Items filtered by date: Тамыз 2017

ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінде қала және аудан имамдарының қатысуымен облыстық жиын өтті.

Мұсылмандар мерекесі – Құрбан айт қарсаңында өткізілген жиынды өкіл имам Т.Омаров жүргізді.   Жиында қала және аудан имамдарының есепті кезеңде атқарған шаралары айтылып, алдағы жоспарлар талқыланды.

Сондай-ақ, Құрбан айт мерекесі күні ұйымдастырылатын шаралар, құрбандық шалуда имамдар ескеруі тиіс мәселелер қозғалып, тапсырмалар берілді.         

Қызылорда облыстық «Ақмешіт-Сырдария»

мешітінің баспасөз қызметі

Published in ІС-ШАРАЛАР
Бейсенбі, 31 Тамыз 2017 05:03

Имамдар еңбегі еленді

Имамдық қызмет – жауапкершілігі мен көтерер жүгі зор қызмет. Арнайы діни рәсімдерді өткізуден бөлек, түрлі көзқарастағы жамағаттармен жұмыс жасауда, Ислам дінінің көркеюіне, Ислам дінін насихаттауда имамдарымыз қашанда аянбай еңбек етіп келеді.

Осы орайда ҚР Конституциясы күні мерекесі қарсаңында бірқатар имамдар облыс әкімі Қырымбек Елеуұлының арнайы алғыс хатымен марапатталды.

Салтанатты шараны жүргізген облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы А.Қайруллаев имамдардың облыстағы діни ахуалдың тұрақты болуына қосар үлесін айта келе, мерекемен құттықтады.

Облыс әкімінің алғыс хатына ие болғандар қатарында облыстық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің найб имамдары, іс басқарушысы да бар.

Мешіт қызметкерлерінің қызметіне құрметпен қарай отырып, сауапты істеріңіз мол болғай демекпіз.

         

Қызылорда облыстық «Ақмешіт-Сырдария»

мешітінің баспасөз қызметі

Published in ІС-ШАРАЛАР
Бейсенбі, 31 Тамыз 2017 04:23

Акция аясындағы қайырымдылық

Қайырымдылықтың сауапты іс екені белгілі. Қасиетті Құран Кәрімде: «Шамаларың келгенше Алладан именіңдер. Оның айтқанына (әміріне) бойұсыныңдар, (Алла жолында) мал-мүліктеріңді жұмсаңдар. Бұл өздерің үшін қайырлы. Кімде-кім нәпсі сараңдығынан сақтанса, ол мақсатына жетуші. Егер Аллаға жақсылап қарыз берсеңдер (садақа берсеңдер), Алла оның сауабын еселеп қайтарады» - деген.

Қайырымдылық негізінде жаңа оқу жылы алдында мектеп оқушылары үшін өкілдік тарапынан арнайы акция ұйымдастырылғаны айтылған болатын.

Осы «Мектепке жол» акциясы аясында ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, орталық «Ақмешіт – Сырдария» мешіті тағы бір шара өткізді.

Шара аясында тұрмысы төмен отбасыларына балалары үшін көлемі 5000 теңгені құрайтын арнайы сыйлық сертификаттары таратылды. Аталмыш сертификатқа арнайы дүкеннен ата-ана баласы үшін мектеп керек-жарақтарын өздері таңдап ала алады.

Шараға қатысқан өкіл имам Т.Омаров бүлдіршіндерді жаңа оқу жылымен құттықтап, сәттілік тіледі. Ал, қатысушылар өз кезегінде шексіз алғыстарын жеткізді.

Қызылорда облыстық «Ақмешіт-Сырдария»

мешітінің баспасөз қызметі

         

Published in ІС-ШАРАЛАР

 Біздердің Раббымыз Аллаһ Тағала, Оның еш бір теңдесі жоқ, Ол барлық нәрселерден пәк. Осындай теңдесі жоқ болған Аллаһ Тағала Құран Кәримде былай дейді:

قال الله تبارك و تعالى فى كتابه الكريم   أعوذ با لله من الشيطان الرجيم بسم الله الرحمن الرحيم : < فصل لربك و انحر> .  

Раббың үшін намаз оқы және құрбан шал!

Бұл аятта Аллаһ Тағала Пайғамбарға және біздерге намаз оқуға және құрбан шалуға бұйрады. Шамасы келген мұсылмандар құрбан шалады. Аллаһ Тағаланың әмірін орындау ниетімен.

Сүйікті Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: « Кімде-кім мүмкіншілігі бола тура құрбан шалмаса, біздің намаз оқыитын жерімізге жақындамасын!» - деп бұйырған. Осы хадистен, құрбан шалудың маңызды екенін білсе болады.

Құрбан (араб тілінде)- «жақындау» деген мағынаны береді. Ал шариғатта Аллаһ Тағаланың ризашылығына жақындау ниетімен құрбан айт күндері шалынатын малдың аты.

Құрбан шалу һижраның 2-жылында міндет болды.

Құрбан шалған мұсылманның, ақыретте жүзі жарық болып, мол сауапқа ие болады. Пайғамбарымыз (С.А.У.) бұл ақиқатты былай деп түсіндіреді: « Адам баласы құрбан айт күні (құрбан шалу) қан ағызудан да сүйікті басқа іспен Аллаһ Тағалаға жақындаған емес. Қаны ағызылған мал қиямет күні мүйіздері, тұяқтары және жүндерімен келеді. Ағызылған қан жерге тамбай жатып, Аллаһ Тағаланың құзырында үлкен мақамға жетеді. Сондықтан құрбандарыңды көңіл ризашылығымен шалыңдар».

Пайғамбарымыз (С.А.У.) басқа хадистерінде Аллаһ Тағала ризалығы үшін шалынған құрбанның әрбір қылшығы үшін сауап бар екенін былай деп сүйіншілейді: «Сахабалар Расулімізге (С.А.У.) –Уа, Аллаһтың Елшісі, құрбандық деген не? – деп сұрақ қойды.

– Құрбандық-сендердің Ибраһим (А.С.) бабаларыңның сүннеті-деді.  

– Одан бізге қандай сауап бар?                      

- Әрбір тал қылшығы үшін сауап бар.

- Қойдың жүнінен ше?

- Қойдың жүнінің әрбір тал қылшығына да сауап жазылады».   (Тирмизи)

Аллаһ Тағала ризалығы үшін сойылған құрбандық мал ақыретте қылдай шінішке, қылыштай өткір Сырат көпірден өтер кезде иесіне көп көмектеседі. Пайғамбарымыз (С.А.У.) бұл жайында өз хадисінде былай дейді: «Құрбандыққа малдың ең жақсысын, көзге жұғымдысын таңдаңдар, өйткені ол – Сырат көпірінен өтерде өз көліктерің».

Құрбан шалудың тарихы

Құрбан шалу Ибраһим (А.С.) Пайғамбардан келе жатқан сүннет жолы. Ибраһим Пайғамбар өте мейрімді, тым жұмсақ жан болатын. Ол Аллаһ Тағаладан, өзінен кейін халықты тура жолға бастайтын ұл сұрап, көп жыл бойы Аллаһ Тағалаға жалбарынды. Бұл тілегі әбден қартайып, ұрпақ сүюден үміті үзілген уақытта қабыл болды. Дүниеге Исмайыл атты Пайғамбар келеді. Ибраһим (А.С.) баласын өте қатты жақсы көретін.Бір күні Ибраһим Пайғамбар түс көреді. Түсінде Аллаһ Тағала былай деп аян береді. « Әй, Ибраһим! Балаңды өз қолыңмен бауызда, оны құрбандыққа шал!». Бұл Ибраһим Пайғамбарға қатты сынақ болды. Ибраһим Пайғамбар баласына келіп Балам! – Аллаһ Тағала түсімде аян беріп, сені құрбандыққа шалуға әмір етті. Бұған сен ризасынба? - деді. Сонда баласы: Әке – Аллаһ Тағаланың әмірін орындаңыз. Мен сабырлы болам. Аллаһ Тағаланың әмірін бұлжытпай орындасын деп жаны ашыған баласы Исмайыл әкесіне қарап былай деді: Әке! – Менің қол аяқтарымды мықтылап байлаңыз. Киімдерімді шешіңіз, оған қаным шашыраса, анамның көңілі түсер.Пышағыңызды өткірлеп әбден қайраңыз.              

Әке, мені екпетімнен жатқызыңыз,- деді баласы. Өйтпесеңіз бет басыма көзініз түсіп тұрғанда, көңіліңіз түсіп, қолыңыз батпай қалмасың – деді баласы Исмайыл.

Ибраһим (А.С.) баласының екі қолын мықтылап байлап, оны жерге жатқызды да, қолына пышағын алды. Ол пышағын баласының тамағына ұстап, бар пәрменімен тартып жіберді. Бірақ пышағы өткен жоқ . Бірнеше рет қайталады, онда да пышағы өтпей қойды.

Сол уақытта Аллаһ Тағаладан аян келді: «Әй, Имбраһим! Сен көрген түсіңе адалдық таныттың. Міндетіңді орындадың. Исмайылдың орнына құрбандық ретінде шаларсың деп қошқар түсірдім. Біз жақсы құлдарды осылайша марапаттаймыз!»

Бала құтқарылды. Әке Аллаһ Тағалаға алғысын жаудырды.

Исмайылдың орнына құрбандыққа шалуға Аллаһ Тағала семіз қой түсірді. Ибраһим (А.С.) бұрылып қараған шақта қастарынан бір қой көрді. Пышағын алып қойды құрбандыққа шалды. Бұл қой Исмайылдың орнына шалынған қой еді. Сонан бастап мұсылмандар осы уақиғаны атап өтіп құрбандық шалатын болды.

Аллаһ Тағала Ибраһимді сынағаны болмаса, Исмайылды құрбандыққа шалуды қаламады.Ол тек Ибраһим Пайғамбардың өзіне адалдығына, әмірін қалтықсыз орындауна тәнті болуды қалады. Әйтпесе, Аллаһ Тағалаға сойған малдардың еті мен жүні де қажет емес екені белгілі.

Мұсылман бауырлар осы оқиғадан алатын   пайдамы ;- Аллаһ Тағалаға деген махаббат балаға деген махаббаттан әлдеқайда жоғары болу керек.

Біз мұсылмандар құрбанды тек Аллаһ Тағала ризалығы үшін шаламыз. Өйткені Аллаһ Тағала осы нәрсеге лайық. Ол бізді жоқтан бар қылып жаратқан, ризық нәсібе берген. Тура жолды көрсетіп берді.

Аллаһ Тағала былай дейді: «Айт (Әй, Мұхаммед) Расында менің намазым, құрбаным, тіршілігім және өлімім әлемдердің Раббы Аллаһ үшін, Оның серігі жоқ. Әрі осы нәрсе маған әмір етілді және мен бой ұсынушылардың алғашқысымын», (Құран, 6:162,163) және басқа сөзінде « Сондықтан Раббың үшін намаз оқы, құрбандық шал». (Құран, 108)

Ал Пайғамбарымыз (С.А.У.) бұл жөнінде былай дейді: Әли (Аллаһ Тағала оған разы болсын) былай деп айтқан: « Аллаһтың Елшісі маған төрт сөзбен мына нәрсені әңгімелеп берді; Алла, Алладан өзгеге құрбан шалған адамды қарғысқа ұшыратады, Алла, ата – анасын қарғаған адамды қарғысқа ұшыратады, Алла бұзақыға (дінге жаңа нәрселерді енгізетін адамға немесе қылмыскерге) пана берген адамды қарғысқа ұшыратады, Алла жер бетінде нұсқау белгісін (жол белгісін, шекараны) өзгерткен адамды қарғысқа ұшыратады».

Бұл хадистен білетін нәрсеміз Алла Тағала, Алладан басқаға құрбан шалғандарды жақсы көрмейді, ондай адамдар қарғысқа ұшырыайды.        

Айттың алғашқы күні ғұсыл құйынғаннан кейін әдемі, таза киім киіп, үстіге хош иіс сеуіп, мешітке барамыз. Айт намазын оқығаннан кейін құрбан шалатын адамдар құрбандықтарын шалады да оны тиісті орындарға таратып береді.

Айт күні мұсылмандар көрші-қолаң, туыс- туғандарды аралап айт мейрамымен құттықтайды.

Мұсылман айт күндері мейлінше көтерінкі көніл- күйде, жылы жүзді, кешірімді болуға тырысады. Айт күндері адамдар бір бірлерін кешірген жөн. Аурып жатқан адамдардың көңілін сұрау керек, және жесірлерге көмектесу керек және тағы басқа осы сияқты амалдар жасау керек.

Құрбан шалудың уақыты құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні ақшамға аз уақыт қалғанға дейін жалғасады. Бұған дәлел мына хадис бола алады. Бәрә ибн Азибтің риуаяты бойынша: «Алланың Елшісі (С.А.У.): Біздің бұл күнде алғашқы жасайтын – ісіміз намаз оқу, сосын қайтып келіп, құрбанымызды шалу. Кім осылай істесе біздің сүннетімізге ергені. Ал кімде-кім бұдан бұрын құрбанын шалатын болса, бұл құрбанының отбасына берілген етпен айырмашылығы жоқ.Бұның құрбан болуы мүмкін емес».

Басқа бір хадисте: «Кімде-кім намаздан бұрын құрбанын шалса, қайтадан шалсын». Осы хадистерден білетініміз намаздан бұрын шалынған құрбандық есептелмейді.

                     Құрбандыққа шалуға болатын малдар

Тек қой, ешкі, сиыр және түйе малдарын шалуға болады. Шалынатын қой және ешкі кем дегенде бір жасар, сиыр екі жасар, түйе бес жасар болу керек. Алты-жеті айлық қозы бір жасар қой сияқты семіз,етті болса, құрбандыққа шалуға болады.

Қой немесе ешкіні тек бір адам ғана шалады. Ал сиыр ,түйені яғни ірі қараны бір адам шалады және жеті адам бірігіп шалса болады. Әр бір кісі ниетпен ортақтасады.

                           Құрбандыққа жарамайтын малдар

Пайғамбарымыз (С.А.У.) құрбандыққа жарамайтын мал жөнінде былай дейді. «Анық соқыр, таза аурушаң, таза ақсақ және жілігі көрінетіндей өте арық малдар құрбандыққа жарамайды» - деген.

Бір көзі соқыр

Сойылатын жерге жете алмайтын арық мал.

Құлағы немесе құйрығы тумадан жоқ, немесе басым бөлігі кесілген.

Тістерінін көбі түсіп қалған.

Бір мүйізі немесе екеуі де түбінен сынған.

                 Құрбандыққа шалынған малдың еті мен терісі

Бай болсын, кедей болсын құрбан айтта шалған құрбандықтың етін жеуге болады. Құрбандыққа шалған малдың етін үшке бөліп тарату мустахаб. Бір бөлігін туған-туыстарға, екінші бөлігін кедей және муқтаж адамдарға, үшінші бөлігін өзінің отбасына, бала-шағасына беріледі.

Аллаһ Тағала құранда былай дейді: «Құрбанның етінен өздерің жендер әрі міскіндер мен кедейлерге жегізіндер».

Пайғамбарымыз (С.А.У.) шалған құрбанының етін қалай таратқандығы турасында Ибн Аббас былай деп риуаят етті: «Пайғамбарымыз(С.А.У.) шалған құрбандығының үштен бірін-отбасына, үштен бірін-кедей көршілеріне, қаған үштен бірін садақа ретінде тарататын».

Құрбандыққа шалынған малдың терісін кедей-муқтаждарға беруге болады.

Биыл 2017 –жылы қасиетті құрбан айт мерекесі Қыркүйек айының 1,2,3 басталып, 4 –і күні аср намазына дейін жалғасады.Айт намазын оқу мұсылман адамға уәжіп болып саналады.Айт күндеріміз берекелі өтіп,сауапқа толы күндерден болуын Алла Тағала баршамызға нәсіп етсін.Еліміз тыныш,жұртымыз аман болсын ағайын!

Қызылорда қаласы «Ыбрайым молда»мешітінің бас имамы Т.Нұрман.

Published in МАҚАЛАЛАР
Сәрсенбі, 30 Тамыз 2017 06:53

Мейірім мен ізгіліктің бастауы...

Бейбітшіліктің символына айналған ата дініміз – ислам қашанда адамзаттың арасындағы татулық пен сыйластықтың сақталуына үндеп келеді. Айналасына қамқор болып, қуаныш сыйлауға насихаттаушы ұлық мерекелердің бірі – Құрбан Айт мейрамы.

«Құрбан» сөзі - араб тілінен аударғанда «жақындау», ал шариғаттағы терминдік мағынасы «шарттарымен санаса отырып, құлшылық ниетімен мал бауыздау» дегенді білдіреді. Демек, мақсаты - шарттарын сақтай отырып, құрбан шалу арқылы Алла Тағалаға жақындау, разылығына жету болмақ.

Алла Тағала Құран Кәрімде Пайғамбарымызға () : «Намаз оқы және құрбан шал» – деп әмір етіп, құрбан шалудың уәжіптігін білдірген. Пайғамбарымыз () «Кімде-кім мүмкіншілігі бола тұра құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын!» – деп бұйырған. Алла Елшісі () өз сөзінде: «Құрбан шалыңдар! Өйткені ол Ибраһим аталарыңның сүннеті» - деп құрбандық шалу рәсімінің Ибрахим (ғ.с.) мен Исмайыл (ғ.с.) пайғамбарлардан бастау алатынын білдірген. Бұл рәсімнің барша адамзатқа үлгі боларлықтай өзіндік тарихы бар екендігін Саффат сүресінің 102-107-аяттарынан байқауға болады: «Ұлы (Ысмайыл) өзімен бірге жүруге жеткен кезде: «Балақайым! Сені түсімде бауыздағанымды көремін; назар аудар, көзқарасың не?», деді. Ол: «Әй, әкетайым! Өзіңе не әмір етілсе, оны орында. Алла қаласа, мені сабырлылардан табарсың»  деді. Сөйтіп әкесі оны маңдайының үстіне жатқызады. Біз, оған: «Әй, Ибраһим!»,  деп, дыбыстадық. «Рас түсіңді шынға шығардың. Күдіксіз ізгі іс істегендерді осылайша сынаймыз» (дедік). Шын мәнінде Бұл бір ашық сынау еді. Оны ірі бір құрбандыққа ауыстырдық».

Тарихқа көз жүгіртер болсақ, өмір салты ислам дінімен біте қайнасып жатқан ата-бабаларымыздың осынау берекелі мерекені кәрісінен баласына дейін ұлықтап, өз дәрежесінде тойлағандарын байқаймыз.

Бүгінде бұл мереке халық арасында белсене тойлану үстінде. Алайда, көпшілік ойлағандай, Құрбан Айт мейрамы - тек мал союмен ғана шектелмейді, яғни бір-біріне кешіріммен қарап, ренжіскендер болса, татуласатын, жақындарына сыйлық жасау арқылы, араларындағы сүйіспеншілік пен сыйластықты арттыратын, кішіпейілділік пен бауырмалдыққа шақыратын, қоғамдағы әділеттілікті орнататын - қасиетті мереке. Себебі, Алла Тағала  Хаж сүресінің 37-аятында: «Олардың (шалынған малдардың) еттері мен қандары Аллаға әсте ұласпайды. Бірақ, Оған (Аллаға) сендердің тек тақуалықтарың ғана жетеді»  дейді. Олай болса, құрбан шалудағы ықылас пен ниеттің маңыздылығын ақыл таразысына салған жөн.

Құрбандық шалудың өзіндік шарттары мен талаптарын ескере отырып, шариғат құрбандық шалушыға бірнеше міндеттер жүктейді. Құрбандық шалу төмендегі сипаттарға ие адамдарға уәжіп болады:

  Мұсылман болуы;

  Ақылды және балиғат жасына толуы;

  Құрбан айт уақытында жолаушы болмауы;

  Негізгі қажеттерден тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болуы.

Құрбандыққа шалынатын малдарға түйе, сиыр, қой және ешкі жатады. Бұл жануарлардың еркек не ұрғашы болуы міндетті емес. Малдың он екі мүшесі сау болуы шарт. Яғни бір немесе екі көзі соқыр, құрбан шалу орнына өз бетінше жетуіне шамасы жетпейтіндей ақсақ, тістерінің көбі жоқ, мүйіздерінің көп бөлігі немесе толықтай жоқ, құлағы не құйрығының үштен бірі кесілген, сонымен қатар лас нәрсемен тамақтанып жүрген мал құрбандыққа жарамайды. Ал, тоқал және мүйізі сынған, піштірілген, құлағы тілініп не кесіліп ен салынған мал құрбандыққа жарамды.

Шариғат талаптарына сәйкес, құрбандық шалу барысында малды қинамау үшін, өткір пышақ қолдану керек. Пайғамбарымыз () бір хадисте былай дейді: «Малды бауыздаған уақытта жақсылап бауыздаңдар. Кімде-кім мал сойса пышағын жақсылап қайрасын және тезірек бауыздап малды рақатына қауыштырсын» (Мүслім, Сайд, 57). Малды сою үшін жерге жатқызғаннан кейін пышақты көз алдында қайрау – мәкрүһ. Ал, қинамай сою – сүннет.

Құрбан ретінде шалынатын мал құбылаға қарата жатқызылып, дұға ретінде мына аят оқылады:

إنَّ صَلاتِي وَ نُسُكِي وَ مَحْيَايَا وَ مَمَاتِي للّهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ لا شَرِيكَ لَهُ

«Инна салати уа нусуки уа махиаиа уа мәмәти лилләһи Раббил ‘аламина лә шәрика ләһ». «Күмәнсіз менің намазым және басқа ғибадаттарым, өмірім де, өлімім де бүкіл әлемдердің Раббы Алла үшін. Оның

еш серігі жоқ». Одан кейін:

ألله أكْبَرُ, ألله أكْبَرُ, لا إلَهَ إلاَّ اللهُ وَاللهُ أكْبَرُ, ألله أكْبَرُ وَلِلَهِ الْحَمْدُ

«Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар лә илаһа иллаллаһу, уАллаһу әкбар, Аллаһу әкбар уа лиллаһил-хамд» – деп, тәкбір айтып, «Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар» – деп бауыздалады. Тек қана құрбанның иесінің ғана «Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар» – деуі жеткілікті емес. Құрбанды бауыздаған адам да «Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар» – деуі керек. Өйткені, Алланың аты айтылып, бауыздалмаған малдың етін жеу – харам. Құрбанның иесі құрбанды бауыздайын деп жатқан қасаптың қолының үстіне қолын қойып, бірге ба уыздаса, екеуінің де «Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар» деп айтулары керек. Сойылатын мал құрбан ниетімен бауыздалу керек.

Малдың жаны шыққаннан кейін барып қана терісі сыпырылады. Жаны шықпай жатып басын кесіп алып тастау немесе терісін сыпыру–мәкрүһ.

Қасиетті Құран кәрімде хаж сүресінің 28-аятында «Құрбанның етін өздерің жеңдер, әрі міскіндер мен кедейлерге жегізіңдер»,-делінген. Демек, бай болсын, кедей болсын құрбан айтта шалған құрбандығының етін жеуіне болады. Құрбандыққа шалынған малдың етін үш бөлікке бөліп тарату – мұстахаб. Бір бөлігі – туған-туыс, көршілеріне, олар бай болса да сыйға тартылады, екінші бөлігі – кедей және мұқтаж адамдарға, үшінші бөлігі – өзінің отбасына, бала-шағасына тиесілі. Бірақ шалынған малдың етін түгелдей кедей-мұқтаждарға таратуға да болады. Егер құрбандық шалған адам аса дәулетті болмаса және жанұясында адам саны көп болса, онда құрбандықтың етін түгелдей өзінің отбасына да қалдыра алады.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) шалған құрбанының етін қалай таратқандығы турасында Ибн Аббас былай деп риуаят етті: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) шалған құрбандығының үштен бірін – отбасына, үштен бірін – кедей көршілеріне, қалған үштен бірін садақа ретінде тарататын».
Уәжіп болсын, нәпіл болсын құрбандыққа шалынған малдың етін, терісін, сирақтарын, басын және сүтін сату – мәкрүһ. Ал, сатылса, оның ақшасы кедейлерге садақа ретінде беріледі. Құрбанға шалынған малдың ешқандай бөлшегінен қасапшының ақысы ретінде төлеуге болмайды.
Хазірет Әлидің былай дегені риуаят етілді: «Алланың Елшісі (с.ғ.с.) түйелер құрбандыққа шалынған уақытта басында тұруымды және терілері мен жүндерін таратуымды әмір етті. Олардың ешбір нәрсесін қасап ақысы ретінде беруге маған тыйым салды. «Қасап ақысын біз өзіміз береміз», – деді».
Құрбандыққа шалынған малдың терісін кедейлерге, қайырымдылық қорларына беруге болады.
..

Құрметті мұсылман бауырлар! Мейірім мен ізгіліктің бастауы болған - Құрбан Айт мерекесі баршамызға мүбәрак болсын!

Алла Тағала бірлік пен татулықты басты тірегі еткен халқымызды айттан айтқа, құлшылық-ғибадатпен, молшылық-берекетте жете беруге жазсын! Тәуелсіз еліміздің егемендігі баянды, мұратымыз асыл, дұғамыз қабыл болғай!  

ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілі,

Орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің бас имамы,

Омаров Талғат Сейіткәрімұлы

Published in МАҚАЛАЛАР

ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ұйымдастыруымен Тасбөгет кентіндегі С.Майқанова атындағы мәдениет үйінде «Құрбан айт – ұлық мереке» атты рухани шара өтті.

Шарада қалалық «Айтбай» мешітінің бас имамы Керімбеков Нұржан Пірәліұлы алғы сөз сөйлеп, қатысушыларды аталмыш мерекемен құттықтады. Сондай-ақ, мұсылмандардың ұлық мерекесі – Құрбан айттың маңыздылығы мен құрбан шалудың қадір-қасиеті жөнінде насихатын жеткізді.

Рухани шара аясында діни әндер орындалып, дәстүрлі өнер көресітіліп, ой салар қойылымдар тамашаланды.

Қатысушыларға діни сұрақтар қоюдан викториналық ойын ойнатылып, арнайы сыйлықтар таратылды.

Шараға қатысушылар ризашылықтарын жеткізіп, ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

Қызылорда облыстық «Ақмешіт-Сырдария»

мешітінің баспасөз қызметі

         

Published in ІС-ШАРАЛАР

Мұсылмандардың ұлық мерекесі Құрбан айт биыл қыркүйектің 1,2,3 күндері тойланады. Айт намазы Қызылорда облысы бойынша барлық мешіттерде таңғы сағат 8.00-де оқылады.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілі, орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің бас имамы Талғат Омаров мәлімдеді. 

Айт күндері аймақ мешіттерінің жанынан санитарлық талаптарға сай қасапханалар  жұмыс жасайтын болады. 

Баспасөз конференциясында бас имам Құрбан айт мейрамында өкілдік тарапынан атқаратын шараларға да тоқталды.

«Айттың алғашқы күнінде орталық мешіт алаңында киіз үйлер құрылып, дастархан жайылады. Көпшілікке арнап ұлттық сайыстар, айтыс өткізіледі - деді облыстың өкіл имамы Талғат Омаров.

Сондай-ақ, баспасөз конференциясына қатысқан қалалық «Айтбай» мешітінің бас имамы Нұржан Пірәлұлы мен «Ыбрайым» мешітінің бас имамы Талғат Нұрман тілшілердің сұрақтарына жауап берді.

Қызылорда облыстық «Ақмешіт-Сырдария»

мешітінің баспаөз қызметі

Published in ІС-ШАРАЛАР

Ханафи мәзһабы бойынша  дәрет жолдарынан тыс, дененің басқа да жерінен аққан нәжістер дәретті бұзады [1]. Құранда «аққан қанды» нәжіс деп айтқандықтан [2],  денеден шыққан қан айналасына жайылса дәретті бұзады. Бұған мына хадис дәлел:

عن تميم الداري عن رسول الله – صلى الله عليه و سلم -  انه قال: "الوضوء من كل دم سائل"     اخرجه الدارقطني

Сахаба Тамим әд Дәри ардақты Пайғамбарымыздан (с.а.у) мына хадисті риуаят етеді: «Барлық аққан (жайылған) қаннан дәрет бұзылады» [3].

[1] Маусули, Ихтияр: 1- том, 49 бет.
[2] Әнғам сүресі – 145 аят.
[3] Дәруқұтни 1/157; әл Кәсәни, Бәдәиғ, 1-том, 228 –бет.
Абдусамат Қасым
Published in СҰРАҚ-ЖАУАП

Жылқы малының құрбандыққа шалынбауының басты себебі – Алла Тағаланың Құранда айтылған мына бұйрығы:

وَلِكُلِّ أُمَّةٍ جَعَلْنَا مَنسَكًا لِّيَذْكُرُوا اسْمَ اللَّهِ عَلَىٰ مَا رَزَقَهُم مِّن بَهِيمَةِ الْأَنْعَامِ ۗ فَإِلَـٰهُكُمْ إِلَـٰهٌ وَاحِدٌ فَلَهُ أَسْلِمُوا ۗ وَبَشِّرِ الْمُخْبِتِينَِ

«Біз әрбір үмбет үшін, өздеріне берген жануарлардан: түйе, сиыр, қой және ешкіден, Алланың ғана атын атап, құрбан шалуды бекіттік. Өйткені, Құдайларың - бір-ақ Құдай. Сондықтан Соған бой ұсыныңдар! (Мұхаммед!) Ықыластыларды қуандыр»[1]

Осы аяттың арапша түпнұсқасында «бәһимәтул әнъам - بَهِيمَةِ الْأَنْعَامِ» сөз тіркесі ашық-айқын айтылған. Арапшада «бәһимә» сөзі – жануар, мал деген мағынаны білдірсе, ондағы «әнъам» сөзі арапшада төрт мал түрін қамтиды.

Олар: түйе, сиыр және қой, ешкі[2].

Бұл дегеніміз, аятта бекітілген малдардан өзге, жылқы, тауық, қаз, үйрек т.б. хайуандар - құрбандыққа жарамсыз деген сөз дейді ғалымдар. Мұнда мәзхаб ғұламалары арасында талас жоқ.

Өйткені құрбандық шалу – намаз, зекет іспетті, Аллаға құлшылық етудің бір түрі. Ал құлшылыққа қатысты үкімдер көбіне аят және хадиспен бекітіледі.

Аятта білдірілген үкім егер ешбір болжамды керек еттірмейтіндей ашық-анық келген болса, бұлжытпай сөзбе-сөз орындалуы тиіс. Одан артық немесе кем ешкім үкім баян етуіне құқы жоқ. Жылқы малының құрбандыққа шалынбауының төркіні осында жатыр.

Ең дұрысы – Аллаға мәлім.

islam.kz

Published in СҰРАҚ-ЖАУАП

Әбу Һұрайра (р.а.) Пайғамбарымыздың: «Үмбетімді ақиретте дәрет алған мүшелерінен танимын» деген хадисін естігеннен бастап, дәрет алғанда қолын иыққа, аяқтарын тізесіне дейін мұқият жуатын. Хадисте дәрет мүшелерінің жарқырағанын сипаттау мақсатында «ғурреә мухажәлиин» «маңдайлары жарқыраған» деген теңеу қолданылған. Әбу Һұрайра хадисті «дәрет мүшелерінің көбірек жарқырауы үшін оларды молынан жуыңдар» деп толықтырады да, өзінің қолын иығына дейін, аяғын тізесіне дейін жуатынын айтады.

Сондай-ақ, Әбу Һұрайра пайғамбарымыздың хадисінде айтылған мән-жайдың тереңіне өзгеше бір қырынан бойлап, Алланың құзырында абыройлы болу мақсатында дәретті ұқыптап алатын. Пайғамбарымыз бірде: «Алла Тағала қателіктеріңді өшіріп тазартатын және дәрежелеріңді (абыройларыңды) көтеретін бір жайтты айтайын ба?» – деп сұрайды. Сахабалар жаппай: «Иә, айтсаңыз екен, уа, Алла елшісі!» – дейді. Пайғамбарымыз сонда: «Дәрет алу барынша қиындаған шақта дәретті ешқандай кемітпей толық алу, мешіт пен үй арасындағы ұзақ жолды жүріп өту және бір намаздан соң келесі намазды асыға күту – осылар Алла Тағалаға жақындау болып табылады»[1], – деген екен.
[1] Муслим, Тахарат 41; Тирмизи, Тахарат 39

Published in СҰРАҚ-ЖАУАП
Page 1 of 5
Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы