Сәрсенбі, 30 Наурыз 2016   |   1094 рет оқылды

НЕКЕ ҮКІМІ

Неке – әйел мен еркектің өмірін бір арнаға тоғыстыратын, Алланың алдында бір-біріне адал жар атандырып, бір-бірін Жәннатқа сүйреуге жол ашатын аса маңызды рәсім. 

Ислам дінінде «үйлену» деп шариғат тыйым салатын тосқауыл болмаған жағдайда, ер кісінің әйелді және әйел адамның ерді пайдалануына рұқсат ететін келісімді атайды. Бұған синоним ретінде «неке» (никах) сөзі де қолданылады. Ол «қосылу, кірісу» деген мағынаны білдіреді.

Неке қию – ең абзал келісім. Неке екі кісінің сүйіспеншілік, мейірімділік жібімен байланып, ұрпақ көбейтуіне, жұбайлардың зинадан сақтануына себепші болады.

Сол себепті ,неке қиюға қатысты негізгі  7 қағиданы білуіміз қажет.

1. Неке қиюға кедергі болатын тыйымдардың болмауы

Яғни, әйел де, еркек те туысқандық немесе сүттес жақындықтың себебімен  шариғат заңы бойынша (бір-бірлерімен) үйленуіне болмайтындай жандар болмауы керек. Мұсылман әйелге мұсылман емес еркекке тұрмысқа шығуына тыйым салынады, ал мұсылман еркекке Кітап иелерінің (яһудилер мен христиандардан) ары таза әйелдерінен басқа, Аллаға иман келтірмейтін әйелдерге үйленуіне болмайды.

2. Ұсыныс (Ижәб)

Неке екі жақтың біреуі ұсыныс жасауымен әрі осы ұсынысты екінші жақтың қабыл алуымен жүзеге асады. Бұл жерде ұсыныс (болашақ) ері, оның уәлиі немесе уәкілі тарапынан шығып, оны әйел, оның уәлиі (қамқоршысы), немесе ол (әйел) кәмілет жасына толған болса, оның сенім тапсырылған адамы қабылдайды ма, әлде керісінше болады ма – мұның айырмашылығы жоқ. Ұсыныс әйелдің уәлиі (қамқоршысы) болашақ күйеуге: «Мен сені қызыма үйлендірдім» немесе «Қызымды саған тұрмысқа бердім» немесе осы сияқты сөздерді айтуымен жасалады.

3. Қабыл алу (Қабул)

Қабыл алу болса болашақ күйеудің: «Мен (осындай әйелге) үйленіп отырмын» немесе «әйелдікке алдым» немесе «әйелім ретінде қабыл алдым», - деуімен іске асады. Ұсыныс сондай-ақ болашақ күйеуден: «Маған қызыңды тұрмысқа бер», - деп келуі мүмкін, ал уәли (қамқоршы): «Мен сені (оғанүйлендірдім», - дейді. Немесе көздеген мақсатқа жету үшін (ұсыныстың) кез келген басқа түрі де бола береді.

4. Некеге тұратын адамдарды олардың аты-жөндерімен атау немесе оларға меңзеу т.с.с арқылы нақтылау;

5. Күйеу мен әйелдің келісімі.

Бұған дәлел Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Бұрын тұрмыста болған әйел некеге келісімін бермейінше, тұрмысқа берілмейді. Тұрмыста болмаған қыз да оның келісі болмайынша, тұрмысқа берілмейді»,- деген сөздері. Адамдар: «Ал ол келісімін қалай білдіреді?», - деді. Ол (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Оның келіскені – үндемегені (яғни ол келісімін ашық айтудан ұялатын шығар)», - деді (Бұхари).

6. Неке әйелдің уәлиінің (қамқоршысының) рұқсатымен қиылады.

Бұған дәлел Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Қандай бір әйел уәлиінің (қамқоршысының) рұқсатынсыз тұрмысқа шықпасын, оның некесі жарамсыз. Оның некесі жарамсыз. Оның некесі жарамсыз!», - деген сөздері. Хадис сахих (сенімді). Қз.: «әл-Ируа» № 1840;

7. Некені куәландырып, ол туралы басқаларға жария ету.

Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деді: «Неке уәлисіз және екі куәсіз жарамсыз (болады)» («Сахих әл-Жәми’»). Сондай-ақ мұның міндетті екендігі Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Некені жария етіңдер», - деген сөздерімен күшейеді («Сахих әл-Жәми’» № 1072).

Неке қию үкімдері

Неке қию – міндет жүктейтін әрі сол міндетті орындау шарт екенін білдіретін келісім. Себебі ерлі-зайыптылар осы келісім бойынша бір-біріне тиесілі құқықтарды орындауға міндетті саналады. Неке қиюдың негізгі үкімдері:

Біріншісi: Екеуінің арасында ерлі-зайыптылық орнап, жар төсегiне жатуына болады. Сондай-ақ құдалық қатынас орнайды, яғни күйеу балаға қайын енесі, келінге қайын атасы (үйленуі) харам етіледі және екеуі де мұрагерлік құқыққа ие болады.

Екіншiсi: Неке ер кісіге төмендегі істерді орындауды міндеттейдi:

а) Мәһр. Уәде еткен сыйының барлығын немесе бiр бөлiгiн беруі тиіс.

ә) Нәпақа, яғни асырау, киіндіру, баспанамен қамтамасыз ету сияқты т.б. қажеттіліктерді өтеу міндеттеледі.

Үшіншісi: Әйелге төмендегі істерді орындау міндеттеледі:

а) Ер адам неке шарттары бойынша әйелге басшы болады. Әйелі ерінің талап-тәрбиесiне мойынсұнып, оның ақыл-парасатымен келісіп, айтқандарын орындауға міндетті.

ә) Шариғат үкімі бойынша рұқсат етілген істерде әйелі күйеуіне бағынады. Үйден шығарда рұқсат сұрайды, кез келген баратын жерін жарымен ақылдасады.

б) Етеккір сияқты үзірлі себебі бар жағдайлардан басқа уақытта жар төсегiнен бас тартуға хақы жоқ.

                   Қаратал ауданың бас имамы: ӘбударданТаласбай

Әлеуметтік желілерде бөлісуді ұмытпаңыздар

Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы