Items filtered by date: Қыркүйек 2017
Мұхаррам — мұсылмандардың хижра бойынша ай күнтізбесін бастайтын айы. Биылғы жылы Мұхаррам айының бірінші күні 21 қыркүйекке түседі деп күтілуде.

Бұл – Қасиетті Құранда айтылған қасиетті төрт айдың бірі:
 
«Расында Алланың қасында көктер мен жерді жаратқалы Алланың Кітабындағы айлардың саны он екі. Бұлардан төртеуі құрметті айлар».

Сенімді хадистерге сүйенсек, бұл төрт айға Зүл-қада, Зүл-хиджа, Мұхаррам және Ражаб айлары жатады. Қасиетті Құранның барлық тәпсіршілері бұл мәселе жөнінде бірауыздан келіскен. Өйткені, Қасиетті Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) соңғы рет жасаған қажылығы кезінде оқыған құтпасында былай деген:
 
«Бір жыл он екі айдан тұрады. Олардың төртеуі қасиетті болып табылады. Олардың үшеуі — зүл-қада, зүл-хиджа және мұхаррам — бірінен кейін бірі келеді, ал, (төртіншісі) ражаб мудара джумада (сәнийа) мен шағбан айларының арасында».

Осы төрт айдың ерекше атап өтілгені басқа айлар қасиетті емес дегенді білдірмейді. Себебі, жылдың ең қасиетті айы Рамазан айы емес пе? Бірақ, бұл төрт айдың қасиетті (тыйым салынған) ай деп ерекше аталған себебі – олардың қасиеттілігін тіпті Меккенің пұтқа табынушылары да мойындаған.

Шындығында он екі айдың әрбірінің дәрежесі әу бастан бірдей, олардың арасынан біреуін бөліп алып, айрықша қасиет берілмеген. Құдіретті Алла Тағала ерекше берекесін беру үшін ерекше уақытты таңдаса, сол уақыт Оның рақымымен, қасиетке ие болады.

Негізі, бұл төрт айдың қасиеттілігі Ибраһим пайғамбардың (оған Алланың сәлемі болсын) заманынан бастап мойындалған. Меккенің пұтқа табынушылары өздерін Ибраһим пайғамбардың (оған Алланың сәлемі болсын) үмбетіміз деп санағандықтан, осы төрт айдың қасиеттілігін қадағалаған және де тайпалардың жиі соғысып тұратынына қарамастан, бұл айларда соғысуға тыйым салынған деп есептеген.

Асыл Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) шариғатында бұл айлардың қасиеттілігі мойындалған, сондай-ақ, Қасиетті Құранда ол айлардың қасиетті екендігі айтылған.
 
Мұхаррам айының өзіне тән басқа да біршама ерекшеліктері бар:
 
1. Мұхаррам айындағы ораза
 
Қасиетті Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген:
 
«Ораза үшін Рамазаннан кейінгі ең қайырлы ай – Алланың айы Мұхаррам».

Мұхаррам айында ораза ұстау міндетті болмаса да, сол күндері өз еркімен және өз қалауымен ораза ұстаған жан Құдіретті Алла Тағала тарапынан үлкен сауап алу құқығына ие болады. Жоғарыда келтірілген хадис Мұхаррам айындағы оразаның, яғни өз таңдауымен (бұл ораза міндетті болмаса да) ораза ұстаған адамның оразасының сауабы нәпіл ораза үшін берілетін сауаптан да көп екенін көрсетеді. Жоғарыдағы хадис Мұхаррам айының оразасы үшін уәде етілген сауап бір ай бойы ораза ұстасаң ғана беріледі дегенді білдірмейді. Керісінше, бұл айда ұсталатын оразаның әрбір күні құндылыққа ие. Сондықтан, біз бұл мүмкіндікті қолымыздан келгенше пайдаланғанымыз абзал.
 
2. Ашура күні
 
Мұхаррам айы түгелдей қасиетті болып саналса да, оның ішіндегі ең қасиетті күн - 10-шы күні. Ол күн Ашура деп аталады. Қасиетті сахаба Ибн Аббас (Алла оған разы болсын) риуаят еткендей, Әзіреті Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Мәдинаға қоныс аударғаннан кейін мәдиналық яһудилердің Мұхаррам айының 10-шы жұлдызында ораза ұстайтынын байқаған. Олар Қасиетті Мұса пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) мен оның ізіне ерушілердің сол күні Қызыл Теңізді ғажайып түрде кесіп өтіп, перғауынның теңіздің суына батып өлгендігін тілге тиек еткен. Мұны яһудилердің аузынан естіген Әзіреті Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген:
 
«Біз Мұса пайғамбарға (оған Алланың сәлемі болсын) сендерден де жақынырақпыз», - деп, мұсылмандарға Ашура күні ораза ұстауды әмір еткен. (Әбу Дауд)
 
Сондай-ақ, бірнеше сахих хадисте Ашура күні ораза ұстаудың бастапқыда мұсылмандарға уәжіп болғандығы жеткізілген. Кейінірек Рамазан айының оразасы парыз етіліп, Ашура күні ораза ұстау ерікті болған. Аиша анамыз (Алла оған разы болсын) былай деген:
 
«Қасиетті Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Мәдинаға хижрет еткенде, Ашура күні ораза ұстап, өзгелерге де сол күні ораза ұстауды әмір еткен. Бірақ, Рамазан оразасы парыз етілгеннен кейін оразаның парызы Рамазанмен шектеліп, Ашура күнгі оразаның уәжіптігі күшін жойған. Бұл күні қалаған адам ораза ұстап, қаламаған адам ұстамаса да болады». (Сунан Әбу Дауд)
 
Алайда, Әзіреті Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Рамазан айының оразасы парыз етілгеннен кейін де Ашура күні ораза ұстауын тоқтатпаған.
 
Абдулла ибн Мұса (Алла оған разы болсын) риуаят еткендей, Қасиетті Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Ашура күнгі оразаның қадірін өзге күндердегі нәпіл оразалардан артық көрген және Рамазан айындағы оразаның қадірін Ашура күнгі оразадан артық санаған. (Бұхари мен Муслим)
 
Қысқасы, бірқатар сахих хадистерді негізге алар болсақ, Ашура күнгі ораза — Әзіреті Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Сүннеті және де бұл оразаны ұстаған адам үлкен сауапқа кенеледі.
 
Тағы бір хадиске сүйенсек, Ашура күніне қосып бір күн алдын немесе бір күн кейін ораза ұстау мүстахап болып табылады. Бұл дегеніміз – екі күн ораза ұстаған абзал: Мұхаррам айының 9-ы мен 10-ында немесе Мұхаррам айының 10-ы мен 11-інде. Қадірлі Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айтқандай, қосымша тағы бір күн ораза ұстаудың себебі – яһудилер тек Ашура күні ғана ораза ұстаған, ал, Әзіреті Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мұсылмандардың ораза ұстау тәсілін яһудилердің тәсілінен ерекшелеп алғысы келген. Сол себепті, ол мұсылмандарға Ашура күніне тағы бір күн қосып ораза тұтуды кеңес еткен.
 
Кейбір хадистер Ашура күнінің тағы бір ерекшелігін көрсетеді. Сол хадистерге сәйкес, бұл күні отбасымызға басқа күндерге қарағанда мол тамақ беріп, өзгеше жомарттық танытқан жөн. Хадис ғылымына сүйенер болсақ, бұл хадистер аса сенімді емес, дегенмен, Бәйхақи және Ибн Хиббан сияқты кей ғалымдар бұл хадистерді сенуге тұрарлық деп тапқан.
 
Жоғарыда айтылған деректердің бәрі Ашура күні туралы сенімді қайнар көздерде расталған.
 
3. Жоқтап жылау
 
 
Бұл аймен байланысты тағы бір жалған дәстүр – Хусейн сахабаның (Алла оған разы болсын) өліміне байланысты жоқтап жылау рәсімі. Осыған дейін де айтылғандай, Карбалада орын алған жағдай — тарихымыздағы ең қайғылы оқиағалардың бірі. Бірақ, Әзіреті Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) кім өлсе де жоқтап жылау рәсімін өткізуге тыйым салған. Жахилдік кезеңнің адамдары біреу дүниеден озғанда, үстіндегі киімдерін жыртып, беттерін, көкіректерін ұрып, бар дауыстарымен айқайлап, жоқтап жылайтын болған. Қасиетті Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) соның бәріне тыйым салып: «Иннаа лилляахи уа иннаа иляйхи рааджи'уун», - деген сөздермен мұсылмандарға сабырлы болуды бұйырған. Бұл мәселеге қатысты біршама сенімді хадистер бар. Солардың біреуін келтірейік:
 
«Алақанымен бетін ұрып, үстіндегі киімін жыртып, жахилдік кезеңнің адамдары айтқан сөздерді айтатындар бізден емес!» (Сахих Бұхари)
 
Ондай жоқтауға үзілді-кесілді тыйым салынатынына мәртебелі фиқһ ғалымдарының барлығы бірауыздан келіскен. Тіпті Хусейн сахабаның (Алла оған разы болсын) өзі өлеріне аз қалғанда сүйікті әпкесі Зайнабқа (Алла оған разы болсын) оның өлімінен кейін олай жоқтамауды кеңес еткен. Ол былай деген: 
 
«Қадірлі әпкем, жалынамын саған, мен өлгенде үстіңдегі киіміңді жыртып, бетіңді тырнап, маған бола біреуді қарғап, өз өліміңді тілеме.» (Әл-Камиль, ибн Кясир,4 том, 24 бет)
 
Хусейн сахабаның (Алла оған разы болсын) кеңесінен белгілі болғаны, жоқтаудың кез келген түрін сол рәсімнің иесі – асыл азамат та құптамаған. Әрбір мұсылман мұндай әркеттерден аулақ болып, Қадірлі Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бен оның аса сүйікті немересі Хусейн сахабаның (Алла оған разы болсын) өсиеттеріне адал болып қалуы тиіс.
 
azan.kz

 

Published in МАҚАЛАЛАР
Сейсенбі, 26 Қыркүйек 2017 09:17

Өз-өзіне қол жұмсау ауыр күнә

Осы тақырыпта ҚМДБ – ның Қызылорда облысы бойынша өкілі, орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің бас имамы Т.Омаров жастарға уағыз-насихат жүргізді.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің студенттер сарайында өткен шараға аталмыш оқу орнының студент жастары қатысып, өздерін толғандырған сұрақтар бойынша пікірлесті.

Жастар өз-өзіне қол жұмсаудың дінде кешірілмес күнә екендігін ұғынып, басқа да діни сауалдарға жауап алды.

Шараға Дін мәселелерін зерттеу орталығы директорының орынбасары М. Мұсаев қатысып, зайырлы қоғамдағы діннің ролі туралы ақпараттар берді.

Қызылорда облыстық «Ақмешіт-Сырдария»

мешітінің баспасөз қызметі

Published in ІС-ШАРАЛАР
Сейсенбі, 26 Қыркүйек 2017 09:16

Қалжан ахун мешіті ашылды

Сыр өңірінде жыл сайын мешіттер саны артып келеді. Соған орай халықтың да құлшылыққа деген ынтасы артып, мешіттер жамағаттан босаған емес. Халық игілігі үшін Алланың жердегі үйінің тұрғызылуына жергілікті кәсіпкерлер мұрындық болуда.

Дәл осындай бір мешіт – Қызылорда облысында ашылды. «Қалжан ахун» атауымен ашылған мешіттің салтанатты ашылуына ҚМДБ-ның дін істері бөлімінің басшысы Тұрдыбаев Камалжан Бекболсынұлы қатысты.

Салтанатты шарада мешіт ашудың сауабы жөнінде уағыз айтып, жергілікті ауыл тұрғындарын құттықтады. Бұрын мешіті болмаған ауылда мешіттің бой көтеруіне атсалысқан демеушілерге халық та ризашылығын білдірді.

Қызылорда облыстық «Ақмешіт-Сырдария»

мешітінің баспасөз қызметі

Published in ІС-ШАРАЛАР
Сейсенбі, 26 Қыркүйек 2017 02:18

Облыстық құран жарысы өтті

ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің бастамасымен облысқа қарасты Арал ауданында Құран жарысы ұйымдастырылды.

Құран оқу жарысына облыс бойынша 20 шәкірт қатысты.

Нәтижесінде І орынды Қызылорда қаласы, орталық "Ақмешіт-Сырдария" мешітінің шәкірті Бақытжан Ерәли (100 000 теңге сыйақы), ІІ орынды Қызылорда қаласы, "Қалмұхаммед Ишан" мешітінің шәкірті Көптілеуұлы Нұрмұхаммед (75000 теңге), ІІІ орынды Қызылорда қаласы, орталық "Ақмешіт-Сырдария" мешітінің шәкірті Серік Мақаш (50000 теңге) иеленді.

Жарысқа  қатысушы шәкірттерге 15 000 теңге ақшалай сыйақы үлестірілді.

Қызылорда облысы, Арал ауданы, Аралқұм ауылында Нұрмұхаммедұлы Дүйсенәлі атаның 100 жылдығына орай өткізілген шарада ұрпақтары арнайы ас берді. 

Жарысқа қалалық «Айтбай» мешітінің бас имамы Керімбеков Нұржан Пірәліұлы қатысып, Құран оқудың маңыздылығы туралы уағыз айтып, жарысқа қазылық жасады.

Қызылорда облыстық «Ақмешіт-Сырдария»

мешітінің баспасөз қызметі

Published in ІС-ШАРАЛАР

"Шынында жақсылықтар, жамандықтарды жояды"

Өмір самғаулар мен құлаулардан, қуаныш пен қайғыдан, бақыт пен бақытсыздықтан тұрады. Сондай-ақ, дін де солай: кейде біз Аллаға жақын боламыз, ал кейде Одан алыстап бара жатқанымызды сеземіз.  Бізді Алла Тағаладан алыстататын 2 жауымыз бар, олар:  біздің нәпсіміз бен шайтан. Аллаға жақындау жолын қысқартып, Оған жақын болуда иман келтірген жан оның жолында кімнің тұратынын анық білуі керек.

Егер сіздің Аллаға жақындау жолыңызда өзіңіздің нәпсіңіз тұрса, өзіңізді қолға алыңыз, игі амалдар жасауға күш-жігер жұмсаңыз. Құранда айтылғандай жаман әдеттеріңізді жақсы әдеттерге алмастырыңыз: «(Мұхаммед Ғ.С.) күндіздің екі жағында (таң және екінді намазы), түннің күндізге таяу кезінде (ақшам, жашыйық) намазын толық орында. Шынында жақсылықтар, жамандықтарды жояды. Бұл түсінушілер үшін бір насихат» (11:114).

Бұдан бөлек, мәңгілік өмір туралы, жасаған күнәларыңызға жауап беретін күннің туатынын және, жалпы алғанда, күнә жасаудың салдары неге әкеліп соғатынын естен шығармау өте маңызды.

Шайтанның азғыруынан құтылу үшін Алла Тағала бізге ең үздік  қорғану жүйесі болып табылатын иманды сыйлаған. Сонымен, Шайтанмен, дәлірегінде оның азғыруларымен не істеу керек? Шайтаннан қорғанудың басты құралдары болып келесі дүниелер табылады:

  1. Білім. Құран мен Сүннет иман келтіргендер өміріндегі рұқсат етілген мен тыйым салынғанды анықтайтын басшылық болып табылады. Кімнің білімі болса, соның қорғанышы бар және ол шайтанның алдында сондай әлсіз болып табылмайды. Білім адамның иманын нығайтады. Өзі, өзінің Жаратушысы туралы көп білген сайын, оның Аллаға деген сүйіспеншілігі нығайып, түзу жолға түсуге деген ниеті де арта түседі.
  2. Аллаға сенім арту. Алладан басқа ешкімде құдірет те, күш те жоқ екендігіне иман келтіріңіз. Барлық нәрсе тек Алланың қалауымен ғана болады, Оған сенім артыңыз, Одан сұраңыз, Оның ғана разылығын алуға ұмтылыңыз, сонда ғана ешқандай шайтан сіздің жолыңызға бөгет бола алмайды.
  3. Дұға. Дұға жасаңыз – шайтаннан қорға деп Аллаға жалбарыныңыз, біздің иманымызға зиян келтіретін барлық жамандықтан сақта деп Жаратушыдан сұраңыз.
  4. Алланы еске алу. «Алла Тағала былай айтқан: «Менің құлым Мені қандай деп ойласа, Мен сондаймын, ол қай жерде Мені есіне алса, сол жерде Мен онымен біргемін. Егер ол Мені іштей есіне алса, Мен де оны іштей есіме аламын, ал егер ол Мені басқа адамдардың арасында еске алса, Мен оны одан да жақсы адамдардың арасында есіме аламын. Егер Менің құлым маған бір сүйем жақындаса, Мен оған шынтақтай жерге жақындаймын, егер ол Маған шынтақтай жақындаса, Мен оған сажындай жақындаймын, ал егер ол Маған қарай қадам жасаса, Мен оған қарай жүгіремін!» (Бұхари, Мүслім).
  5. Намаз. Намаз сияқты біздің иманымызды сақтап, өзімізді қорғайтын ештеме жоқ. Намаз – Алла Тағала алдындағы біздің бойұсынғыштығымыз, көнгіштігіміз, сүйіспеншілігіміз, Одан қорқуымыз. Намаз – иман келтіргеннің ең үздік қасиеттерін тәрбиелейді, әрбір жасалған рукуғ оны қарғыс атқан шайтаннан алыстатып, жамандықтан қорғап, Алла Тағалаға жақындата түседі.
Published in МАҚАЛАЛАР
Бейсенбі, 21 Қыркүйек 2017 11:11

Алланың үйі бой көтерді

Мешіт – Алланың жердегі үйі. Жыл сайын өңірімізде мешіттер саны көбейіп, мешітке келуші жамағаттар саны да артуда.

Облысымызға қарасты Жаңақорған ауданы, Аққұм ауылында кәсіпкер мешіт тұрғызды.

Жаңа мешіт құрылысы заман талабына сай тұрғызылған. Мешіт жанынан арнайы имамдар үшін тұрғын үй де бой көтерген.

Мешіттің салтанатты ашылу рәсіміне ҚМДБ-ның шариғат және пәтуә бөлімі меңгерушісінің орынбасары Сансызбай Құрбанұлы қатысты.

Сансызбай Құрбанұлы салтанатты шарада қатысушыларға уағыз насихат айтты. Аталмыш кәсіпкердің жеке қаражатына салынған бұл екінші мешіті.

Осыған дейін Жаңақорған ауданы, Қосүйеңкі ауылында да үйімен бірге мешіт тұрғызған болатын.

Қызылорда облыстық «Ақмешіт-Сырдария»

мешітінің баспасөз қызметі

Published in ІС-ШАРАЛАР

Денсаулық Алланың пендесіне берген баға жетпес нығметі. Алланың берген аманатына сақтықпен қарап, денсаулықты тексеріп отыру да өзіңе жасалған қауіпсіздік болып есептеледі.

Жалпы, орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешіті тарапынан мешіт жамағаттары үшін медициналық тексеру шаралары тұрақты өткізіліп келеді.

Биылғы жылы да облыстық медицина орталығымен бірлескен түрде мешіт жамағаттарына арналған тексеру шарасы өтті.

Орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінде өткен тексеруде жамағаттар қан қысымын, қан құрамындағы қант, холестерин көлемін тексеріп, медицина саласының мамандарынан кеңестер алды.

Қым-қуыт тіршіліктің қамымен осы бір қарапайым тексерулерден өтуге де уақыт табыла бермейтіні белгілі.

Осындай мүмкіндікті жасап, шара ұйымдастырған мешіт ұжымына жамағат алғысын жеткізді.         

Қызылорда облыстық «Ақмешіт-Сырдария»

мешітінің баспасөз қызметі

Published in ІС-ШАРАЛАР
Бейсенбі, 21 Қыркүйек 2017 11:07

Имамдар біліктілігін арттыруда

Бүгінгі таңда жастар мен тұрғындардың діни білімін жетулдіруде, халық арасында Ислам діні туралы дұрыс ақпарат беріп, насихат жұмыстарын жүргізуде имамдардың ролі жоғары. Уақыт өткен сайын халықтың діни тұрғыдағы сұрақтарының да салмағы да артып келеді.

Бұл бағытта нәтижелі жұмыстар жүргізу үшін имамдардың білімін арттырып, жетілдіріп отыру да күттірмейтін мәселе. Жалпы, мұндай біліктілігін арттыру жұмыстары ҚМДБ тарапынан жүйелі ұйымдастырылып келеді.

Биылғы жылы да қыркүйек айнынан бастап ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігіне қарасты облыс мешіттерінің имамдары Алматы қаласындағы «Нұр – Мүбарак» Ислам университетінде білімін жетілдіру курсынан өтуде.

3 топқа бөлінген облыс имамдары бір ай бойы біліктіліктерін арттыратын болады.

Қызылорда облыстық «Ақмешіт-Сырдария»

мешітінің баспасөз қызметі

Published in ІС-ШАРАЛАР
Сейсенбі, 19 Қыркүйек 2017 03:05

Сәбиді қырқынан шығарудың құпиясы

Біздің қазақ, жаңа туған нәрестені 40 күнге дейін сыртқа шығармай, бөтен көзге көрсетпей, тығып ұстайды. Бұл ғұрпын «қырқынан шығару» деп атайды. Бұл дәстүр не үшін ойлап табылған? Дәл қазір, осы тақырыпты әркім өзінше жорамалдап, әлі келгенше талдаған болып жатыр. Қайбіреулер «қырық» атауынан шамандық із көрсе, енді біреулер символикалық мән, философия іздеп әуре. Алайда бұл пікір-пайымдардың ешқайсысы дұрыс емес. Бұл салт – таза тұрмыстық қажеттіліктен туған. Әрі бұл жоралғыны медицинадан хабары бар адам ойлап шығарған.

Жоға, бұл менің сөзім емес. Шымкенттегі №2 балалар емханасының педиаторы Мәнсия Кабулова осылай дейді. Балалар дәрігері – жаңа туған нәрестеге бөлменің сыртындағы ауа, туыс емес кісілер, барлығы-барлығы бөтен саналады. Себебі – бөтен зат, бөгде кісілерде түрлі микроб болады. Бүлдіршіннің ағзасы ол вирустарды танымайды. Соның кесірінен ауырып қалуы ықтимал. Бұған біздің қазекем талай ғасырлық тәжірибесі арқылы көз жеткізген. Соңыра, осы ғұрыпты өмірге әкелген", - дейді әпкеміз.

Ұмытып барамын. Бұл дәрігер әпкем ұлымның кіндік шешесі. Қырық күн бойы үйге келіп, бөбегімді тұзды сумен шомылдырып жүргенде, осы ойын айтып еді. Тұз демекші, әпкеміз жаңа туған нәрестені тұзды суға малудың қандай пайдасы барын да айтып берді. Сөйтсек, тұзға піскен сәби шымыр болады, әрі есейген соң денесі зақымданса, жарасы тез жазылады екен.

Тұзды суға шомылдырудың пайдасын Қабылсейіт Ахмед дейтін кісінің де айтқаны бар. Бейжің мен Алматы арасында көп жүреді. Сондай сапардың бірінде іші бүріп, Қытайдағы бір ауруханаға түскен. Әрмен қарай сөзді өзіне берсек: «Соқырішек деген диагноз қойды. Ота жасалды. Есімді жидым. Іле-шала көрпені көтеріп қараймын ғой баяғы. Байқасам, қарнымды екі-ақ жіппен тарта салған. Ал палатада менімен бірге жатқан қытайлықтардың ішін шимайлап тігіпті. Неге бұлай?», – деп сұрадым. Бас дәрігер: «Қазақтар кішкентайынан тұзды суға шомылады. Бұл тұзда натрий дейтін элемент қанның тез қоюлануына себепкер. Соның себебімен, қазақтардың тілінген, кесілген жерлері тез бітеді», – деді.

Расымен, Қабекеңнің жарасы жылдам жазылып, апта толмай жүгіріп кеткен. Ал, бір уақта отаға түскен ханзулықтар айға жуық төсекте таңылып жатыпты.

Жә, тақырыптан ауытқып барамыз. Қырқынан шығару дәстүрінің пайда болуына сәбиден бөлек, ананың да денсаулығы түрткі болған. Үйдегі батырым әне-міне өмірге келеді деп күтіп жүргенде, әйелімді «Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығына» талай тасыдым ғой. Босанған соң "Өзіңді күт, үйт-бүйт" деп кеңес берген Зинаида Андронова есімді дәрігер осы «қырқынан шығару» ғұрпын қуаттайтын керемет бір құбылысты айтты. Әйел адам босанғаннан кейін 40 күн бойына қан келіп тұрады. Мұны медицина тілінде «лохия» деп атайды. Бұл кезде әйелдің денсаулығы өте әлсіз болады. Түрлі инфекцияны жұқтырып алуы мүмкін. Сол себепті, жаңа туған ана жұртпен көп араласпауы керек. Мүмкін болса, бір бөлмеде күтінгені жақсы, – деп әңгімені ұрып отыр.

Осы арада мен Зинаида апайымның сөзін үзіп, мұны біздің қазақ білген, – дедім. «Қырқынан шығару» дәстүрі мен шарт-амалдарын айтып беріп ем, таңғалды. Сонау ескі замандарда, баланың иммунитетін бөлме атмосферасында шынықтырып алуды қазақ қайдан білген екен?" – деп таңдай қағумен болды.

Сосын, қырық күн дегенге «қатып» қалудың қажеті жоқ, – деп өз ақылын қосты. Босанғаннан кейінгі қан келу барлық әйелдерде бірдей емес. Денсаулығы мықты аналар бұл кезеңнен 40 күн толмай ерте шығып кетеді, – деді. Е-е-е, деп ойланып қалдым. Шынымен, бұл салт санға байланып қалмаған екен ғой. Менің туған інім «қырқынан» ерте шығарылғанын білем. 32 күнде-ақ басын тіктеп, айналаға көз тоқтата алатын болыпты. Соңғы жолды жазуымның себебі, тағы да саннан сиқыр іздеудің қажеті жоқ дегенім ғой.

Қорытынды орнына айтпағым, қазақтың көп дәстүрінен мистика іздеп әуреленбеңіз. Ғұрпымыздың көбі таза медициналық қажеттілік пен тұрмыстың талабынан туған. 

Нұрбек БЕКБАУ

Published in МАҚАЛАЛАР

Әссәләмуғалейкум! Бір сұрағым бар еді. Сәбидің жаялығында, киімінде, жалпы кішкентайлардың киімдеріндегі жанды заттың суретіне шариғатта рұқсат етіле ме? Мысалы, қонжықтың суреті, көзі бар ай мен күннің суреті т.б.

Шарапат Асанбек

 

Уағалейкум әссәләм! Жалпы алғанда қадірсіз жерлерде қолданатын болса, заттардағы суреттерге рұқсат етілген. «Қадірсіз етіп көрсететін жерлердегі суреттер періштелердің үйге кіруіне кедергі келтірмейді» - дейді ғалымдар[1]. Мысалы, төсеніш, жастық, жамылғыш, ыдыс аяқтағы, отыратын орындықтағы суреттер т.б.

Бір күні Жәбрейіл періште Пайғамбарымыздан үйіне кіруге рұқсат сұрады. Пайғамбарымыз: «Кіріңіз!», – дегенде, періште: «Үйіңде суреті бар перде тұрғанда қалай кіремін? Сен былай жаса: перденің суретін кесіп алып, жастықты тыста немесе жерге төсеніш қыл», – деді[2].

Ендеше, кішкене балалардың жаялығында немесе киімінде кескінделген қонжық, қоян, көзі бар ай мен күн сияқты айыпсыз және қарапайым бейнелердің болуы шариғатқа қайшы емес. Өйткені, олар жанды заттардың суреттері болғанымен ұлықтау мақсатында яки оған табыну мақсатында салынбасы анық.


[1] Раддуль Мухтар – 2/416, 419 бет;  Хашиятут Тахтауи әл Ханафи  – 360 бет;
[2] Нәсәи – 5365;

Абдусамат Қасым
Published in СҰРАҚ-ЖАУАП
Page 1 of 3
Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы