Items filtered by date: Наурыз 2018

ҚМДБ жанындағы «Халал Даму» ЖШС-ның Қызылорда облысы бойынша жауапты өкілі П.Шарапатова өңірдегі «Халал Даму» ЖШС-ның «халал» сертификатын алған мекемелерінде кезекті инспекциялық бақылау жұмыстарын жүргізді.

Инспекциялық бақылау арқылы ҚМДБ «халал» сертификатын алған мекемелердің қызметінде халал стандарт талаптарының сақталуы қадағаланады.

Еске сала кетейік, ҚМДБ жанындағы «халал өнімдер мен қызметтерді сертификаттау бөлімі» ашылғалы бері еліміз бойынша 100ден астам мекемелердің сапалы өнімдері мен қызмет түрлерін арнайы тексерістен өткізіп, халал стандарты талаптарын қанағаттандырған мекемелерге ҚМДБ «халал» сертификатын берумен айналысып келеді.

Қызылорда облыстық «Ақмешіт-Сырдария»

мешітінің баспасөз қызметі

Published in ІС-ШАРАЛАР

Қызылорда облыстық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ұйымдастыруымен, мешіт жамағатының бірлігін арттыру мақсатында, әр аптаның бейсенбі күні тұрақты түрде дастарқан жайып, ауызашар жасау дәстүрге айналған еді.

Бұл жолы да, мешіт жанындағы асханада Ережеп айының құрметіне жайылған дастарқан басында ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілі Болатбек қажы Ұласқанұлы «Қасиетті үш ай: Ережеп, Шағбан және Рамазан» тақырыбында уағыз айтып, сауаптар еселенетін құлшылық айларының қадір-қасиетін түсіндірді.

Ауызашарға қатысқан жамағат тұрақты түрде ұйымдастырылып жатқан игі шара үшін мешіт қызметкерлеріне алғыстарын жеткізді.

Қызылорда облыстық «Ақмешіт-Сырдария»

мешітінің баспасөз қызметі

Published in ІС-ШАРАЛАР

Облыстық «Ақмешіт-Сырдария» мешітіне арнайы ат басын бұрған ақын Төреәлі Төлепов ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілі Болатбек қажы Ұласқанұлының қабылдауында болып, жақында тағайындалған басшылық қызметімен құттықтады.

Келелі кездесу барысында, Төреәлі мырза өкіл имамға қызметіне табыс тілеп, ата дәстүрмен шапан жапты.

Өкіл имам Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлы бекіткен «Ислам және отбасы» жылы аясында отбасы құндылықтарын халыққа насихаттау мақсатында ақын-жазушы секілді ел азаматтарымен бірлесе жұмыс жасауға үндеді.

Сондай-ақ, келген қонақтарды мешіт сәулетімен таныстырып, ізгі тілек білдіре келген ақ ниетіне алғыс ретінде, арнайы сый-сияпатын ұсынды.

Қызылорда облыстық «Ақмешіт-Сырдария»

мешітінің баспасөз қызметі

Published in ІС-ШАРАЛАР

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен 2018 жылы 25-26 сәуір күндері Құран Кәрімді жатқа және мәнерлеп оқу бойынша VII республикалық Құран жарысы өтеді. 

Қатысушының Құранды жатқа айтуына, тәжуидімен көркем оқуына баса мән беріледі.  Сайыс 10 пара, 20 пара, 30 пара, мәнерлеп оқу бойынша өтеді.  

Алматы қаласы бойынша іріктеу сайысы 10 сәуір күні болады. Ал, республика бойынша үміткерлердің құжаты 23 сәуірге дейін қабылданады.

Қатысушы талапкер бұрын өз наминациясы бойынша республикалық, халықаралық жарыстардан 1- орын алмаған болуы керек. ҚР азаматы болуы тиіс. Әр облыстан бір номинацияға бір үміткер қатысады (барлығы 4 үміткер).

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге автокөлік пен қаржылай сыйлықтар тапсырылып, сенртификатпен марапатталады.

ҚМДБ баспасөз қызметі

Published in ЖАҢАЛЫҚТАР

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Серікбай қажы Ораз Ташкент шаһарында орналасқан «HILOL-NASHR» атты ірі баспахананың жұмысымен танысты.

Ислам бағытында өнімдер шығаратын баспа үйінде отбасылық діни кітаптардан бөлек сенім мәселесі бойынша қоғамда туындаған сұрақтар негізінде сериялық материалдар жарық көреді екен. Сонымен қатар, баспа үйінде тіл ортылығы да жұмыс істейді.

Айта кетерлігі, баспадан жарық көрген діни туындылардың электронды нұсқасы да бар. Аталған діни өнімдер Өзбекстан мұсылмандары діни басқармасының мақұлдауынан өткен.  

Орталықтың жұмысымен танысқан Бас мүфти Серікбай Сатыбалдыұлы наиб мүфти Алау Әділбайға баспахана мен мүфтият қызметкерлері арасында тәжірибе алмасу шарасын ұйымдастыруды тапсырды.

Кездесу соңында баспахана басшылығымен бірлесе мүфтияттың жариялаған «Ислам және отбасы» жылы аясында қазақ-өзбек тілдерінде отбасы құндылығын дәріптейтін кітаптар шығару туралы уағдаластық жасалды.    

ҚМДБ баспасөз қызметі

Published in ЖАҢАЛЫҚТАР

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Серікбай қажы Ораз Өзбекстан Республикасына жасаған ресми сапары кезінде ежелгі шаһар – Самарқандағы әйгілі имам Әбу Абдолла Мұхаммед ибн Исмаил әл-Бұхари, имам Әбу Мансұр әл-Матуриди, ойшыл-ғалым Бұрханиддин әл-Марғинани, қолбасшы, би, батыр Жалаңтөс Баһадүрлердің кесенелерін зиярат етіп, рухтарына қасиетті Құран аяттарын бағыштады.

Сонымен қатар, Серікбай Сатыбалдыұлы ескі Самарқан орталығындағы Регистан, Гүр Әмір, Жалаңтөс Баһадүр салдырған медресе-кешендерін аралады. Самарқан қалалық мешітінде «Исламдағы бауырмашылдық» тақырыбында уағыз айтты. Қала мешіттерінің имамдарымен кездесіп, бауырлас елдердің діни саладағы байланысын нығайту бағытында алда атқарар шаралар жайлы әңгімелесті. Кездесу соңында Қазақстандағы Өзбекстан жылы аясында мәдени-рухани, ғылыми игі жобаларды бірлесе жүзеге асыру туралы уағдаласты.

ҚМДБ баспасөз қызметі

Published in ЖАҢАЛЫҚТАР

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Серікбай қажы Ораз Ташкент қаласында Төле Әлібекұлының қабірін зиярат етіп, бабамыздың рухына қасиетті Құран аяттарын бағыштады.

«Төле би бабамыз өз заманында Қазақ хандығының тұтастығы үшін күрескен, халқымыздың мақтанышына айналған ірі қайраткер, шешен, біртуар тұлға. Ол «Жеті жарғыны» жасаушылардың бірегейі. Дала заңын қалыптастыруға сүбелі үлес қосқан бабамыз дін мен дәстүріміздің үлкен жанашыры болды. Біз «Дін мен дәстүр» жылы аясында жұртымыздың жанашыр тұлғаларын дәріптедік. Бұл бағыттағы игі іс ұдайы жалғасын табады», – деді Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлы.

Зиярат ету рәсімінен кейін ҚМДБ төрағасы Өзбекстан мұсылмандары діни басқармасының лауазымды қызметкерлеріне жуырда жарық көрген «Ұлы дала төсіндегі Ислам» атты тарихи-танымдық кітапты сыйға тартты.

ҚМДБ баспасөз қызметі

Published in ЖАҢАЛЫҚТАР

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Серікбай қажы Ораздың Өзбекстанға жасаған ресми сапары барысында екі елдің діни мерекелеріне қатысты ортақ пәтуа шығару туралы келісім жасалды.

Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлы мен Өзбекстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Османхан қажы Алимовтың қатысуымен өткен екі жақты кездесуде діни мерекелерді бірізге түсіру мәселесі талқыланды.

Ресми басқосуда Серікбай қажы Ораз қазақ-өзбек ұлтының ұстанатын мәзһабы мен діни сенімі бір екенін атап өтіп, діни мерекелерді бірізге түсіру қажеттігін сөз етті. Өз кезегінде Өзбекстан мүфтиі Османхан Алимов бұл ұсынысты қолдайтынын мәлімдеп, бауырлас елдердің діни саладағы байланысын одан ары нығайта түсу керек екенін тілге тиек етті.

Екі жақты кездесу нәтижесінде ортақ меморандум қабылданды.

«Тараптар діни мерекелерді (ораза, құрбан айт, т.б.) Һижри жыл санауы бойынша бірізді өткізуге, заманауи өзекті мәселелерде ортақ пәтуа, шешім шығаруға міндеттеледі», – делінген өзара ынтымақтастық туралы меморандум мәтінінде.

«Өздеріңізге белгілі, осыған дейін біздің арамызда діни мерекелердің күніне қатысты айырмашылықтар болды. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында өзбекстандық әріптестерімізбен келісім негізінде өзара ынтымақтастық туралы меморандум қабылдадық. Меморандумда көрсетілген мәселелер бойынша өзекті тақырыптар аясында ортақ пәтуалар мен шешімдер қабылдайтын боламыз», – деді Бас мүфти Серікбай қажы Ораз өзбекстандық БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

ҚМДБ баспасөз қызметі

Published in ЖАҢАЛЫҚТАР

Халқымыз үшін «Наурыз» – көктемгі жаңарудың, ақ пейіл мен татулықтың мерекесі. Ол – өткенді саралап, болашағымызды болжайтын ерекше кезең.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында атап көрсеткен «ұлттық код» ұғымын сақтап, дәстүріміз бен рухани құндылықтарымызды қайта жаңғырту жолында аталмыш мерекенің қосар үлесі көп.

Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлы «Наурыз – ізгілік пен игіліктің мерекесі» атты мақаласында ұлттық мерекеміз жайлы: «Ұлыстың ұлы күнінде жасалатын ұлттық әдет-ғұрыптардың ұрпаққа берер тәрбиесі мен тағылымы мол. Асыл дінімізбен үйлескен ұлттық мерекеміз адамзат баласын бауырмалдық пен татулыққа, мейірбандық пен достыққа үндейді.»-деп, маңыздылығына мән берген.

Осы орайда, ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешіті жанындағы алаңда ұлттық мерекеміз - Наурыз облыстық деңгейде аталып өтті.

Аталмыш шарада ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілі, Бас имам Болатбек қажы Ұласқанұлы барша халықты төл мерекемен құттықтап, әр шаңыраққа береке-бірлік, ырыс-ынтымақ тіледі.

Жалпы халықтық тойға жиналған көпшілік қазақы үйлерде арнайы жайылған дастарқан басында арнайы басылған 3 қазан палаудан, 2 қазан наурыз көжеден, пісірілген бауырсақ пен тәттілерден дәм татып, қасиетті қара домбыраның күмбірі мен термешілердің термесін тыңдап, ұлттық ойындар тамашалап, ерекше көңіл күймен тарқасты.

ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен ұлттық нақышта аталып өткен облыстық Наурыз мерекесінде жиналған қауым арасынан ерлер жамағаты «қазақша күрес», «қол күрес», «арқан тартыс», «гір көтеру» спорттық ойындарынан сынға түсіп, жүлделі орын алған қатысушылар ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкіл имам атынан мақтау қағаздар мен қаржылай сыйақымен марапатталды.

Сондай-ақ, ұлттық нақышта безендірілген қазақы үйлердің бірінде Қызылорда облысы бойынша «әйелдер-қыздар» секторының жетекшісі Файзуллина Марал Темірбекқызының ұйымдастыруымен облыстық «Ақмешіт-Сырдария» мешіті әйел шәкірттерінің қатысуымен дәстүріміз дәріптеліп, тұсаукесер рәсімі өтіп, қариялар батасын берді.

Қызылорда облыстық «Ақмешіт-Сырдария»

мешітінің баспасөз қызметі

Published in ІС-ШАРАЛАР

Наурыз - дана халқымызда қай кезде де еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмес бірліктің, ырыс пен ынтымақтың, қамқорлық пен мейірімділіктің мерекесі болып келген. Бір дастарқан басында барша тума-туыс жиналып, наурыз көжеден дәм татып, бір-біріне қуаныш сыйлау арқылы туыстық қатынасты күшейту - мерекенің басты мақсаты.

Алайда, мерекелік дастарқан жайып, қонақ күтпек тұрмақ, күнделікті ішер асын жеткізе алмай жүрген мұқтаж отбасылар қаншама.

Осы орайда, наурыз мерекесі қарсаныңда, ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілі, Бас имам Болатбек қажы Ұласқанұлының тапсырмасымен, облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінде қайырымдылық шарасы ұйымдастырылып, әлеуметтік жағдайы аз қамтылған 30 отбасыға азық-түлік үлестірілді.

Қайырымдылық шарасында көмек алғандар мереке қарсаныңда әлеуметтік жағдайларын ескеріп, көмек көрсеткендері үшін өкіл имамға алғыстарын білдірді.

Қызылорда облыстық «Ақмешіт-Сырдария»

мешітінің баспасөз қызметі

Published in ІС-ШАРАЛАР
Page 1 of 3
Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы