Items filtered by date: Сәуір 2018

Бүгін Алматыдағы «Алатау» дәстүрлі өнер театрында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұйымдастырған VІІ республикалық Құран жарысының қорытынды рухани кеші өтті.

Дін жанашырлары мен демеушілерінің қаржылай қолдауымен өткен жүлде қоры 17 млн. теңгені құрайтын сайысқа республика бойынша 500-ден астам жас қарилар қатысты. Олар төрт бағыт бойынша бақ сынасты: Құранның 10 парасын жатқа оқу, Құранды мәнерлеп оқу, 20 пара Құранды жатқа айту және қасиетті кітапты толық (30 пара) жатқа оқу.

Игі іс-шарада сөз алған Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлы:

«Құран оқылған, оған амал етілген үйде, жерде, елде тыныштық орнайды, Алланың берекеті болады. Бұдан түйетін ой – Құрансыз өмірдің мәні де сәні де жоқ. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде: «Үйлеріңізде Құран Кәрімді көп оқыңыздар. Себебі Құран оқылмаған үйде жақсылық, береке аз болады. Ондай үй-іші әрдайым қиыншылықта болады. Яғни, ондай үйде тыныштық болмайды»,– деген. Қарайған жүректерге нұр беруші – Құран ғана», – деп жиналған жамағатты жақсылыққа, ізгілікке шақырып, әділ қазы мүшелеріне алғысын жеткізді.

Кеште сөз алған белгілі жазушы Смағұл Елубай мен Алматы қаласы әкімінің кеңесшісі Мамай Ахмет жарысқа қатысқан қариларды құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.

Рухани кеште белгілі сазгер Жәкен Омаров арнауын орындап берді. Сондай-ақ, рухани ән-күй шырқалып, Құранның хикметтері жайлы бейнеролик халық назарына ұсынылды.

4 бағыт бойынша марапатқа ие болған қарилардың тізімі мынадай:

30 пара Құранды толық жатқа оқу бойынша:

  1. Бас жүлде – Нағманов Нағим Серкұлы (Маңғыстау) – Автокөлік
  2. ІІ орын - Хакимов Фазлидин Абдихужаұлы (Астана) – 2 млн. тг
  3. ІІІ орын - Жахсылыков Еркебұлан Сержанұлы (Жамбыл) – 1,5 млн. тг

20 пара Құранды жатқа оқу бойынша:

  1. І орын - Хокимов Махмадрахим (СҚО) – 1,5 млн. тг
  2. ІІ орын - Сатешов Сақи Мұхтарұлы (Маңғыстау) – 1 млн. 250 мың тг.
  3. ІІІ орын - Қартбаев Саламат Алашұлы (Ақтөбе) – 1 млн. тг.

10 пара Құранды жатқа оқу бойынша:

  1. І орын - Кенешбай Қуаныш Нұрланұлы (Алматы өңірі) – 1 млн. тг.
  2. ІІ орын - Сейтқасым Ерқанат Серікұлы (Астана) – 750 мың тг.
  3. ІІІ орын - Мыңжасов Арыстан Қожамбетұлы (Маңғыстау) – 500 мың тг.

Құранды мәнерлеп оқу бойынша:

  1. І орын - Турдақынұлы Такен (Ақмола) – 500 мың тг.
  2. ІІ орын - Битенов Ерлан Базарбайұлы (Астана) – 300 мың тг.
  3. ІІІ орын - Бектұрғанов Баубек Бердіғалиұлы (Алматы) – 150 мың тг.

Сонымен қатар, әрбір өңірлерден келіп қатысқан жүлделі орындарға ие бола алмаған қариларға арнайы Алғыс хат пен 50 мың теңге көлемінде қаржылай сыйлықтар табысталды.

 ҚМДБ баспасөз қызметі

Published in ЖАҢАЛЫҚТАР

Бүгін Қызылордада «Қазақи қасиеттерімізді жаңғыртудағы облыс ардагерлер ұйымдарының міндеттері» жайлы облыстық ардагерлер форумы болып өтті.

Форумға мемлекет және қоғам қайраткері, Қызылорда облыстық «ардагерлер ұйымының» төрағасы С.Шаухаманов, ҚМДБ-ның облыстағы өкілі Б.Абуов, облыстық ішкі саясат басқармасы басшылары, қала және аудан имамдары, аудан әкімдерінің орынбасарлары, аймақтағы ардагерлер ұйымдарының мүшелері қатысып, рухани жаңғыру бағдарламасы аясында қазіргі уақытта белең алып кеткен жаназа және жерлеу рәсімдері мен той-томалақтардағы аста төк ысырапшылдық пен ынсапсыздықты саралап, салдарын талдап, індетке айналып бара жатқан мәселенің түпкі түйінін тұжырымдады.

Облыстық өкіл имам Болатбек қажы Ұласқанұлы форум қатысушыларына оқыған баяндамасында:

«Әр дінде, әр мәдениет пен өркениетте марқұмдарын әрқалай жерлейді. Жаназа мен жерлеу рәсімдерін пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) бүге-шүгесіне шейін айтып, көзі тірісінде көрсетіп те кеткен. Біздің ата-бабамыз соның барлығын ұрпақтан-ұрпаққа аманат етіп қалдырып келеді. Десек те, кейбір өңірлерде, әсіресе кейінгі кездерде шариғаттан ауытқып, жерлеу рәсімдеріне дінде де, дәстүрде де жоқ нәрселерді енгізіп жібергеніне куә болып жүрміз. Осындай олқылықтарды жойып, жерлеу рәсімдерін бірізділікке келтіріп, оны атқару барысында шариғат талаптарының сақталуы үшін ҚМДБ «Жаназа және жерлеу рәсімдері» кітабын жарыққа шығарды» - деп, келушілерге алдын-ала таратылған аталмыш кітап төңірегінде жөн-жоралғыларды өткізуде орын алып жүрген дінге қайшы өрескел қателіктер мен астамшылықтарға жеке-жеке тоқталып, шариғат талаптарын түсіндірді.


Форум соңында, аймақтағы ардагерлер ұйымының алқа мүшелері де өздерінің жасаған баяндамаларында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына дер кезінде шығарылған «Жаназа және жерлеу рәсімдері» кітабының тигізіп жатқан пайдасын ескере отырып, алғыстарын білдірді, талқыға түскен олқылықтарды түпкілікті түзету жолында бірлесе жұмыс жасайтындықтарын жеткізді.


Қызылорда облыстық «Ақмешіт-Сырдария»

мешітінің баспасөз қызметі

Published in ІС-ШАРАЛАР

ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Әйелдер-қыздар» секторының ұйымдастыруымен «Ақмешіт-Сырдария» мешітінде биылғы «Ислам және отбасы» жылы аясында «Отбасы – бала тәрбиесіндегі алғашқы мектеп» тақырыбында семинар-тренинг өтті.

Өкіл имам Болатбек Ұласқанұлы:

«Қазақ халқының ислам дінімен ұштасқан, тамаша қалыптасқан отбасылық тәрбиенің озық үлгісі ғасырлар сынынан өткен, ұлағат пен өнеге сіңген зор тағылымдардың құндылығының жиынтығы деуге болады. Тәрбие бастауы отбасыдан басталады. Отбасы тәрбиесінің тамаша үлгісінен ұлағатты ұрпақ өсіп шығады. Егер, отбасында ынтымақ болса, қоғамда да бірлік пен тыныштық салтанат құрады»,- деп Отан отбасыдан басталатынына ерекше тоқталып, сахаба аналарымыздың өмірінен өнегелі насихат айтты.

Семинарда арнайы шақыртылған коуч-тренер У.Мустафаева, облыстағы «Әйелдер-қыздар» секторының жетекшісі М.Темірбекқызы мен қажы апалар қатысушы әйел жамағатқа аталмыш тақырып аясында ғибратқа толы өнегелі оқиғалар, уағыз-насихаттар айтып, ақыл-кеңестерін беріп, сұрақтарына жауап берді.

 

Қызылорда облыстық «Ақмешіт-Сырдария»

мешітінің баспасөз қызметі

Published in ІС-ШАРАЛАР

ҚМДБ-ның Қызылорда облысындағы өкіл имамы Болатбек қажы Ұласқанұлының кезекті сапары Жалағаш ауданында жалғасын тапты.

Мешіттер мен қызметкерлерінің жағдайымен танысу мақсатында арнайы ат басын тіреген  Бас имам аудан әкімінің орынбасары Р.Ержановпен кездесу өткізіп, аймақтағы діни ахуал тұрақтылығын сақтау  шаралары, ҚМДБ төрағасының жаңа бастамалары мен өкілдіктің жоспарлары жөнінде сөз қозғап, ұсыныстар жасады.

Бұдан кейін,  ауданға қарасты құлшылық мекендерін аралап, мешіт тазалығы мен жаңадан салынып жатқан мешіт құрылысының жұмыс барысымен танысып,  жамағатпен жүздесіп, аудандық ардагерлер төрағасы С.Әлиевтің батасын алды. Сонымен қатар,  мұражайға барып, тарих тереңінде жатқан тұлғалардың өмірінен тағлым алды. 

Имам-молдалардың қатысуымен өткен жиында Бас мүфтидің бастамаларын тілге тиек етіп, мақсатын ашықтап түсіндірді. Адам өзгеге өнеге болу үшін, өзгеруді өзінен бастау керектігін жеткізіп, ҚМДБ төрағасы Серікбай қажы Ораздың «Өзгеруді өзіңнен баста» үндеуі арқылы қоғамдағы үлгілі тұлға эталонына айналуға шақырды.

Жиын соныңда, аудан көлемінде атқарылуы тиіс жоспарлы шараларды пысықтап, жүйелі түрде жүзеге асырылуын, «Ислам және отбасы» жылы аясында мешіттерде отбасылық мәселелер бойынша «Кеңес беру орталығының» ашылуын тапсырды.

 

Қызылорда облыстық «Ақмешіт-Сырдария»

мешітінің баспасөз қызметі

Published in ІС-ШАРАЛАР

ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілі Болатбек қажы Ұласқанұлының Арал ауданындағы іс-сапарында биылғы негізгі үш бастама қолдау тауып, аудан көлемінде кеңінен насихатталды.

Күні кеше ғана, ҚМДБ-ның облыстық өкілдігінің ұйымдастыруымен бастау алған «Әр отбасыдан бір тал» қайырымдылық акциясына Бас имам Болатбек қажының аудандық орталық мешіт ауласына көшет отырғызуы тағы да леп бергендей.

Бұдан кейін, өкіл имам мешіттің тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында жамағатпен жүздесіп, сұхбат жүргізді. Ауданға қарасты кент, ауылдық округ және елді мекен имамдарының қатысуымен өткен алқалы жиында дін қызметкерлерінің жұмыс жоспарларын пысықтады.

Жиын барысында, ҚМДБ төрағасының «Өзгеруді өзіңнен баста» бастамасы кеңінен түсіндіріліп, «Жаназа және жерлеу рәсімдеріне» қатысты өзекті мәселелер талқыланып, жергілікті халыққа насихатталуы тыпсырылды. Бекітілген «Ислам және отбасы» жылында атқарылуы керек жүйелі шаралардың жоспарлы жүзеге асырылуын назарға алып, аудандық мешітте ашылған «Кеңес беру орталығына» келген отбасының арасында сыр сақтауды қатаң ескертті.

«Отбасы – ұлт болашағы» тақырыбында ұйымдастырылған аудандық семинарға қатысып, аудандағы мұғалімдер мен алдагерлер алқасы, мектеп оқушалырына оқыған баяндамасында отбасы қалыптасуындағы ислам дінінің алар орнына, асыл құндылықтарына тоқталды.

Сапар соңында, Өкіл имам аудан әкімі М.Ә.Оразбаевпен кездесіп, аймақтағы діни ахуал, мешіттердің кадрлармен қамтамасыз етілуі жайлы сөз қозғап, ойға алған жоспарларымен бөлісті, ұсыныстарын жеткізді. Кездесу соңында, аудан әкімі өкіл имамға алғысын білдіріп, бастамаларына сәттілік тіледі.

Қызылорда облыстық «Ақмешіт-сырдария»

мешітінің баспасөз қызметі

Published in ІС-ШАРАЛАР

ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Жастар ісі» секторының ұйымдастыруымен өткен «Әр отбасыдан бір тал» акциясы аясында «Атамекен» отбасылық үлгідегі балалар ауылының ауласына көшет отырғызылды.

Бас мүфтиіміз Серікбай қажы Ораз бекіткен «Ислам және отбасы» жылына орай ұйымдастырылған шарада Облыстық өкіл имам Болатбек қажы Ұласқанұлы бастаған бір топ белсенділер: өкілдік жанынан құрылған «Шын жүректен» еріктілер тобы, мешіт жамағаттары мен жанашыр кәсіпкерлер 120 түп көшет отырғызып, көгалдандыру жұмыстарына өз үлестерін қосты.

Сонымен қатар, аталмыш мекемеге қажетті құралдар, дәлірек айтқанда, газон коселкасы мен арба, 5 суқұйғыш, 10 күрек, 10 тырма, 10 кетпен сыйға тартылды.

Айта кетейік, бұндай ізгі шара бірінші рет ұйымдастырылып отқан жоқ. Өткен жылы да отырғызылған 60 түп көшет бүгін де жайқалып, аулаға көрік беріп тұр.

Бұдан кейін, «Атамекен» отбасылық үлгідегі балалар ауылының тұрғындары қолдаушы ағаларының көмегіне рахметі ретінде өнерлерін көрсетіп, жетістіктері мен қызықты сәттерімен бөлісу үшін қонақтарға үйлерін аралатып, жеке бөлмелерімен, қызығушылықтарымен таныстырды. Сондай-ақ, өз қолдарымен пісірілген тағам түрлерін ұсынып, дастарқан басында емен-жарқын сұхбат жүргізді.

Сұхбат барысында, Бас имам Болатбек Ұласқанұлы:

«Дін исламмен біте қайнасқан дәстүрімізге негізделген бабалар мұрасын сақтай отырып, ұлттық отбасы мектебі қағидаларының көмегімен сапалы да саналы ұрпақ тәрбиелеу - басты міндетіміз. Біздің болашағымыз – сіздерсіздер! Келешекте елімізге елеулі, отансүйгіш, иманды азамат болатындарыңызға сеніміміз кәміл. Өркендерің өссін, айналайындар! Алла жәрдемшілерің болсын!» деп, жас жеткіншектерге жылы лебізін жеткізді.

Жанашыр ағаларының ақ батасын алған балалар ізгі мақсатта игі жақсыларды бастап келген Бас имамға алғыстарын білдіріп, естелікке қолөнер туындысын тарту етті.

Қызылорда облыстық «Ақмешіт-Сырдария»

мешітінің баспасөз қызметі

Published in ІС-ШАРАЛАР

Бүгін «Евразия» спорт кешенінде ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен «Бірлігі жарасқан жамағат» ұранымен өткен облыстық спартакиадада мешіт жамағаттары сайысқа түсті.

Қызылорда қаласына 200 жыл толу құрметіне орайластырылған сайыстың басты мақсаты: жамағат арасындағы бірлікті, бауырмашылықты, салауатты өмір салтын ұстануды насихаттау, жалпы құндылықтарды, гуманизмді және толлеранттылықты қалыптастыру.

ҚМДБ-ның облыстағы өкілі Болатбек қажы Ұласқанұлы:

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Өз балаларыңа садақтан оқ атуды, суда жүзуді және атқа мінуді үйретіңдер» - десе, тағы бір хадис шәріпінде Аллаға әлсіз мұсылманға қарағанда, күшті мұсылман жақынырақ және сүйіктірек екенін айтқан. Спорт – Алланың бекіткен парыздары мен ілім алудан кейінгі ең абзал әрекет.Сәттілік серіктеріңіз болсын. Баршаңызды қаламыздың 200 жылдығымен құттықтаймын!» -деп, сайыскерлерге сәттілік тіледі.

Облыстық мешіт жамағаттарынан 8 құрама жасақталып, 8 кезеңнен тұратын «үй тапсырмасы» «аламан», «қаппен секіру», «кім жүйрік», «арқан тарту», «теннис жарысы», «капитандар сайысы» спорттық ойын түрлерінен күш сынасып, оза шапқан жүйріктері:

І-орын Жалағаш аудандық «Иманқұл» мешіті құрамасы (50 000 тг);

ІІ-орын тобы Қазалы аудандық «Жанқожа батыр» мешіті құрамасы (30 000 тг);

ІІІ орын тобы Қармақшы аудандық «Қармақшы ата» мешіті құрамасы (20 000 тг)

жүлделі орындарға ие болғандарды Бас имам қаржылай сыйақылармен марапаттап, өзге командаларға сайысқа белсене қатысып, керемет ойын көрсеткендері үшін алғыс хат табыстады.

Сондай-ақ, Бас имам облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасының басшысы О.Акимов мырза мен қызметкерлеріне салауатты шараның жоғары деңгейде өткізілуіне белсене атсалысқаны үшін алғысын білдірді.

Сайысқа қатысушылар ұйымдастырушыларға аталмыш форматтағы шаралардың жамағат бірлігін арттыруға өз септігін тигізетінін алға тартып, жиі өткізілсе деген тілектерін жеткізді.

Қызылорда облыстық «Ақмешіт-Сырдария»

мешітнің баспасөз қызметі.

Published in ІС-ШАРАЛАР

ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінде облыстық Құран жарысы өтті.

Құран Кәрімді ұлықтау мақсатында өткізілген ауқымды шарада ҚМДБ-ның облыстағы өкіл имамы Болатбек қажы Ұласқанұлы өзінің алғы сөзінде:

«Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде: «Құранды оқушы құлға қиямет күні, оқы көтеріл, дүние өмірінде қалай көркемдеп оқысаң солай оқы. Сенің мәртебең, ең соңғы оқитын аятың» дейді. Құран өзін оқығанға шапағатшы. Сіздер - екі дүние бақытының кілті Алланың кәләмін жаттаған бақытты жансыздар. Сіздердей салихалы ұрпақтарымыздың санының көбеюі біз үшін үлкен қуаныш. «Бақ шаба ма, бап шаба ма» демекші, бүгінгі сайыста баршаңызға сәттілік тілеймін» - деп, игі шараны ашып берді.

Шара қонақтары Қызылорда облыстық «ардагерлер ұйымының» төрағасы Сейілбек Шауқаманұлы:

«Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы қария сәлем береді деген, сіздердің дәрежелеріңіз жоғары. Ұлттық құндылығымыз - Ислам. Еліміздің болашағы жастар десек, рухани жаңғыру жолында осындай жастарымыз көбейсе, келешегіміз үшін алаңдамауға да болады.»

«Облысымызда осындай құран байқауы тұңғыш рет жоғары деңгейде ұйымдастырылғанына барша қонақтар куә. Осындай шаралар көп болсын. Ұйымдастыруыңның өзінде, шақыруыңның өзінде - үлкен бір мәдениеттіліктің, білімнің иісі жатыр. Құтты болсын, айналайын, талабың оң болсын!» - деп, өкіл имамға риза болып, қатысушыларға ізгі тілегін жеткізді және де қоғам қайраткерлері Сәби, Пәзілбек ақсақалдар да қатысушыларға ақ баталарын берді.

Облысқа қарасты аймақтардан жиналған 40-қа жуық үміткер қарилар Құран Кәрімді жатқа және мәнерлеп оқудан сынға түсіп, жүйрік деп танылғандары:

 

«Құран Кәрімнің 30 парасын жатқа оқу» номинациясы бойынша

І-орын Айдаров Әбдіқадір (150 000 тг)

ІІ-орын Азизов Абдухалық (100000 тг)

ІІІ орын Ходжанепесов Сердар (70000 тг)

 

«Құран Кәрімнің 20 парасын жатқа оқу» номинациясы бойынша

І-орын Абжалов Азамат (100000 тг)

ІІ-орын Бабажанов Әмірхамза (70000 тг)

ІІІ-орын Әбілсейітұлы Әділқазы (50000 тг)

 

«Құран Кәрімнің 10 парасын жатқа оқу» номинациясы бойынша

І-орын Садуов Шыңғыс (70000 тг)

ІІ-орын Зайтжан Сержан (50000 тг)

ІІІ-орын Табын Мұхамедсали (30000 тг)

 

«Құран Кәрімді мәнерлеп оқу» номинациясы бойынша

І-орын Асқарұлы Берік (50000 тг)

ІІ-орын Аюбай Нұрмұхамед (30000 тг)

ІІІ-орын Бақытжан Ерали (20000 тг)

 

жүлделі орындармен марапатталып, І-орын иегерлері VII республикалық Құран байқауына жолдаманы қанжығаларына байлады. Орын алмаған қатысушыларға алғыс хаттар таратылды және де Дүйсенбеков Бекзатхан қариға көзінің көрмейтініне қарамастан, еш мойымай Құран Кәрімді жаттап жүргені үшін Өкіл тарапынан ақшалай сыйақы табысталды.

Аталмыш сайыста төрелік етуге арнайы шақыртылған Алматы қаласындағы «Нұр-Мүбарак» Египет Ислам мәдениеті университетінің оқытушысы, PhD доктор Мұхаммед Абдулхамид Хаттаб қатысушылардың деңгейін жоғары бағалап, баршаға ризашылығын білдірді.

Сондай-ақ, құран жарысының қонақтары ақсақалдарға, қоғам қайраткерлеріне, демеуші кәсіпкерлерге, қатысушылар мен мешіт жамағаттарына ас берілді.

 

Қызылорда облыстық «Ақмешіт-Сырдария»

мешітінің баспасөз қызметі

Published in ІС-ШАРАЛАР

«Өзгеруді өзіңнен баста!»: ҚМДБ-ның облыстағы өкілі Болатбек Ұласқанұлы Қазақ гуманитарлық заң және техникалық колледжінің студенттерімен өткен кездесуінде жастарға осылай үндеу тастады.

«Алла Тағала «Рағыд» сүресінің 11-аятында«Қайсыбір қауым өзін-өзі өзгертпейінше, Алла оны өзгертпейді» деп баяндаған. Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлының дін қызметкерлері арасында тастаған «Өзгеруді өзіңнен баста!» деген ұранында: Егер адам өзгерсе, оның көршісі өзгереді. Одан кейін қоғам өзгереді. Бұл мәселеде әр адамның ойы, сана-сезімі өзгеруі маңызды» демекші, біз әлемді өзгертуіміз үшін ең алдымен өзімізді өзгертуіміз қажет», - деді Бас имам.

ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Жастар ісі» секторының ұйымдастыруымен еркін пікір алмасу форматында өткізілген кездесуде «адам өзгеруі үшін не істеуі керек», «айналасындағылармен көркем мәміледе болу», «дінді дұрыс ұстану», «ата-ананың разылығына жету», «бос уақытты тиімді пайдалану жолдары» секілді тәрбиелік мәні бар мазмұнды тақырыптар төңірегінде өкіл имам тарапынан өнегелі өсиеттер, ғибратты әңгімелер, өмірлік мысалдар келтіріліп, сұрақтарға тұщымды жауап берілді.

Елбасымыз атап өткендей, рухани құндылықтарымызды қайта жаңғырту арқылы болашақ ұрпаққа сапалы тәрбие беру мақсатындағы игі шараның ұйымдастырылуына мұрындық болған өкіл имамға колледж директоры Марат Шайхысламұлы қоғамның негізгі күші – жастарымызды тәрбиелеуде жасап жатқан бастамалары үшін алғыс білдіріп, қызметіне сәттілік тіледі.

 

Қызылорда облыстық «Ақмешіт-Сырдария»

мешітінің баспасөз қызметі

Published in ІС-ШАРАЛАР

Үш күнге созылған Облыстық имамдардың білімін жетілдіру семинары жоғары деңгейде өткізіліп, нәтижесінде қатысушыларға өкілдік тарапынан дайындалған сертификат табысталды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен қала және аудан имамдарының білімін жетілдіру семинары басталғанын хабарлаған едік.

Жан-жақты қамтылған семинар жоспарына сәйкес, облыстағы білікті мамандар: Б.Убаев, Д.Құрманбаев, Ә.Ақбаев, Б.Сүлейменов, М.Абжалелов, Қ.Отызбаев, П.Шарапатова және облыстық Дін мәселелерін зерттеу орталығының қызметкерлерінің қатысуымен:

  • Ханафи мазхабының намаз тарауындағы дәлелдері
  • Дағуат мәселелері
  • Муташабих аяттар мен хадистерді түсіну тәсілдері
  • Жаназа және жерлеу рәсімдері
  • Құран сабағы
  • БАҚ пен әлеуметтік желілерді тиімді пайдалану. Мақала жазу әдісі
  • «Тағам өнеркәсібіндегі қауіпсіздік пен сапаны қамтамасыз етуде Халал стандартының рөлі»
  • Дін мен дәстүр
  • Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заң
  • «Зайырлы мемлекет – қоғам дамуының кепілі»

бағыттары бойынша сабақтар жүргізілді.

Сондай-ақ, семинардың соңғы күнінде «Зайырлы мемлекет – қоғам дамуының кепілі» тақырыбында өткен дөңгелек үстелде ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілі Б.Абуов, ОІІД-нің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкері, АТТ мүшесі Е.Тұрахметов, Облыстық ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Н.Алтынбеков, облыстық дін мәселелерін зерттеу орталығының қызметкерлері және «Жәрімбет» мешітінің бас имамы Ә.Ақбаев өзекті мәселелер бойынша баяндамалар оқып, имамдардың сұрақтарына жауап берді.

Өкіл имам Болатбек қажы Ұласқанұлы жергілікті «Qyzylorda», «Қоғам Тв» телеарналары мен «Сыр бойы» газетіне берген сұхбатында семинардың басты мақсатын атап өткендей: «Имам – исламның айнасы һәм жауапты тұлға. Қазіргі қоғамға қажетті білімді де білікті имамдар дайындау - басты міндетіміз»-деп, аталмыш жобаның тиімділігі мен пайдасы көп екенін түсіндіріп, жалғасын табатынын жеткізді.

 

Қызылорда облыстық «Ақмешіт-Сырдария»

мешітінің баспасөз қызметі

Published in ІС-ШАРАЛАР
Page 1 of 3
Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы