Жұма, 29 Сәуір 2016   |   881 рет оқылды

ЖАҚСЫ МЕН ЖАМАН

IWSR ұйымының 2013 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан арақ ішуден 5-орынға шыққан. Кейбір мәліметтерге қарағанда Қазақстанда 200 мыңнан астам адам маскүнемдікке шалдыққан. Ал, дүние жүзінде 2012 жылы 4 миллиард 440 мың литр арақ ішілген. Оның жартысын бұрынғы кеңес одағының құрамына енген мемлекеттер құраған.

Нақты мәліметтерге сүйенсек 2012 жылы жан басына шаққанда Ресейде әр адамға 13,9 литр арақтан келген. Ресей арақ тұтыну жағынан тізімнің басында тұр. Екінші ел – Беларусь. Онда бір адам жылына 11,3 литр арақ ішетін болып шықты. Үшінші және төртінші орындарда - Украина (7,7 литр) мен Польша (7литр). Бесінші орында - Қазақстан. Қазақстанда жыл сайын жан басына шаққанда 5,9 литр арақ ішіледі. Қазақстан ішкі істер министрлігінің мәліметіне сәйкес, араққа құмар жастардың үлес салмағы артып келеді екен. Апаттық көрсеткіш жаңа жыл мерекесі жақындағанда тіпті еселеп артатыны белгілі. 31-күні ел болып ақыл-есімізден алжасамыз. Ақыл-есі дұрыс адамдардың бір күнде жаппай ішімдік ішуі - ақылдың дерті. Интелектуалды өлімдеген осы емес пе? Бұлай деп өзеуреп, данышпансымай-ақ  қойсақ та болады. Өйткені, ішімдіктің ағзаға қаншалықты зиян екенін әр адам айтпаса да жүрегінің түпкірінде сезеді. Ендеше, әуелде жүрегімізге бекітілген осы «сезіну», ақ-қараны ажырата білу қабілеті қашан, қалай пайда болды?

Осы мәселені Йельск университетінің Психологтары жылдар бойы зерттеп, нәресте қай уақыттан бастап жақсы мен жаманды ажырата алады деген сауалдың шешімін тапқан.

Профессор Пол Блум мен бір топ ғалымдар бесіктегі балаға ұзақ уақыт түрлі зерттеулер жасап, нәтижесінде, алты айлық бала түр-келбеті мен қимыл-қозғалысы жағымсыз қуыршақтарға қарағанда әдемі, жылы жүзді қуыршақтарды жағымды эмоциямен таңдап алған. Ғалымдар осы сияқты түрлі экспериментерді жасай келе, бесік жасындағы бала жақсы мен жаманды ажырата алады деп қорытынды жасайды. Сонда өмір тәжірибесі әлі қалыптаспаған нәресте мұндай сезімталдық қасиеттерді қайдан алған?

Блум The New York Times басылымындағы мақаласында «Егер адам мейірімді болса, бұл қасиет келесі ұрпаққа да ген арқылы жағымды ақпарат болып беріледі. Сондықтан, мұндай адамнан рухы еркін, иманды, ер көңілді, мейірім-қайырымы мінезімен тұтасқан тәрбиелі ұрпақ дүниеге келеді» дейді. Ол осы мақалада ХХ ғасырдың танымал  психологтары Зигмунд Фрейд, Жан Пиаже мен Лоуренс Кольберг нәрестенің болмысы туралы қате қоғамдық сана қалыптастырғанын сынға алады. Бұл ғалымдар «Сәби  - адамгершілік қасиеттері әлі қалыптаспаған жануар. Тек қоғам өзінің адамгершілік принциптерін баланың бойына сіңіреді» деген жалған пікірді насихаттады. Ал, бұл түсінік үлкен зерттеулер мен сараптамалардың қорытындысы емес, бар болғаны «адам маймылдан жаратылды» деген жеңіл пікірден алына салған көшірме болатын депащы сынға алады.

Биологиялық процестер мен мәдениет біріге отырып адамгершілік қасиеттерді қалыптастырады деген кеңестік кезеңдегі пікірлер шындыққа жанаспайды. Сәби алты айлығынан бастап, жақсылық пен жамандықты ажырата алатыны дәлелденді. Пол Блум өзінің еңбегінде адамдар неғұрлым мейірімді, мәдениетті, иманды болған сайын оның гені соғұрлым өміршең, әрі қуатты болады дейді. Мәселен, адамға тән сезім-түйсігі жоқ жан-жануарлар жабайы, жыртқыш болып келеді. Ал, өсімдіктердің альтруистік қарым-қатынасы ғалымдар үшін әлі күнге дейін түсініксіз.

Шын мәнінде, адамгершілік қасиеттер кездейсоқтықтан пайда болмайды. Біріншіден, жақсы мен жаманды ажырату қабілеті табиғи сұрыпталудан пайда болады дейтіндей, ол дене сияқты қозғалмайды және ешқандай ДНҚ-дан тұрмайды. Ол дене мүшесі немесе дене мүшесінің бір бөлігі де емес. Сондықтан, ол табиғи дене ретінде зерттелмейді. Бұл факторлар жинақтала келіп, адам дүниеге адамгершілік сезімімен бірге келетінін дәлелдейді. Екіншіден,  адамда жаман мен жақсыны ажырата білу қабілетінен бөлек, ол екі қасиеттің біреуін таңдау қабілеті де бар. Бұл, өздігінен қалыптасады деуге бола ма?

Сезім-түйсік ерекше бір күштің арқасында, адам дүниеге келмей тұрып-ақ құрсақта жатқанда пайда болып, сол таза болмысымен дүниеге келген кезде жақсы мен жаманды ажырата біледі. Жақсы мен жаманды ажырату бір мәселе. Оны таңдау екінші мәселе. Ал, бұл тәрбие мәселесіне де қатысты емес пе?

Әрине... Жалған дүниедегі тірі пенденің жұбанышы не? Бойыңдағы ыстық қаныңды құйып, тамырыңды иітіп, өзегіңді жарып шыққан бала. Өзегіңнің өртеніп тұратыны да сондықтан. Қолқа жүрегіңді қоса үзіп беретін нәрестең үшін аянар мейірім жоқ. Сәби – рухани жағынан да, жан дүние тұрғысынанда, сезім мен таным жағынан да кіршіксіз пәк. Бала армандағы елес. Ертеңгі күннің бейнесі. Сондықтан болар ең нәзік сезімдер сәбидің жүрегімен жалғасып жатады. Құран Кәрім бұл хақиқатты былай баяндайды: “Сен жүзіңді Алланың жаратқан фытратына сай дінге бұр, Ол адамдарды соған бейім қылып жаратты. Алланың жараталысы өзгертілмейді».(30/Рум, 30 ) Ал, Ардақты Пайғамбарымыз: «Әрбір туылған нәресте жаратылысынан тап-таза сенімімен туылады. Содан соң ата-анасы (асыраушысы) оны не христиан, не яһуди не болмаса отқа табынушы етеді», – дейді (Бухари, Жаназалар 79, 80, 93; Муслим, тағдыр 22-25). Бұл шындықты ғылымда дәлелдеді, өмірлік тәжірибе де дәйектейді.

Әрбір адамның табиғатында ненің жақсы, ненің жаман екенін ажырату сезімі мен қабілеті бар. Бұл жақсы мен жаманды ажырата білу қалыбы әрбір адамның түп негізгі болмысы. Шынайы дін сол табиғи жаратылысымызға сай келеді. Адамдар жаман деп білетін нәрсені хақ дін де тыйым салады. Мысалға алдау, ұрлау, арақ ішу, зина жасау, балағаттау сияқты теріс әрекеттерге тыйым салып, шын сөйлеу, садақа беру, бөлісу, адал ас жеу, әурет жерді жабу, өсімсіз қарыз беру секілді адамның жан-жүрегі қалап тұратын ізгілік атаулыны хақ дін істе деп бұйырады. Алайда діннен алыстап кеткен адамдар уақыт өте келе жақсы мен жаманды ажыратудан қалады. Жамандыққа еттері үйреніскендігі соншалық, кейбір адамдар алдауды, кейбіреулері көшеде денесін жалаңаштап жүруді, кейбіреулер пара алуды, кейбіреулер арақ ішуді болуы тиіс, міндетті іс деп есептеуі мүмкін. Бірақ олар өз фытратын, таза жаратылыстық қалпынан айрылған адамдар. Ал, хақ діннің мақсаты оларды әуелгі таза фытратына қайтару.

Хакім Абай: «Адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, оған замандастарының бәрі кінәлі»,– деп, әуелгі фытратты бұзатын себептің бірі қоғамдық тәрбие екенін айтады. Сондықтан да Абай алғашқы фытраттан алшақтамау үшін «Бес нәрседен (өсек, өтірік, мақтаншақтық, еріншектік, текке мал шашпақтық) қашық бол, Бес нәрсеге (талап, еңбек, ойшылдық, қанағат, рахым) асық бол, Адам болам десеңіз» деп, өз елін, келешек ұрпағын имандылыққа, түзу жолға насихаттап, «...адам баласын тәрбиелеуге болмайды деген адамның тілін кесер едім»,- дейді. Ал, Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с) «Ешбір әке ұрпақтарына көркем тәрбиеден артық сыйлық бере алмайды»,– деп, өзін мұсылман сезінетін әр пендеге Алланың мейіріміне апарар тура жолды нұсқайды.

Уақыт өтіп, ақырет алаңына біртабан жақындаған сайын ғылым діннің хақ екенін осындай жойқын дәлелдерімен айшықтай түсуі құр ұқсастық, тікелей сәйкестік болмаса керек...


Әсет Бектұр
Әлеуметтік желілерде бөлісуді ұмытпаңыздар

Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы