Жұма, 06 Мамыр 2016   |   727 рет оқылды

ПЕРІШТЕДЕН АДАМ АРТЫҚ

Әр нәрсенің түп-тамырын білген қандай жақсы. Әсіресе, адамзат  баласы өзінің ата тегі, түп төркіні жайлы неғұрлым көбірек білгені құба-құп. Ата тек дегенде, әрқайсымыздың жеті атамыз бен жетпіс бабамызды ғана емес, оның  арғы жағындағы Адам атамыздың тарихын айтқым келеді. Бүгінгі мынау қым-қуыт дүрбелең тіршіліктің арасында жүріп, кейде біз адам деген ардақты жаратылыс жайлы ой жүгіртпей қоятынымыз бар.

Ал, шындығында, әу баста Адам атамыздың дәрежесі періштелерден де жоғары болғанын білетін бе едіңіз? Иә, атамыз Адамды Алла Тағала жер мен жеті қат аспан былай тұрсын, күндіз-түні құлшылықтан бас алмайтын періштелерден де артық етіп жаратқан. Қасиетті Құранда келген Адам атаның жаратылу қиссасына тереңірек үңілсек, осыған көз жеткіземіз.

Есіңізде болса, бұл қисса былай баян етілген: «Сол кезде Раббың періштелерге: «Мен жер бетінде өзіме өкіл-халифа жаратамын»,– деді. Сонда періштелер: «Ол жерде күнә бұзықтық жасайтын (жаратылыс үйлесімін бұзатын) және жазықсыз қан төгетіндерді жаратасың ба? Ал, біз болсақ,  Сені әрдайым мадақтап, (бүкіл кемшілік атаулыдан) пәктеуден, (Саған  құлшылық жасаудан) бір босаған емеспіз», – деп жауап қайырды. Алла Тағала: «Мен сендер білмейтін нәрселерді білемін», – деді. Сөйтті де Адамға (оған Алланың сәлемі болсын) бүкіл атауларды үйретті. Содан соң періштелерге барлық нәрсені көрсетіп: «Қане, айтқандарың рас болса, мыналардың есім-атауларын жеке-жеке атап беріңдер» деп пәрмен етті. (Уа, Алла Тағаламыз!) Сен бүкіл кемшілік атаулыдан (мәнсіз, мағынасыз, хикметсіз нәрселерді жаратудан) пәксің, Біз Өзіңнің үйреткендеріңнен өзге ештеңе де білмейміз. Шын мәнінде, нағыз Білуші һәм шексіз-қиырсыз хикметтер мен үкім иесі Жалғыз Өзіңсің», – деді. Сол кезде Алла  (Адамның періштелерден артықтау жаратылыс екенін білдіру үшін): «Әй, Адам! Сен оларға анау нәрселерді өз аттарымен атап бер», – деп бұйырды. Адам (а.с.) оларды жеке-жеке атап шыққанда,  Алла Тағала періштелерге: «Әне, Сендерге аспандар мен жердің сырлары мен құпияларын, сондай-ақ сендердің ашық айтқандарың мен іштеріңе сақтап тұрғандарыңды Мен жақсы білемін» деп айтқан жоқ па едім» деді. («Бақара» сүресі, 30-33-аяттар)

ӘЛҚИССА. Қиссаны Жаратушы Раббымыз Мұхаммед пайғамбарға арнайы аят етіп жіберуінде терең мән жатыр. Мынадай бір қағида бар: «Атаға жасалған жақсылық – ұрпаққа жасалған жақсылық». Ендеше, Құранда Адам атамызға қандай нығметтер берілген болса, оның бәрі  түп-түгел бізге де берілді деп ұққан жөн.  Ал, енді қиссаға келейік.

Адамды өкіл етіп жарату.

Бұл аятта келген «халифа» деген сөз «біреудің орнын басатын өкіл» дегенді білдіреді. Жер бетінде Алла Тағаланың үкімдерін іске асыратын, бұйрықтарын орындайтын болғандықтан, Адам баласы халифа-өкіл болып жіберілген. Бұл бір.

Екіншіден, бұл сөздің астарында жер жүзін адамға дейін өзге бір жаратылыс мекен еткен деген мағына бар деп топшылайтын ғалымдар бар. Мысалы, тәпсірші Уаһбатуз Зухайли солай дейді (Тәфсируль мунир, (30 томның) 1 томы,  125-бет.). Олар кімдер екені анық білдірілмеген. Алайда, басым пікір бойынша, жындар әлемі болуы ықтимал. Ендеше, сол жаратылыс өзінің жердегі міндеттерін толық атқармағандықтан, Алла Тағала олардың орнына адамзатты өкіл етіп жіберген дейді.

Үшіншіден, Адам атамыздан кейін де ұрпақтан ұрпаққа, ғасырдан ғасырға бұл халифалық міндет жалғасуы керек. Бүгінгі таңда да адам баласы өзінің Алла Тағала тарапынан әспеттеліп, ардақталып жіберілген қадірлі жаратылыс екенін ұғынғаны дұрыс.

Тағы бір ұғатынымыз, халифа жарату туралы хабар берілгенде, періштелер бұл мақам-дәрежеге өзгеден бұрын өздері ие боламыз деп ойлады. Бірақ олай болмай шықты. Аллаға өкіл-халифа болу деген ұлы мәртебеге періштелер емес, адам баласы лайық екен. Міне, көрдіңіз бе, адамның әу бастағы қабілет-қарымы, мүмкіндігі, деңгейі осындай болған. Бірақ ұрпақ ауысқан сайын осы ақиқатты сезінуден алыстап бара жатқанымыз удай өкінішті. Ойлаңызшы, періштелер жете алмаған мәртебе кімге берілді? Ет пен сүйектен жаратылған адамға, яғни бізге! Қалай ойлайсыз, бұл бізге ешқандай жауапкершілік жүктемей ме? Әрине, жүктейді. Жер бетіне ұлы халифа болу – жерде жатқан оңай мәртебе емес. Ол ұлылықтың, ардақтылықтың белгісі.

Бүкіл жаратылыс  тік тұрып, құрақ ұшып адамға қызмет етуде. Мысалы, түйе малының үстіне мінеміз, шұбатын ішеміз, етін жейміз. Сол жануар бір рет бізге қың етіп, қарсылық білдіріп көрді ме? Жоқ. Жылқы, сиыр, қойлар ше? Сол секілді көктегі күн, жердегі су, ортадағы ауа – бәрі де адам қызметінде. Жер бетінің биологиялық, химиялық, физикалық ерекшеліктерін зерттеген сайын адамға берілген билік алаңының қаншалықты кең екенін топшылаймыз. Айталық, жарқырып тұрған Күн – энергия атаулының жалғыз ғана көзі ме? Әрине, жоқ. Жер астынан бөлінетін өзге де қуат көздері бар. Қара жердің астында түрлі-түрлі радиоактивті шөгу процестері жүріп жатқанын білеміз. Соның нәтижесінде ыстық температура пайда болады. Ол да жер үстіне энергия көзі болып шығатынын ғалымдар бүгінде дәлелдеп отыр. Осының бәрі оңай билік емес қой ойлағанға. Қарапайым ғана шыбын мен масаның адамға қызмет етіп жүргеніне не дейсіз? Сонау мұхиттардың түбінде 400 градус ыстықта тіршілік ететін микроағзалар бар. Біле білсек, олар да адамға қызмет етеді. Соны көріп, Алланың құдіретіне көз жеткізсек, ақырет әлемінің хақ екеніне шынайы иман келтірсек, олардың бір қызметі сол.

Басқаны былай қойғанда, періштелердің өзі адамға қызмет етіп жүрген жоқ па? Екі иығымызда екі жазушы періште, бәле-жаладан сақтаушы періштелер, адам үшін кешірім тілеп, дұға ететін періштелер – бәрі де сіз бен біздің қызметімізде жүр. Ақыл жүгіртіп көрсек, мына қара жер неше рет адамға толтырылып, неше рет босатылды. Соның бәрінде періштелердің қызметі бар. Осы жерде тағы бір болжам жасағым келеді. Сонау жұмақ жұртында жүрген Адам атамызға Алла Тағала бүкіл жаратылыстардың аттарын үйретті. Ал, ең соңғы Пайғабарға түскен алғашқы бұйрық «Оқы!» болды. Бұл деген сөз, адам баласы ақыл қабілеті мен иман қуатын дұрыс пайдаланса, талай-талай беймәлім тылсымдардың сырын ашады. Олай болса, адамның өз қадірін білмей, төменге қарай құлдырауына бірінші себеп – ғылым-білімге немқұрайлы қарауы.

Неге Алла адамды таңдаған?

Жоғарыдағы аятта періштелердің: «Біз Сені әрдайым мадақтап, (бүкіл кемшілік атаулыдан) пәктеуден, (Саған  құлшылық жасаудан) бір босаған емеспіз» деген сөз баян етілді. Бұл сөздің астары да өте терең. Періштелердің ісі – құлшылық, Алланы пәктеп, мақтап, мадақтау. Олар Аллаға сол артықшылығын алға тартты. Алайда Жаратушы Иеміз: «Мен сендер білмейтінді білемін» деп, Өзіне періштелерді емес, адамды халифа-өкіл етті. Ол екеуін сынақтан да өткізді. Сонда Алла разы болсын, Атамыз адам жоқтан бар болып жаратылған күллі жаратылыстардың атын атып, түсін түстеп берді. Не деген терең білім десеңізші. Періштелердің өзі Алланың құзырында тұрып, соны мойындады. Мойындағанының белгісі ретінде бәрі бірге Адам атамыздың құрметіне бас иіп сәжде етті. Адам періштеден артық дейтініміз сол.

Бүгінгі күнге шолу.

Бұл айтылғандар адамның ата тегі қандай асыл екенін білдіретін бұлтартпас дәлелдер. Ал, енді соған қарамастан, бүгінгі адамдар түрлі-түрлі күнәдан бас көтере алмай жүргеніне қынжыламыз. Арақ-шарап, зинақорлық, құмар ойындары, өсек, өтірік, көре алмаушылық – санай берсек таусыла ма?  Бұл, әрине,  Алла Тағаланы жеткілікті танымаудың, ақырет жұртына толық иман келтірмеудің көрінісі.  Әйтпесе, Алла Тағала осыншалықты ардақты етіп жаратқан құлына жүктейтін белгілі бір міндеттердің, бұйрықтардың, тыйымдардың болатынын кез келген ақыл иесі ұғынса керек. Құранның өзінде: «Мен жындар мен адамзатты тек қана Маған құлшылық етсін деп жараттым» деген анық аяты тұрған жоқ па? («Зарият» сүресі, 56-аят).

Ал, енді Құранның аяттарын дұрыс түсіне алмайтындар үшін өмір мен мына дүниенің аяттарын шамамыз келгенше келтіруге тырыстық. Алла Тағала баршамызға жаратылу мақсатымызға қарай өмір сүруді нәсіп етсін.


Асылбек ӘУЕЗХАНҰЛЫ
Әлеуметтік желілерде бөлісуді ұмытпаңыздар

Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы