатардағы әскер секілді әлемдердің Раббысының рұқсат еткен уақытына тиянақтылық танытады. Демек, ораза айында сан қырлы сынақтарды (шөліркеу, аштық, ашуды жеңу, нәпсінің қалауы) бастан өткеріп, Жаратушымыздың ерекше сыйына қол жеткізу үмітін үкілейді. Ең ауыр дерт адамның ішкі жан дүниесінің бұзылуы болып табылатындықтан, осы рухани дерттердің емшісі ораза екендігін ораза ұстаған пенде жақсы біледі. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өсиетінде айтқандай: «Шынайы мұсылман тілінен де, қолынан да өзгеге зиян келтірмейтін адам» болып қалыптастыратын ораза бізге берілген үлкен мүмкіндік.

Алла Тағала оразамызды қабыл алып, Құран мен сүннетке сай қайырлы іс қылуды нәсіп етсін!

Б.Өмірзақ,

 Қарағанды облысының өкіл имамы

ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің бастамасымен қасиетті Рамазан айының құрметіне орай бірнеше шаралар бастау алып кетті.

Соның бірі – орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешіті тарапынан ұйымдастырылған қайырымдылық шарасы.

Қайырымдылық жасау – мұсылманның сипаты, Рамазан айы – қайырымдылық айы екенін ескерген мешіт ұжымы бірнеше мұқтаж отбасыларына қол ұшын созып, көмек көрсетті.

Мешіт тарапынан тұрмысы төмен отбасылар мен аз қамтамасыз етілген отбасыларға азық-түлік түрінде қайырымдылық жасалды.

Өз кезегінде көмек алушы отбасылар алғысын жеткізді.

Қызылорда облыстық «Ақмешіт-Сырдария»

мешітінің баспасөз қызметі

Published in ІС-ШАРАЛАР
Сәрсенбі, 24 Мамыр 2017 04:05

УАҒЫЗ АЙТЫЛМАҒАН АУЫЛ ҚАЛМАСЫН

Осындай ұранмен ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен облысқа қарасты аудандарда ақпараттық-насихаттық шаралар өткізілді.

Атап айтар болсақ, облыстың Арал, Қазалы, Жаңақорған, Шиелі, Жалағаш. Сырдария, Қармақшы аудандарында мешіт имамдарынан құралған топ кездесулер ұйымдастырды. Кездесулерге орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің бас имамы Омаров Талғат Сейіткәрімұлы, қалалық «Айтбай» мешітінің бас имамы Керімбеков Нұржан Пірәліұлы, орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ұстазы Гаджиев Мұхтар және қала имамдары қатысты.

Аудандарда және ауылдық округтерде өткізілген кездесулерге тұрғындар, жастар, мамандар қатысып, сала мамандарынан көкейлеріндегі сауалдарына жауап алды.

Сондай-ақ, мектептерде жасөспірімдермен кездесулер өтіп, оларға діни ағымдардан сақтану жолдары, діни сауаттылықты арттыру бағытында насихат жұмыстары жүргізілді.

Қызылорда облыстық «Ақмешіт-Сырдария»

мешітінің баспасөз қызметі

 

Published in ІС-ШАРАЛАР

Жаратушының пендесіне берген сыйын санап тауыса алмайсыз. Дүниедегі жанды, жансыздың бәрі адамның несібесі үшін жаралған. 

Рамазан – Алланың құлдарына берген осы несібелері үшін шүкіршілік ету айы. Сабыр айы. Тозақ отынан қалқалайтын, жәннаттың кілтіне айналатын қасиеті ұлық болған ай. Бұл айда дені сау әрбір пендеге ораза ұстау парыз етілген. Біз сол парызымызды қалай өтеп жүрміз? Білместікпен шариғаттың шарттарына қайшы келіп, оразамызды тәрк қылып жүрген жоқпыз ба? 
Осыған қатысты сұрақтарға ҚМДБ-ның облыстағы өкілі, «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің бас имамы Талғат Омаров жауап берді.
 
– Бисмиллаһи рахман рахим, қасиетті айдың сәресінде Алла Тағаланың құлдарына шақыруы болады. Онда Алла пендесінен не қалайтынын сұрайды, оған ырызық та, шипа да береді. Бұл айда әрбір адам жақсылық жасауға ұмтылуы керек. Рамазан – жақсы амалдар сауабының мың есеге артатын айы.
Алла әр пендеге ғабылдықта қалмай, жайын жұмақтан дайындауды нәсіп етсін. 
– Аумин, сізге алғашқы сұрақты осы сәреге қатысты қойсақ.   
Мәселен, Оразада сәресіне ұйықтап қалған адам не істейді? Ауыз бекітпесе ораза бұзылмай ма?
– Бұзылмайды. Сәресіне тұрмаған кісі сол күнгі оразасына ниет етіп, ештеңе жеместен ауыз бекітеді. Себебі, Пайғамбарымыз «ашура күні» жаршыға былай жария етуді бұйырды: «Кім бір нәрсе жеп қойған болса, аузын күннің соңына дейін берік етіп тәмәмдасын. Ал ештеме жемеген адам, сол күйінше жемесін!» Бұл хадистен түсінетіміз, ораза кезінде сәресіге тұрмай таң атырған кісі де сол күнгі оразасын ұстайды.   
  – Сілекей не түкірік жұтса, немес беттен сүйсе ораза бұзыла ма?
–Аузы берік кісі сілекейін не түкірігін жұтса, оразасы бұзылмайды.  Сондай-ақ кісінің беттен сүюі де оразаны бұзбайды. Себебі, Пайғамбарымыздың ауызы берік бола тұра әйелдерін сүйетіндігі Айша анамыздан жеткен.
Бұл жерде ескере кететін жағдай, егер әйелін сүйгенде шәует бөлініп кетпейтініне және жыныстық қатынасқа түсіп қоймайтынына сенімді болса, онда сүюіне рұқсат. Ал оған сенімсіз болса – мәкрүк.
–Оразада  өзен-көлге түсуге бола ма? 
–Ораза кезінде салқындау, жеңілдеу мақсатында өзен-көлге т.б. жерлерге шомылуға немесе ғұсылдануға болады. Тек, ауыздан не мұрыннан ішке су кетіп қалмауын байқау керек. Әбу Дәуіттің сүнанында риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыздың аузы берік бола тұра ыстықтағандықтан немесе қатты шөлдегендіктен басына су құйғандығы айтылады. Шомылу барысында құлағына кірген су да оразаны бұзбайды дейді ғалымдарымыз.
– Сағыз шайнауға, дәрі ектіруге, система салдыруға бола ма? Тіс жұлдыруға ше?
–Кей жағдайларда табиғи жолдармен қоректене алмайтын кісілерге денені азықтандыру үшін инъекция жасалып жатады. Қазіргі таңдағы ғалымдарымыз мұндай ине салу немесе система алу оразаны бұзады дейді. Ал, одан өзгелері азық болмағандықтан әрі табиғи жолдармен асқазанға түспегендіктен оразаны бұзбайды деп отыр. Ендеше, ем үшін салғызатын ине салу мен система алу оразаңызды бұзбайды. Алайда, оразадан әлсіреген денеге қуат беретін дәрі егуге аузы берік кісіге рұқсат жоқ. Ондай дәріні тек ауыз ашқаннан кейін ғана егуге болады.
Сағыздың дәмінен ауызда тәтті сұйықтық пайда болып, ол асқазанға түсетіндіктен, ораза бұзылады. Әрі бұл азық қатарына жататындықтан, бұған кәфәрат қазасын өтеуіңізге тура келеді. Яғни, сағыз шайнап, тәтті сұйықтықты жұтқан адам рамазан айынан кейін екі ай үзбестен ораза ұстайды. Бұл жаңа сағыз үшін. Ал, бұған дейін шайналған, тәтті дәмі қалмаған ескі сағызды шайнауға келетін болсақ, бұл мәкрүк болып саналады.
Егер сағызды ораза кезінде ауыздағы жағымсыз иісті кетіру мақсатында шайнағыңыз келсе, бұдан басқа тәсілдерге жүгінуге кеңес береміз. Атап айтсақ, сағыздың орнына мисуак немесе тіс пастасын қолдансаңыз болады. Тек тіс пастасының көбігін жұтып қоймауды қатаң қадағалау керек. Ал егер байқаусызда ішке кетіп қалған болса, онда сол күнгі орзаның қазасын ғана өтейсіз. Кәфәрат керек емес. Себебі, тіс пастасы азыққа саналмайды. 
Тіс жұлдыру да оразаны бұзбайды. Тіс жұлынғанда салынатын ине де ішке «табиғи емес» жолдармен ентіндіктен, бүгінгі ғұламаларымыз ол да оразаны бұзбайды деген.  
–Әйелдер көпшілік жерге баратын болса, бетіне опадалап, крем жағады. Бұл оразаны бұзбай ма?
–Терідегі ұсақ тесіктер арқылы ет пен терінің арасына сіңетін заттар оразаны бұзбайды. Мысалы, крем жағу, май жағу, судың ішінде ұзақ тұру, жараның бетіне дәрі таңу т.б. Тек крем не майды жаққан кезде тым қалыңдатпаған жөн. Себебі, қалың жағылған крем не май дәрет алғанда суды теріге жеткізбеуі мүмкін. Ал теріге су тимеген соң дәрет дұрыс болмайды.  
–Жүкті әйелге ораза ұстау керек пе?
–Шариғатта құрсақтағы немесе емізулі балаға зияны тиеді деп қауіптенген анаға Рамазан оразасын  тұтпай, кейінге қалдыруына рұқсат.  Сахаба Әнәс бин Мәликтен риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз: «...Күмәнсіз Алла тағала сапардағы адамға намазды қысқартып, ал оразаны жолаушыға және жүкті әйел мен емізулі әйелге міндеттемеді...», – деді.
– Намазы жоқтың оразасы қабыл ма?
–Намаз оқымайтын кісі ораза ұстаса, ұстаған оразасының сауабын алады. Алайда, күнәдан да құтылмайды. Өйткені, намаз мұсылмандығымыздың белгісі.  Ардақты Пайғамбарымыз бұл жайында: «Шындығында, мұсылман мен кәпір және мүшриктердің  ара жігін айырар белгі – намаз оқу», – дейді. Сондықтан да,  оразамен қатар намазды да бастағаны жөн.
– Жұмысы ауыр кісіге ораза ұстамауына бола ма?
–Оразаның өзінде нәпсімізге қиын келетін тұсы бар. Ораза мәнінің бір қыры да нәпсімізді басып, ноқталап, құлқынымыздың ашкөздігін Алла ризашылығы үшін тәрбилеуде жатыр десек, қателеспеспіз. Ендеше, жұмыс барысында ораза ұстау өлімге алып келетіндей қауіп тудырмаса немесе денсаулығымызға айтарлықтай нұқсан келтірмейтін болса, яки бас айналып, құлап қалатындай күйге түспесеңіз, аздап қиналатынымыз үшін Алланың бұйрығынан бет бұрғанымыз жөн болмас. Алла Тағала құдси хадистің бірінде: «Адам баласының барлық амалы өзі үшін жазылады. Алайда, оразаның жөні бөлек. Оның қарымын тек Мен беремін. Өйткені, ол тек менің разылығым үшін ішіп-жеуден бас тартты. Ораза ұстаған адамның екі қуанышты сәті бар: біреуі ауызашар уақыты, екіншісі Аллаһ Тағаламен қауышар сәті. Ораза ұстаған адамның аузынан шыққан иіс Мен үшін жұпар иісті мисктен артық», – деген.
– Рамазанда қан алдыру қалай болады?
–Қан алдыру оразаны бұзбайды. Өйткені, ардақты Пайғамбарымыз аузы берік бола тұра қан алдыртатын болған. 
Әйтсе де, аузы берік адам қан алдыртқанда әлсіреп, ораза тұтуы қиындап кететініне көзі жететін болса, оған қан алдыру мәкрүк болып саналады.  
–Ұшақтағы адам ауызашар уақытын қалай анықтайды, жалпы жолаушы міндетті түрде ауыз ашуы керек пе?
 – Ұшақтағы адам жергілікті ораза кестесін емес, күннің батуын негізге алады. Мысалы, жергілікті кестеде «сағат осыншада ауызашар» дегенімен, ұшақтағы адамға күн әлі батпаса, ол кісі кестедегі уақытқа емес, күннің батуына қарайды. Кесте уақыты жердегі ораза ұстаушылар үшін арналған. Өйткені, Құранда айтылғандай, сәресіні ішуді тоқтату уақыты таң қылаң бере бастауымен, ауызашар уақыты күннің батуымен білінеді. Бұл жолаушы кезде оразасын бұзғысы келмегендер үшін. Ал, жалпы дініміз сапарда ауыз ашуға рұқсат етеді.
Жаратушы Иеміз ораза кезінде пенделеріне кейбір жағдайда ораза ұстамауға рұқсат еткен. Сол рұқсаттардың бірі – жол жүргенде ораза ұстамау. Ауызы берік адам өзінің тұрақты жерінен ең кемі 85-90 шақырым ұзақтықтағы жерге жолға ниеттеніп шықса, ол кісіге ораза ұстамауына рұқсат етіледі. Бірақ – міндет емес. Яғни, кімде кімнің жолаушы кезінде оразаға қауқары жетсе, аузын ашқаннан гөрі оразасын жалғастыра бергені абзал.
 –Құсса ораза бұзыла ма?
–Ораза кезінде аузы берік кісі «еріксіз» құсса ораза бұзылмайды. Ал ауызды толтыра әдейі құсу оразаны бұзады. Ондай жағдайда Рамазан айынан кейін сол күнді қайта тұту керек. Кәфарат қазасы керек емес. Ауыз толы болмаса бұзылмайды.
Бұл жайында имам Тирмизиден жеткен хадисте Пайғамбарымыз: «Еріксіз құсық келген кісі (оразасын) қазасын өтемейді. Ал әдейі құсқан болса (сол күнгі оразаның) қазасын өтесін» – дейді.
– Тарауих намазын тек ораза ұстағандар ғана оқи ма?
–Тарауих намазы ораза айында оқылатын құлшылық түрі. Пайғамбарымыз оразада бұл намазды үнемі оқығандықтан үкімі «бекітілген сүннет».  Аталмыш намазды оразаны тұтқан да, тұтпаған да оқыса сауапқа кенеледі.
Тарауих намазын оқудың сауабы жайында Алланың Елшісі: «Кімде кім, Рамазанда сауабын үміт ете отырып, Алла разылығы үшін Тарауих намазын оқыса, оның өткен күнәлары кешіріледі», – деген.
–Ораза ұстауға шын мәнінде шамасы жетпейтіндер болады. Олар не істейді?
– Шариғатта ауруларының айығуы үміт етілмеген жандар мен ораза ұстауға шамасы жетпейтін  қарт кісілер рамазанның әр бір күні үшін бір кедейді тамақтандырады. Бұны «фидия» дейді. Фидияны ақшалайда беруге болады.   Бір кедейді отыз күн таңда және кешке тамақтандыру немесе алпыс кедейді бір күн таңертең яки кешке тамақтандыру жеткілікті. Фидия беруге шамасы келмесе Алладан кешірім тілейді. 
–Алла разы болсын, сізге.
 
                                                     Сұқбаттасқан: Дүйсенбек АЯШҰЛЫ.
Published in СҰРАҚ-ЖАУАП

Талғат ОМАРОВ,

ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілі,

облыстық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің Бас имамы

Аса қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын! Барлық мадақ әлемдердің Иесі Алла Тағалаға тән. Пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның әулеті мен сахабаларына салауаттар мен сәлемдер болсын!

Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде «Бақара» сүресінің 183-185-аяттарында барша адамзат баласына:

«Уа мүміндер! Сендерге бұрынғыларға парыз қылғандай ораза парыз қылынды. Әрине сақсынарсыңдар. Санаулы күндерде. Сонда сендерден кім ауру немесе жолаушы болса, басқа күндерде төлер. Және сондай ораза күш келетіндер, кәрі не аурулар бір міскіннің тамағын төлесін. Сонда кім ынтығып артық қайыр қылса, ол өзіне жақсы. Білсеңдер сендер үшін ораза ұстауларың тағы жақсы. Рамазан айы сондай бір ай, ол айда адам баласына тура жол және (ақ пен қараны) айыратын дәлел түрінде Құран түсірілді. Сендерден кім рамазан айында болса, ораза ұстасын. Ал біреу науқас не сапарда болса, басқа күндерде санын толтырсын. Алла сендерге оңайлық қалайды, ауыршылық қаламайды. Сендерді тура жолға салған Аллаға шүкірлік етулерің үшін санын толтырыңдар. Әрі Алланы ұлықтаңдар», – деп әмір еткен.

Рамазан – он екі айдың сұлтаны! Өйткені, бұл айда қасиетті Құран Кәрім түсті. Сондықтан рамазан айындағы ораза – Исламдағы төртінші негіз. Демек, ораза ұстау әрбір мұсылманға – парыз.

Осы ретте көпшілік жамағаттан ораза кімдерге парыз немесе қандай адамның ораза ұстамауына болады деген сұрақтар толассыз түсіп жатады. Осыған тоқтала кеткен абзал.

Біріншіден, мұсылман адам балиғат жасына жеткен және ақыл-есі дұрыс болуы керек. Балиғатқа жетпеген, ақыл-есі дұрыс емес адам парыз амалдарын дұрыс орындай алмайды.

Екіншіден, мұсылманның ораза ұстауға денсаулығының болуы. Мәселен, кәрілік оразаға кедергі келтіреді. Сондықтан қарттық жеткен адамға ораза парыз емес.

Сонымен қатар рамазан айында аяғы ауыр немесе омырауда баласы бар әйелдер болса перзентінің яки өзінің денсаулығы үшін қауіптенсе өтелмеген ораза күндерін рамазан айынан кейін өтесе болады.  

Жоғарыда баяндап кеткеніміздей, Алла Тағала Құранда:

«Сендерден кім ауру немесе жолаушы болса, басқа күндерде төлер», – деген.

Әнас ибн Малик (Алла оған разы болсын) бір күні пайғамбарымыз Мұхаммедке (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келгенін баяндайды. Сол кезде Расулулла (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) түскі асын ішіп отырған. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оған: «Отыр да тамақтанып ал!» – дейді. Сонда Әнас ибн Малик (Алла оған разы болсын): «Мен – оразамын», – дейді. Ал Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оның бұл сөзіне былай деп жауап берген екен:

«Отыр! Мен саған намаз бен ораза жайында бір нәрсе айтайын. Шын мәнінде, Алла Тағала намаздың жартысы мен оразаны жолаушының және бала емізген немесе екі қабат болған әйелдің мойнынан алды».

Ораза ұстамауға тағы бір орынды себеп – ауру болу. Егер өткінші ауруға шалдыққан адам ораза кезінде науқастанып қалса, сол күндері емделіп, айыққан соң оразасын жалғастырады. Ал қаза болған күндерін рамазаннан кейін өтейді.

Үшіншіден, жолаушыға ораза парыз емес. 90 шақырымнан астам жол жүрген адам жолаушы саналады. Сапардағы адам ұшақпен жүрсе де ораза ұстамаса және намазын қысқартып оқыса болады. Бұл – Алланың кеңшілігі.

Ислам ғалымдары егер жолаушы ораза ұстаса оның оразасы дұрыс болады деген пікір айтқан. Хамза Әл-Асләми (Алла оған разы болсын) былай деп баяндайды: «Мен: «Уа Расулулла! Мен жолда ораза ұстағанға шамам жетеді. Жолда ораза ұстамасам күнә істеген боламын ба?» - деп сұрадым. Расулулла (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деді: «Бұл – Алла Тағаланың кеңшілігі. Алла Тағаланың кеңшілігінен пайдаланамын деген жақсы іс істеген болады. Ал кім ораза ұстаймын десе ол күнәһар болмайды».

Төртіншіден, хайыз немесе нифас болған әйелге ораза ұстау міндеттелмейді. Өйткені, етеккірі келген әйелдің оразасы дұрыс болмайды. Тіпті, ондай әйелдерге ораза ұстауға тыйым салынған. Егер етеккірі тоқтаса, яғни тазарғаннан соң оразасының қазасын өтейді.

Құрметті бауырлар! Құдси хадисте Алла Тағала: «Ораза – тек Мен үшін. Оның сыйын (сауабын) Өзім ғана беремін...» – деген. Сондықтан біз үшін, мұсылман баласы үшін оразаның әрбір сәті қымбат. Мұны ғалымдар «алтын мүмкіндік» деп атаған екен. Сондықтан осы айда әрбір уақытымызды құлшылықпен өткізіп, мұқтаж кісілерге садақа беріп, барынша көмек көрсеткеніміз абзал. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла Тағала ең болмаса бір түйір құрма, тіпті бір ұрттам сумен болса да қамқорлық жасағанға сауап жазады…» – деген.

Өздеріңізге белгілі, жуырда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы халқымызға қасиетті рамазан айының қарсаңында жыл сайынғы дәстүрлі үндеуін жолдады. Осы үндеуде Бас мүфтиіміз: «Адам баласы ізгі амалы арқылы Жаратушының рақымына, нығметіне кенеледі. Жомарт, жанашыр азаматтарды, кәсіпкерлерді көмекке мұқтаж адамдарға қамқорлық көрсетуге, табиғи апат салдарынан бұзылған үйлерді жөндеуге, жетім мен жесірге мейірімділік танытып, қараусыз қалған қарттарға көңіл бөлуге шақырамын. Зекет беру – жағдайы келген (шариғат бойынша нисап мөлшеріне жеткен) мұсылманға парыз. Ал зекет берекелі рамазан айында берілсе, оның да сауабы еселеніп жазылады. Қасиетті айдың құрметі үшін азық-түлік, көкөніс пен тұрмыстық заттарға жеңілдік жасалып, Құдайы астар мен садақалар ауызашар уақытында ұйымдастырылса, тойлар ішімдіксіз өткізілсе, жамандықтың бастауы болған арақ-шараптың сатылуына барынша жол берілмесе деген тілегімді білдіремін. Осынау жақсы амалдар рамазаннан кейінгі айларда да жалғасын тапса нұр үстіне нұр», – деп атап өтті.

Ендеше, қасиетті рамазан айында Алланың разылығын көздеп жасаған әрбір қайырлы амалдарымыз қабыл болып, үлкен сауаптан жазылғай! Әмин!

Published in МАҚАЛАЛАР

ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, облыстық әйелдер-қыздар секторының жетекшілігімен Қасиетті Рамазан айының құрметіне мешіт шәкірттерінің қатысуымен «Ілім бақшасы-жәннат бақшасы» атты білім жарысы ұйымдастырылды.

Аталған жарыс Алла Тағаланың 99 көркем есімін жатқа айту, Құран Кәрім сүрелерін жатқа айту және 10 минут уақытта дәмді салат секілді бөлімдерден тұрды.

Жарысқа мешіт шәкірттері барынша белсенділікпен қатысып, ілімдерін көрсете білді. Нәтижесінде «Ережеп» тобы І орын, «Шағбан» тобы ІІ орын, «Рамазан» тобы ІІІ орынды иеленді.

Қатысқан барлық шәкірттер алғыс хатпен мараптталып, Құран Кәрім сыйлыққа берілді.

Өз кезегінде шәкірттер қасиетті Құран кітабын сыйға тартқан және діни кітаптармен қамтамасыз еткен «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің бас имамы Талғат қажы Сейіткәрімұлына алғыстарын жеткізді.

Қызылорда облыстық «Ақмешіт-Сырдария»

мешітінің баспасөз қызметі

Published in ІС-ШАРАЛАР
Page 1 of 5
Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы