Сейсенбі, 10 Мамыр 2016   |   1178 рет оқылды

ЕҢ ЖАҚСЫ ТӘУБЕ – ЖАСТАРДЫҢ ТӘУБЕСІ

Алты бірдей жақсы нәрсе (қасиет) бар, алайда, сол алты нәрсе алты түрлі адамның бойынан табылса, тіптен жақсы: Әділдік – жақсы қасиет, бірақ, ол басшылардың бойында болса, тіптен жақсы. Жомарттық – жақсы қасиет, бірақ, ол байлардың бойында болса, тіптен жақсы. Тақуалық – жақсы қасиет, бірақ, ол ғалымдардың бойында болса, тіптен жақсы. Сабырлылық – жақсы қасиет, бірақ, ол кедейлердің бойынан табылса, тіпті жақсы. Тәубешілдік – жақсы қасиет, бірақ, ол жастардың бойынан табылса, тіпті жақсы. Ұяттылық – жақсы қасиет, бірақ, ол әйелдердің бойынан табылса, тіпті жақсы.

(Хазірет Әлі (р.а.) жеткізген, Әлі әл-Муттақи, Кәнзул-Уммаль, 15-1349, 1353, 16-175. Мунәуи, Фәйзуль-Қадир, 4-378. Суюутый, Жәмиғу-Ссағир, 8292-хадис)

Хадиске түсіндірме: Бұл хадисте бірқатар асыл қасиеттер тілге тиек етілуде. Ал енді, осынау асыл қасиеттер белгілі бір адамдардың бойынан табылып жатса, нұр үстіне нұр болмақ. Соның бірі – жастар бойындағы тәубешілдік қасиеті.

Тәубе сөзінің тілдік мағынасы қайту, оралу дегенді білдіреді. Ал, діндегі мағынасы күнәға батып, тура жолдан таю арқылы Алладан алшақтап кеткеннен кейін пенденің істеген күнәсі үшін өкініш білдіріп, Раббысына қайта оралуы, жүрегіне дақ түсіріп, жан-дүниесін шайқалтқан күнәсін жуып-шаюуы дегенді білдіреді. Ал, тәубе етудің маңыздылығына келсек, Құран Кәрімде тәубе етудің өте маңызды екенін білдіретін әрі тәубешіл жандардың артықшылығын баяндайтын көптеген аяттар бар, соның бірі: «Шүбәсіз, Алла тәубешіл жандарды және (тәндік һәм рухани кірлерден) тазаланушыларды жақсы көреді», – деген аят[1]. Сондай-ақ, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Құлы тәубеге келгендегі Алла Тағаланың қуанышы қайсы біреуіңнің шөл далада жоғалтып алған түйесін ойламаған жерде кезіктірген сәттегі қуанышынан әлдеқайда артық», – деп[2], Алла Тағаланың пендесі тәубеге келгенде қатты қуанатындығын жеткізген. Енді бір хадисінде пенде қанша жерден күнәға батса да, шыбын жаны алқымына келіп тірелмейінше, Алланың мейіріміне үміт артып, шын ниетімен тәубе еткен жағдайда тәубесі қабыл болатындығын шегелеп айтқан. Иә, мұның бәрі бізге тәубенің адам баласы үшін қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Өйткені, Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Барлық адам күнә-қателік жасайды. Ал, пенделікке бой алдырып, күнә-қателік жасағандардың ізгі-жақсылары уақыт оздырмай тәубе еткендер», – деген[3]. Осы орайда, әсіресе, алды-артын аңдамайтын албырт жастардың шалыс басып, күнәға батуы бек мүмкін. Тіпті, жастардың егде адамдарға қарағанда күнә-қателікке жиі ұрынуы таңғаларлық жайт емес. Өйткені, қызуы мен қызығы мол албырт шақта арыны күшті нәпсіні құмарлық атаулының бәрінен бірдей тыя білу кімге болса да оңайға соқпасы бесенеден белгілі. Міне, сондықтан да, жоғарыдағы хадисте егде тартып, құмары мен күш-қуаты кеміген адамның тәубесіне қарағанда, албырт жастың тәубесінің Алла дәргейінде алар орны алабөтен екендігі айтылуда. Ендеше, Аллаға шын көңілден иман еткен әрбір жас асау нәпсіге жеңіліп, күнәға батқан бойда бірден есін жиып, істеген күнәсі үшін аһ ұрып, Аллаһтан кешірім тілеуі керек. Кешірім тілеп қана қоймай, нәпіл намаз оқу, нәпіл ораза ұстау, қайыр-садақа беру және өзін Алланың мейіріміне бөлейтін басқа да игі істер істеу арқылы күнәсін жуып-шайғаны, сөйтіп, жүрегіне түскен дақтан дер кезінде арылғаны дұрыс. Мұны істеген жастың рухани жан-дүниесі ұдайы тірі болып қала бермек. Ал, істеген күнәсі үшін титтей де қынжылмайтын парықсыз, ғапыл пенденің тәні тірі болса да, рухы тірі, көкірегі ояу деуге келмейді. Осыған байланысты «Фурқан» сүресінде былай делінген: «Кімде-кім (істеген күнәсі үшін) аһ ұрып, тәубеге келсе, әрі иман етіп, (өзін һәм қоғамды түзетуге бағытталған) игі істер істесе, оның жөні бөлек. Алла ондай жандардың жамандықтарын жақсылыққа (күнәларын сауапқа) айналдырады. Алла өте кешірімді, (әсіресе, тәубе етіп, Өзіне жан-тәнімен бет бұрған құлдарына) ерекше мейірімді»[4]. Иә, бұл аятта күнә жасағаннан кейін уақыт оздырмай тәубеге келіп, игілікті істер істегендердің тәубесі қабыл болатындығы, тіпті, күнәлары сауапқа айналатындығы баяндалуда.

Осы орайда, хазірет Омар (р.а.) халифа болған кезеңде орын алған мына бір оқиғаны айта кетсек артық болмас. Бір күні хазірет Омар (р.а.) Мәдина көшелерінің бірінде келе жатып, қойнына шиша тығып алған бір жас жігітті кезіктіреді. Содан әлгі жігіттен: «Қойныңдағы не?» – деп сұрайды. Сонда қапелімде хазірет Омармен ұшырасам деп ойламаған әлгі жігіт қатты қысылғаннан: «Уа, Аллам, мені хазірет Омардың алдында масқара ете гөрме! Күнәмді жасыра гөр, сөз берем, ендігәрі шарап ішпеймін», – деп, ішінен тәубе етіп, жалбарынады. Ақыры тілге келіп: «Уа, мүміндердің әміршісі, қойнымдағы сірке суы», – деп қалай айтқанын өзі де аңдамай қалады. Хазірет Омар оған: «Қане, көрсетші», – деп, қойнындағы шишаны алып қарағанда, ішіндегісі шынымен сірке суы болып шығады[5]. Иә, мейірімі шексіз Алла құлы шын ниетімен тәубе еткендіктен харам шарапты адал сірке суына қалай айналдырса, күнәға белшесінен батқан күнәһар құлдары күнәлары үшін шынымен өкініп, тәубеге келсе, Алла олардың күнә шарабын құлшылық сіркесіне айналдырары сөзсіз.

Иә, ислам тарихында үлкен күнәні былай қойғанда, харамға көзі түсіп кеткені үшін аһ ұрып, сәждеге бас қойған, күнәсін жуып-шаю үшін мұқтаж жандарға қайыр-садақа беруге асыққан, Алладан күндіз-түні кешірім тілеп, жүрекке түскен қара дақты көз жасымен жуып-шайған қаншама тәубешіл жандар, соның ішінде қаншама тәубешіл жастар болды десеңші. Жүректі шайтанның улы оқтарынан қорғау әрі шалыс басып, күнәға батқан бойда бірден аһ ұрып, тәубе ету олардың өмірдегі ең басты ұстанымы еді десек артық айтқан болмаймыз.

Адам баласы жаратылысынан қателесуге, күнә жасауға бейім келеді. Қазақта осынау ақиқатты меңзейтін пайғамбар хадисімен мағыналас «сүрінбейтін тұяқ, жаңылмайтын жақ болмайды», – деген аталы сөз бар. Біздің сенімімізде күнәдан пәктік тек періштелер мен пайғамбарларға ғана тән қасиет. Ендеше, мәселе, періштедей күнә атаулыдан пәк болу емес, мәселе, нәпсіге еріп немесе қателесіп күнә жасап қойған жағдайда бірден тәубе етіп, Алладан кешірім тілеуде жатыр. Ал, тәубе сөз жүзінде ғана болмауы керек. Алла алдында тәубенің қабыл болуының басты шарты – өкініш. Өйткені, өкініш – жасалған күнәнің парқына жеткендікті білдіреді. Міне, сондықтан да, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Өкініштің өзі тәубе», – деген[6]. Шынайы тәубенің бұдан басқа да маңызды шарттары бар, соның бірі – жасап қойған күнәні екінші мәрте қайталамауға бел буу болса, енді бірі – күнәнің артынан уақыт оздырмай бірден тәубеге келу. Сондай-ақ, егер жасалған күнә кісі ақысына қатысты болса, ақысы кеткен адамнан кешірім сұрап, көңілін алу да тәубенің маңызды шарттарының біріне жатады.

Алла Тағала Құранда Өзіне серік қосудан өзге күнә атаулының бәрін кешіретіндігін айтып, уәде берген. Алла берген уәдесінен әсте таймайды. Олай болса, Аллаға серік қосудан өзге қандай үлкен күнәға батсақ та, күнәларымыз қанша жерден көп болса да, Аллаһтың «әл-Ғафур»,[7] «әл-Ғаффар»,[8] «әт-Тәууәб»[9] деген есімдеріне, бізге берген хақ уағдасы мен шексіз мейіріміне үміт арта отырып, біліп, білмей, жасырын, жария жасаған әрбір күнәнің артынан ұдайы тәубеге келіп отыруымыз керек. Сонда көктегі періштелердің дұғасына еніп, Хақ тағаланың сүйікті құлдарының қатарына қосыламыз.



[1]Бақара сүресі, 222 аят.
[2]Бұхари, дағауат 4. Муслим, тәубә 1.
[3] Имам Амед, 3-198. Тирмизи, 2499. Ибн Мәжә, 4251.
[4] Фурқан сүресі, 70 аят.
[5] Имам әл-Ғазали, Мукәшәфәтуль-қулуб 46-б.
[6] Имам Амед, 1-422, 4012-хадис. Ибн Мәжә, 2-1420, 4252-хадис.
[7] Құлдарының күнәлары қаншалықты үлкен болса да кешірім етуші.
[8] Құлдарының күнәлары қанша жерден көп болса да кешірім етуші.
[9] Құлдарының шынайы туәбелерін әрдайым қабыл етуші.


Әкімханов Асқар Болатбекұлы

 

Әлеуметтік желілерде бөлісуді ұмытпаңыздар

Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы