Items filtered by date: Қаңтар 2018

Бүгін Алланың разылығы үшін облыс өкілі Т.Омаров және де облыс имамдарының ұйымдастыруымен «жүрек жылуы» атты қайырымдылық шарасы атқарылуда. Аталмыш шарада аязды күні көмекке мұқтаж қала тұрғындарын тегін таксимен қамтамасыз етуде. Іс-шараға атсалысқан барша имамдарға және жамағаттарымызға Алла екі дүниенің бақытын нәсіп еткей... бұл шара алдағы күндерде де жалғасын таппақ. «тегін такси» қызметін көрсетемін деген азаматтар үшін мына нөмірге хабаласып тіркелулеріңізді сұраймыз: 8747 711 05 95 Айтжан (Ақмешіт-Сырдария мешітінің наиб имамы).

Published in ІС-ШАРАЛАР
Сәрсенбі, 24 Қаңтар 2018 16:21

Елуден кейінгі өмір

Қазіргі қоғамымызда қызықты өзгерістер жүріп жатыр. Соның бір­азы адам жасына да қатысты.

Кейбір адамдардың түріне қа­рап, оның жас шамасын айы­ру мүм­кіндігінен қалып бара жатқан­даймыз. Түрлі жағдайларға орай жаңа адамдармен танысуға тура келеді. Басында түріне қарап елу жастың ол жақ, бұл жағында болар деп тұрасың. Жасын сұраған кезіңде барып, жетпіске келіп қалғандығын естіп, таңғаласың. Оған іштей қы­зыға қарайсың. Соңғы кездері міне, осындай жағдайды жиі бастан ке­шіріп жүрміз.  Елу жастан асқан өмірдің оған дейінгі өмірден қандай айырмашылығы бар?

Былай қарағанда, ешқандай айырмашылығы жоқ секілді. Өмір деген ұлы ағын сол бұрынғысынша аға береді. Тек уақыттың жүрісі бұрынғыға қарағанда көп жылдамдағанын сезі­несің. Көп жағдайда, мұрныңа су жетпей жүреді. Тойға барудың қызығы азая түседі. Көңілге алаң кіреді. Өзің үшін емес, бала-шағаң, ұрпағың үшін алаңдай бастайсың. Осы жағдай ақыр аяғында жастық шақтан дәстүріңе енген көптеген қызықтарға шектеу қоюға алып келеді екен. Сөйтіп қарттыққа дайындала бастайсың. Жұмыстан кейін үйге жетуге асығасың. Жеке ба­сыңда бірінен бірі айнымайтын күндер басталады.

Бірақ көптеген адамдар елу жастан асқанымен қазіргі өмір өзгерістеріне байланыс­ты, жоғарыда айтқанымыздай, жас қалпында қалып бара жатқан жоқ па? Бұдан кейін олар не істеуі керек? Бір өкініштісі, бұл сұрақтың жауабы әзірге біздің қоғамымызда жоқ. Қоғамды қойып, тіпті бұған біздің мемлекетіміздің өзі дайын емес. Өйт­кені мемлекеттік қызмет саласында 50 жас­тан асқан адамдарды қызмет бабында өсіру тәжірибесінің өзі қалып барады.

Айналаңа қарасаң – кілең жастар. Жастық шіркін ұшқыр ғой. Жаңалық ашқысы келіп тұрады. Өмірді өзгеріске бастағысы келеді. Бүкіл әлем бойынша алғанда, қазіргі қоғамның жедел өзгеріс үстінде екендігін еске алсақ, жастарды осы тұрғыдан қолдауға болатындай. Бірақ біздің қоғамда осы жастықтың ұшқарылығымен жасалынған жартыкеш реформалар, аяқталмай қалған дүниелер де аз емес қой.

Көршіміз дана Қытайда жасы 35-ке толмаған жастар мемлекеттік қызметтегілердің 26 пайызын ғана құрайды екен, соның өзінде төменгі орындаушылық қызметтерде. Біздің ойымызша, мұнда үлкен мән бар. «Өмірдің алды – ыстық, арты – суық, Алды – ойын, арт жағы мұңға жуық» деп Абай атамыз да тегін айтпаған. Мемлекеттік қызмет салаларындағы үлкен шаруаларды жүзеге асыру үшін жаңа заманға сай білімі бар ұшқыр ойлы жастармен қатар, қоғам мен заман өзгерістерін бастан өткерген, жеке адам мен оның тіршілік проблемасын, отбасы жағдайын жақсы түсінуге бейім, өмірге деген көзқарасы әбден қалыптасқан байсалды жастағы азаматтардың жұмыс тәжірибесі де аса қажет деп есептейміз.

 Ал енді қоғамға келсек, 50 жас­тан кейін адамды өмірге дайындау тәжірибесі біздің алдымыздағы аға ұрпақ өкілдерінде болмаған екен. Өйт­кені бізде осы уақытқа дейін елу жас­тан кейінгі өмір қарттық жас немесе қарттық алдындағы жас, яғни қарттыққа дайындалу кезеңі деп есептеліп келген. Біздегі барлық әдебиеттер осы ұс­танымға орайлас жасалынған, кинолар да соған сәйкес түсірілген. Қоғамның өзі елу жастан асқан адамды көп дүниеден шектеп тастаған.  Міне, осындай жағдай салдарынан мыңдаған адамдар 50 жастан асқаннан кейін өмірге қандай өзгерістер енгізу қажет екендігін білмей дал болуда. Бұған әркім өзінше жауап беруге тырысады немесе жауап бергісі де келмей бұрынғы өмір ағысымен кете береді.

 Ал қазіргі заман өзгерістеріне сәйкес 50 жастан асқан адамның моральдық, азаматтық бейнесі мен мінез-құлқы, қоғамдағы орны қандай болу керек? Мұны біз білмейміз. «Елу жастан асқаннан кейін өз қызығыңмен өмір сүр, өмірдің рахатын көруге ұмтыл немесе алдымда тағы бір өмір бар деп есептеп, өзіңді барынша жетілдіруге тырыс», дейді кейбір замандастарымыз.

Ресейлік белгілі психолог Евгений Чвалун 56 жасында тағы бір институт бітіріп, мамандығын өзгерткенін, қазір өзінің жоғары сұранысқа ие психолог екендігін айта келе, «бәрі де елуден асқаннан кейін алдыңызда белгілі бір жоспардың болу-болмауына келіп тіреледі, қазіргі кезде нағыз өмір 50-ден асқаннан кейін басталады», дейді. «Он бес жасымда оқуға ынтам артты, отызымда қалыптастым, қырықта күмәннан арылдым, елуімде Аспанның (Тәңірдің) әмірін түсіндім, алпысымда қабілетім ашылды, тек жетпіске келгенде жүрегімнің қалауымен өмір сүре бастадым», деген екен ұлы Конфуций. Демек, елу жастан кейінгі өмірдің арғы жағы күн бе, жоқ, әлде түн бе? Мұның жауабы әр адамның өзіне байланысты болса керек.

 Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»

 Egemen.kz 

Published in ҒИБРАТНАМА
Сәрсенбі, 24 Қаңтар 2018 16:19

Күшті мұсылман болайық!..

«Күшті мұсылман әлсіз мұсылманнан абзалырақ әрі Алла үшін сүйіктірек. Әйтсе де екеуінде де жақсылық бар» деген хадисті баршамыз білеміз. Бір қарағанда хадисте физикалық күш сөз болып жатқандай. Бірақ кеңірек қарастырар болсақ хадистегі «күшті» сөзін сан қырынан ашуға болатын секілді. Себебі иләһи қайнардан сусындаған әз Пайғамбардың хадистері мағынаға мейлінше бай болуға тиіс. Пайғамбарға тән негізгі ерекшеліктің бірі – аз сөзбен көп мағынаны қамту. Мұны шариғатта жәуәмиғу әл-кәләм дейді. Біздің пайымымызша адам баласының бойында төрт түрлі қуат көзі бар. Олар:

1 – P.Q. (Power Quality) – Физикалық күш.

2 – I.Q. (Intellect Qualiti) – Интелектік күш.

3 – E.Q. (Emotional Qualiti) – Эмоциялық күш.

4 – S.Q. (Spirit Qualiti) – Рухани күш.

Ал енді осы төрт қуатқа жеке дара тоқталайық.

 Физикалық күш. Басқаша айтар болсақ деннің саулығы. Денің сау болмаса еш нәрсені мандытып жасай алмайсың. Тіпті күнделікті асыңды дұрыстап ләззаттанып ішу мұңға айналады. «Бірінші байлық – денсаулық» деген халық даналығы сөзімізді қуаттайды. Аурудан аман, тәні сау мұсылманның құлшылықты өз деңгейінде атқаруға мүмкіндігі болады. Аурушаң немесе қарттық жеңе бастаған адам дәреттің өзін кемшіліксіз ала алмайтынын бәріміз жақсы білеміз. Физикалық тұрғыдан мықты мұсылман әлжуаз мұсылманмен салыстырғанда жұмысты артықтау жасайды, сөйтіп қоғамға көбірек пайдасы тиеді. Адамның физикалық қуатын арттырып, тәнін шыңдайтын бірден бір құрал – спорт. Әсілінде Мұхаммед үмбетінің өмір салты мен спортты бөліп қарау мүмкін емес. Бірақ бүгінгі жағдайдағы мұсылманның спортпен байланысына баға беріп көрер болсақ, көңіл көншітпейді. Әлемдік олимпиада ойындарында мұсылман елдерінен келген спортшылардың алған алтынын санауға екі қолыңыздағы саусақ жеткілікті болуы мүмкін. Жалпы мұсылман елдерінің спорттық бәсекелерде бой көрсетуі салыстырмалы түрде аз деуге болады. Ал негізінде Пайғамбар сүннетімен жүрміз дейтін мұсылман спортқа бір табан жақын болуы керек еді. Себебі, спорт та пайғамбар сүннеті. 

Иә, физикалық күштің адам өміріндегі маңызы зор екенін байқадық. Алайда мұның мүмкіндік шеңбері тым тар екенін «білекті бірді ғана жығатынын» ескеруіміз керек. Адамның дені сау, тәні мығым болғаны жақсы. Физикалық тұрғыдан күшті адам біліммен қаруланып, интелектуалдық деңгейін көтерсе нұр үстіне нұр болары сөзсіз. Себебі, қара күш белгілі бір мәселелерді шешуде көп көмек болғанымен, адамның қоғамдағы рөлін арттыруда қауқарсыз болып қалуы мүмкін. Адамның интелект деңгейінің өсуі қоғамдық дамудың басты шарттарының бірі деуге болады...

 Қоғамды алға сүйрейтін зиялы қауымның негізі күші осы интелекте жатыр. Интелекті жоғарылаған сайын адам өзгеге үлгі шашар тұлғаға айнала бастайды. Адамдарға жақсылық жасаудан рухани ләззат алады. Пайғамбардың мына хадисі осыдан хабар береді «Адамдардың ең жақсысы адамдарға пайдалысы». «Білекті бірді, білімді мыңды жығады» деген қанатты сөз деп интелектуалдық қуаттың адам өміріндегі маңызын айқындай түседі. Адамның интелекті білім арқылы қалыптасады һәм шыңдалады. Қазіргі замандағы технологиялық жетістіктер мен ғылыми жаңалықтар, өмір сүруге қолайлы жағдайлардың артуы адам баласының ғылымға ерекше ден қойғанының нәтижесі екені түсінікті. Яғни, адамның интелектік күші. Қазіргі таңда мұсылмандардың ғылымға қосып жатқан үлесі қаншалықты деген сұрақты қоюдың өзі ыңғайсыздау екенін іштеріңіз сезіп отырған болар. Иә, орта ғасырда ғылым салаларының көпшілігін мұсылмандар қалыптастырды. Бірақ маңыздысы бұл тарихи шындықпен мақтану емес, біз қазір ғылымға қаншалықты маңыз беріп жүрміз, жас ұрпақты ғылымға қаншалықты баулып жүрміз деген сұраққа бас қатыруымыз керек шығар.  Ары қарай кеттік.

E.Q – эмоциялық күш. Бұл да өте маңызды. Қарапайым тілмен айтсақ эмоциялық күш дегеніміз адамның өз сезімдерін бақылап, басқара алуы. Яғни, қай сезімді қай кезде қандай мөлшерде қолдану қажет. Мәселен, біреу жомарт боламын деп ысырапқа жол беріп қоюы мүмкін. Дәл солай салмақты боламын деп қатігездіктің шекарасына өтіп кетуі ықтимал. Адам кейде жұмыстағы қатал образынан кешкісін үйіне келгенде де шыға алмайды. Бұл қате әрине. Жұмыстан келіп үйінің есігін ашқанда ер адам отағасының, мейірімді әкенің образына ене білуі керек. Эмоциялық күші әлсіз, сезімдерін бақылай алмайтын, өзіне сырттан қарай алмайтын адам орынсыз жерде ашуға бой алдырып немесе шамадан тыс мейірімді боламын деп жалтақтыққа аяқ басады. Қоғамда кикілжің тудыратындар көбіне өз эмоциясын басқара алмайтындар екенін білуіміз керек. Енді эмоциямызды қалай дамытамыз, қалай бұл күшке ие боламыз десеңіздер, жауап ретінде Пайғамбар өмірін айтар едік. Алла елшісінің өмірбаянын егжей-тегжейлі зерттеуге талпынсақ біз қай кезде қалай әрекет ету керектігіне жауап табамыз. Мұны Бөлтірік бабамыз жатық тілмен былай деп түйген: «Сөзден тәтті нәрсе жоқ. Сөзден ащы нәрсе тағы жоқ. Сөзден жеңіл нәрсе жоқ. Сөзден ауыр нәрсе де жоқ. Сөзіңді тіліңе билетпе, ақылыңа билет. Ақылды сөзіңді ақылсызға қор етпе, ақылға айт. Не сөйлейтініңді біл. Кімге сөйлейтініңді біл. Қай жерде сөйлейтініңді біл. Қай кезде сөйлейтініңді біл. Қалай сөйлейтініңді біл. Оны білмесең, сара сөзің шала болады, арты жала болады, әкең қапа болады». Эмоциясын дұрыс пайдалана білген адам даналыққа қол жеткізеді. Сөйтіп соңына адам ерте білетін тұлғаға айнала бастайды. Мұндай қасиет ізгілік нұрыс шашуда таптырмайтын қасиет. Қазіргі таңда мықты компаниялар жетекшілік қызметке E.Q. қасиеті күшті жандарды таңдайды. Себебі олар жүздеген адамды басқарып, оларды соңына ерте алуға қабілетті. 
Енді соңғысына келейік.

S.Q – рухани күш. Мұны шариғи тілмен айтсақ иманның күштілігі дейміз. Яғни, мұсылман адамның сана көкжиегі мына уақытша өмірмен шектелмейді. Ол мына әлемге екі дүние шеңберінде қарайды. Әрбір жасаған жақсылығының ақыретте қарымы болытынын, көрген зәбірінің де ақыретте қайтарылатынына сенеді. Ақыретке сенбеген пенде үшін өлім – ең үлкен трагедия. Ал мұсылман үшін өлім – арғы дүниеге енетін есік іспетті. Ол күндердің күнінде өліп қалып, мына дүниеден қол үземін деп уайым шекпейді. Ол өлім сәтіне дейін мейлінше көп жақсылық жасауға, адамдарға ізіліктің нұрын шашуға тырысып бағады. Рухани күшті дамытудың жолы көп. Ең негізісі – аят, хадистерге ойлы санамен көз жүгірту. Оның әрбірінен өзі нақты өмір сүріп отырған қоғамының мәселесіне шешім іздеу. Одан кейін Исламдағы исәр (альтруизм) ұғымына жете түсінуге әрі оны практикаға асыруға тырысып көру де мұсылманды рухани күшейтеді. Рухтың күштілігі адам сенгісіз ерліктерді жасауға мүмкіндік береді. Әйгілі қолбасшы Наполеон Бонапарттың «Әлемде екі құдіретті күш бар: қылыш пен рух. Соңында, рух қылышты жеңуі тиіс» деген сөзі осыны аңғартса керек. 
Міне, осы төрт қуат көзін қатар дамыту арқылы мұсылман адам өзге мұсылмандардан «жақсылықта жарысуда» оқ бойы озық бола алады. Бірақ хадисте айтылғандай төрт қуат көзін дамытпаған «әлсіз» мұсылманда да қайыр бар. Себебі, аузында Алласы, ақыретке уайымы бар. Мұндай адам жақсылық жасап елді жарылқамаса ең кемі жамандық жасаудан тыйылады. Күшті мұсылман болайық ағайын.

Рауан Чингужанов

Published in ҒИБРАТНАМА
Сәрсенбі, 24 Қаңтар 2018 16:17

Еркекке еркелік жараспайды

Еркекке еркелік жараспайды. Еркелік дегеніміз – өзімсініп біреуге салмақ салу. Өнер адамдары ел аралап, өз өнерінің құдіретімен елді сусындатады, құрметке бөленеді. Соның бодауындай елге салмақ салады. Бұған халық ежелден үйренген. Кезінде сал серілер, айтыскер ақындар, шешендер ел аралағанда осылай еркелеп құрметке, сый-сияпатқа бөленіп қайтады. Бұл дәстүр әлі күнге дейін жоғалған жоқ.

Ер адамның туған туысқандарына, жақындарына еркелеуі, боямасыз мінезін көрсетуі, артық ауыз сөздерге баруын өздері еркелік деп түсіндіреді. Бәлкім бұл солай да болуы ықтимал. Еркелік оның еркелігін көтеретін, түсінетін жерде ғана еркелік. Ал басқа жерде ол дөрекілік ретіңде қабылданып жатады. Ал соқталдай еркектің өз отбасына еркелік жасауы, яғни неше түрлі мінез көрсетуі, еңбек істемей жатып алуы масылдыққа айналып кетеді. Мынаны есте ұстаған жөн. Еркеліктің еңбектен ауылы алыс. Сондықтан еркелік ер азаматқа жараспайды.

Ал әйелге ше?

Әрине. Әйелдің еркелігі жарасымды болса, жанның рахаты. Әйел адам негізінен ер азаматына еркелейді. Сүйкімді қылығымен, жұмсақ мінезімен, жұбайының көңілін аулап еркелесе, бұл жарасымды. Әдетте еркелік оны көтеретін жан болса ғана орынды. Еркеліктің өзінің шегі болады. Тым еркінсіп, болмасты болдыртуға тырысатын, жоқ нәрсені сұрайтын еркелік шолжаңдыққа айналып кетеді.

Әйелдің еркелігі отбасының жарасымдылығын жарқыратады. Екі жақтың да көңілін аспан датады. Осы еркелігі арқылы азаматына арқай сүйейтіндігін, оны асқар тау көретіндігін аңғартады. Өзінің біреу арқа сүйейтін азамат екендігін сезіну ер адамға күш-жігер береді, қанаттандырады. Сондықтан күйеуімді басындырмаймын деп қажетсіз күреспен айналысқанша еркекті еркелеп-ақ жеңудің жолдарын білген жөн.

Марат ТОҚАШБАЕВ

Published in ҒИБРАТНАМА

Имамға ұйыған адам «Сәнә», «тәшәһһуд» сынды дұғаларды ғана іштей айтып, «Фатиха» және қосымша сүрені оқымайды.

Бұны Ханафи мәзһабынан бөлек өзге мәзһәб ғұламалары арасынан Абдуллаһ ибн Уәһәб, Мәлики мәзһабы ғалымы Әшһәб және табиғин Ибн Мусәйяб сынды ғалымдар да  құптаған[1].

Бұл мәселе төменде келтірілген Пайғамбарымыздың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  хадистерінде де айтылған:

«Сахих Мүслімде» риуаят етілген №577 хадисте сахаба Саид ибн Сәбиттен имамның артында қосылып қырағат ету жайында сұрағанда, Ол (Оған Алла разы болсын):

سَأَلَ زَيْد بْن ثَابِت - رَضِيَ اللَّه عَنْهُ - عَنْ الْقِرَاءَة مَعَ الْإِمَام فَقَالَ : لَا قِرَاءَة مَعَ الْإِمَام فِي شَيْء. رواه مسلم

«Еш жерде имамның артында қырағат ету деген жоқ», – деп жауап берді[2].

Сондай-ақ, «Сахих Мүслімде» келтірілген деректе Сахаба Имран ибн Хусайн былай дейді:  

عن عِمْرَانَ بْنِ حُصَيْنٍ قَالَ صَلَّى بِنَا رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ صَلَاةَ الظُّهْرِ أَوْ الْعَصْرِ فَقَالَ أَيُّكُمْ قَرَأَ خَلْفِي بِسَبِّحِ اسْمَ رَبِّكَ الْأَعْلَى فَقَالَ رَجُلٌ أَنَا وَلَمْ أُرِدْ بِهَا إِلَّا الْخَيْرَ قَالَ قَدْ عَلِمْتُ أَنَّ بَعْضَكُمْ خَالَجَنِيهَا. رواه مسلم.

«Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  бізге бесінде ме, жоқ екінті де ме имам болып, намаз оқыды. Намаздан кейін бізге қарап: «Қайсысың артымда тұрып «Сәббихисма Раббикәл әълә» деген?» – деп, сұрады. Ұюшылардың бірі: «Мен едім, бірақ, жаман ойым болған жоқ», – деп, жауап берді. Сонда Пайғамбарымыз: «Қайсысы менімен жарысып тұрған деп ойлап қалдым»,[3] – дейді өзгелердің имаммен қоса жармасып оқып тұруын дұрыс көрмей.

Хадисші Тирмизидің кітабында «сахих жолмен» жеткен бір риуаятта сахаба Жәбир ибн Абдулланың мына сөзі келтірілген. Ол (р.а.) былай дейді:

عن أبي نُعيم وهبٍ بن كَيسانَ أنّه سمع جابر بن عبد الله يقول: مَن صَلَى رَكَعَةً لَم يَقرَأ فِيهَا بِأُمِّ القُرَانِ، فَلَم يُصَلِّ إلاَّ أن يَكُونَ وَرَاءَ الإمامِ" رواه ترمذي ,حديث حسن صحيح 

«Кім де кім бір рәкәғаттың өзінде Фатиха сүресін оқымаса, намазы жоққа есеп. Тек Имамның артында тұрса, оның жөні басқа». (Хадис Хасан және Сахих)[4].   

 Дарақұтнидің «Сүнәнындағы» сахаба Әбу Дәрданың мына сөзі риуаят етіледі:

عن أَبِي الدَّرْدَاءِ (فقيه الشام) سَمِعَهُ يَقُولُ سُئِلَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ أَفِي كُلِّ صَلَاةٍ قِرَاءَةٌ قَالَ نَعَمْ قَالَ رَجُلٌ مِنْ الْأَنْصَارِ وَجَبَتْ هَذِهِ فَالْتَفَتَ إِلَيَّ وَكُنْتُ أَقْرَبَ الْقَوْمِ مِنْهُ فَقَالَ مَا أَرَى الْإِمَامَ إِذَا أَمَّ الْقَوْمَ إِلَّا قَدْ كَفَاهُمْ

«Бір кісі Пайғамбарымыздан: – Барлық намазда қырағат етіле ме? – деп сұрағанда, Алла елшісі: "Иә"  деп жауап береді. Сонда жаңағы кісі: «бұл маған міндет болды» дейді. (Әбу Дарда айтады) Сол кезде басқалардан гөрі мен Пайғамбарымызға ең жақынырақ тұр едім, Ол(Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) маған бұрылып: – Алайда намазда имам болып тұрған имамның оқығаны жамағатқа жеткілікті», – деген еді[5].

Имам Мәліктің «Әл-Муатта» атты хадис кітабындағы риуаятта:

حَدَّثَنِي يَحْيَى، عَنْ مَالِكٍ، عَنْ نَافِعٍ، أَنَّ عَبْدَ اللَّهِ بْنَ عُمَرَ، كَانَ إِذَا سُئِلَ هَلْ يَقْرَأُ أَحَدٌ خَلْفَ الإِمَامِ قَالَ إِذَا صَلَّى أَحَدُكُمْ خَلْفَ الإِمَامِ فَحَسْبُهُ قِرَاءَةُ الإِمَامِ وَإِذَا صَلَّى وَحْدَهُ فَلْيَقْرَأْ ‏.‏ قَالَ وَكَانَ عَبْدُ اللَّهِ بْنُ عُمَرَ لاَ يَقْرَأُ خَلْفَ الإِمَامِ ". رواه مالك بن أنس

Сахаба Абдулла ибн Омардан (Оған Алла разы болсын)«Имамның артында тұрған адам қырағат[6] ете ме?», – деп сұрағанда Ол(Оған Алла разы болсын): «Кім де кім имамға ұйып намаз оқыса, имамның қырағат етуі жеткілікті. Ал, оңаша оқыған кезде қырағат етсін»[7],– деп, жауап берген. Әрі қарай хадисті риуаят етуші кісі сөзін былай жалғастырады: «Сахаба Абдулла ибн Омар имамның артында тұрғанда қырағат етпейтін». 

Жоғарыда келтірілген хадистердің барлығы имамға ұйыған кісінің Фатиха мен қосымша сүрені  оқымайтындығына дәлел бола алады.

Әйткенмен де, кей ғалымдар сахаба Әбу Һұрайра мен Айша (Оларға Алла разы болсын) анамыздан риуаят етілген: «Фатиха» сүресі оқылмаған намаз толық емес» деген хадиске сүйеніп, имамның артындағы жамағат та оқуы керек дегенді алға тартады. Алайда, аталмыш хадис оған дәлел емес. Өйткені, Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл өсиетін намазды оңаша оқитындарға қаратып айтқан болуы мүмкін. Бұлай деуіміздің себебі Сахаба Жәбірден (Оған Алла разы болсын) риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз(Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

عن جابر عن أبي الزبير عن جابر قال قال رسول الله صلى الله عليه و سلم: " مَنْ كَانَ لَهُ إمَامٌ فَقِرَاءَةُ الْإِمَامِ لَهُ قِرَاءَةٌ ". رواه ابن ماجه (حسن 

 «Кім имамға ұйыған болса, имамның қырағат етуі оның да қырағаты болып есептеледі»[8], – деген[9].

Әнас ибн Сириннің риуаяты бойынша, Омар ибн Хаттаб:

و أنس بن سيرين قال: قال عمر بن الخطاب: " تَكْفِيكَ قِرَاءَةُ الْإِمَامِ". رواه ابن أبي شيبة في "المصنف".

 «Саған имамның оқуы жеткілікті»,– деген. 

Бұнымен қатар, «Фатиха» оқымаған адамның намазы жоқ» деген хадиске Имам Ахмад ибн Ханбал: «Бұл хадис өз бетінше оңаша оқитындарға қатысты айтылған», – деп түсіндірме жасағанын қаперге салғымыз келеді[10].


[1] Бәдруддин Айни, Нухабүл-әфкәр – 4/88-бет.
[2] Мүслім, №577 хадис.
[3] Мүслім, №398 хадис; Нәсәи-387-баб/991-хадис.
[4] Тирмизи – 1/317бет, №313 хадис.
[5] Дарақұтни сүнәні, 2/125-бет, №1262 хадис.
[6] Фатиха мен қосымша сүре оқу
[7] әл-Муатта Имам Мәлік – 1/86-бет: 10-баб, 43-хадис.
[8] Ибн Мажә, 376-бет/ 850-хадис; Зәуәиду Сүнән Дарақұтни, №563 хадис.
[9] Имам Тахауи, Шарху Мағанил Әсәр, Имамның артында қирағат ету бабы. 4/89-бет.
[10] Ибн Әби Шәйбә, «ман раххаса филь қираәтә халфәл имам», №9 хадис.

"Дәлел-дәйектерімен намаз оқу үлгісі"

Авторы: А. Қасым. 
«Дәуір» баспасы. Алматы, 2013 ж.
(Түзетулер мен толықтырулар енгізілген) 

Published in СҰРАҚ-ЖАУАП

Шариғатта Ислам дінін айтпағанда, христиан, яһуди (йудаизм) және соби’и (мандеизм) дініндегі әйел кісімен отау құруға рұқсат етілген. Бұларды «әһли кітаб», яғни, «кітап иелері» дейді. Соңғысынан (соби’и) қыз алуға болады деуіміз үшін, бір құдайға табынатын, белгілі пайғамбарға және әлдебір иләһи кітабқа сенетін соби’и (мандеизм) болуы шарт. Ал, жұлдыздар мен періштелерге табынатын мандеистерден қыз алуға рұқсат жоқ.

Бұлардан өзге діндердегі әйел кісілермен үйлену – харам.

Әйткенмен де, Әзіреті Омар өзінің халифалығы кезінде мұсылман әйелдердердің тұрмысқа шығулары қиындап кетеді деген қауіппен, «кітап иелерінен» де (христиан, яһуди) қыз алуды тыйған тұғын. Бұған байланысты «әл-Әсәр» атты кітаптағы Имам Мұхаммедтің (р.а.) келтірген риуаятқа қарағанда, сахаба Хузайфату ибн әл-Ямән (р.а) «Мәдә’ин» қаласында әкім болып тұрған кезінде («Мәдә’ин» - сасаниттердің астанасы болған), жергілікті яһуди дініндегі әйелмен үйленеді. Алайда, Халифа Әзіреті Омар ол әрекетін құп көрмей досына хат жазып, ажырасуын талап етеді. Сонда сахаба Хузайфа: «Ей, мүміндердің әміршісі, ол әйел маған харам ба?» - деп сұрағанда, Әзіреті Омар былай деп жауап береді:

«Өзге мұсылман еркектер сенің жолыңды қуып, әдеміліктері себепті «Әһлу зиммадан» (мұсылман өкіметінің қорғауындағы христиандар мен яһудилер) әйелдер таңдайтын болады деп қорқамын. Бұл болса, мұсылман әйелдері үшін қасірет ретінде жетіп асады».

Осы риуаятты келтіргеннен соң Әбу Ханифаның шәкірті Имам Мұхаммед (р.а.) өз ойын сабақтай келе былай дейді:

«Біз осы тұжырымды аламыз. Біз оны (әһли кітабтан қыз алуды) харам деп тұрғанымыз жоқ, бірақ олардан гөрі мұсылман әйелдерді таңдауды құп көреміз. Бұл – Әбу Ханифаның сөзі (Алла оны рахымына бөлесін)»[1].

Ендеше, ең абзалы, жар ретінде мұсылман қызды алған жөн. Бұл бір шетінен, мұсылман әйелдердің қадірін арттырса, екіншіден – сіз жоқта балаларыңыздың мұсылманша тәрбиеленуін қамтамасыз етеді.

Және айта кету керек: Әһли китабтан қыз алуға рұқсат деген үкім ер кісілерге қатысты. Ал, әйел кісілер тек мұсылмандарға ғана тұрмысқа шыға алады. Өзге діндегі еркекпен отау құру - ауыр күнә, харам әрекет.

islam.kz  

Published in СҰРАҚ-ЖАУАП

Ұйықтар алдында дәрет алып жату - мүстахаб. Оның сауаптылығын Алла елшісі (с.а.у.) бірнеше хадисінде атап өткен. Ол (с.а.у.) бір сахабасына: «Намазға алатын дәретті жататын кезде де алып жат...»- деп кеңес еткен[1].

Тағы бір хадисінде: «Денелеріңді таза ұстасаңдар, Алла сендерді тазартады. Түнде тазаланып (дәрет алып) ұйықтаған пенденің басы-қасынан бір періште айырылмай, пенде бір жақ қырынан екінші жақ қырына ауысып жатқан сайын ол үшін Жаратушыдан: «О, Раббым! Мына пендеңнің күнәсін кеш. Шынында ол тазаланып ұйықтады», - деп тілейді», - деген Алла елшісі (с.а.у.) [2].   

 Дәрет алып жатудың пайдаларын былайша тізбектеуге болады:

  1. Кіші күнәлардың кешірілуіне себеп.
  2. Шынайы-рахмани түс көруге сеп болады.
  3. Ұйқысында шайтанның әзәзілінен ұзақ әрі қорқынышты түстер көрмеуіне септігін тигізеді.
  4. Ұйқы - кіші өлім екені мәлім. Ажал жетіп, о дүниелік болып кеткен жағдайда таза, дәретпен кеткен болады.
  5. Ұйықтар алдында жұққан түрлі микробтар адам ұйқыға кеткеннен кейін қимылсыз жатқан денеде одан сайын көбейіп, саны арта түседі.  Ал, дәрет алу арқылы сол нәрсенің алдын алған боламыз.

Ең дұрысы – Аллаға мәлім!

[1] Сахих Бухари: Бәбу фазли мән бәтә ъаләл уду, №244 хадис.
[2] Табарани – әл-Муъжәмул Әусат. 

Published in СҰРАҚ-ЖАУАП

Адам өмірінде ауыртпашылық, сынақ және бәле-жала болмай тұрмайды. Бұл жайттар адамды тығырыққа тіреуі мүмкін. Бірақ, біз келген мәселенің шешімін, барлық сұрақтың жауабын Құраннан табуға болатындығын ұмытпауымыз керек. Алла Тағала Құранда: «Біз сендерді аздаған қауіп-қатермен, аштықпен және мал-мүліктеріңнен, (жақын) жандарыңнан, өнімдеріңнен айыру арқылы сынаймыз...» («Бақара» сүресі, 155-аят), «...Оларға ашаршылық және ауру-науқас келді...» дейді («Бақара» сүресі, 214-аят).

Құран – жанға дауа, дертке шипа. Белгілі бір техника бұзылса, оның нұсқама қағазына көз жүгіртеміз емес пе, сол секілді адам ауырса оның «нұсқамасы» болған Құранға жүгінеміз: «Құраннан мүміндерге шипа және рақым түсіреміз...» («Исра» сүресі, 82-аят). Олай болса, ауруға шипа болатын Құран сүрелері мен Алланың Елшісі үйреткен дұғалармен таныссақ...

Әрбір дерттің дауасы бар

Пайғамбарымыз ﷺ «Әрбір дерттің дауасы бар. Егер дерттің дауасы дөп түссе, (науқас) Алла Тағаланың рұқсатымен сауығады», – деп айтқан (Бұхари, Муслим). Яғни, Алла жаратқан әрбір сырқаттың шипасы бар. Және дауа беруші де – әш-Шәфи болған Алла Тағала. Құрандағы: «Ауырсам, Ол (Алла) маған шипа береді» («Шұғара» сүресі, 80-аят) деген аятты да еске түсірейік.

Хадисте аурудан емделудің мустахабтығына сілтеме келген. Алдыңғы буын өкілдерінің көпшілігі және кейінгі буын өкілдері түгелдей осы пікірді ұстанған. Ән-Нәуәуи жазылмайтын науқастардың көп екендігі жайлы мәселеге қатысты Гиппократтың «мұндай жағдай емдеу жүйесін немесе емдік дәріні дұрыс таңдамаған дәрігердің қателігі себепті орын алады» деген сөзін келтірген.  

Дем салуда Аллаға серік қосу күнәсі әрі шариғатқа қайшы нәрсе болмауы шарт  

Ауф ибн Мәлик әл-Ашжағиден (оған Алла разы болсын). Ол: «Біз жәһилият кезінде дем салатын едік. Содан(бірде): «Уа, Алла Елшісі! Сенің бұған қатысты ойың қалай?» – деп (сұрадық). Сонда (Пайғамбар ﷺ): «Маған қалай дем салатындарыңды көрсетіңдерші. Дем салуда ширк болмаса, оның оқасы жоқ», – деп айтты», – деген ( Муслим).

Сонымен қатар, шипа аяттары мен дұғаларын оқудың шарттары бар:

1.     Алла Тағаланың сөзі және оның есімдері мен сипаттары қолданылуы қажет;

2.     Араб тілінде болғаны дұрыс және оқып жатқан адам оның мағынасын білгені абзал.

3.     Шипаны бір Алланың беретіндігіне, ал аяттардың тек себеп қана екендігін жүрекке бекіту керек.  

Дұға оқу арқылы дем салу

Әнас (оған Алла разы болсын) бірде ол Сәбиттен (оған Алла разы болсын):     «Саған Алла Елшісінің ﷺ (ауырған адамға) оқитын дұғасын оқиын ба?», - деп сұрады. Ол: «Әрине», - деді, Сонда Әнас: «Я, Алла, адамдардың Раббысы,  кеселдерді кетіруші, сауықтыр! Сен – Шипагерсің, Сенің шипаңнан басқа, шипа жоқ, бұдан кейін ауру қалмайтындай сауықтыр!» /Аллаһумма, Раббаннаси, музхибаль-баъси, шфи Анташ-Шафи, лә шафийа иллә Анта шафиъан лй йуғадиру сакаман!/- деді (Бұхари).

Үйде «Бақара» сүресін оқу

Пайғамбар ﷺ: «Үйлеріңді қабірге айналдырмаңдар, ал «Бақара» сүресі оқылатын үйге шайтан кірмейді» деген. (Ахмад, Муслим). Сондай-ақ, Ибн Масғұд (оған Алла разы болсын) айтады: «Кімде-кім түнде «Бақара» сүресінен он аят оқыса, ол үйге шайтан кірмейді: басындағы төрт аят, Аятул-Күрсі, оған дейінгі екі аят және соңғы үш аят».

Тағы бір хадисте: «Кім «Бақара» сүресінің соңғы екі аятын түнде оқыса, оған жеткілікті». (Бұхари). Яғни, барлық жамандықтан сақтауға жеткілікті делінген. Басқа ғалымдар «Шайтанның жамандығынан сақтауға жеткілікті», «Адамдар мен жындардың жамандығынан сақтайды» деп тәпсірлеген.

Саусақтың ұшын пайдаланып дем салу

Яғни, дұға оқып отырып, науқастың ауырған жеріне топырақ жағу арқылы дем салу.  Айша анамыздан (оған Алла разы болсын)  жеткен хадисте: Пайғамбар ﷺ әдетте науқасқа: «Бисмилләһ! Турбәту ардина, бириқати баъдина, йушфа сақимунә, би-изни Роббина (Аллаһтың есімімен! Біздің топырағымыз біреуіміздің түкірігімізбен, науқасымызға Раббымыздың рұқсатымен шипа болады!)» деп айтатыныны жеткізілген. (Бұхари).  Яғни Пайғамбарымыз ﷺ бұл сөздерді айта отырып, сұқ саусағын түкіріктеп, топыраққа тигізіп, пайда болған лай топырақты ауырған жерге жағатын болған. 

Ауырған жерді қолмен уқалап отырып дем салу

Айша (оған Алла разы болсын):  «Алла Елшісі ﷺ өзінің жанұясында сырқаттанған адамның көңілін сұрап, ауырған жерін оң қолымен уқалап отырып: «Я, адамдардың  Раббысы Алла сен – Шипа Берушісің, Сенен басқа жазылмайтын аурудан Айықтырушы жоқ, оның қайғысын кетіріп, шипа бер» деп айтатын»- деген. /Азхибил-баъса, Раббаннаси, шфи уа Анташ-Шафи, лә шифаъа шифъука шифаъан лә йуғадиру сакаман!/ (Бұхари, Муслим).  

Суға дем салу  

Науқас адам өзі  жоғарыда көрсетілген  Құран аяттарын суға оқып, түкірігін шашыратпай сүфілейді. Кейін судың біразын ішіп қалған бөлігімен денесін ысқылайды. Әбу Дәуіт хасан иснадпен жеткізген хадисте Пайғамбарымыздың ﷺ   Сабит Ибн Қайс деген сахабаға суға дем салып үстіне құйғандығы айтылған.

Сондай-ақ дәл осы аяттар мен дұғаларды  «зәйтүн майына» оқып назарланған адамның денесін сүртсе немесе  «зәм-зәм» суына дем салып науқасқа ішкізсе де  болады.    Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  «Зәм зәм суы қандай мақсатта ішсең, сол мақсатта пайдалы» - деген.  (сенімді иснадпен имам Ахмад, Байһақи жеткізген) Ал Ибн Аббастан жеткен келесі  хадисте  Алла Елшісі  (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  «Зәмзәм – тойымды тамақ әрі ауруға шипа» деген. (әл-Батрани, ибн Хиббан жеткізген. Әл-Мунзири хадистің иснады сенімді деген).

Адамның өз-өзіне дем салуы

Науқасқа дем салудың келесі түрі – Құран аяттарын және шипа дұғаларын оқу барысында науқас ауырған жерге қолын қойып отырады немесе алақанымен уқалайды. Осман ибн аби әл-Ас бір күні Пайғамбарға ﷺ: «Я, Алланың Елшісі менің ауыруым қатты үдегені соншалық мен өліп кететін сияқтымын»- дегенде,  Алла Елшісі ﷺ «Ауырған жеріңе қолыңды қой да жеті рет: «Мені мазалаған жамандықтың кесірінен  Алланың Құдыреті мен Күшіне сыйынамын» -деп айт» -дегенін келтірген. /Аъуза би-ъиззати-Лаһи уа қудратиһи мин шарри ма аджиду уа ухазиру!/, - деді. Муслим.

Аурудың көңілін сұрап барған кезде шипа сұрап дұға ету

Ибн Аббас ( әкесі екеуіне Алла разы болсын) Алла Елшісінің ﷺбылай деп айтқанын жеткізді: «Егер кімде-кім  ажалы келмеген аурудың көңілін сұрап барып жеті рет: «Ұлы Күрсінің Раббысы, Ұлы Алладан сені сауықтыруды сұраймын!» /Асъалю-Ллаһа-ль-Ъзыма, Раббал-ършиль-ъзыма, ан йашфийа-кя!/ («Мұсылман қорғаны» кітабінің №147 дұғасында келтірілген – аударушыдан), - десе, Алла оны әлбетте кеселінен айықтырды(Әбу Дәуд).     

Ибн Аббас (әкесі екеуіне Алла разы болсын) айтады:   Бірде Алла Елшісі ауырып қалған бәдәуидің көңілін сұрап барды, ал ауырған адамға барғанда әдетте Пайғамбар: “Қапаланба, Алла қаласа, бұл кесел сені тазартады” /Ля баъса, тахурун ин шаъаЛлаһу/, - дейтін. (Бұхари).

Жебірейілдің Пайғамбарға дем салуы     

Әбу Саъид аль-Худри (оған Алла разы болсын) былай дейді: Бірде Пайғамбарға ﷺЖебірейіл (періште) келді де: «Я, Мұхаммед, сен ауруыңа шағымданасың ба?», - деп сұрады, ол: «Иә?», - деп жауап берді. Сонда Жебірейіл былай деді: «Саған барлық ауыртпашылықтарды туғызушыдан, кез келген адамның зұлымдығынан және жаман көзден сен үшін Алланың атымен сыйынамын! Алланың сені сауықтыруы үшін, Алланың атымен сыйынамын!» /Бисми-Ллаһи арқи-кә мин кулли шаййъин йуъзука, мин шарри кулли нафсин ау ъайни хасидин! Аллуһу йашфикә, бисми-Ллаһи арқи-кә!/ (Муслим).

Көз тиюге қарсы дем салу  

Айша (оған Алла разы болсын): «Алла Елшісі  ﷺ маған көз тиюге қарсы дем салдыруымды бұйыратын», – деп айтқан (Муслим).  

Жәбир ибн Абдуллаһтан (Алла әкесі екеуіне разы болсын). Ол: «Алла Елшісі ﷺ Хазмның отбасына жылан(шаққанға) қарсы дем салуға рұқсат етті. Сондай-ақ ол (бірде) Әсмә бинт Ғұмайстен: «Неге мен бауырымның балаларының денелері арық екенін көремін, олар ауырып жүр ме?» – деп (сұрады). Ол: «Жоқ, бірақ оларға көз тиіп жүр», – деді. (Сонда Пайғамбар ﷺ) «Оларға дем салдыр», – деді», – деп айтқан. Мұнда Пайғамбарымыздың ﷺкөкесінің ұлы Жағфар ибн Әбу Талибтің (оған Алла разы болсын) балалары туралы айтқан.  

(Әсмә бинт Ғұмайс): «Мен (балаларымды Пайғамбарға (ﷺ) көрсеткен едім, ол: «Бұларға дем салдыр», – деп айтты», – деген ( Муслим).  

Пайғамбардың (ﷺ) жұбайы Умму Сәләмәдан (оған Алла разы болсын). Алла Елшісі (ﷺ) әйелі Умму Сәләмәның үйінде бір қыздың бетінен теңбіл дақ көріп: «Бұған көз тиіпті, дем салдырыңдар», – деген. Яғни ол (қыздың) бетінде сарғыш реңк бар еді (Муслим).

Жындарға қарсы оқылатын сүре     

Әбу Саид әл-Худри (оған Алла разы болсын) Пайғамбардың ﷺ адамдар мен жындардың кесірінен Аллаға сыйынатын. Кейіннен Аллаға сыйынып, қорғау тілейтін сүрелер түсіріледі де, ол қалған дұғаларды қалдырып, осы сүрелерді айтатын болғанын жеткізеді. (Тирмизи).

Әбу Мусадан (оған Алла разы болсын): «Сен бүгінгі түнде түскен аяттардай аяттардың болмағанын, көрмей тұрсың ба? Бұлар – “Қул ағузу бир-Робил фалақ…” және “Қул ағузу бир-Робин-нас…”(«Фалақ» және «Нас сүрелері) (Муслим).

Ер адамның өз отбасына ауырған кездерінде дем салуы  

Айшадан (оған Алла разы болсын): «Алла Елшісі ﷺ біреуіміз ауырсақ, оны оң қолымен сипап: «Әзһибил-бә’сә, Раббән-нәс(и), уәшфи, Әнтәш-Шәфи, лә шифә’ә иллә шифә’укә, шифә’ән лә йуғадиру сақама(н) (Дертті кетір, адамдардың Раббысы! Шипа бер, Сен – шипа берушісің, Сенің шипаңнан басқа шипа жоқ. Ауруды қалдырмайтындай шипа бер)», – деп айтатын.    

Алла Елшісі ﷺ науқастанып, жағдайы ауырлаған кезде, өзі жасайтынды жасау үшін оның қолынан ұстадым. Сонда ол қолын менің қолымнан тартып алып: «Уа, Алла! Мені кешір және мені ең жоғарғы серікпен бірге ет», – деді. Мен оған қарай бастадым, сөйтсем, ол үзіліп кеткен екен». (Муслим). Әл-Жауһари мұның Жәннат екенін айтқан. Бұл Әбу Исхақтың: «ең жоғарғы серік – Жәннат» деген хабарымен нақтыланады (қ.: «Фатх әл-Бәри»).  

Айшадан (оған Алла разы болсын). Алла Елшісі ﷺ: «Әзһибил-бә’сә, Раббән-нәс(и), бийәдикәш-шифә(у), лә кәшифә ләһу иллә Әнт(ә) (Дертті кетір, адамдардың Раббысы! Шипа Сенің қолыңда, Сенен өзге оны кетіруші жоқ)» (деген) сөзбен дем салатын ( Муслим).

Қонаққа барғанда не далада қонғанда жындардың әрі улы жәндіктердің кесірінен сақтау үшін мына дұғаны оқуы керек  

Хаула бинт Хаким әс-Суләмия (оған Алла разы болсын): «Алла Елшісінің ﷺ: «Кімде-кім бір орынға түскенде: «Аъузу бикәлимәтилләһит-тәммәти мин шәрри мә халақ(а) (Аллаһтың жаратқандарының кесірінен Оның толық сөздерімен пана сұраймын)» десе, оған сол орнынан кеткеніне дейін ештеңе зиян тигізбейді», – деп айтқанын естідім», – деген (Муслим).

Құран мен сүннеттегі кеселдерді емдеуге байланысты дұғалар мен аяттардан бөлек басқа да  шаралар бар

Әжуа құрмасының сиқырға емі  

Сағд ибн Әбу Уаққастан (оған Алла разы болсын) : «Алла Елшісінің ﷺ: «Кімде-кім әр күн сайын таңертең кептірілген әжуа құрмасының жетеуін жесе, сол күні оған у да, сиқыр да зиян тигізе алмайды», – деп айтқанын естідім», – деген ( Муслим).

Айшадан (оған Алла разы болсын). Алла Елшісі ﷺ: «Ақиқатында, әл-Алияның ажуасында шипа бар әрі ол таңның бастапқы кезеңінде (жесе) уға қарсы ем болады», – деп айтқан  (Муслим).

Азан айту

Пайғамбарымыз ﷺ: «Намазға шақырылғанда шайтан азан біткенше ішек желін шығарып қашады. Азан аяқталғанда қайта келеді, намаз оқылғанда тағы қашады, біткенде қайта келеді» деген (Бұхари).

Сырқаттанған, сиқырланған не көз тиген адамға оқылатын шипа аяттары (РУҚИИЯ):

Науқасқа Құрандағы  «Фатиха» сүресін жеті рет,   «Бақара» сүресінің алғашқы бес аятын, «Аятүл күрсі» аятын,  «Ықылас», «Фәләқ»,  «Нас» сүрелерін үш реттен,  және  т.б руқиия, яғни дем салуда пайдаланылатын шипа аяттарын, сондай-ақ шипа дұғаларын оқып, аз ғана түкірік араластырып сүфілеу керек. Бұл рәсімді «дем салу» деп атайды.   Алла Тағала Құранда: «Құраннан, мүміндерге, шипа және рахмет түсіреміз...» деген. («Исра» сүресі 82-аят). Сонымен қасиетті Құрандағы руқиия аяттары төмендегідей:

1.     «Фатиха» сүресі;

2.     «Бақара» сүресі, 1-5 аяттары;

3.     «Бақара» сүресі, 163-165 аяттары;

4.     «Аятул-Курсі» («Бақара» сүресі, 257-аяты);

5.     «Бақара» сүресі, 284-286-аяттары;

6.     «Әли Имран» сүресі, 1-5 –аяттары;

7.     «Әли Имран» сүресі, 18-аяты;

8.     «Әли Имран» сүресі, 26, 27-аяттары;

9.     «Аъраф» сүресі, 54, 55, 56-аяттары;

10.   «Аъраф» сүресі,  117, 118, 119-аяттары;

11.   «Юнус» сүресі,  79, 80, 81, 82 –аяттары;

12.   «Та һа» сүресі,  65, 66, 67, 68, 69-аяттары;

13.   «Му’минун» сүресі,  115, 116, 117, 118-аяттары;

14.   «Хашр» сүресі,  21, 22, 23, 24-аяттары;

15.   «Саффат» сүресі, 1-5-аяттары;

16.   «Рахман» сүресі,  31, 32, 33, 34-аяттары;

17.   «Мүлк» сүресі,  3, 4-аяттары;

18.   «Қалам» сүресі, 51, 52-аяттары;

19.   «Жын» сүресі,  3-аят

20.   «Кәфирун» сүресі;

21.   «Ықылас» сүресі;

22.   «Фәлақ» сүресі;

23.   «Нас» сүресі . 

asylarna.kz
«Асыл арна» рухани-ағартушылық телеарнасы

Published in МАҚАЛАЛАР

Яхья бин Аксама: «Өсекші сиқыршыдан да жаман, өйткені сиқыршының бір ай бойы жасайтынын, өсекші бір сағатта жасап тастайды», - деп айтқан.

Тағы да былай айтылған: «Өсекшінің амалы шайтанның қастығынан да қауіпті, өйткені шайтан жасырын айдап салады, ал өсекші ашық түрде әрекет етеді».

Ақиқатында, Алла Тағала: «Отын тасушы», - деп айтқан.

Муфассирлердің (Құранды түсіндірушілердің) көпшілігі: «Асылында, өсекші отын тасушы болып табылады», -  деген.

Неге тек «намима», яғни, өсекші? Өйткені өсекші ұрыс-керіс пен соғыстың себепшісі әрі Тозақ отын жандырушы. 

Аксам бин Сайфи былай айтқан: «Қарабет болғандар төртеу, олар: өсекші, өтірікші, борышкер және жетім».

Гутб бин Габдулладан (ол кісіге Алланың рақымы болсын) келтірілген: «Бір адам бір ғұламадан жеті сөз туралы сұрауға келіпті. Оған келіп: «Мен саған келдім, енді маған аспан туралы айтып берші. Аспаннан не ауыр? Жер туралы айтып бер. Жерден не кең? Маған тас туралы айт. Тастан не қатты? Маған от туралы айт. Оттан не ыстық? Маған қатты суық туралы айт. Одан не суық? Маған теңіз туралы айт. Одан не терең? Маған жетім туралы айт. Одан кім әлсіз?», - деген екен. 

Ал кейбір риуаяттарда оның былай сұрағаны келтірілген: «Маған у туралы айт, удан не жаман?» Ғалым әлгі адамға былай жауап беріпті: «Жақсы адамдарға жабылған жала аспаннан да ауыр. Шыншыл сөз жерден де кең. Жүрек разылығы теңізден де терең. Дене сараңдығы оттан да ыстық. Адам қажеттілігін өтемеу қатты суықтан да суық. Біреу туралы таратылған өсек, оған белгілі болса, ол жетімнен әлсіз, ондай өсек масқараға айналады». Басқа бір риуаятта өсек удан да жаман, яғни, удан да зиянды делінген. 

Ибн Гумар (ол кісіге Алла разы болсын) Пайғамбарымыздың (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай айтқанын келтірген: «Алла Тағала Жұмақты жаратқан соң, Ол оған: «Сөйле», - деген. Сонда Жұмақ: «Кімде-кім маған кірсе, бай болады әрі құтылады», - деп айтқан.  Алла Тағала былай айтқан:

«Өзімнің Ұлылығым әрі Құдіретіммен ант етемін, саған сегіз адам кірмейді: ішімдік ішкен, үнемі зина жасаушы, өсекші, өз отбасына қатысты батыл болмаған — өз әйелін басқа рұқсат етілмеген еркекпен сөйлесіп тұрғанын көрсе де оған бір сөз айтпағанөзін әйел сияқты ұстаған еркек, яғни күшті бола білмеген, туыстық қарым-қатынасты үзгендер, сондай-ақ, бір нәрсені жасаймын деп Алла атымен ант беріп, бірақ жасамайтындар».

Хасан Басри (ол кісіге Алланың рақымы болсын): «Егер біреу саған адамдардың сөздерін айтып келсе, онда біл, ол сенің де сөздеріңді біреулерге жеткізеді», - деген..

Гумар бин Габдулгазизге (ол кісіге Алланың рақымы болсын) бір адам келіп, басқа бір адамның жағдайын айтып береді. Сонда Гумар (ол кісіге Алланың рақымы болсын) айтқан: «Егер сен жалғаншы болсаң, онда сен туралы келесі аятта былай айтылған:

«Бұзық біреу хабар келтірсе, оны анықтаңдар. Әйтпесе білмей бір елге кесірлерің тиіп, істегендеріңе өкінесіңдер» (49:6). Ал егер сен шындықты айтсаң, онда сен туралы келесі аятта былай айтылған:  «Өте айыптағыш, өсек тасығышқа да» (68:11). Егер сен қаласаң, біз сені кешіреміз». Сонда әлгі адам: «Уа, тақуалардың әміршісі, сенің кешіргеніңді қалаймын, ендігәрі мұндай істерге бармайтын боламын», - деген екен.

"Танбихул ғафилин" кітабынан.

Published in МАҚАЛАЛАР

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) былай дейді:

 «Әтбетте күнәлардың ең ауыры – ата-анасын сөгу. Пайғамбарымыздан: «Адам өзінің ата-анасын қалай сөгеді?» – деп сұралды. Пайғамбар (с.ғ.с) айтт:

 «Біреудің әкесін сөксе, ол оның әкесін сөгеді. Біреудің анасын сөксе, ол оның анасын сөгеді», – деді.

Анас ибн Малик (р.а) айтады:

«Алла Елшісі (с.ғ.с)дәуірінде Алқама есімді жігіт бар еді. Ол өте ынталы, көп садақа беруші еді. Бір күні науқас болып, науқасы күшейді. Әйелі Пайғамбарға (с.ғ.с) ерінің өлім қалінде екендігінен хабар бермекші болып елші жібереді. Сонда Пайғамбар (с.ғ.с) хазреті Билал, Али, Салман және Омарға:

 «Алқаманың қалін біліңдер», – дейді. Олар барса Алқама шынында тілін кәлимаға келтіре алмай жатыр екен. Билал Пайғамбардың (с.ғ.с) алдына бұл жағдайдан хабар беруге келеді.

 Пайғамбар (с.ғ.с): «Оның ата-анасы бар ма?», – деп сұрайды.

 Ол жердегілер айтты: «Әкесі өлген, бірақ қарт анасы бар», -деп.

Пайғамбар (с.ғ.с) Билалға:

 «Ей, Билал, анасының алдына бар. «Егер қуатты болсаңыз, Алла Елшісінің алдына барыңыз. Егер шамаңыз болмаса отыра тұрыңыз, алдыңызға Алла Елшісінің өзі келеді, – деп айт», дейді. Билал барып, бұл хабарды жеткізеді.

Анасы: «Жаным Алла Елшісіне құрбан, мен баруға тиістімін», деді және қолына таяғын ұстап Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хұзырына кірді.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с)  айтты:

«Маған турасын айтыңыз, өтірік айтсаңыз Алла  Тағаладан маған уахи келеді. Алқаманың қалі қалай еді?».

 Анасы:

«Ей, Алла Елшісі, намаз оқиды, ораза тұтады, көп садақалар береді, оның берген садақасының өлшеуін білмеймін, санағын да».

Алла Елшісі(с.ғ.с) айтты:

«Сіздің балаңызбен мәмілеңіз қалай еді?».

 Анасы айтты:

 «Ей, Алла Елшісі, мен оған қапамын».

Алла Елшісі(с.ғ.с):

 «Не үшін?» – деп сұрады.

 Анасы айтты:

 «Ол әйелін менен жоғары қоятын, оған құлақ салып, маған құлақ салмайтын еді».

Сонда Алла Елшісі(с.ғ.с):

«Анасының ашуы ұлын Алладан басқа тәңір жоқ деп куәлік беруінен тосыпты», – деді.

Сосын Билалға:

«Көп отын жиыңыз, Алқаманы өртейміз», – деді.

 Анасы:

 «Ей, Алла Елшісі, ұлымды, жүрегімнің жемісі,көз алдымда өртейсіңдер ме? Бұған жүрегім қалай шыдайды?» – деді.

 Алла Елшісі (с.ғ.с):

 «Ей, Алқаманың анасы, Алланың азабы ауыр және мәңгі. Жаным қолында болған Аллаға ант, егерде сіз ұлыңызға ашулы болады екенсіз, оның оқыған намаздары мен берген садақалары пайдасыз», -деді. Сол кезде Алқаманың анасы қолын көтеріп:

«Ей, Алла Елшісі, жалғыз Алланың елшісі болған сізді және төңірегімдегілерді куә етіп айтамын, Алқамаға разы екендігімді», – деді.

Алла Елшісі (с.ғ.с) Билалға:

«Ей, Билал, Алқаманың алдына барып қарашы, «Лә илаһа иллаллаһ» деп айта алды ма екен? Алқаманың анасы Пайғамбардан ұялып, жүрегінде болмаған нәрсені айтқан шығар» – деді.

Хазреті Билал(р.а) оның үйіне барып:

«Ей, адамдар, Алқаманың анасының ашуы Алқаманың тілін шаһадат кәлимасын айтудан тосқан екен, енді разы болғандығы үшін тілін босатып жіберді», – деді. Ол сол күні қайтыс болды.

 Сосын Алла Елшісі (с.ғ.с) оның үйіне келіп, жууға және кебіндеуге бұйырды, жаназа оқыды. Кейін қабірдің шетінде тұрып:

«Ей, муһажир және аңсарлар, кімде-кім әйелін анасынан жоғары қойса, Алланың лағынеті болады және оның фарз-нәпіл ғибататтары қабыл болмайды», – деді.

Құран Кәрімде де: «Сен маған және ата-анаңа шүкір ет» («Лұқман» сүресі, 14-аят) делінген.

Бұл аятта ата-ана ризашылығы Алла ризашылығынсыз ешқандай ғибадат қабыл болмайды. Алайда, үрім-бұтағының ислам дінін ұстануына қарсы болған ата-ана бұл аяттан тысқары қалады.

Құдияр Біләл

Published in МАҚАЛАЛАР
Page 1 of 2
Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы