Items filtered by date: Шілде 2017
Ассалаумағалейкүм уа рахматуллахи уа баракатуһ!
1.Сіздерден сұрағым келгені, тауық еті кез келген жерде халал болып саналады ма әлде харам болып бөлінеді ме? Мен қазіргі уақытта Ресей жерінде жүрмін, әрине, бұл жақтан халал азық-түліктер табу қиындау. Бір-екі адамнан сұрағанымда балық пен тауықтың харамы болмайды деп жауап берді. Осы сұрақтың нақты жауабын білгім келеді. Алдын-ала үлкен рахмет! Қуаныш Юсупов 2.Осы тущенка харам ба, халал ма? Әсет Пазылов.

Уа алейкум ассалам уа рахматуллаһи уа баракатуһ!

Төрт түлік мал еті халал екені жөнінде ешқандай дау жоқ. Бұл орайдағы күдік аталған жануарларды бауыздауға қатысты. Кейбір жағдайда шариғат тиым еткен жолмен (электр тоғы немесе ауыр затпен соққы жасау секілді) сойылып жатады. Мұндай тәсілдер малға азаптау және еті арамдалғандықтан харам болады. Малдың етін адал ету үшін бауыздау шарттарын орындау қажет, олар:

1.Малдың қанын ағызып, мойын күре тамырын кесетін пышақ сияқты өткір затпен бауыздау. Ади бин Хатим әл-Тайи (р.а.), мен: «Уа, Алла елшісі! Біз аң аулаған кезде бауыздайтын пышақ болмайды. Алайда өткір тас және сынған таяқ болады»,– деп сұрадым. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Қалаған затыңмен қанын ағыз және Алла тағаланың есімін ата», – деді;

2.Мойын күре тамыры мен өңешті кесу. Бұл жануардың қиналмай жан тапсыруына көмектеседі. Ал, басымен құдық сияқты тар жерге түсіп кеткен малды аң секілді кез келген жерінен қан шығару керек. Рафиғ бин Хадиж (р.а.): «Біз пайғамбармен (с.ғ.с.) сапарда едік. Кенет жұрттың түйелерінен бірі қашып кетті. Қуып жететін ат болмаған соң, бір кісі садақпен атып алды. Сонда Алла елшісі (с.ғ.с.): «Жануарлардың арасында жабайы аңдардағыдай бір жабайылық болды. Егер жануарлар осылай етсе, жаңағыдай етсеңдер болады», – деді;

3.Алла тағаланың есімінен басқа ешбір атты айтпау. Құранда: «... және тігілген тасқа (пұтқа) арнап бауыздалған... арам етілді»,– деп әмір етілген;

3.Бауыздау үстінде Алла тағала есімін айту. Яғни «бисмилла Аллаһу Акбар» деу. Құран Кәрімде: «Ендеше, Алланың аяттарына сенуші болсаңдар, Алланың аты айтылғаннан жеңдер...» және хадисте: «Қаны аққан (бауыздалған) һәм Алла есімі айтылған (мал етін) жеңдер», – деп айтылған.

Малды бауыздау және «бисмиллаһ» айтудың сырлары:

1.Бауыздаудың сыры. Малдың мойын күре тамырынан кесіп бауыздау – жануардың жаны тез және қиналмай шығуының ең жеңіл жолы. Ол үшін бауыздайтын құрал өткір болуы тиіс. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «... Егер бауыздайтын болсаңдар, жақсы түрмен ұшын өткірлеп, малды жеңіл етіп бауыздаңдар»,-деп үйреткен.

2.Бауыздау кезінде «бисмиллаһ» айтудың сыры. Алла тағала барлық жаратылыстың Иесі. Алайда, адам баласына мал екеш малды мойынұсындырған. Малды адам пайдасы үшін жаратқан. Бірақ, оның жанын алу үшін «бисмиллаһ Аллаһу Акбар» деп Жаратушының рұқсатын алу керек.

Ал, балық туралы Құран Кәрімде: «Және де Ол Алла, жас ет жеулерің үшін теңізді бағындырды...»,– деп баяндалады. Барлығымызға мәлім, теңіз мақұлықтары, яғни суда тіршілік ететін жәндіктер түрі өте көп. Оның ішінде адамға жағымдысы – балық. Ал, Құранда: «... жақсы нәрселерді халал, жаман нәрселерді арам қылады...» деп айтылған. Суда мекендейтін ең жақсы да таза нәрсе балық екені даусыз.

Қорыта келгенде, төрт түлік мал еті және құс еттері айтылған талаптарға сай сойылған болса, адал болып саналады. Қазіргі уақытта дүкендерден сатып алатын өнімдеріміздің қандай екендігін оның сертификатына қарап ажыратқанымыз абзал.


Ахмед, Әбу Дауд, Насаи
Бұхари, Муслим
Маида сүресі, 3-аят
Әнғам сүресі, 118-аят
Бұхари
Муслим
Ю.Қарадауи, Халал уа Харам фил Ислам, 55-бет
Нахыл сүресі, 14-аят
Ағраф сүресі, 157-аят

 


Жайын (сом) балығын жеуге бола ма?

1.Әссәләмуғалейкум! Жайын (сом) балығы туралы бір жігіт сұрап еді. Соны сіздерден сұрасам деген едім. Жайын  балығы жеуге рұқсат па? Жыртқыш балық әрі өлексені де жей береді. Осыны ойлап күмәнданып қаламыз. Нұржан Сәдірбекұлы 

2.Әссәләмуғалейкум! Суда өмір сүретін балықтардың барлық түрлерін халал деп білемін. Бірақ жайын (сом) балығын теңіз шошқасы деп жататындар бар. Сол рас па? Дінмұхаммед Жүнісов. 

Уағалейкум ассәләм! Сахаба Абдулла ибн Аббастан «Жәрии»(ّالجريّ)деген балық туралы сұрайды. Сонда ғалым сахаба:«Оны (мұсылмандарға) жеудің ағаттығы жоқ. Оны Яхуди (дініндегілер) жемейді», -деп жауап берген. Тағы бір риуаятта әлгі сахаба:«...әл-Жәрииді  яхуди дініндегілер жемейді. Ал біз жейміз», - деген[1]. 

Риуаяттағы  «жәрии» сөзі қазақшадағы жайын балығының  арапша атауы болса керек. Себебі,  жайын балығын араб тілінде «Сәмәк әл-Жәрии - أسماك الجري»немесе «Қармут –قَرْمُوطٌ»яки «силләур –السِّلَّوْرُ»  деп атайды.

Бұнымен қатар, жайын - балық тектес теңіз жануары болғандықтан, халал деуге негіз бар. Балық тектес теңіз өнімдерін жеудің халал екендігінде ғалымдар арасында талас жоқ. Кейде кездескен өлексені жеуі үкімді өзгертпейді[2]. Ең дұрысы - Аллаға мəлім!


[1] Фатхул бәри, Сахих Бухари – Китабу забаих: «Бәбу Қаулиллаһи Ахалла ләкум...». (тағлиқан).  
[2]Тек мынаны ескеру керек, егер аталмыш балық көбіне өлексені жеумен қоректенетіні анықталса,  етінің дәмі немесе исі яки түсі өзгергендей болса,  тазарғанша еті желінбейді.  Оны тазартудың жолы – қалпына келгенше (түсі, иісі) тірідей таза суға жіберіп,  таза қорекпен қоректендіреді.



Published in СҰРАҚ-ЖАУАП

Құранның бастауы саналатын Фатиха сүресінің артықшылығы өте көп. Сондай ерекшелігінің бірі туралы Әбу Сағид Рафиғ ибн әл-Муғәллә (р.а.) айтады: «Расулуллаһ (с.а.у.) менің қолымнан ұстап тұрып: «Сен мешіттен шығудан бұрын саған Құранның ең қасиетті сүресі қандай сүре екенін айтайын ба?» деген едіңіз, – дегенімде Ол (с.а.у.): «Ол – әлхамдулилләһи Роббил-ъаламин». Фатиха сүресі әр намазда оқылатын жеті аят және маған түсірілген қасиетті Құранның бәрі», – деп жауап берді.

Ибн Аббас (р.а.) айтады: «Жәбірейіл (ғ.с.) Нәбидің (с.а.у.) жанында отырған уақытта, Нәби (с.а.у.) төбеден есіктің ашылғанына ұқсаған дыбысты естіді. Жәбірейіл (ғ.с.) төбеге қарап: «Бұл дүние аспанының қақпасы. Ол осы күнге дейін жабық болып, енді ашылды», – деді. Ол қақпадан сол күнге дейін жер бетіне түспеген періште түсті. Періште Нәбимен (с.а.у.) сәлемдесіп: «Сүйінші! Саған (с.а.у.) осы уақытқа дейін ешбір пайғамбарға берілмеген екі нұр берілді. Ол – Фатиха сүресі мен Бақара сүресінің соңғы бөлігі. Бұл екеуінің қайсысын оқысаң да, тілегенің беріледі», – деді». 

Published in МАҚАЛАЛАР

Әссәламуғалейкум! Адамды құрдымға апаратын бес нәрсеге не жатады? Бекжан. 

Уағалейкум әссәләм! Адамды құрдымға жетелейтін нәрселерді бесеумен шектеуге болмайды. Құран Кәрім мен Пайғамбар (с.а.у.) хадистерінде«ауыр»деп танылған күнәлардың барлығы адамды құрдымға апаратын нәрселер. Мысалы:«Аллаға серік қосу» немесе «құдайды танымау», «зина жасау», «ұрлық жасау», «құмар ойындары», «ішімдікке салыну», «адамды текке өлтіру», «өсім жеу» және «жегізу», «ата-анаға жапа шектіру», «нәпсіге құл болу», «тәкәппарлық», «суайыттық», «әділетсіздік жасау» т.б. шариғатта дүниелік немесе ақыреттік жазасы нақты айтылған күнәларды атап өтуге болады.

Дүниелік жазасы дегенімізге мысал келтірер болсақ, ұрлық жасаған кісіге шариғатта қол кесу жазасы реттелсе, зинаға барған мұсылманға дүре соғылады немесе тасборан етіледі т.б.

Ескерте кету керек, шариғатта жаза тек арнайы соттың (қазы) шешімімен жүзеге асады. Сотсыз жазалауға (самосуд) жол жоқ.  

Жоғарыда атап өткен ауыр күнәлардың қай-қайсысы болмасын адамды құрдымға жетелеп, екі дүниеде де опық жегізері сөзсіз. Алла баршамызды тура жолға бастасын! 

Абдусамат Қасым
Published in СҰРАҚ-ЖАУАП
Жексенбі, 23 Шілде 2017 14:07

Заңға қарсы шыққаным күнә ма?

Әссәләмуғалейкум! Заң бойынша, балықты тормен аулауға болмайды. Ол үшін «айып пұл» төленеді. Сұрағым: Оған қарамастан балықты тормен аулайтын болсақ, бізге күнә жазылады ма? Мемлекеттік заңды бұзған адамға күнә бар ма? Нышан

Уағалейкум әссәләм! Ислам дінінде халал істерде басшылыққа бағыну уәжіп. Басшылыққа бағынбағанымыз үшін күнә жазылады. Заң басшының бұйрығы болғандықтан және де оның астарында қоғам игілігі көзделгендіктен заңға бағынуымыз керек. 

Тормен аулауды тыйым салған заңның астарында да өзіндік ізгі мақсат жатыр. Атап айтсақ, балықтарды уылдырық шашар уақытта тормен аулау - келесі жылға балық санының азаюына алып келуі мүмкін. Бұның нәтижесі - балық өнімінің қымбаттауына және шет елдерден көптеп импорт жасауға алып келері сөзсіз. Тіпті, белгілі балық түрінің мүлдем жойылып кетуіне де септігін тигізуі ықтимал. Сондықтан, оның алдын алу үшін заң тұрғысынан бақылауға алынуы қажет. Ендеше, заң бойынша тормен аулауға тыйым салынған болса, тормен ауламаңыз.   

Абдусамат Қасым
Published in СҰРАҚ-ЖАУАП

Әбу Сайид ибн Мәлик он үш жасында әкесімен бірге Ухуд шайқасына қатысқан сахаба. Сол соғысты әкесі шейіт болады да, отбасының бүкіл ауыртпашылығы жап-жас Әбу Сайидтың мойнына түседі. Кедейлікті бастан кешіреді. Аштықтан қарындарына тас байлап алатын кездері болады.

 Сонда үйіндегілер:

«Бар да, Алла елшісінен (с.ғ.с.) бір нәрсе сұрап кел! Жұрттың бәрі сұрап жатыр ғой» деген шағым мәндес сөз айтады. Алғашында барғысы келмейді. Бірақ жағдай қысып бара жатқан соң, не де болса, Алла Елшісіне (с.ғ.с.) барып жолығуға бел байлайды. Құдайдың құдіретін қараңыз, Расулулланың (с.ғ.с.) қасына барып қалса, ол халыққа мына сөзді айтып тұр екен:

«Көңілін тоқ тұтқан және ар-намысты жоғары ұстаған кісілерді Алла Тағала өзге жұрттан бай етеді»

Осы сөзді естіген Әбу Сайид тілегін Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) айтпай-ақ үйіне қайтып кетеді. Содан кейінгі жағдайды өз аузымен былай деп жеткізген:

«Алла елшісінен (с.ғ.с.) ештеңе сұрамай үйге қайтқан күні Алла бізге рызық-несібесін жіберді. Содан былай ісімізге береке дарығаны сонша Ансарлардың арасында бізден бай ешкім болмады...» (Ахмад ибн Ханбал. Мүснад. ІІІ т., 449-бет)

Міне, біздің несібе іздегенде жасайтын үлкен қателіктерімізді бірі осында жатыр. Айналадағы әркімнің дәулетіне көз тігіп, мен де солардай болсам ғой деп іштей тілеп жүрудің өзі көңілдің тоқ емес екенін білдіреді. Оның орнына Алланың маған берген несібесі өзіме жетеді, Құдайға шүкір деу керек.

 Екінші мәселе – ар-намысты жоғары ұстау. Жұртқа алақан жаюды намыс көрудің өзі адамды еңбекке баулып, табысқа қарай жетелесе керек. Абай атамыз айтқандай, телмірген көзімізді емес, маңдайымыздан аққан терімізді сатуымыз қажет. Сонда бай боламыз. Алла елшісі (с.ғ.с.) қателеспейді.

Асылбек Әуезханұлы 

Published in ҒИБРАТНАМА

Ассалаумалейкум! Намазда жеңіл киім киген соң, сәждеге барған кезде бел жағымыз ашылып жатады. Осы кезде намазға қандай да бір нұқсан келеді ме? Рахмет! Нұрсұлтан.

Уағалейкумсалам, Нұрсұлтан! Ең әуелі мынаны білу керек: Ер кісілердің ұятты (әурет) жерлеріне Ханафи мәзһабы бойынша кіндік пен тізе аралығы жатады. Кіндіктің өзі әурет боп есептелмейді, ал тізе – әурет[1]. Намазда әурет жерлері жабық болуы тиіс.

Ер кісінің намазда кіндікпен тізе арасындағы орналасқан әр ағзаның төрттен бірінен көбі ашылса, намазы бұзылады. Дәлірек айтқанда, кіндік пен қасаға түгі арасы (айнала есептегенде) өз алдына бір ағза. Тізе мен сан екеуі өз алдына бір ағза т.б.[2]  Ашылып қалған әурет жері бір рүкүн бойы, яғни үш тәспих уақыт бойы жабылмаған болса, намазы бұзылады[3].

Кіндіктен төменгі жағы деп, оның төменгі тұсынан есептегенде артқы жағы да (бел тұсы) айнала қамтылады[4]. Осыған қарағанда адамның бел[5] тұсы да намазда жабылуы тиіс жерлерге жатады.

Ендеше, намазда сіздің беліңіз кіндік пен қасаға түгі арасындағы аралықты назарға ала отырып есептегенде төртте бірінен көбі ашық қалса және оны үш тәспих уақыт бойы жауып үлгермесеңіз, намазыңыз бұзылады. Мысалы, сәждеге барған кезде беліңіздің төрттен бірінен көбі ашылып қалса және оны: «Сүбхана раббиял аълә», - деп үш рет айтқанша жаппаған болсаңыз намазыңыз бұзылады.

[1] Сарахси, Мәбсут – 10/145 бет; Маусули, Әл-Ихтияр – 1/148-бет.
Себебі, Пайғамбарымыз (с.ғ.у) бір асыл сөзінде: «...Кіндіктен төмен және тізеден жоғарғы жерге қарамасын», – дей келе, кіндіктің әурет еместігін білдірсе (Әбу Дәуід, Либас – 4114), келесі бір сөзінде: «Тізе әуратқа жатады», – деп тізенің әуретке кіретіндігін баян еткен Даруқутни – 878.
[2] Фәтәуә әл-Һиндия – 1/65 бет.; әл-Биная – 2/132 бет.
[3] Ибн Ғабидин, Раддул Мухтар – 2/82 бет.
[4] Ибн Ғабидин, Раддул Мухтар – 2/76 бет.; Бахрур Раиқ – 1/468 бет.
[5] Адам денесінің арқадан төмен, мықыннан жоғары жіңішке тұсы.

Абдусамат Қасым

Ассалаумалейкум! Намазда жеңіл киім киген соң, сәждеге барған кезде бел жағымыз ашылып жатады. Осы кезде намазға қандай да бір нұқсан келеді ме? Рахмет! Нұрсұлтан.

Уағалейкумсалам, Нұрсұлтан! Ең әуелі мынаны білу керек: Ер кісілердің ұятты (әурет) жерлеріне Ханафи мәзһабы бойынша кіндік пен тізе аралығы жатады. Кіндіктің өзі әурет боп есептелмейді, ал тізе – әурет[1]. Намазда әурет жерлері жабық болуы тиіс.

Ер кісінің намазда кіндікпен тізе арасындағы орналасқан әр ағзаның төрттен бірінен көбі ашылса, намазы бұзылады. Дәлірек айтқанда, кіндік пен қасаға түгі арасы (айнала есептегенде) өз алдына бір ағза. Тізе мен сан екеуі өз алдына бір ағза т.б.[2]  Ашылып қалған әурет жері бір рүкүн бойы, яғни үш тәспих уақыт бойы жабылмаған болса, намазы бұзылады[3].

Кіндіктен төменгі жағы деп, оның төменгі тұсынан есептегенде артқы жағы да (бел тұсы) айнала қамтылады[4]. Осыған қарағанда адамның бел[5] тұсы да намазда жабылуы тиіс жерлерге жатады.

Ендеше, намазда сіздің беліңіз кіндік пен қасаға түгі арасындағы аралықты назарға ала отырып есептегенде төртте бірінен көбі ашық қалса және оны үш тәспих уақыт бойы жауып үлгермесеңіз, намазыңыз бұзылады. Мысалы, сәждеге барған кезде беліңіздің төрттен бірінен көбі ашылып қалса және оны: «Сүбхана раббиял аълә», - деп үш рет айтқанша жаппаған болсаңыз намазыңыз бұзылады.

[1] Сарахси, Мәбсут – 10/145 бет; Маусули, Әл-Ихтияр – 1/148-бет.
Себебі, Пайғамбарымыз (с.ғ.у) бір асыл сөзінде: «...Кіндіктен төмен және тізеден жоғарғы жерге қарамасын», – дей келе, кіндіктің әурет еместігін білдірсе (Әбу Дәуід, Либас – 4114), келесі бір сөзінде: «Тізе әуратқа жатады», – деп тізенің әуретке кіретіндігін баян еткен Даруқутни – 878.
[2] Фәтәуә әл-Һиндия – 1/65 бет.; әл-Биная – 2/132 бет.
[3] Ибн Ғабидин, Раддул Мухтар – 2/82 бет.
[4] Ибн Ғабидин, Раддул Мухтар – 2/76 бет.; Бахрур Раиқ – 1/468 бет.
[5] Адам денесінің арқадан төмен, мықыннан жоғары жіңішке тұсы.

Абдусамат Қасым
Published in СҰРАҚ-ЖАУАП
Жексенбі, 09 Шілде 2017 06:31

Қандай үйден періште қашады?

«Алты ұл туған ананы ханым десе болады, жақсы ұл туған ананы жаным десе болады» дегендей, Түркістан қаласының тұрғыны  Жұмакүл Ахметова – ханым деуге де, жаным деуге де тұрарлық жан. Саналы ғұмырын ұстаздықпен өткізген Жұмакүл Жангелдіқызы бес ұлдың асыл анасы, ерінің аяулы жары. «Замана» тілшісі ол кісімен  әңгіме өрбітіп, ұл баланың тәрбиесі, ер-азаматты сыйлау тақырыбында келелі сұхбат құрыпты.

Орамал тақпайтын әйелдің үйінен періште қашады

«Ата-анамның менен бұ­рын­ғы перзенттері жастай шетінеп, мен ғана аман қалған екенмін, – дейді Жұмакүл Жангелдіқызы. – Отбасында жалғыз перзент болған соң шығар, әкем де, анам да мені көзінен таса қылмайтын. Бетімнен қақпай, ерке­летіп өсірді. Әкем марқұм жоғарғы сыныптарда оқып жүргенімде де сабақтан қай­тып келе жатқанымда алдымнан шығып күтіп алушы еді. Анадай жерде келе жатып, мені көрген кезде  әкемнің көзінде пайда болатын қуаныштың ұшқынын байқайтынмын. Сөйте тұра ол кісіге: «Неге күніге алдымнан күтіп ала бересіз?! Мен енді үлкен қыз болдым ғой. Ертең алдымнан шықпаңыз!» – деп ұрсамын. Жан әкем маған қарсы келмейді: «Ма­құл», – деп басын изейді де, ертесіне тағы алдымнан шығып тұрады. Сол кезде балалықпен әкемнің қамқорлығы мен  әкелік махаббатын түсінбеген екенмін. Ал қазір ол кісінің әр сөзін, әр қылығын сағынышпен еске алып отырамын».

Өкінішке қарай, Жангелді қария қызының тойын көре алмапты. Әкесі Жұмакүл күйеу­ге шықпай тұрғанда бақилық болып кеткен. Бағына орай,  ата-енесі көкірек көзі ашық, түсінігі мол жандар болып кездесіпті.

«Біз әулетімізбен педагогтармыз, – дейді Жұмакүл Жангелдіқызы. – Жолдасым, өзім, қайынатам, қайныларым, абысындарым да – педагогтар. Бір-бірімізді жарты сөзден түсінеміз десек те болғандай.

Мен келін болып түскеннен кейін көп ұзамай-ақ енем жағдайымды түсініп: «Екеуің бірдей бала тәрбиесімен айналысып жүріп анаңды жал­ғыз қалдырғаның жарамас», – деп  еншімізді бөліп беріп, күйеуім екеумізді анамның қолына жіберді. Анам қазақы салт-дәстүрді қатаң ұстанатын, өмір бойы ерінің айтқанынан шықпаған момын кісі еді. Сөз арасында: «Иә, Жангелді» деп әкемнің атын қыстырмаса әңгімесінің шы­райы кірмейтіндей, өмір бойы әкемнің қас-қабағын бағумен өтті. Анамның еріне бұлай шектен тыс сенім артып, арқа сүйегенін мен ол кісінің жоғары білім алмағанынан, қараңғылығынан деп түсінуші едім. Қазір ойлап отырсам,  ерін ардақтап, басына көтере білудің  өзі үлкен қасиет екен-ау.

Анамның қолына, өз үйіме көшіп барғаннан кейін бастағы орамалды шешіп, ер­кімше жүргім келген. Бір жағынан енем де маған "орамал тақ" деп қатаң талап қойған емес. Орамал басымда тұрмай, түсіп кете бергенін байқаған енем: «Орамал тақпай-ақ қойшы, әбіржіп кеттің ғой», – деп жалаңбас жүруіме өзі рұқсат бергені бар. Тіпті ол кісі мені "ұзатылған қызым" деп еркелетіп  алатын.

Енемнің өзі осылай кең­шілік жасағанымен жалаңбас жүруіме анам келіспеді. Ол кісі: «Сен енді тұрмыстағы  әйелсің, орамалмен жүруің керек. Жалаңбас жүр­ген әйелдің үйінен періште қашады. Әйелдің жалаңбас жүруін дініміз де құп көр­мейді. Оның бәрін былай қойғанда, ерің мен балаларың сен әзірлеген тамақтың арасынан қыл теріп отыруы керек пе? Орамал тартсаң, тамағың таза болады», – деп айтып жүріп, басымнан орамал тастамайтын етіп үйретті.

Жолдасым жалақысын тиынына дейін қалдырмай, менің қолыма салатын. Оны көрген анам маған: «Күйе­у­ің­­­нің айлығын алып қоя бермей, өзіңдікін қосып  оның қалтасына салып қой. Сонда несібең артады. Үйдегі тоңазытқышты бос қоймайтының секілді еріңнің де қал­тасы бос тұрмасын», – дейтін. Кейде күйеуіме қаттырақ сөйлеп  қалсам, оңаша шығарып: «Балам, еркекті олай тұқыртуға болмайды. Еркекке өктем сөйлемейді», – деп қателігімді бетіме баса қояды.

Анам осындай жан еді».

Ұлым ер мінезді болсын десеңіз…

Жұмакүл Ахметованың бір ұлы кішкентай кезінде шетінеп кетіпті. Қалған төр­теуі аман-есен, ата-анасының көз қуанышы, көңіл жұбанышы болып шауып жүр. Үлкен ұлы Дархан  әскери қызметте. Үйленген, бала-шағалы.

Әңгіме ауаны ұл тәрбие­сіне  қарай ойысқанда Жұма­күл апай: «Ер баланың табиғаты бөлек болады, – деді. – Қыз балаға отыр десең, үндемей ойыншықтарымен ойнап отырады, ал ұлға олай бұйырып сөйлей алмайсың. Олар қимыл-қозғалысты жақсы кө­ре­ді. Жүгіреді, секіреді, әйтеуір бір жерде тұрмайды. Ондайда балаға: «Отыр-ей!» – деп жекіп, ұрып-соға берсең  психо­ло­гия­­лық соққы алып қалады. Сөйтіп өскенде  жасық, ез болып шығады. Ер баланы еркін өсірген жақсы, ер мінез содан пайда болады. Қазақта бәйгеге қосатын аттың басына ноқта салмайды, байламайды, ер­кіне жібереді. Ер жігіт жыл­қы мінездес дегендей, ер балаға да шыли шектеу қоймай, еркіндік берген жақ­сы. Дегенмен ата-ананың ақылы балаға еш ­уақытта артықтық етпейді. Өзім біл­генімді балаларыма айтудан ешқашан жалыққан емес­пін».

Үлкен ұлын ғана үйлен­дірген Жұмакүл Жангел­ді­қызының әлі үш бойдағы бар. Ол кісі өте жайлы ене екен.

«Ұлым мен келінім Астанада  тұрады. Жылына бір рет еңбек демалысын ал­ған кезде үйде бір айдай болып, демалып қайтады. Келінім өте жақсы, тәрбиелі жердің қызы. Кейде оның жап-жас болып, қазан-ошақтың басынан шыға алмай қалғанына жаным ашып, кіші ұлдарыма: «Бір күн жең­гелеріңді қазан-табақтан бо­сатып, кәуап пісір­сең­дер­ші», – деп отырамын. Базардан төрт-бес келі ет алса, бәріміз тоя жейміз. Әрі келініміз де демалып қалады», – дейді ол кісі.

Өмірінің есте қаларлық сәттерінен осылайша сыр шерткен Жұмакүл Ахметованың бұл әңгімесі көпшілікке тиісінше ой салады деген үміттеміз.

Published in МАҚАЛАЛАР

Намаз – Алла Тағала мен пенденің арасындағы ұлы құлшылық. Намаз – асыл дiніміздің тiрегi.

Ислам ғұламалары: «Намаз – иманның басы және тозақтан құтқарушы»,  – деп айтқан. Намаз кәлимә-шаһадаттан кейінгі ең ұлы парыз болып есептеледі. Алланың бар екен­ді­гі және бірлігін бі­ліп растау – ең үл­кен па­рыз. Осы­дан кейін­гі па­рыз­дар­дың ең үл­ке­ні жә­не ең ма­ңыз­ды­сы – на­маз. Алла Тағала Құран Кәрімде «Мен жындар мен адам баласын  тек қана Маған ғибадат  етсін деп  жараттым», – деп бұйырған.

Намаз – Құдіреттің бұйрығы, құлшылықтың ұлығы, амалдардың абзалы. Өзге құлшылықтардың барлығы да Жәбірейіл періште (ғ.с.) арқылы бұйырылса, намаз – аспан әлемінде періштенің қатысуынсыз парыз етілген ғибадат. О баста Мұхаммед пайғамбардың (с.а.у.) үмбетіне 50 рәкәт намаз парыз етіледі. Адамдардың қиынсынуын уайымдаған Алла Елшісі (с.а.у.) бірнеше рет Алла Тағаланың алдына барып, азайтуды өтінгенде, намаз 5 уақытқа қысқартылып, балиғат жасына толған әрбір адамға парыз етілді. Алайда, Алланың кеңшілігімен 5 уақыт намаз үшін 50 бас намаздың сауабы берілетін болады.  

На­маз – жү­рек­тің нұ­ры, рух­тың кү­ші, мұ­сыл­ман­ның ұлы нығметі. Мұсылман баласы сәжде арқылы Алланың мейірімділігі мен кешірімділігіне жақын болады. Алла Елшісі (с.а.у.) мүбәрак хадистерінде: «Намаз – барлық бәледен құтылудың жолы», «Алланың құлына жақын болатын кезі – сәждеге барған сәт»- деп мұсылмандар үшін ең жақсы игіліктермен сүйіншілеген болатын.

Намаз адамның жан дүниесін тазартып, көркем мінез сыйлайды. Өмірдің ағымын өзгертіп, өмір салтын дұрыстайды.  Құраның «Әнкәбут» сүресінің 45-аятында бұл туралы былай дейді: «Анығында, намаз жеккөрінішті (бұзық) істерден және қайтарылған нәрселерден тыяды». Адам баласы аса ұлы Алланы ықыласпен еске алып, намазын берілген түрде ұдайы және өз уақытында мұқият орындаса, онда жүрек тазарып, иман күшейеді әрі адам күнәлардан алыс болады. Адам намазда аса ұлы Алланы жанымен, тілімен және денесімен еске алады, ал бұл – ең игі амал. Алла Тағала «Мағариж» сүресінің 19-22 аяттарында намаз оқушыларды былай деп мақтайды: «Шын мәнінде адам баласы сабырсыз жаратылған. Басына бір ауыртпашылық түссе тым шыдамсыз. Ал оған жақсылық келгенде өте сараң. Тек намаз оқушылар (мұндай) емес».  Сол үшін де намаз жүрекке қуаныш ұялатып, ләззат пен тыныштық орнатады.  

Намазға ниет етіп, дәрет алған адамның  күнәлары төгіледі. Бірде пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл нығмет жайлы былай дейді: «Қалай ойлайсыңдар, егер де сендердің біреулеріңнің есіктеріңнің алдында өзен ағып жатса және оған күн сайын бес уақыт жуынатын болсаңдар, бойларыңда қандай да бір кір қала ма?» – деп сұрайды. Сонда адамдар: «Жоқ, Алла Елшісі! Ешқандай кір қалмаушы еді», –  деп жауап береді. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Бұл – Алла Тағала күнәларды жуатын бес уақыт намаздың мысалы секілді», – деген екен. Осы сияқты Алла Тағала намаз бен намаздың арасында кеткен қателіктерді кешіріп отырады.    

Намаз – адамға рухани байлық беріп, иманының дәрежесін көтереді. Әркім исламнан өз үлесін алады және бұл үлес намаз дәрежесімен өлшенеді. Адам өзінің дініне деген махаббатын білгісі келсе, жүрегінің намазға деген сезімін тексеруі қажет. Ал ислам ғұламалары: «Алланың алдындағы қадіріңді білгің келсе, мына дүниеде не істетіп қойғанына қара», – деген. Иманның әлсіздігі я күштілігі және Алланы, Ақыретті немесе дүниені көп ойлайтындығымыз – намазға деген қарым-қатынаспен анықталады.  

Пайғамбарымыз (с.а.у.) намаздың хикметі туралы былай дейді: «Тазалық – діннің жартысы, «Әлхәмду ли-Лләһи» деген сөз Таразыны толтырады, «Субхәнә-Ллаһи уәл-хәмду ли-Лләһи» деген сөз көк пен жердің арасын толтырады, намаз – нұр, садақа – дәлел, сабыр – жарқырау, ал Құран – сен үшін жақтаушы не қаралаушы дәлел. Барлық адамдар таңертең үйлерінен жандарын жақсылыққа, не қапасқа сату үшін шығады» – деп айтқан. Әбу Хурайрадан (р.а.) жеткен хабарда Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Шын мәнінде менің үмметім Қиямет күні есеп беруге шақырылады. Ал олардың жүздері, қолдары және аяқтарында дәреттің ізі қалып, жарқырап тұрады», – деген.

Сонда Әбу Хурайра (р.а.) сөзін жалғап: «Осы нұрды көбейтуге кімнің шамасы келсе солай жасасын», – деді. Әбу Хурайрадан (р.а.) жеткен тағы бір хадисте: «Менің сүйікті досым: «Мұсылманның Жәннаттағы әшекейі (нұры) оның дәрет алғандағы су жеткен жеріне дейін болады», - дегенін естідім» дейді. Басқа бір хадисте, керісінше, намаз оқымаған адам буынсыз бір сүйекке айналып, Алланың алдында сәжде жасай алмайды және қиындыққа тап болады делінген.  

Алла Тағала сәжде жасаған құлының дәрежесін көтеріп, күнәсін кешіреді. Сондай-ақ, адам баласы сәждеде рухани ләззатын артығырақ алады.  Сәжде жасаған маңдай – Тозақ отына харам етілген. Алла Тағала Құранда «Фатх» сүресінің 29-аятында иман келтіргендерді былай деп сипаттайды: «Оларды рукуғ жасаған (намазда иілген), сәжде еткен, Алладан кеңшілік әрі ризалық іздеген түрде көресің. Олардың жүздерінде сәжделерінің ізінің дерегі бар...» - деп айтқан. Маңдайында сәжде ізі бар адам ең бақытты адам.

Рабиа ибн Қағыб әл-Әслами (р.а.) былай дейді: «Ардақты Пайғамбарымызға (с.а.у.) дәрет суын жеткізіп беріп, басқа да қолғабыстар жасайтынмын. Бір күні: «Тілегің болса, маған айт», – деді. «Сізге Жәннатта жақын болғым келеді», – дедім. Ол: «Осыны ғана сұрайсың ба?» – деді. Мен тек осыны ғана қалайтынымды айттым. Сонда Алла Елшісі (с.а.у.): «Онда өзің үшін көп сәжде жасап, маған көмектес», – деді».

Алла Тағала адамзатты құлшылық үшін жаратқан. Ал намаз – құлшылықтың ең үлкені. Бір намаздың бойында еселеген сауаптар бар. Пайғамбарымыз (с.а.у.) түнгі намаздың артықшылығы жайлы былай дейді: «Кімде-кім  құптан намазын жамағатпен оқыса, ол түннің жарымын намазбен өткізгендей болады және кімде-кім таң намазын жамағатпен оқыса, түнді түгел намазбен өткізгендей болады».  

Жамағатпен оқылған намаз жалғыз оқылған намаздан 27 есе артық. Сахих хадистерде таң намазы мен құптан намазының сауабын білген адам мешітке еңбектеп болса да келетіні, таң намазындағы екі рәкат – бүкіл дүние мен оның ішіндегі барлық жақсылықтан артық екендігі айтылады.

Намаз оқыған адам кішіпейілділік, сабырлықпен адамгершілік сияқты көркем сипаттарға ие болады. «Сабырлылық – иманның жартысы», – делінген. Намаз оқу арқылы адам түрлі теріс қылықтар мен іс-әрекеттерден аулақ болады.

Алла Тағала баршамыздың оқыған намазымызды қабыл етіп, өзінің шексіз мейіріміне бөлегей! Дұғамыз қабыл, мұратымыз асыл болғай!

Published in МАҚАЛАЛАР

Сөзіміз, іс-әрекетіміз және көзқарасымызбен ата-анамыздың өмірін жұмаққа айналдырсақ – перзенттік борышымызды өтеп, Аллаға шүкір еткен боламыз. Сонымен қатар, Ұлы Жаратушының разылығына кенелеміз. Ата-анамыздың көзі тірісінде орындайтын міндеттеріміз төмендегідей:

Ата-анамызға жиі барып тұру

Ата-анамыздың көзі тірісінде атқаратын ең маңызды міндеттеріміздің бірі – егер олардан бөлек тұратын болсақ,үйлеріне барып, хал-жағдайларын біліп тұру. Білім іздеп немесе жұмыс бабымен олардан бөлек тұруымыз мүмкін. Ондай жағдайда шамамыз келгенінше жиі-жиі ата-ананың жанынан табылып немесе үнемі телефонмен хабарласып, жағдайларын біліп тұрған абзал. Бала-шағасының жағдайын біліп, жақсы екенін естігенде олардың қарт жүректері лүпілдеп, қуанып қалады. Көңілі орнына түсіп, жаны жай табады. Ал олардың қуанышына себепші болу – Алла тағаланы қуантумен бірдей.

Ата-анаммен байланысты үзіп тастау – жәннаттан мақұрым қалудың бір себебі. Сонымен қатар, ата-анасына бұлай жасаған адамды айналасындағылар да құп көрмейді. Олармен байланысты үзудің жазасын Алла тағала пендесіне бұл дүниеде де, ақыретте де тарттырады.

Ата-анаға көмек

Ата-анамыздың көзі тірісінде оларға қолғабыс болып, қызмет ету, көңілдерінен шығу өте маңызды әрі діни тұрғыдан парыз. Осылайша қартайып, қаусаған шағында оларға жайлы өмір жағдайын жасаған боламыз. Мұндай ізгі әрекет жәннат қақпасының кілтін қолға түсіруге себеп болары анық. Оларға қызмет ету арқылы берекетті әрі қайырлы өмірге қол жеткіземіз. Мынаны естен шығармағанымыз абзал: Алла тағаланың разылығына жетелейтін жол – ата-ананың ризашылығына бөлену арқылы ашылады. Алла тағаланың азабы мен қаһарына ұшыраудың ең маңызды себептерінің бірі – ата-ананы жалғызсыратып қараусыз қалдыру. Ата-ана біз үшін Алла тағаланың аманаты болғандықтан, олардың көңілдеріне қаяу түсіріп, жүректерін жаралау – үлкен күнә. Мұндай адамдарға Пайғамбарымыз (с.а.у.): “Олар орны толмас өкінішке ұрынып, опық жейді”, - деген ескерту жасайды.

Ата-анамыз басқа дінді ұстанса немесе дінсіз болса да оларға қызмет ету – міндетіміз. Олардың басқа дінді ұстануы ақысын аяққа таптауға себеп емес. Олардың нәпақасын тауып, материалдық көмегімізді көрсетіп, үйлеріне барып тұруымыз қажет.

Ата-ананы тыңдау

Ата-ананың дінге қайшы келмейтін тілектерінің бәрін орындауымыз керек. Тұрмыс-тіршілігімізде олармен ақылдасып, пікірлерін тыңдап, көңілдеріне қаяу түсірмегеніміз абзал. Егер ата-ана Алла тағаланың тыйым салған нәрселерін жасауды талап етсе, оны орындау міндетті емес. Себебі адам баласы үшін Алла тағаланың ақысы бірінші орында тұрады.

Сахаба Әнас ибн Мәлик Пайғабарымыздың (с.а.у.) бір күні сахабаларына Алла тағаларының Мұса пайғамбарға берген әмірлері жайлы әңгімелегенін баяндайды. “Ей, Мұса! Егер жер бетінде “Лә иләһә иллаллаһ” деп шәһадат сөзін (куәгерлік сөзін) айтатын адам болмаса, жер бетін тозаққа айналдырар едім. Ей, Мұса, жер бетінде Маған құлшылық жасайтын адам болмағанда, Маған қарсы келген адамдарға ешқандай мүмкіншілік берместен жерді жойып жіберер едім. Ей, Мұса, Маған иман етіп, жалғыз екенімді қабылдаған адам – Мен үшін жаратылыстардың ішіндегі ең сүйкімдісі. Ей, Мұса, ата-анасына қарсы келген перзенттің аузынан шығатын бір сөз бар. Ол сөз – егер жер бетіндегі бүкіл құм түйіршіктерімен өлшенсе, таразыны тең басатын ауыр сөз”. Сонда Мұса пайғамбар: “Уа, мені шексіз нығметке бөлеген мейірімді Раббым! Ол қандай сөз?” – деп сұрайды. Алла тағала: “Ата-анасы баласына бір нәрсені бұйырғанда баласының оларға “Жоқ” деп жауап беруі”, - дейді.

Ата-анасы бір нәрсені қаласа, баласы: “Айтсаңыз болды, орындаймын. Тағы басқа айтарыңыз бар ма?” – деп, айтқанын екі етпеуі керек. Керісінше, “Жоқ” деп, болымсыз түрде жауап беру – Алла тағаланың қаһарын тудыратын ең ауыр сөз.

Пайғабарымыз (с.а.у.) өзінің ата-анасына деген құрметін білдіру мақсатында былай дейді: “Егер ата-анам немесе екеуінің біреуі қазір тірі болғанда, мен құптан намазына тұрып, Фатиха сүресін оқи бастағанда, әкем мені “Мұхаммед” деп шақырса, мен дереу “Не бұйырасыз?” – дер едім”.

Саңлақ сахаба Әбу Һурайра (р.а.) бір күні жолда Әбу Ғассанның артынан әкесі келе жатыр екен. Әбу Һурайра арқасынан келе жатқан адамның кім екенін сұрайды. Әбу Ғассан әкесі екенін айтқанда, Әбу Һурайра: “Сен дұрыс істемедің, Пайғамбарымыздың сүннетіне сай әрекет етпедің. Жолда жүрген кезіңде әкеңнің алдында жүрме. Әкеңнің артында немесе оң жағында жүр. Жүрген кезде әкең екеуіңнің орталарыңда басқа адамның жүруіне жол берме. Тамақ жеп отырғанда әкең жеп қалар деген ниетпен өзіңе ұнап отырған етке қол созба. Алдымен әкеңнің тамақ жеуін күт. Әкеңе ала көзіңмен қарап, көңіліне кірбің түсірме. Әкең отырмайынша сен де отырма. Әкең ұйықтамайынша сен де ұйықтама”, - деген өсиетін айтады.

Ата-анаға ізетті болу

Ата-ананың жүрегі әсіресе қартайған шағында нәзік шыныдай, көңілшек бола бастайды. Сондықтан олардың жан дүниесіне мән бере отырып, байқап сөйлеп, көңілдеріне кірбің түсіретін әрекеттерден аулақ болғанымыз жөн. Оларға үнемі сүйіспеншілік пен мейірімділік танытып, жұмсақ мінез көрсетіп, кішіпейіл болу керек.

Көзқарастарымыздың өзі көңілдеріне қаяу түсірмеуі керек. Ғұламалар ата-анаға ала көзбен қараудың өзін күнә санаған. Олардың жүзіне мейірім мен сүйіспеншілікпен қарауға құлшылық сауабы жазылады. Исра сүресі 23 және 24 аяттарда “...Оларға жекіме, оларға сыпайы сөйле” деп айтылғандай, оларға жекімей жылы сөйлеуге міндеттіміз.

Бірде Әун ибн Абдуллаһты анасы шақырған болатын. Ол анасына жауап берді. Бірақ байқаусызда дауысы көтеріңкі шығып кетеді. Осы әрекетіне іштей қынжылып, қателігін жуып шаю үшін екі құлды азат еткен екен.

Айша анамыз (р.а.) өмірінде ата-анасына ерекше көңіл бөліп қараған екі кісіні танығанын айтады. Олардың бірі – Пайғамбарымыздың күйеубаласы, үшінші халифа – Осман (р.а.), екіншісі – Хариса ибн Нұғман (р.а.).

Османның (р.а.): “Мұсылман болғалы бері анама дұрыстап көңіл бөле алмадым” деген сөздері – оның анасын қаншалықты құрмет тұтқанының белгісі. Яғни, анама қаншалықты құрмет көрсетуге тырыссам да жеткілікті бола қоймас, оның ақысын өтей алмаспын деген ниетпен айтқан еді.

Хариса ибн Нұғман болса, анасының тамағын өзі ішкізетін, басын да тазалап беретін. Тіпті анасының айтқандарын түсінбей қалған кездері одан қайталап сұрауға ұялып, шығып кеткен соң қасында болғандардан “анам не деді?” деп сұрайды екен.

Published in ЖАНҰЯ
Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы