Items filtered by date: Ақпан 2018

ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілі, орталық «Ақмешіт – Сырдария» мешітінің бас имамы Болатбек қажы Ұласқанұлы Алматы қаласында болып, іс-сапар барысында «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетіндегі білім алушы қызылордалық шәкірттермен кездесті.

Шәкірттермен кездесу барысында өкіл имам бірқатар маңызды ақпараттармен бөлісті. Ең алдымен шәкірттерге имамдық қызметтің жауапкершілігін, қазіргі қоғамда имамға қойылар талап-міндеттердің маңыздылығын айта келе, мықты кадр болудың қыр-сырымен бөлісті.

Кездесу нәтижесінде аталмыш университеттің төменгі курс студенттері алдағы уақытта облысымыздағы мешіттерде іс-тәжірибеден өтетін болды.

Жалпы кездесуден кейін, Болатбек қажы Ұласқанұлы университетті биыл бітіретін бітіруші түлектермен сұқбаттасты.

«Аймақтағы діни ахуалдың тұрақтылығын сақтау, жастардың жат ағым жетегінде кетуінің алдын алу, Ислам дінінің өркендеуіне қызмет ету бағытында атқарылар шаралар өте көп. Біршама жауапкершіліктің имам қызметкерлерге артылатыны да белгілі.» - дей келе, өкіл имам қызылордалық бітіруші түлектерді Сыр еліне қызмет етуге шақырды.

Өз кезегінде кездесуге қатысушы шәкірттер Болатбек қажы Ұласқанұлына жаңа қызметте табыс тілеп, Алланың қалауымен туған жерге еңбек етуге дайын екендіктерін жеткізді.

Осылайша шәкірттерге тың серпін беріп, жігер сыйлаған өкіл имам ендігі іс- сапарын Астанада өтетін Еуразия мұсылман ғұламаларының форумына қатысуымен жалғастырмақ.

Қызылорда облыстық «Ақмешіт-Сырдария»

мешітінің баспасөз қызметі

Published in ЖАҢАЛЫҚТАР

ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілі, орталық «Ақмешіт – Сырдария» мешітінің бас имамы Болатбек қажы Ұласқанұлы қаладағы әйелдер-қыздар секторының жұмысымен танысу мақсатында кездесу өткізді.

Кездесуге облыстағы әйелдер-қыздар секторының жетекшісі Файзуллина Марал да қатысты.

Қалалық мешіттердің әйелдер-қыздар жамағатының ұстаздарымен кездескен өкіл имам ең алдымен олардың жұмыс жоспарымен танысты. Жұмыс жоспарымен таныса келе, бірқатар ұсыныстарын жеткізіп, бұл бағыттағы шараларды күшейтуді тапсырды.

ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораздың биылғы жылды «Ислам және Отбасы» жылы деп атағанын айта келе, әсіресе әйелдер-қыздар секторына артылар жауапкершіліктің маңыздылығына тоқталды.

Өз кезегінде Болатбек қажы Ұласқанұлы ұстаздар тарапынан айтылған ұсыныстар мен пікірлерді тыңдап, мүмкіндігінше қолдау білдіретіндігін жеткізді.

Қызылорда облыстық «Ақмешіт-Сырдария»

мешітінің баспасөз қызметі

 

Published in ІС-ШАРАЛАР

Осыдан бірнеше уақыт бұрын Бас мүфти Серікбай қажы Ораздың дін қызметкерлері арасында «Өзгеруді өзіңнен баста» атты ұран тастағаны белгілі.

«Қайбір қауым өзін-өзі өзгертпейінше Алла оны өзгертпейді», Жаңа қызметімде дін қызметкерлері арасында «Өзгеруді өзіңнен баста!» деген ұран тастаймын. Егер адам өзгерсе, оның көршісі өзгереді. Одан кейін қоғам өзгереді. Бұл мәселеде әр адамның ойы, сана-сезімі өзгеруі маңызды», – деген болатын Бас мүфти Серікбай қажы Ораз.

Осы ұстанымды тілге тиек етіп облыстың өкіл имамы Болатбек қажы Ұласқанұлы қала және аудан имамдарымен кездесу өткізіп, Бас муфтидің бастамасына қолдау көрсетуге шақырды.

Кездесуге қатысушы имамдарға өзінің «Өзгеруді өзіңнен баста» атты хабарламасын оқып берді.

Өз сөзінде Б.Ұласқанұлы: «Егер біз өзгеруді өзімізден бастамайтын болсақ, дінге шақыру жолындағы еңбегіміз жемісті болмайды. Оның үстіне Алла Тағаланың сөгісіне лайық боламыз. Құранда Алла Тағала өздерінің айтқандарын өздері амалға асырмайтын яхудилерді «Адамдарды жақсылыққа бұйырып, өздеріңді ұмытасыңдар ма?!» деп сөккен.

Мен бұл арқылы сіздерді, имамдарды ата дініміз Исламның талап-тыйымдарын, этикалық нормаларын сақтап, пайғамбардың, сахабалардың сара жолымен жүруге және осыны өмірлеріңіздің басты принципіне айналдыруға шақырамын». – деді.

Өз кезегінде имамдар бұл бастаманы қолдайтындықтарын жеткізіп, бүгінгі қоғамда имамның көпке үлгі болуы маңызды екендігін бір ауыздан құптады.

Қызылорда облыстық «Ақмешіт-Сырдария»

мешітінің баспасөз қызметі

Published in ІС-ШАРАЛАР

ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілі, орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің бас имамы Болатбек қажы Ұласқанұлы қала және аудан имамдарымен кездесу өткізді. Кездесу қасиетті Құран оқумен ашылды.

Жаңа жұмысына кіріскен өкіл имам ең алдымен өкілдікке қарасты аудан, қала, ауылдық округ, кент мешіттерінің бас имамдарымен танысып, кейбір мешіттердің шешілмеген мәселелерін талқылады.

Келесі кезекте Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының төрағасы, Бас муфти Серікбай қажы Ораздың бірқатар бастамалары мен тапсырмаларына тоқталып, жоспарлармен бөлісті.

Атап айтар болсақ, биылғы 2018 жыл «Ислам және отбасы жылы» деп аталғандығын тілге тиек етті.

Аталмыш жыл аясында «Неке және отбасы», «Жанұя жарасымы», «Ер мен әйелдің міндеттері», «Талақ айтудың әдебі», «Азаматтық некенің зардабы», «Қызтекелік – жаман қасиет», «Өзін-өзі өлтіру – тығырықтан шығар жол емес», «Қазақтың таным-түсінігі бойынша отбасы құндылықтары», «Жанұядағы әкенің рөлі», «Бала тәрбиесіндегі ананың рөлі», «Ойнастық жасау – отпен ойнау», «Бала тәрбиесінің мұсылмандық бастаулары» тақырыптары бағытында іс-шаралар өтіп, жобалар бастау алатын болады.

Сондай-ақ, отбасы мәселелеріне арналған арнайы тренингтер мен семинарлар ұйымдастырылып, мешіттер жанынан «Отбасы мәселелері бойынша кеңес беру орталығын» ашу қажеттігін жеткізді.

Жиналыстың күн тәртібінде намаздың уақытылы өтуі, мешіттің тазалық жұмыстары, сенбілікті жүйелі ұйымдастыруды қолға алу, шәкірттер санын көбейтіп, сабақ беру кестесін бекіту, қайырымдылық шараларын күшету сынды тапсырмалар нақтыланды.

Негізгі тапсырма ретінде мешіттерде аптасына 6 рет шәкірттердің діни сауаттылығын арттыру мақсатында сабақ жүргізу тапсырылды. Дәрістерді білікті мамандар «Фиқһ», «Ақида», «Сира», «Ахлақ» пәндері бойынша өтеді.

Және бір бастама орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің базасында, төменгі қабатта арнайы көлемді кітапхана ашылып, жамағат үшін қолжетімді болмақ. Жат ағымның алдын алу бойынша жұмыстар күшейтіліп, насихаттық шаралар да жоспарға енгізілді.

Алдағы уақытта Құран оқудан ұйымдастырылатын облыстық жарысқа қатысатын шәкірттерді дайындау мәселесі де айтылды.

Кездесу аясында имамдар тарапынан бірқатар ұсыныстар айтылып, қалалық «Қалмұһаммед ишан» мешітінің бас имамы, ұстаз Рысбай Дайрабай жаңа имамға ниетін жеткізіп, имамдар атынан қызметіне сәттілік тіледі.

Қызылорда облыстық «Ақмешіт-Сырдария»

мешітінің баспасөз қызметі

Published in ІС-ШАРАЛАР

ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің әйелдер-қыздар секторының бастамасымен қалалық «Сұлтан» мешітінде хадис сайысы өткізілді.

Жас айырмашылығына қарай екі топ арасында өткен хадис сайысына әйелдер-қыздар жамағатынан 14 шәкірт қатысты.

Хадис сайысының шарттары бойынша қатысушылар хадистің кімнен риуаят етілгендігі, хадистің қатесіз айтылуы, сөз мағынасының түрленбеуі, жатталған хадистің 40-тан кем болмауы, бір хадиске терең мағынада талдау жасау бойынша сынға түсті.

Сайысқа мешіт имамдары, әйелдер-қыздар секторының ұстаздары қазылық жасады.

Сайыс нәтижесі бойынша үлкендер тобынан бірінші орынды Накишева Бағдагүл, екінші орынды Ибраимова Күлән, үшінші орынды Шақманова Саркыт иеленсе, жастар тобы бойынша бірінші орынды Беркенова Бағжан, екінші орынды Өмірғали Сафура, үшінші орынды Өмірбекова Ақнұр иеленді.

Құраннан кейінгі исламның ең маңызды қайнаркөзінің бірі болып табылатын «хадистерді» жаттау бойынша өткен сайыс жеңімпаздары бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Қызылорда облыстық «Ақмешіт-Сырдария»

мешітінің баспасөз қызметі

Published in ІС-ШАРАЛАР
Дүйсенбі, 26 Ақпан 2018 05:24

Адам болу мінезден...

- Адамдар көбіне тұғырсыз, қисынсыз, өзімшіл келеді. Қайткен күнде де оларды кешіре біл.

-Егер аса мейірбан болсаң, ел-жұрт сені өзімшіл, бір бармағы ішінде деп қаралайды. Бәрібір мейірімді болып қала бергейсің.

-Атақ-даңққа қолың жетсе, шынайылықтан жұрдай достар мен қастығы хақ дұшпаның көп болады. Сонда да мықтылығыңнан танба, жетістіктен бас тартпа.

-Сен жылдар бойы іргесін қалаған бақытты біреу кеп әп-сәтте құрта салуы мүмкін. Сонда да мойыма, бақытқа ұмтыла бер.

-Жан тыныштығың мен бақытыңды тапсаң, басқалар күндей бастайды. Сонда да бақытты бол.

-Бүгін жасаған жақсылығың ертең ұмытылуы ықтимал. Сонда да жақсылық жасаудан жалықпа.

-Бойыңдағы бар ғажапты әлемге тарат, мұның бәрібір теңізге тамған тамшыдай жұтылып кетеді. Сонда да қолда бар игілігіңді таратып беруден тартынба.

-Ең ақырында бұның бәрі сенің Құдаймен әңгімең екенін түсінесің. 
Бұның барлығы ешқашан сенің өзгелермен қарым-қатынасың еместігіне көз жеткізесің.

Тереза ана
Аударған Шынар Әбілдә

Published in ҒИБРАТНАМА

Бұл дүниеде күнә жасағандар жәһаннамға әкетіліп бара жатқанда:

«Уа, Мұхаммед! Уа, Мұхаммед!» деп бақырып, құлындаған дауыстары шығады. Бірақ тозаққа жақындап тозақ періштелері көрінгенде олар мұны ұмытып қалады.

Періштелер:

– Сендер кімсіңдер? - деп сұрайды. Олар:

– Біз өздеріне Құран түскендерденбіз және Рамазанда Ораза ұстағандарданбыз, - дейді.

Періштелер:

– Құран Кәрім Мұхаммедтің (с.ғ.с.) үмметтеріне түскен ғой, - дейді.

Сонда Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) есімін естеріне қайта түсіріп:

– Біздер Мұхаммедтің (с.ғ.с.) үмметіненбіз, - дейді.

Періштелер:

– Құран Кәрімдегі Алла Тағалаға қарсы шыққандардың жағдайын білдірген аяттардан хабарларың бар ма еді? - деп сұрайды.

 Олар:

– Бар. Бірақ біз ғапылдыққа салындық. Шайтанға мойынсұндық, - дейді.

Өздерінің сол күйлеріне қатты өкінеді. Періштелерден рұқсат сұрап, өкініштен ұзақ жылайды. Жылай-жылай көз жастары таусылады. Сосын көздерінен қан аға бастайды.

Сонда періштелер оларға:

– Босқа жылайсыңдар. Егер дүниеде осылай жылағандарыңда пайдасы болар еді, қазір жыламайтын едіңдер, - дейді.

Сосын періштелерге:

«Оларды жәһаннамға таста!» деген әмір келеді...

Published in ҒИБРАТНАМА

Бірде Пайғамбарымыздан (с.ғ.с) сахабалары:

 - Қиямет күні сіз бізді сонша халықтың арасынан қалай танисыз? - деп сұрайды.

 Сонда Алланың Елшісі(с.ғ.с):

«Ол күні сендерге басқа үмбеттерде болмаған бір белгі болады. Сендер менің алдыма келгенде, үнемі дәрет алғандықтан, маңдайларың мен қол - аяқтарың нұрланып тұрады»,- деп жауап береді. (Мүслим)

Published in ҒИБРАТНАМА

Құран Кәрімде: "Егер науқас не сапарда болсаңдар немесе сендерден біреу түзге отырып келсе не әйелге жақындассаңдар, сонда су таба алмасаңдар таза жерге таяммүм соғыңдар; онымен беті-қолдарыңды сипаңдар" делінгенОсы аяттағы "Су таба алмасаңдар" деген сөзден фиқһ ғұламалары түрлі пәтуалар шығарған.

Төмендегі жағдайларда таяммум соғуға рұқсат етілетіндігін алға тартқан:

а. Судың болмауы;

ә. Су бар, алайда қолдануға мүмкіндік болмаса (ауырып қалу ықтималдығы жоғары болса);

б. Ауырып тұрған кісінің, ауыруым күшейіп кетеді немесе аурудан айығуым кешігіп кетеді деп күмәнданса

в. Жақын жерде су болып, оны алуға мүмкіндік болмаса (Дұшпаннан немесе жыртқыш аңдардан қорқу немесе құдықтан суды шығарып алу мүмкіндігі болмаса).

Өзінің үйінде жүрген кісі, су жылытып жуынуға немесе дәрет алуға мүмкіндігі болғандығы үшін таяммум соға алмайды. Жоғарыда айтылған жағдайлар үйінен ұзақта, не сапарда, не сырқаттанып қалған кісілерге қатысты екендігін ескертеміз. Мұндай кісілер су қолдануға алғашқы мүмкіндік туғанға дейін таяммум соға береді.


 "Мәидә" сүресі, 6-аят

 әл-Фиқһул-Хәнәфи уа әдилләтуһу, 1-том, 84-93 беттер

Published in СҰРАҚ-ЖАУАП
Дүйсенбі, 26 Ақпан 2018 05:08

ҚАЖЕТ НАМАЗЫ ҚАЛАЙ ОҚЫЛАДЫ?

Құрметті Абдусамат Қасым мырза! Бүгінгі сұхбатымызды «қажет намазы» төңірегінде өрбітсек дейміз. Әуелгі сұрағым: Қажет намазы дегеніміз не? Оның шариғаттағы үкімі қандай? 

– Қажет намазы деп, өзінің де аты айтып тұрғандай, бір нәрсені қажет етіп тұрғанда, бір нәрсеге мұқтаж болып тұрғанда намаз оқып, АЛЛАдан алақан жайып сұрауды айтамыз. Мұның үкімі – мұстахаб. Қажет намазын оқу - Имам Тирмизидің хадистер жинағында келтірілген мына риуаятқа сүйенеді: «Әлдекімнің Алладан немесе адамдардан сұрайтын қандай да бір қажеттілігі болып жатса, жақсылап дәрет алсын. Содан кейін екі рәкат намаз оқысын...» - делінеді хадисте[1]. 

- Қажет намазы не мақсатта оқылады? 

– Хадисте «Алладан немесе адамдардан сұрайтын қандай да бір қажеттілігі болып жатса» делінген. Осыған қарағанда, қажет намазы қалап жүрген халал нәрселеріне қол жеткізу мақсатында оқылады. Мысалы, қайғы-мұңнан арылу, емтиханды ойдағыдай тапсырып, оқуға түсіп кету, үйлену, тұрмыс құру, немесе ауру сырқауынан айығып кету, сауда-саттығына береке сұрау деген сияқты мұқтаж болған дүниелерін намаз оқып Алладан тілеуіне болады. Нәпсіні тізгіндеуді, күнәлі істерге бармауды, тақуалығын арттыруды да тілесе артық етпейді. Алла тағала Құран Кәрімде: «Ей мүминдер! Сабыр мен намаз арқылы Алладан жәрдем тілеңдер. Шынында Алла сабырлылармен бірге!», – дейді[2]. Осы аятта да бір қажеттілік туғанда намаз оқу арқылы Алладан тілеумізді айтып отыр. 

- Қажет намазы қанша ракағат? 

- Қажет намазы екі ракағат немесе төрт ракағат яки он екі ракағат етіп оқуға болады. Бірақ ғалымдардың көпшілігінің тоқтамы бойынша, қажет намазы - екі ракағат. Бұған жоғарыдағы хадис дәлел. Дегенмен, кейбір айтылған риуаяттарға сүйене отырып оның төрт ракағат екендігі немесе он екі ракағат екендігі де айтылған.

- Қажет намазында оқылатын арнайы сүрелер бар ма?

- Ханафи ғалымы Ибн Ғабидин р.а. (1783-1836 м.ж.) өзінің «раддуль Мухтар» атты еңбегінде Пайғамбарымыздан келген бір риуаятқа сүйне отырып, Құптан намазынанан кейін қажет намазын төрт ракағат оқығанда мына сүрелерді оқысын деген: 

Бірінші ракағатында - Фатихадан кейін үш рет аятуль курси.
Екінші ракағатында - Фатихадан кейін бір рет ықылас сүресі.
Үшінші ракағатында - Фатихадан кейін фалақ сүресі оқылады.
Төртінші ракағатта - Фатихадан кейін бір мәрте нас сүресі
Әйтсе де, аталмыш сүрелерді білмеген кісі фатихадан кейін өзінің білген сүресін оқи береді. 

- Қажет намазы қай уақытта оқылғаны дұрыс? 

- Кей ғалымдарымыз құптан намазынан кейін оқылғанын жөн санайды (Ибн Ғабидин де соның ішінде). Алайда, бұл - міндетті түрде сол уақытта оқылсын деген сөз емес. Нәпіл намаздарды оқуға рұқсат етілген кез-келген уақытта оқыла береді.

- Қажет намазы қалай орындалады?

- Ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) үйретуі бойынша:

Қажет намазын оқитын кісі алдымен толыққанды дәрет алады. Одан кейін қажет намазын оқымаққа ниет етіп, екі немесе төрт рәкәғат әдеттегідей намаз оқиды. Екі жағына сәлем беріп, намазын аяқтағаннан сон «Әлхамдулиллаһи раббил ъаләмин» деп Аллаға мақтау айтады. Пайғамбарымызға салауат айтады.

Салауаттан кейін қажет намазының дұғасын оқиды: 

لاَ اِلَهَ الاَّ اللهُ الْحَلِيمُ الْكَريمُ سُبْحَانَ اللهِ رَبِّ الْعَرْشِ الْعَظيمِ الْحَمْدُ لِلهِ رَبِّ الْعالَمِين اَسْئَلُكَ مُوجِباتِ رَحْمَتِكَ وَ عَزَآئِمَ مَغْفِرَتِكَ وَ الْغَنيمَةَ مِنْ كُلِّ بِرٍّ وَ السَّلامَةَ مِنْ كُلِّ اِثْمٍ لاَ تَدَعْ لي ذَنْباً الاَّ غَفَرْتَهُ وَ لا هَمّاً إلاَّ فَرَّجْتَهُ وَ لاَ حاجَةًَ هِىَ لَكَ رِضاً قَضَيْتَها يآ اَرْحَمَ الرَّاحِمينَ

«Ләә иләһә иллал-лоһул-халимул-кәрим. Субхан-Аллаһи Раббил-а’ршил-а’зим. Әл-хәмду лилләһи раббил-а’ламин. Әсәлукә мужибаати рахматика уә азаимә мағфиратикә уәл-ғанимәтә мин кули биррин уәс-сәләәматә мин кулли исмин ләә тәда’ ли зәнбән иллә ғафәртәһ уә ләә һәммән иллә фәррәжтәһ, уә ләә хәәжәтән һиә ләкә ридан иллә қадайтәһә иәә әр-рахамәр-рәхимиин».

Мағынасы: «Халим (биязы) әрі Жомарт Алладан басқа құдай жоқ. Ұлы арштың Раббы Алла барлық кемшіліктерден пәк. Хамд пен мадақ әлемдердің Раббы Аллаға ғана тән. Уа Аллаһым! Рақымдылығың қажет еттірген нәрселеріңді, ап-анық кешіріміңді, әрбір жақсылыққа жеткізуіңді, әрбір күнәдан алыстатуыңды сенен тілеймін. Күнәларымды кешір! Қайғы-мұңымнан арылт! Ризалығыңа лайық қажеттілігімді бер. Ей, рақымдылардың Рақымдысы, Аллаһым!»[3]

Қажет дұғасынан кейін: Алладан сұрағысы келген тілегін сұрайды.

ЕСКЕРТУ: Аллаға жасаған дұғасының қабыл болатынына іштей сенуі шарт. Қабыл болмайтын шығар деген күмән болмауы тиіс. Өйткені ардақты Алла елшісі дұға еткеннен кейін дұғаның қабыл болатынына іштей сенуді үйретіп, «дұғам қабыл болмай жатыр» деп асығудан тыйған.

- Сұрақтарымызға жауап бергеніңізге рахмет! Отбасыңызға амандық, деніңізге саулық, жұмысыңызға береке тілейміз!

Сұхбаттасқан Ерболат Айтбайұлы 

[1] Тирмизи, Китабуль Утір - №479 хадис
[2] "Бақара" сүресі, 153-аят

Published in СҰРАҚ-ЖАУАП
Page 1 of 3
Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы