Items filtered by date: Маусым 2017

ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешіті мұсылмандардың ұлық мерекесі - Ораза айтын жоғары дәрежеде атап өтті.

Сүйікті Пайғамбарымыз Мұ­хаммед (с.ғ.с.): «Айт күні бірінші орындайтынымыз - намаз оқу» деп атап өткендей осы күні таң атысымен қала тұрғындары мешітке ағылып, айт намазын оқыды.

Айт намазына қатысқан жамағат ерекше көңіл күйде болып, бір-бірін мерекемен құттықтап, ізгі ниеттерін айтысып жатты.

ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілі, орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің бас имамы Омаров Талғат Сейіткәрімұлы көпшілікті Ораза айт мейрамымен құттықтап, аталмыш мерекенің құндылығына тоқталды.

Осы күні орталық мешіт алаңында арнайы киіз үйлер құрылып айт мерекесінің құрметіне тұрғындар дастархан дәмінен ауыз тиді.

Одан бөлек мешіт алаңында қазақы ұлттық ойындар ойнатылып, жеңімпаздар ұйымдастырушылар тарапынан марапатталды.

Қасиетті Рамазан айынан соң келетін ұлық мерекені осылайша тұрғындар ерекше ықыласпен атап өтті.

Қызылорда облыстық «Ақмешіт-Сырдария»

мешітінің баспасөз қызметі

Published in ІС-ШАРАЛАР
Дүйсенбі, 26 Маусым 2017 11:01

Бас мүфти атынан дастархан жайылды

Қасиетті Рамазан айында еліміздің барлық мешіттерінде жамағаттарға арналып, мешіт тарапынан ауызашарлар берілгені белгілі. Жыл сайын ҚМДБ атынан жамағатқа арнап ауызашар беру де дәстүрге айналып келеді.

Осы орайда, Сыр елінде де Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының атынан арнайы дастархан жайылып, ауызашар берілді.

Ауызашарда ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің бас имамы Омаров Талғат Сейіткәрімұлы Рамазан айындағы ауызбіршілік пен ауызашар берудің сауабы жөнінде насихат айтты.

Өз кезегінде ауызашарға қатысқан жамағат ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді.

Қызылорда облыстық «Ақмешіт-Сырдария»

мешітінің баспасөз қызметі

Published in ІС-ШАРАЛАР

Аса қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын! Барлық мадақ әлемдердің Иесі Алла Тағалаға тән. Пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның әулеті мен сахабаларына салауаттар мен сәлемдер болсын!

Мұсылман баласы барлық тілегін Алладан сұрап, бір Жаратушыға тәуекел етеді. Тәуекел – адам өзіне емес, Аллаға деген сенімі. Құдіреті күшті Иенің алдында дәрменсіз, әлсіз екенін мойындай отырып, Ұлы Алланың берген тағдырына риза болуды – тәуекел дейміз.

Тәуекел сөзі «сенім арту, істі біреуге тапсыру» деген мағыналарды білдіреді. Адам жасап жатқан істерінің нәтижесі қандай боларын білмейді. Сол себепті адамдар әрбір ісінде құдіреті күшті Алла Тағалаға тәуекел етеді. Олай болса, шынайы тәуекел Алла Тағалаға деген кәміл иманмен байланысты. Иманы кәміл болмаған жан шынайы тәуекел жасай алмайды. Өйткені, тәуекел ету үшін де иман қажет. Бұл туралы Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде «Ибраһим» сүресінің 11-аятында: «Мүміндер Аллаға ғана тәуекел етсін», – деп әмір еткен.

Мәселен, адам баласының егіншілік уақыты келгенде жерін жыртып, тұқымын сеуіп, сосын суарып, арам шөптерін жұлып, қажет болса, түбін қопсытып, керекті тыңайтқыш дәрілерін шашқаннан кейін жақсы өнім беруін Ұлы Жаратушыдан тілеп, еңбегінің нәтижесін Одан күтуі, құдіретіне сенім артып, тапсыруы – Ислам құптаған тәуекелге жатады. Бұлардың ешқайсысын орындамай жатып «тағдырымда не болса, сол болады» деп қол қусырып қарап жату – тәуекел емес, жалқаулықтың дәл өзі. «Атыңды арқандап, тұсаулағаннан кейін ғана Жаратқанға тәуекел ет» деген атам қазақтың мақалы – дәл Исламдағы осы тәуекел түсінігіне сай айтылған. Тіпті, бұл мақал пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінен алынған.

Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жеткен құдси хадисде Алла Тағала: «Ей адам баласы! Билік Иесінен әлбетте қорқыңдар, өйткені Менің Билігім Мәңгі және Жоғалып кетпейді!» – делінген.

Сахаба Әлидің заманында өмір сүрген Ияғлә ибн Марр деген кісі Аллаға тәуекел ету туралы былай дейді:

«Біз Әли ибн Әбу Талибпен (оған Алла разы болсын) бірге жорықта жүр едік. Сөйтіп кеш уақытында бір топ жауынгерлер жиналып:

«Мұсылмандардың басшысын күзетейік, қазір ұрыс болып жатқан уақыт. Қастандық жасап, қапыда қалмайық», – деп өзара келістік.

Әли ибн Әбу Талибті күзетіп тұрғанымызда, ол бөлмесінен намазға шықты. Бізді көріп:

– Неге тұрсыңдар? – деп сұрады. Біз:

– Уа, мұсылмандардың әміршісі! Қазір ұрыс уақыты. Біз сізге қастандық жасап қоя ма деп сізді күзетіп тұрмыз, – дедік.

Әли ибн Әбу Талиб (оған Алла разы болсын):

– Мені көктен түсетін періштелерден қорғап тұрсыңдар ма, әлде жердегі адамдардан ба? – деп сұрады. Біз:

– Жоқ, жердегі адамдардан. Әйтпесе, сізді періштелерден қалай қорғамақпыз? – дедік. Әли ибн Әбу Талиб (оған Алла разы болсын):

– Алла көктегі тағдырға жазбайынша, жер бетінде ешнәрсе болмайды. Алла әрбір пендеге екі періште қойған. Адамның ажалы жеткенше ол екеуі оны барлық нәрседен қорғайды. Ал ажал келген уақытта екі періште адамды өз ажалымен оңаша қалдырып, кетіп қалады, – деді.

Кейін бізді орындарымызға қайтарып, өзі күзетсіз қалды», – деп жеткізеді. Осы деректен Аллаға тәуекел етудің қандай болатынын түсінуге болады. Жазмыштан озмыш жоқ. Алланың тағдырына иман келтіру – мұсылманның парызы. Алла Өзінің құдіретімен әр нәрсені жазып қояды деп иман келтіреміз.

Ибада ибн Самит (оған Алла разы болсын) есімді сахаба өзінің ұлына пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жеткен хадисті өнеге етіп былай дейді: «Расында, мен Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла әуелі қаламды жаратты. Сөйтіп, оған: «Жаз!» – деп бұйырды. Ол: «Уа, Раббым! Не жазамын?» – деп сұрайды. Алла Тағала: «Қиямет күніне дейін күллі нәрсенің тағдырын жаз!» – деп бұйырды», – дегенін есіттім», – деген.

Сондықтан, Исламда тағдырға иман келтіру – парыз.

Асыл дінімізде тәуекел етудің де жолы бар. Кейде біз бір жұмыс бастамас бұрын «не болса да тәуекел» деп көз жұмып тәуекел етеміз. Шын мәнінде, тәуекел – жүректің тек Аллаға ғана сенім артуы. Әуелі жүректе сенім болмаса тәуекелге бару мүмкін емес. Бұл туралы мынандай оқиға бар.

Хазіреті Омар (оған Алла разы болсын) дәуірінде бір елді-мекенде оба ауруы тарайды. Омар бұл аймақтан тезірек кетуге бел буады. Сонда Әбу Убайда ибн Жаррах оба ауруынан сақтанған Омар ибн Хаттабты (Алла ол екеуіне разы болсын) көріп, әзіл мен шын араластырып:

– Ей, Омар! Алланың тағдырынан қашып барамысың? – дейді.

Омар:

– Иә, Алланың бір тағдырынан қашып, екінші тағдырына барамын (Алланың ауру деген тағдырынан, саулық тағдырына қашып барамын) – деп жауап береді.

Кейін Омар былай деп жауап береді. «Егер малды шөбі мол жерге жаю үшін шөл жерден көк жерге қоныс аударатын болса, онда бұл – бір тағдырдан екінші тағдырға ауысу», – деп түсіндіреді.

Бұл оқиғадан ұғатынымыз Омар (оған Алла разы болсын) оба ауруы тараған жерде «Аллаға тәуекел, мен ауырмаймын» деп ол жерде тұрақтап қалған жоқ. Ауырмаудың себептерін іздеп, басқа жерге қоныс аударды.  

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Кімде-кім үйінен шығар кезде «Алланың атымен, Аллаға тәуекел еттім, Алладан басқа күш те, қуат та жоқ» десе, оған Алла тарапынан: «Тура жолға түсірілдің, бар қажеттіліктерің қамтамасыз етілді және қорғауға алындың», делінеді. Шайтан да одан алыс жүреді», – деген.

Сеніммен тәуекел еткен құлын Алла жалғыз қалдырмайды, істің нәтижесін Аллаға табыс еткендіктен, Ұлы Жаратушы пендесіне жақсылықты нәсіп етеді.

Тәуекел – өз-өзіне сеніп кету емес, өзінің дәрменсіз, әлсіз екенін мойындай отырып, Алланың құдіреттілігіне сүйеніп, Оның еркі мен тағдырына ризашылықпен көну. Атақты ғалым Зун-нун бұл туралы былай деген екен: «Құл «Алла Тағала менің бойымдағыны, әрқашанғы қал-жағдайымды көріп-біліп тұр» деген сенімге толық жетпейінше тәуекелі күшеймейді».

Тәуекел – себептер тұрғысынан алғанда дүниелік заңдылықтарға толық бағынуды білдіреді. Алайда, себептерге бағыну – оларға толығымен тәуелді болып қалу дегенді білдірмейді. Себептердің Жаратушысын әсте естен шығармауымыз тиіс.

Халқымызда:

«Уайым түбі теңіз,

Батасың да кетесің.

Тәуекел түбі қайық,

Мінесің де өтесің», – деген тауып айтылған қанатты сөз бар. Демек, кейде бір сынақ іске тап болғанда, сары уайымға батып, езіліп, қол қусырып, шарасыз, шешімсіз, әрекетсіз отыра беру дұрыс емес. Бұл кезде Аллаға тәуекел етіп, дереу іске кірісу қажет. Әр нәрсенің себебін алу деген қағиданы ұмытпау керек. Мәселен, отбасын асырау мақсатында нәпақа табу үшін тек Алладан сұрап, жұмыссыз жүру – толық тәуекелге жатпайды. Демек, тәуекелдің негізгі шарты – амал ету, себебін алу. Мұндайда халқымыздың:

«Мір тәуекел бұзады,

Мың қайғының қаласын.

Бір жылы сөз бітірер,

Мың көңілдің жарасын», – деген мақалы еріксіз еске түседі.

Осы ретте өз дәуірінде мұсылмандардың әміршісі болған халифа Омардың (оған Алла разы болсын) оқиғасын айта кеткеніміз абзал. Бір күні Омар (оған Алла разы болсын) мешітте отырған адамдармен әңгімелеседі. Мешітте отырғандардан: «Сендер кімсіңдер?» – деп сұрағанда, олар: «Біз – Аллаға тәуекел етушілерміз», – деп жауап береді. Сонда әмірші Омар (оған Алла разы болсын): «Сендер Аллаға емес, адамдарға тәуекел етушісіңдер. Тәуекел етуші жерге дән сеуіп, оның нәтижесін Аллаға тапсырып, тәуекел жасайтын адам», – деп ренжіген екен.

Халифа тағы бір ғибратты сөзінде: «Сендердің ешбірің ризық алу үшін өз күшін салуды тоқтатпасын. «Уа, Алла, маған ризық бер!» деген сөзбен шектелмесін. Аспаннан алтын мен күмістен болатын жаңбыр жаумайтындығын білесіңдер ғой», – деген екен.  

Тәуекел – құлдың дүниелік, мейлі ақыреттік бүкіл істерінде Алла Тағаланы өзіне уәкіл етіп, істің нәтижесі жақсы болуы үшін тағдырына ризашылық білдіруі деп ұқсақ болады.

 

Талғат ОМАРОВ,

ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілі,

облыстық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің Бас имамы

Published in МАҚАЛАЛАР

Қадір түні – жақсылыққа толы берекет түн. Қадір түні – Құран Кәрім түскен қасиетті түн. Бұл туралы: «Негізінен Құранды Қадір түнінде түсірдік», деген аят бар.Қадір түнінде мейлінше көп құлшылық жасап, дұға-тілек еткен абзал.

Осы қасиетті Қадір түні маусым айының 21 нен 22 қараған күні еліміздің барлық мешіттерінде аталып өтті.

ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінде де бұл түн өз ерекшелігімен өтті.

Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев отбасы атынан ауыз бекіткен жандарға арнап ауыз ашар , сәресін берді.

Мешітте Құран Хатым дұғасы жасалып, бас имам Қадір түнінің қасиеті қасиеті жөнінде уағыз-насихат айтты. Одан бөлек Тәубе намазы, Тасбих намазы, Таһажжут намазы оқылып, еркін құлшылық етуге мүмкіндік берілді.

Жылдағы дәстүр бойынша «Құлшылық самалы – Рамазан» атты шығармалар байқауының нәтижесі жарияланып, жеңімпаздар марапатталды.

Аймақтағы Ислам дінінің өркен жаюына атсалысып, белсенді ақпараттандыру жұмыстарын жүргізген тілшілер бас имам Т.Омаровтың қолынан алғыс алып, қаржылай сый-сияпатқа ие болды.

Қызылорда облыстық «Ақмешіт-Сырдария»

мешітінің баспасөз қызметі

Published in ІС-ШАРАЛАР
Бейсенбі, 22 Маусым 2017 05:29

МӘНЕРЛЕП ҚҰРАН ОҚУДАН ЖАРЫС ӨТТІ

ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінде «Құран – мәңгі мұғжиза» атты мәнерлеп құран оқудан жарыс өтті.

Қасиетті Рамазан айының құрметіне орай ұйымдастырылған облыстық жарысқа 50-ге жуық шәкірт қатысты.

“Сендердің ең жақсыларың Құранды үйреніп, басқаларға үйреткендерің” және “Кімде-кім Аллаһтың кітабынан бір әріп оқыса, оған жақсылық жазылып, ол жақсылық он есе көбейеді” делінген  хадисте.

Құран Кәрімнің сүрелерін қастерлей білген қатысушылар Құранды мәнерлеп, нақышына келтіріп оқып, сарапшылардың сауалдарына жауап берді.

Нәтижесінде І орынды қалалық «Сұлтан» мешітінің шәкірті Көптілеуұлы Нұрмұхаммед, ІІ орынды қалалық «Қалмұхаммед ишан» мешітінің шәкірті Махашов Серік және «Ақмешіт – Сырдария» мешітінің шәкірті Әбжалов Азамат алса, ІІІ орынды орталық «Ақмешіт-Сырдария мешітінің шәкірті Бақытжан Ерали мен қалалық «Нұр» мешітінің шәкірті Алмағанбетов Рүстем бөлісті.

Жеңімпаздар мен белсене қатысушы шәкірттерге қаржылай сыйлықтар мен алғыстар табыс етілді.

Қызылорда облыстық «Ақмешіт-Сырдария»

мешітінің баспасөз қызметі

Published in ІС-ШАРАЛАР

ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша әйелдер-қыздар секторы Рамазан айының құрметіне Құранды хатым етіп, дұғасын жасап, еліміздің тыныштығын тіледі.

Шара аясында ауыз бекіткен әйелдер жамағаты үшін ауызашар ұйымдастырылып, дастархан басында сектор жетекшісі М.Файзуллина «Қадір түнінің қасиеті» тақырыбында уағыз айтты.

Сондай-ақ, Рамазан айының құрметіне әйелдер-қыздар секторының бастамасымен қалалық «Айтбай» мешітінде ұстаз Елубаева Индираның өткізуімен арнайы дөңгелек үстел ұйымдастырылса, Байқоңыр қалалық мешітінде ұстаз Сыдыкова Ләззат  шәкірттерімен 41 ясин оқып, еліміздің бейбітшілігін тілеп, дұға жасалынды.

Жалпы, облыстағы сектор жұмысы жүйеленіп, бағыттық шаралар тұрақты ұйымдастырылып келеді.

Қызылорда облыстық «Ақмешіт-Сырдария»

мешітінің баспасөз қызметі

Published in ІС-ШАРАЛАР
Дүйсенбі, 19 Маусым 2017 21:49

РАМАЗАН АЙЫНДАҒЫ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ

Қайырымдылық жасау ең ізгі қасиеттердің бірі. Қайырымдылықтың ең абзалы – мұқтаж жандардың қажетін өтеу. Бұл бағытта еліміздегі мешіттер тарапынан үздіксіз шаралар ұйымдастырылып келеді.

Биылғы Рамазан айында ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешіті де жылдағы әдетінен жаңылмай қайырымдылық шарасын өткізді.

Дәлірек айтсақ мешіт тарапынан 200-ге жуық отбасына азық-түліктей көмек берілді.

Қайырымдылық шарасы аясында бас имам Т.Омаров қатысушыларға қасиетті айдың ерекшелігі мен мешіт тарапынан ұйымдастырылатын шараларға тоқталды.

Өз кезегінде көмек алған тұрмысы төмен отбасы мен аз қамтамасыз етілген отбасы мүшелері ризашылықтарын жеткізді.

Қызылорда облыстық «Ақмешіт-Сырдария»

мешітінің баспасөз қызметі

Published in ІС-ШАРАЛАР
1.Ассалаумағалайкум! Құранда араққа қатысты аяттар бар ма? Оның зияны жайлы не жазылған? Айша Алдамжарова

2.Ассаламу алейкум уа рахматуллаһи уа баракатуһ! Арақ-шарап қойылған тойға баруға бола ма? Бармасаң, той иесі реніштерін білдіреді. Осындай жағдайда не істеуге болады? Аллаһ разы болсын! Мұқан Абылай

3.Ассалаумағалейкум! Отбасы және туысқандар арасында арақ ішетін және бұл жаман әдетін қоя алмай жүрген жандарға қалай көмек беруге болады. С.С.Ә.

Уа алейкум ассалам!

Арақ туралы аяттың түсіндірмесі
Құран Кәрімде: «Ей, иман келтіргендер! Арақ ішу, құмар ойнау, пұтқа табыну, оқпен бал ашып бәсекелесу – шайтан ісі, жиіркенішті қылықтар. Бақытқа жетем дегендер шайтан ісінен аулақ болыңдар. Сол арақ, құмар ойнау арқылы шайтан сендердің араларыңа дұшпандық-ғадауат тудырады, сендердің намаз оқуларыңа кедергі жасамақ болады. Тәңірді естеріңнен шығаруға тырысады. Арақ пен құмар ойнаудан сонда да безбейсіңдер ме?»,-деп, бұл жамандық атаулыдан аулақ болуға шақырады.

Міне, бұл екі аятта Алла тағала арақты жоғары дәрежеде харам деп әмір етуде. Арақ құмар ойыны, пұт және бал ашумен қатар бірге айтылған. Бұлардың барлығын ең лас нәрсе деп қайтаруда. Ең лас (рижс) сөзі Құранда тек сорақылығы шектен шыққан және жамандығы жұртқа мәлім нәрсеге айтылған. Бұл аят бойынша арақ – шайтанның ісі. Ал, шайтанның ісі – бұзықтық пен харам. Аятта арақтан алшақ жүруді әмір еткен. Сондай-ақ, бұл кесірден алыс жүру адамды бақытқа жеткізетін жол. Сонымен қатар, әлеуметтік зияны ретінде туысқандық қарым-қатынастың «ат құйрығын кесіп» араласпай кетуге апарып соғатынан айтуда. Арақ ішетін және құмар ойнайтын адамдар арасында сөзсіз дұшпандық пен өшпенділік туындайды. Ал, рухани залалы – пендені діни міндеттемелерінен тоқтатады. Намаздан, оразадан және т.б. құлшылығынан қайтарады. Аталған аят соңында Аллаһ тағала адамдарға бұйыра «...сонда да безбейсіңдер ме?» деп сауал қойды. Сонда осы аятты естіген сол кездегі мұсылмандар: «Раббым! Біз түбегейлі тиылдық», – деп жауап қатты.

Исламға дейін араб халқы араққа салынып кеткен еді. Тіпті, оларда арақтың жүзден астам аты болды. Араққа арнап өлеңдер жазатын.

Ислам маскүнемдікке салынған бұл халықты өте дана тәрбиелік тәсілмен айықтырды. Арақты кезекті жүйемен, бірте-бірте харам етумен түбегейлі тыйды. Әуелгі уақытта арақтың күнәсі пайдасынан көбіректігі жайлы үкім түсті. Сосын намазға тұрғанда мас күйде болмауды тыйым етті. Соңында  кейін түбегейлі тыйым етілгендігі туралы аят түсті. 

Арақтың анықтамасы мен мөлшері жайлы
Кез келген адамның ақылдан айырып, мас ететін ішімдік арақ болып табылады. Мұндай ішімдіктің бір жұтымы да – харам. Хадистерде: «Әрбір мас етуші (ішімдік) – арақ, барлық арақ түрі – харам» және «Көп мөлшері мас еткен ішімдіктің аз мөлшері де – харам», – деп баяндалған. 

Кез келген жағынан харам
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) араққа байланысты он кісіге лағынет айтқан: «Арақты сығушы, сығуға тапсырыс беруші, ішуші, тасушы, алдыртушы, құюшы, сатушы, арақтан түскен пайданы жеуші, арақты сатып алушы және сатып алдырушы».

Арақ ішетінмен бірге отырмау
Осы дәстүрге байланысты мұсылман арақ-шарап қойылған жерде отырмауы тиіс. Омар (р.а.): «Мен Аллаһ елшісінің (с.ғ.с.) «Кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірсе, арақ қойылған дастарқанға отырмасын» деген сөзін естіп едім», – дейді.

Қисса
Сали бин Абдулла (р.а.) риуаяты: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дүние салғанан кейін Әбу Бәкір, Омар (р.а.) және бір топ адамдар отырып ең үлкен күнә жайлы әңгіме қозғайды. Олар ортақ ойға келмеген соң, Абдулла бин Амрден сұратты. Ол: «Ең үлкен күнә арақ ішу», – деді. Өйткені, пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Бәну Исраил патшаларының бірі бір адамға жаза ретінде: арақ ішуді, өлім жазасын, зина жасауды немесе доңыз етін жеуді таңдауға бұйырады. Бас тартса, өлім күтіп тұр. Ол арақ ішуді таңдап, ақыры арақ барлық қылмысты істеуге итермелеген»

Қорыта айтқанда
Арақ – адамға ең ауыр соққы беретін дерт. Елімізге осы арамнан түскен пайданың жақсылығы болмасы хақ. Өйткені, арақ кесірінен болған кісі өлімі, жол және өндірістік апат шығынын ешбір қаражат қайта қалпына келтіре алмайды. Оны жай қарапайым адамнан бастап ең білікті экономист те растайтын болар. Қоғам бұл қасіреттен айығу үшін барлық күрес тәсілін қолдану қажет. Біз дін қызметкері ретінде ішімдіктің залалды зардаптарын сізге жеткіздік. Сіз де бұл күреске өз үлесіңізді қосыңыз.



Маида сүресі, 90-91 аяттары
Бақара сүресі, 219-аят
Ниса сүресі, 43-аят
Маида сүресі, 90-аят
Муслим
Ахмед, Әбу Дәуід және Тирмизи
Тирмизи, Ибн Мәжа
Ахмед
Муслим

Published in СҰРАҚ-ЖАУАП

Ислам діні қашанда мейірімділікке, қамқорлыққа, мұқтаж жандарға қол ұшын созуға үндейді. Қоғамда әлі де болса көмекке зәру отбасыларының бары рас.

Хадисте пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с): «Жердегілерге рақымдылық жасаңдар. Сонда көктегілер де сендерге рақымдылық жасайды», – деген болатын.

Осы бағытта ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, орталық «Ақмешіт –Сырдария» мешітінің бастамасымен қаладағы төтенше жағдайлардан кейін баспанасыз қалған отбасына көмек көрсетілді.

Яғни, бір отбасының баспаналы болуына жағдай жасалып, қажетті құрылыс материалдары жеткізіліп берді. Бұл қайырымдылық ізгі іске қаланың барлық мешіттері атсалысты.

Өз кезегінде көмек алушы көпбалалы ана алғысын жаудырып, ниетін жеткізді.

Қызылорда облыстық «Ақмешіт-Сырдария»

мешітінің баспасөз қызметі

Published in ІС-ШАРАЛАР

Ислам дінінде білім алудың маңызы өте зор. Ислам діні бойынша ең көркем бейнеде жаратылған адам баласы өзін оқу, білім алу арқылы дамытуы керек. «Білетіндер мен білмейтіндер тең бе?» деген аяттың өзі-ақ білім иесінің дәрежесін көрсетіп тұрғандай.

Жыл сайын ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешіті еліміздегі Ислам институты мен медреселерге шәкірттер жіберіп, білімді имамдар санының артуына үлес қосып келеді. Бұл үрдіс биыл да өз жалғасын тапты.

Діни білім алып, Ислам дінінің өркендеуіне үлес қосқысы келетін шәкірттермен бас имам Омаров Талғат Сейіткәріұлы кездесіп, ұсыныстар жіберілді.

Кездесу барысында бас имам Т.Омаров бұл бағытта білім алу мен дінге қызмет етудің маңыздылығын, жауапкершілігін түсіндіріп, шәкірттерге ақ жол тіледі.

Қызылорда облыстық «Ақмешіт-Сырдария»

мешітінің баспасөз қызметі

Published in ІС-ШАРАЛАР
Page 1 of 3
Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы