Сәрсенбі, 27 Сәуір 2016   |   651 рет оқылды

ШЫНШЫЛДАР АЛЛАНЫҢ МАДАҒЫНА ЛАЙЫҚ

Әлемдегі барша құбылыс кез келген адамды таң қалдырмай қоймайды. Күн, ай, жұлдыздардың жүйелі қозғалысы, төрт мезгілдің ретімен шатаспай келуі, барша жаратылыстың жұп болуы, ой мен сананың тек қана адам баласына тән болуы және осы іспетті айналамыздағы таңғажайып құбылыстардың барлығы адамды еріксіз ойға шомдырады. Міне, мұншалықты жүйе мен мәнді де маңызды құбылыстар біздерге өмірден мән мен маңыз іздеу керектігін айтып тұрғандай сезімге бөлейді. Ендеше адамзат өмірінде елеулі орын алатын өтіріктің антонимі - шындық жайлы аз-кем сөз қозғап көрелік.   

Шындықтың өмірдегі мәні қалай, сіз сол ұғым жайлы не білесіз? Біз шындықтың не екенін, шыншылдардың жағдайы мен шындықтың Алланың алдындағы маңызы мен мәнін білеміз бе? Егер осы сұрақтарға да дұрыс жауап бере алмасақ, ақты қара деп адасатынымызға ешкім кепілдік бере алмайды. Біз мұсылман болғандықтан ең алдымен күдігі жоқ кітап Құран Кәрімге жүгінеміз. Өйткені, Құранда:

«Ей, мүминдер! Аллаға бой ұсынып, Пайғамбарға әрі өздеріңнен болған әмір иелеріне бой ұсыныңдар. Сонда егер бір нәрсеге талассаңдар, оны Аллаға, пайғамбарға ұсыныңдар: Егер сендер Аллаға, ақырет күніне иман келтірген болсаңдар. Міне, осы қайырлы да нәтижеде жақсы». (Ниса, 4/59) деп кез келген істі шешудің жолын көрсеткен.

Құранда ата-баба, туған-туысқандармен емес, әрбір істе шыншыл адамдармен бірге болып, жақсы қарым-қатынаста болыңдар деп бұйырды:

«Ей, мүминдер! Әділдікте мықты тұрып, егер өздеріңнің, әке-шешелеріңнің және жақындарыңның зиянына болса да, Алла үшін айғақ болыңдар; бай немесе кедей болса да. Өйткені, Алла екеуіне де тым жақын (Олардың халін біледі). Ендеше, әділдік істеуге нәпсіге ермеңдер. Егер тілдеріңді бұрып, шындықты бұрмаласаңдар, шәксіз Алла не істегендеріңді толық білуші» (Ниса, 135).

Шыншыл, әділетті болу жайында мысалдар Ислам тарихында көптеп кездеседі. Кааб ибн Мәлік пен екі мұсылман бауыры шынын айтып қатаң сынға түскені бізге таптырмас мысал бола  алады. Олар нәтижесінде, яғни 50 күнге жуық уақыттан соң, Алланың марапатына ие болады.

«Соғыстан қалған үшеуінің де тәубесін қабыл етті. Тіпті, оларға жер кең бола тұра тар келген еді. Өздерінен өздері тарылып, Алладан басқа ешбір пана жоқтығын аңғарды. Содан кейі Алла оларға тәубе нәсіп етті. Шынында Ол Алла, тым тәубе қабыл етуші, өте мейірімді» (Тәубе, 118).

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) қиын-қыстау кезеңдерде жанынан бір елі қалмаған Каабты қорғаштамай, Аллаһтың бұйрығы - шындықты жақтауы, аздан гөрі көпшілікті, бөгдеден гөрі туысқанды қорғаштауға болмайтынын, таңдаған кезде тек шындықты - Алланың разылығын таңдауымыз керектігін үйретеді. Сондықтан да Алла, достарыңмен немесе туысқандарыңмен бірге жүруді емес, тек шыншындармен бірге жүруді бұйырды.

Пайғамбарымыз (с.а.у): «Шыншылдық жақсылыққа жетелейді, ал  жақсылық жаннатқа жетелейді. Шыншыл болу адамның өзіне байланысты. Алланың кітабында шыншылдар қатарынан орын алу үшін алдымен сөзінде, қарым-қатынасында, әрбір амалында шыншыл болуға әрекет жасайды. Өтірікші болу да бірте-бірте болады, тіпті Алланың кітабында  өтірікшілер қатарынан орын алады. Өтірік жамандыққа жетелейді, ал жамандық тозаққа апарады».

Осы хадис бізге, айтқан әрбір сөзіміз, істеген әрбір ісіміз соңы тозаққа апаратын өтірікке айналып кетуінен сақтануымыз керектігін көрсетеді.

Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Күмәнданған нәрсеңді таста, күмәнсізін ал. Себебі шындық - тыныштық, өтірік – уайым әкеледі», деп ескерткен.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) жан-дүние тыныштығының кілті – шындық деп көрсетті. Өміріне өтірік араласқан адамның көңілі, пікір-ойы әрдайым әуре-сараңда дал болып жүретіндігі күмәнсіз. Мұхтар Әуезов ағамыз да шыншылдықтың жақтаушысы екенін мына сөзімен дәлелдейді: «Әділет тілесе, атаңның болсын айыбын айт». Ал, Бауыржан Момышұлы ағамыз; «Өтіріктің балын жалап өмір сүргенше, шындықтың уын ішіп өлген артық» деген қанатты сөздері кез келген адамға ой салары анық. Қазақ атамыз «өтірікшінің шын сөзі де зая» дейді. Ендеше, қамшының сабындай қысқа ғұмырымызды өтіріктің өртімен өртеп күл қылғанша, шындықтың туын желбіретіп, Алланың мадағына лайық өмір сүруді көбірек ойланайық. Ендігісін өзіңіз таңдаңыз.  


Фейзулла Тәйтелиев
Әлеуметтік желілерде бөлісуді ұмытпаңыздар

Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы