Жұма, 13 Мамыр 2016   |   884 рет оқылды

ХАРИЖИТТЕРДІҢ ШЫҒУ ТАРИХЫ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ДҮНИЕТАНЫМДАРЫ

Тарих сахнасында пайда болған адасқан топтардың бірі – харижиттер. Харижит сөзін тілдік тұрғыдан қарастыратын болсақ, ол араб тіліндегі «خروج» - хуруж «бөлектеніп қарсы шыққан» деген сөздің мағынасындағы «х-р-ж» түбірінен тарайды. Яғни харижи сөздікте – «бөлініп шығу», «мойынсұнудан бас тартып, көтеріліс жасау» деген мағыналарды қамтыды.

Ал ислами түсінік тұрғысынан алғанда «харижиттер» Ислам тарихындағы алғашқы адасқан ағым. Олар өздерінен басқа мұсылманды кәпір, мүшрик санап ондайларды өлтіруді, әйел, бала-шағасын құлдыққа алуды халал санап, шариғат шегінен шыққан адасушы ағым болып есептеледідеген анықтама беруге болады.

Имам Шахристани бұл ұғымның қолдану аясын шектеп қоймай мұсылмандардың басым көпшілігі тарапынан сайланған әділ имамға қарсы шыққан кез-келген адамды қамтитынын айтады [1, I/114 б.].

Харижи немесе хауариж «ұялту, кінәлау, жазғыру, намысына тию» мақсатында қарсыластары тарапынан қолданылғандықтан бастапқы кезде жылы қабылданбады. Кейініректе қасиетті Құран аятында «Кәпірлердің арасынан шығып Аллаға және Пайғамбарына хижрәт етушілер» [2, 4;100] деген жолын меңзелген топ және «Кәпірлерден әрқандай байланысты үзгендер» деген мағынада аталды. Алайда харижиттер өздерін «сатқан/сатушы», «атаған» деген мағынаны білдіретін «Шурат» сөзімен аталғанын ұнататын. «Шурат» - шари сөзінің көпше түрі еді. Яғни, өздерін Аллаға атағандар, нәпсілерін сатқандар. Харижиттер бұл атты Алла жолында соғысып шейіт болып немесе өлтірілуіне байланысты Құрандағы «Адамдардың арасында Алланың разылығын алуды үміттеніп, өз жанын сататын да бар» [2, 2;207]; «Өздерін Аллаға арнаған немесе Жәннат үшін нәпсілерін Аллаға сатқандар» [2, 9;111] - деген аяттармен байланыстырды.

Харижиттердің қарсыластары Сыффин соғысында төрешілік жолымен мәселенің түйінін тарқату идеясына қарсы шығып, Алладан басқа ешкімнің үкім бере алмайтынын қолдағандары үшін мұхаккима немесе мұхаккима әл улә; Хазірет Әлидің сапынан бөлініп шыққан соң онымен бірге Куфаға бармай, Куфаға жақын маңдағы Харура деп аталған жерде шатыр құрғандықтан осы жерге байланастырылып харурия; Абдулла бин Уәхб әр-Рәсибиді өздеріне басшы етіп сайлап алуларына байланысты уәхбия немесе рәсбия; «діннен және иманнан безгендер» деген мағынаға келетін марика деп те атаған.

Әһли сүнне жолындағы мұсылмандар харижиттердің дінге жаңалық енгізіп, үмбеттің тұтастығы мен бірлігіне сызат түсірген адасқан ағым өкілдері екендігіне бірауыздан келіскен болатын. Ел арасында харижиттік пікірлер мен көзқарастардың пайда болғанын байқаған ислам ғұламалары, мұсылмандарды Алла Тағаланың тура жолынан таймауға шақыруды және харижиттердің адасуын түсіндіруді міндет санады. Өкінішке орай, сауатсыздықтың құрбаны болған кейбір жандар харижиттік ағымдардың ығына кеткендерін байқамай жүр.

Харижиттік бағыттың алғашқы белгілері пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) көзі тірі кезінде көрініс тапқан болатын.

Әбу Саид Худри (р.а.) пайғамбарымыздың (с.ғ.с) былай дегенін баяндайды: «Менен кейін бір топ шығады. Сіздер өздеріңіздің намаздарыңыз бен оразаларыңызды, олардың намаздары мен оразаларымен салыстырсаңыздар өз құлшылықтарыңызды түкке тұрмайтындай көресіздер. Олар жұмсақ дауыспен Құран оқиды. Алайда оқыған Құрандары жұтқыншақтарынан төмен өтпейді және олар оқтың садақтан суырылып шыққаны секiлдiдіннен тез шығып кетеді...» (Бухари. Фадаил. 35).

Бірақ олардың мұсылман жамағатынан бөлініп, көтеріліске шығуы хижраның 37 жылында «ат-Тахким» атты оқиғадан кейін, Әли ибн Абу Талибтың басқару кезеңінде болды. Олардың көш басшыларының Осман ибн Аффанның өліміне тікелей қатысы бар екеніне қарамастан, алғашқы көтеріліп, бағынбауы Әлидің (р.а.) дәуірінде болды.

Ендеше, Харижиттердің пайда болу тарихы төртінші халиф Әли ибн Абу Талибтың басқару кезеңіне (656-661 ж.) шығады. Халифа Осман (р.а) өлтірілгеннен кейін Әли халифалыққа тағайындалды. Жаңа халифаға Сириядан басқа барлық провинциялар ант береді. Оның басшысы Мағауия ибн Абу Суфиян (болашақ халиф пен Омейядтық әулеттің негізін қалаушы) ант беруден бас тартып, оған алдын ала бірнеше шарт қойған болатын. Оның шарты халиф Османды өлтіргендерді жазалау еді. Мағауияға қысым жасау үшін, халиф Әли (р.а) 657 жылы өзінің адал әскерімен Сирияға жорыққа шыққан болатын [1, 170 б.]. Дегенмен, алғашқыда бұл екі ағым да Әлиді (р.а) қолдап, Шам әкімі Мағауияға қарсы аттанды. 657 жылы Сыффин соғысында шамдық әскерлер жеңілуге таяғанда әйгілі саясаткер әрі Мағауияның кеңесшісі Әмр ибн Астың айласымен Шам әскерлері Құран парақтарын найзаларының ұшына іліп, жоғары көтеріп, халифа Әлидің (р.а) әскерлеріне: «Келіңдер Алланың кітабын төреші етейік», - деп айқайлайды. Әли (р.а) мен немере інісі Абдуллаһ ибн Аббас бұл әрекеттің соғыс айласы екендігін айтқанымен, әскерлердің көпшілігі тыңдамады. Сонымен қатар халифа Әлиді де осы ұсынысқа көнуге мәжбүрлейді. Тіпті, шайқас барысында Әлиге өз әскерлері соғысты тоқтатуды талап етіп әрі осы үшін қылыш көтеруге дейін барды. Ақырында соғыс тоқтап, екі жақ мәселенің ақ-қарасын анықтау үшін аралық сотқа келіседі. Бұл аралық сотты екі жақтан сайланған екі төреші шешпек болып уағдаласады. Төреші етіп Мағауия Әмр ибн Асты, халифа Әли (р.а) Абдуллаһ ибн Аббасты сайламақ болады. Алайда, халифа Әлидің әскерлері Абдуллаһ ибн Аббасты емес Әбу Муса әл-Әшғариді сайлатады [1, 170 б.]. Төреші оқиғасынан кейін халифа Әлидің әскерлерінің бір бөлігі оған келіп: «Халифа тағдырын аралық сот билігіне беру Исламға сай келмейді. Сен Алланың кітабына емес төрешіге жүгіндің, сол себепті кәпір болдың, тәубе ет. Біз де сенімен бірге болғандықтан істеген қателігіміз үшін тәубе етіп, қайта иманымызды жаңаладық. Сол секілді сен де иманыңды жаңала. Әйтпесе, бұл жолы сенімен соғысамыз», - дейді. Оларға: «Мен күпірлік істемесем қайтіп діннен шығамын? Осы мәмілеге келіп, соғысты тоқтатқан өздерің, мен кінәлі емеспін», - деп халифа Әли (р.а) ақиқатын айтса да, олар дегендерінен қайтпайды. Ақыр соңында он екі мың әскер бөлініп, Харура елді мекеніне кетеді. Көпшіліктен бөлініп шыққандығы үшін ол топ «бөлініп шықты» деген мағынаға келетін «харижит» атауын алады [1, 170 б.].

Әли (р.а) алдымен Абдуллаһ ибн Аббас пен Әбу Әйюб әл-Ансариді жіберіп, кейін өзі Харураға барып, харижиттерге насихат айтады. Өз қателіктерін түсінген төрт мыңдай харижит райларынан қайтып, Хазіреті Әли (р.а) жағына өтеді. Хурқус ибн Зухайр, Абдуллаһ ибн Уаһб әр-Расибидің қарамағындағы өзге харижиттер Нәһрауанға қоныс аударады. Олар онда да тыныш жатпай өз көзқарастарына қосылмайтын өзге мұсылмандарды кәпір санап, өлтіруге көшеді. Хазіреті Әлиге халықтан шағым түскендіктен 658 жылы олармен соғысуға мәжбүр болды. Хазіреті Әлидің бұйрығымен сегіз мың харижит Майдан даласында толығымен дерлік өлтіріледі. Бірақ тоғыз харижит яғни, екеуі Сижистан/Иран аймағына, екеуі Йеменге, екеуі Оманға, екеуі әл-Жазираға, біреуі Тлемсен/Ирак аймағына қашып кетеді. Міне осы тоғыз харижиттің жасаған насихатынан біз білетін өзге харижиттер пайда болды [3, 58 б.].

Осы орайда біршама дін ғұламалары да ислам ағымдары мен жат пиғылды, жансақ бағыттағы топтар жөнінде сөз қозғаған болатын. Солардың бірі Имам аш-Шахристани «әл-Милал уа ан-Нихал» атты еңбегінде харижиттер туралы: «Айналасына мұсылмандарды жинаған, мұсылмандардың заңды әмірлеріне қарсы келген әрбір адам харижит болып табылады. Және олардың салихалы халифтерге немесе олардан кейінгі салихалы адамдарға, сол сияқты басқа кез-келген уақыттағы мұсылмандардың басшыларына қарсы шыққанында айырмашылық жоқ»,-деген-ді [4, 105 б.].

Имам ас-Суюти өзінің «Шарх Сунан ан-Насаи» атты еңбегінде: «Бұл топ басқа да атаулар мен белгілі болды». Кади ‘Ийяд: «Харижиттерді пайғамбарымыздың (с.ғ.с) бұлар жайында «олар діннен шығады» деген сөзіне сүйеніп «әл-Марика» (шыққандар) деп атаған. Олардың өздері осыдан басқа кез-келген атауға келісетін»,-деген [5, 87 б.].

Харижиттердің ұстанымдары мен дүниетанымдық ерекшеліктеріне байланысты ислам ғалымдары мынадай тұжырымдар қалдырған: «Алғашқы және кейінгі ғалымдарының арасында, харижиттердің Аллаға және Оның Елшісіне (с.ғ.с)бағынбаған, ең жаман адамдар екеніне талас болмаған». Және олардың көптеген оразалары, намаздары мен құлшылықтары оларға ешқандай пайда әкелмейді.

Тіпті, олардың ашық түрде жақсылыққа шақырып, жамандықтан қайтаруы да оларға көмектеспейді. Өйткені олар Құранды өз нәпсілеріне қарай тәпсірлейді. Бізді олардан Алла және Оның Елшісі(с.ғ.с) әділетті халифалар, саңлақ сахабалар мен олардың артынан ергендер сақтандырды.

Жоғарыдағы түсіндірмелер негізінде, харижиттердің бүкіл Ислам әлеміне қандай қауіп төндіретіні анық көрінеді. Осы ағымның шығатыны туралы және олардан сақтандыратын пайғамбарлық ескертулер, олардың сөзсіз аса қауіпті екенін көрсетеді. Сонымен қатар барлық мұсылмандарға харижиттерге тән белгілер мен сипаттарды біліп, олардан сақтануды міндеттейді. Мұндай хабарлар пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өзінен, сондай-ақ, сахабалар мен ұлы имамдардан жеткен еді. Өкінішке орай бүгінгі күні, кейбір мұсылмандардың соқыр көбелектей, сауатсыздықтың салдарынан харижилік сипаттары мен белгіеріне ие болып жатқаны да бар. Міне, сондықтан да исі мұсылман жұртының көзін ашып, аталмыш топтың дәстүрлі Исламға керағарлығық тұстарын дөп басып айтқан ғұламаларымыздың дәйектерін тілге тиек етпекпіз.

Хафиз Ибн ‘Абдуль-Барр айтады: «Әһли сунна уәл-жамағат, соның ішінде білім иелері күнә жасаған бірде-бір мұсылман, күнәлардың қаншалықты үлкендігіне қарамастан, діннен шықпайтынына бірауыздан келіскен!». Сондай-ақ пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Мұсылманды күпірде кінәлаған адам, оны өлтіргенмен тең!»,-деген.

Сонда Хузайфа: «Уа! Алланың Елшісі, олардың қайсысы серік қосуға жақынырақ, кінәлағаны ма, әлде кінәланғаны ма?!»,-деп сұрайды. Сонда пайғамбар (с.ғ.с.): «Жоқ, кінәлағаны!»,деп жауап қатқаны еді [6, 297 б.].

Имам әл-Асбахани: «Әһлу сүннет уәл-жамағат өкілдері, бір-бірін кәпірге шығаратын харижиттер, рауафидтер, қадариттер сынды керағар ағымдар бір-бірін кәпірге шығармайды. Дегенмен, олар бір мәжілісте жиналса, міндетті түрде бір-бірін кәпірге шығарғандығы себепті тарайды. Олар Құранда Алла Тағала айтқан христиандар мен яһудилер іспетті: «Яһудилер «Насарилер тура жолда емес»- десе, Насарилер керісінше «Яһудилер тура жолда емес»- дейтін»,-деген еді [2, 2:113/18 б.].

Харижиттер бірнеше тармақтарға бөлінген. Кейбір деректерде олардың 18 тармағы бар десе, әл-Бағдадидің «әл-Фарқу бәйна әл-Фирақ» атты еңбегінде 20 тармағы бар деген. Аталмыш харижилік тармақтарының дүниетанымдарында біршама өзгешеліктері болған. Алайда, біз олардың ең көп тараған белгілері мен сипаттары жөнінде баяндамақпыз.

Осы орайда Харижиттердің алғашқы қайшылығы – үлкен күнә жасаған мұсылманды кәпірге шығарады. Бұл харижиттердің ең көп тараған сипаттарынан бірі. Сондай-ақ, кіші күнә жасаған мұсылманды да кәпірге шығарғандары бар. Харижиттердің күнәһар мұсылмандарды кәпірге шығаруы Ислам үмметіндегі қарама-қайшылықтардың бастамасы болды. Хафиз Ибн Ражаб: «Бұл үмметтегі алғаш қарама-қайшылық харижиттер мен пайғамбарымыздың (с.ғ.с)сахабаларының арасында, біріншілері күнәһар мұсылманды кәпір болады деп санағаннан басталды»,-деген. Харижиттер оларды кәпірге шығарып, оларға кәпір ретінде қарап, өмірлері мен дүние-мүлкіне көз тікті. Харижиттерден кейін күнәһар мұсылман кәпір де емес, мұсылман да емес деген орта ұстанымда болған мұғтазилиттердің бүлігі пайда болды. Мұғтазилиттерден кейін, пасық мұсылман толық иманды деп санайтын муржиялардың бүлігі пайда болды. Харижитер мұсылмандарды, Құранда немесе сүннетте «күпір» деп аталған немесе істегені үшін адамды тозаққа апаратын күнәларды жасағаны үшін, күпірлікте айыптайды. Бұл олардың дін негіздерін мүлдем білмейтіндігін, шариғат мәтіндерін түсіну деңгейінің төмендігін көрсетеді. Сонықтан да Хақ Елшісі (с.ғ.с) харижиттер жайында: «Пұтқа табынушыларды қалдырып, имандыларды өлтіреді!»,-деген. Демек, аталмыш топтың керағарлығы соншалықты, тіпті, мұсылманның қаны мен жанын рұқсат қылған. Ал мұндай істен пайғамбарымыз үзілді-кесілді қайтарған болатын.

Сондықтан мұсылманның өміріне және оның мүлкіне қол сұғуға ешкімнің құқығы жоқ. Ал, шариғат бойынша кінәлі мұсылманды жазалау құқығына мемлекет басшысы мен сот қана ие болмақ.

Шариғат үкіміндегі өлім жазасын, қандай да бір күнәлар үшін берілетін басқа да жазалар (хадд) сынды басшы ғана іске асыра алады. Басшы еместердің шариғат жазасын орындауына келер болсақ, бұл исламда орын берілмеген өз бетімен соттау мен анархия болып табылады. Имам ан-Науауи: «Мұсылмандардың әмірінен басқа қылмыстың жазасын ешкім орындамайды» [7, 438 б.] деген.

Осы орайда Имам әл-Қуртуби: «Қылмыс (қисас) жасағаны үшін жазаға тарту мен жазаны (хадд) белгілеуді тек басшы ғана жасайтынында талас жоқ»,-деген [8, 245-246 б.б.].

Харижилік көріністерінің бірі – басшыға қарсы шығулары. Ал, бұл болса, шариғатта бұлтарпас дәлелдермен тиым салынғаны анық. Бұған бір дәлел ретінде Хақ Елшісінің (с.ғ.с) сахабалары мұсылмандардың басшыларын жамандауды тиым салған және де Әнас (р.а) былай деген: «Өздеріңнің басшыларыңды жамандамаңдар, алдамаңдар және жек көрмеңдер. Алладан қорқыңдар және сабыр етіңдер!»,-деген болатын. Мінеки, бұл дәстүрлі исламның негізгі бағыт-бағдары болмақ [9, 1 б.].

Демек, пайғамбарымыз (с.ғ.с) және саңлақ сахабалардың хадистерін саралай отырып, харижиттердің ұстанымдары мен дүниетанымдары дәстүрлі ислам негіздеріне үзілді-кесілді қайшы. Өйткені ислам тарихындағы бұқара дін ғұламалары мұсылманшылдықтың мұндай түріне тыйым салған тұғын.

Сол сияқты харижиттер өздерін ғана мұсылман санап, өзгені мұсылман емес деп санайды. Олар жаман нәрсені жақсы деп біледі, мұсылмандар өмір сүретін елді «имансыздар отаны» деп атайды. Әбул-Хасан әл-Әшғари харижиттер ағымдарының белгілерін атағанда мынаны да айтқан: «Олардың түсінігінше, басшылары имансыз мұсылмандардың барлығы имансыз». Кейбір ғалымдар: «Харижиттер мұсылмандардың жерлерін - имансыздар мекені деп есептейді»,-деген [10, 1 б.].

Бұл туралы Усама ибн Зәйд былай деген болатын: «Өз уақытында Алланың Елшісі бізді Жуһанна тайпасының әл-Хурақа руына қарсы жорыққа аттандырған еді. Біз, ертеңгісін оларға құдықтарының қасында тұтқиылдан шабуыл жасадық. Қасымда бір ансар бар, екеуіміз олардың біреуінің соңына түстік. Жақындап келіп мойнына қылышын тақағанымда ол: «Лә иләһа иллаллаһ», - деп кәлимаға тіл келтіреді. Мен оған қарамай өлтірдім. Мәдинаға оралғанда, бұл туралы Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) естіді. Маған: «Әй, Усама, шынымен-ақ, сен оны «Лә иләһа илла Алла» деген адамды өлтірдің бе?»- деп сұрады. Мен: «Уа, Алланың Елшісі, ол мұны жанын құтқарып қалу үшін айтты»,- дегенімде, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ол мұны шын жүрекпен айтты ма, жоқ па, қайдан білесің? Әлде, жүрегін ашып көрдің бе?!»- деп ашуланды» [11, 273 б].

Имам әл-Хаттаби: «Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Сен, оның жүрегін ашып көрдің бе?»- дегені адамдарға сыртқы келбетіне, іс-әрекетіне ғана қарап баға беру қажет екендігінің, ал жүректегі құпиясын Алла қана білетіндігінің дәлелі»,-деген [12, 234 б].

Харижиттер өздерін ақтау үшін олар күдікті, әрі мағынасыз дәлелдер келтіреді. Алла Тағала Құранда: «Алла бір елді тура жолға салғаннан кейін олардың қорғанатын нәрселерін ашық білдірмейінше, оларды адастырмайды. Расында, Алла әр нәрсені толық білуші» [2, 9/115],- деген.  

Тіпті, Ибн Омар (р.а) харижиттерді Алланың ең нашар жаратылыстары деп есептеген, ол: «Харижиттер имансыздарға түскен аяттарды мұсылмандарға байланыстырып қолданады»,- деген [13, 1 б.]. Демек, мұндағы сахабалардың іс-әрекеттеріне жүгіне отырып, харижиттердің қашан да, қай кезде де Ислам әлемінің татулығы мен тұтастығына қауіпті әрі қатерлі екеніне көз жеткіздік.

Сөз соңы жастарымыздың мұндай зиянды топтан аулақ болулары үшін діни тұтастық пен тыныштыққа қауіп төндіретін, керітартпа топтардың алдын алу механизмдерін тауып, жүзеге асыру қажет. Жат ағымдардың зияндығын, оны қолдаушылардың артында тұрған күштердің мақсаттарының діни емес, саяси бағытта екенін дәлелдейтін ғылыми мақалаларды, діни-танымдық әрі ағартушылық материалдарды көптеп жариялау, кезек күттірмейтін мәселе екенін айтқымыз келді.


Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

 

  1. Ислам анциклопедиси. Стамбул: Түркия диянет уақфы. 1997. XVI/170-б.
  2. Құран Кәрім қазақша мағына және түсінігі. Құран Шәриф. 1991. 604-б.
  3. Әбу Мансур Абдулқахир әл-Бағдади. Мәзһаблар арасындаки факлар. 58-б.
  4. Аш-Шахристани. әл-Миляль уа ан-Нихал. 105-б.
  5. Ас-Суюти. Шарх Сунан ан-Насаи 7/85-б.
  6. Әл-Бухари. ат-Тарих. Ибн Хиббан, 81. ас-Сильсиля ас-Сахих. 3201. 297-б.
  7. Имам ан-Науауи. Шарх сахих Муслим. III/438-б.
  8. Әбу Абдуллаһ Мұхаммед әл-Ансари әл-Қуртуби. әл-Жамиғ ли ахкам әл-Құран. Дар әл-Кутуб әл-Ғилмия. Бейрут-Лубнан: 1993. ІІ/425-б.
  9. Әл-Байхақи. аш-Шу’аб. VI/96-б.
  10.  Мақалат әл-Исламиин. I/194-б.
  11.  Әл-Бухари 4269, 6872, Муслим 273.
  12.  Ма’алим ас-Сунан. 2/234.
  13.  Әл-Изтискар. VIII/90-б. Ибн Хажар Асқалани. Фатх әл-Бари. XII/286-б. 
Әлеуметтік желілерде бөлісуді ұмытпаңыздар

Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы