Жұма, 13 Мамыр 2016   |   801 рет оқылды

ПАЙҒАМБАР СОҒЫСЫ

Исламға қатысты ұғымдар ішінде ел арасында көп талқыға түсіп жүрген сөздің бірі – жиһад. Бірі жиһадты қантөгіс десе, екіншісі нәпсімен күрес дейді. Әрине, бұл адам санасында Ислам жайлы жаман ой қалыптастырады. Иә, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) соғысқан. Сира кітаптарындағы Бадр, Ухуд, Хандақ, Ахзаб деген сияқты шайқастар бұған куә.

Аталмыш тақырыпқа кірмес бұрын мұсылмандар ешбір жағдайда бірінші боп соғыс бастамағанын ескеру қажет. Барлық кезде қорғану мақсатында ғана майданға шыққан. Ендеше, қысқаша алғашқы шайқастарға тоқтала кетейік.

Пайғамбарға (с.ғ.с.) және мұсылмандарға ең көп қысым көрсеткен Мекке мүшріктері еді. Олар түрлі зорлық-зомбылық жасады. Тіпті, мұсылмандарды қоғамнан оқшаулап қолдан үш жыл аштық жасады. Бұған мұсылмандар он жыл төзімділік танытты. Ақыры, мүшріктер мұсылмандарды туып өскен ел-жұрты Меккеден қуып жіберді. Бұған қоса үйі мен мал-мүлкін талан-таражға салды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мүшріктердің жәбір-жапасына ерекше төзімділік танытты. Сахабаларды да сабырға шақырып, жамандыққа жамандықпен жауап қайтармауға үндеді.

Мұндай адам төзгісіз зорлық-зомбылыққа қарсы мұсылман не істеуі керек? Өзінің және бала-шағасының басын өлімге тігу керек пе? Адамилыққа жат жағдайда өмір сүрген мұсылмандар жанын және дінін сақтау үшін бас сауғалап көшуге мәжбүр болды. Әуелі Эфиопияға, кейін Мадина қаласына қоныс аударды. Мадина мұсылмандарға құт мекенге айналды. Алайда, мүшріктер тыныштала қойған жоқ. Мұсылмандарға бейбіт өмір сүруге мүмкіндік бермеді. Оларды түбегейлі жер бетінен жойып тастауды қалады.

Мұсылмандар мен мүшріктердің ең алғаш бетпе-бет келген үлкен Бадр шайқасы еді. Бұл шайқасты тарих әдебиеттері арқылы зерттеп, талдар болсақ мұсылмандар қорғанғандығын анықтау қиын емес.

Мүшріктер Мадинаға жақын маңдағы Бадр жазығына келіп тұрақтады[1]. Құрайш әскері бірнеше күн ішіп-жеп тойлап жатып алды. Олардың шайқассыз кері қайтып кетуге барлық мүмкіндіктері болды. Алайда, мұсылмандарды өлтірмей тыным таппайтындығын білдірді. Шайқас басталды. Мүшріктердің 70-ке жуық атқа мінерлері жер жастанып, тағы 70 адамы тұтқынға түсті.

Жеңіліс мүшріктер сабақ болмады. Керісінше, ерегісе түсті. Қарымта шайқасқа әзірлене бастады. Мекке маңайындағы басқа да тайпаларды мұсылмандарға қарсы қайрай бастады. Нәтижеде мүшріктер үлкен әскер жасақтап алды. Бұл Ухуд тауының бөктерінде болған шайқас еді[2]. Мүшріктер үш мың қолмен шықты. Ал, мұсылмандар әскер саны жеті жүз еді. Ухуд шайқасында мұсылмандар жеңілді. Жетпіске тарта мұсылман шейіт болды. Мүшріктер шейіт сахабалардың денесін қорлай бастады. Бұл мүшріктер жасаған жауыздықтың тағы бір көрінісі.

Бадр шайқасында кеткен есесін алған мүшріктен мұнымен шектелмеді. Әйтсе де, қантөгісті доғарса болар еді. Бірақ, олар кекпен шектелмей мұсылмандарды түбегейлі жойып жіберуді көкседі.

Құрайыш тағы әскер жинай бастады. Оларға одақтас боп яһудилер қосылды. Бұл жолы мүшріктер он мың әскермен соғысқа шықты. Мүшріктер одақтастарымен бірге Мадина қаласын қоршауға алмақ еді. Мұсылмандар қаланы айналдыра үлкен ор қазып, қаланы қорғауға қамдана бастады. Мүшріктер бар күшіп салып кірісті. Ор арқылы қалаға кіру әрекеттері сәтсіз аяқталды. Бұл Ахзаб (одақтастар) шайқасы еді.

Ахзаб шайқас үшін мұсылмандарды айыптауға бола ма? Мүшріктер мұсылмандарды жаппай қырып, жоймақ болды. Ал, мұсылмандар кез келген саналы қоғам сияқты өміріне төнген қауіптен қорғанды.

Одақтастар шайқасынан аз уақыт өткеннен кейін Бәну Мусталиқ әскер жинап жатыр деген хабар жетті. Олар Мадина қаласын шабуылдамақ еді. Мұсылмандар тез және шұғыл әрекет жасап, соғыстың алдын алу қажет еді. Олар ауыр соққы бере отырып, жаудың бетін қайтарды.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) һижраттан кейін алғаш рет Меккеде кіші қажылық ету үшін жолға шықты. Мұсылмандар қарусыз, ақ киімде келе жатты. Ешбір мұсылманның ниетінде соғысу жоқ еді. Мұны, Худайбия жазығында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Уаллаһи, бүгін Құрайыш туыстық қарым-қатынасты араға салып менен бір нәрсе сұраса оны беремін»,-деген сөзінен аңғаруға болады.

Худайбия[3] жазығында Құрайыштың бітімгері Суһаил бин Амр келіп Меккеге бейбіт ниетпен келе жатқан мұсылмандарды кіргізбеді. Оларға туған жеріне кіруге қарсы болды. Әрине, мұсылмандар ашуланды. Алайда, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл жолы да асқан кемеңгерлікпен мұндай сорақы әрекетке ешбір наразылық танытпады. Мүшріктердің айтқан барлық шарттарына келісті. Худайбия келісімшарты бойынша қалаған тайпа Пайғамбарға немесе Құрайышқа одақтас болуына рұқсат етілді. Шарт негізінде, Хузаға мұсылмандармен, ал Бану Бәкр Құрайышпен одақтастық құрды.

Бәну Бәкрдің Хузаға тайпасында бұрынғы кегін қайтармақ боп, қастандықпен хузағаның адамдарын өлтіреді. Хузағалықтар барлық арабтар ата жауы болса да қол көтермейтін Меккенің қасиетті аумағын паналады. Бәну Бәкірліктер болса оған қарамай қырып салды. Бұл қылмысқа Құрайыштың бірнеше адамы да қатысты.

Мұнан кейін хузаға руы Пайғамбарға (с.ғ.с.) келіп Худайбия келісімі бойынша одақтасы ретінде көмек беруін сұрады. Пайғамбар (с.ғ.с.) келісім шарттарын толық орындап, одақтасына жәрдем қолын созды. Құрайыш руын ортақ келісімді бұзғаны үшін жазаламақ боп Меккеге бет алды. Қарулы қақтығыссыз, қантөгіссіз Мекке[4] фатх етілді. Мұндай әрекет үшін мұсылмандарға сын айтуға немесе айыптауға бола ма? Керісінше, бұл мақтан тұтатын жайт.

Мекке фатх етілген соң Һауазан қабиласының жүрегі кек пен ызадан өртеніп кете жаздады. Һауазан руы төңірегіндегі барлық тайпаларды мұсылмандарға қарсы жинай бастады. Үлкен қол жиналды. Олар Алланың нұры, Ислам дінін сөндіруге күш-қуатымыз жетеді деген бек сенімде болды. Бұл суық хабар Пайғамбарға (с.ғ.с.) жеткен бойда мұсылмандар жиналып Хунайн жазығына аттанды. Бұл – Хунайн[5] ғазауаты болатын.

Міне, қысқаша айтқанда Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ғазауаттары осы. Бұл шайқастардың барлығы мәжбүрлік және шарасыздықтан болды. Мұсылмандар ешуақытта бірінші болып соғыс ашпады. Қала берсе, соғыстың алдын алу шараларын көп қарастыратын. Соғыстың барлығын мүшріктер бастады. Мұсылмандар ешбір зұлымдық жасамады. Есесіне, мүшріктер барлық зұлымдық атауын мұсылмандарға жаудырды.

Бұған қарамастан мұсылмандар үнемі мүшріктерді кешіруге әзір тұрды. Ара-қатынас тығырыққа тіреліп, басқа жолдардың барлығы ешбір пайда бермеген жағдайда ғана шарасыздықпен соғысқа барды.

Қолдағы сіріңке үлкен өртке себеп болатыны секілді, дұрыс пайдаланса үйге жылу алып келетіні мәлім. Сол сияқты, өзін қорғау үшін қолына қару алуға мәжбүр болған қоғамды соғыс құмар, қанішер деп кінәлау қисынсыз. Жиһадты қате түсінген адам қолына өткір пышақ ұстаған балаға тең. Ол өзін де, өзгені де жаралайды.

 

[1] Сафиур Рахман Мубаракфури, «Рахиқ Махтум», 190-бет

[2] Мұхаммед Ғазали, «Фиқһ сира», 239-бет

[3] Мұхаммед Ғазали, «Фиқһ сира», 280-бет

[4] Мұхаммед Саид Рамазан Бути, «Фиқһ сира набауи», 269-бет

[5] Сафиур Рахман Мубаракфури, «Рахиқ Махтум», 356-бет


Руслан ҚАМБАРОВ,

Исламтанушы

 

Әлеуметтік желілерде бөлісуді ұмытпаңыздар

Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы