Сәрсенбі, 25 Мамыр 2016   |   1997 рет оқылды

ӨЛГЕНГЕ ҚҰРМЕТ – ТІРІГЕ МІНДЕТ

Атам қазақ «Жақсы сөз – жарым ырыс» дейді. Не болмаса, «Әруақ аттаған оңбайды» дейді. Ондағысы – өткенін ұмытып, оларға жақсы сөз айтудың орнына, өмірдегі қателіктерін тізіп, жерге ұру. Ал ислам дініне қарасаңыз,«Өлгенге де, тіріге де жаман сөз айтпа» деп бұйырады. Сол себепті, өлген кісіге Құран бағыштау бар. Мұндағы мақсат – өлген марқұмдарға құрмет көрсету, оларды ұмытпау. Мұсылманның ең жақсы сөзі – Құран. Ендеше ең жақсы сөз оқылғанда, тірілермен қатар бұл өмірден өткендерді де ұмытпау қажет. Ал бұл күнде кейбір өзін мұсылман санаған жастар бар. Олар үйінен бір жақыны, не болмаса, ата-анасы қайтыс болса, артынан Құран бағыштамайды. Ол былай тұрсын, егер ата-анасы намаз оқымаған, не болмаса, дәстүрлі дінді ұстанған жан болса, «кәпір» санап, жаназасыз көмеді.

Бұл мәселе осы заманда көп қозғалып жүрген ауқымды сауалдардың бірі деуге болады. «Өліге ешқандай Құран бағыштауға болмайды», «жақының өлсе, жылама», «қабіріне барып, бата қылма», «ата-анаң, жақының қайтыс болса, қайта еске алуға болмайды», «мал сойып сауабын бағыштауға болмайды, ата-бабаларымыз солай жасаған болса, ендеше олар бұрыс жолда болған», т.б кілең тиым салушылық. Мұндай тиымды естіген кісінің қара басы шырмалған ойларға одан сайын шырмала түспей ме? Зер салып қарасаңыз, бұлардың бәрі мұсылмандарға ата-балалары мен өткен тарихын ұмытуға жасалған тәсіл екенін аңғаруға болады. Жақының өлсе, үнсіз жерлеп, одан кейін оны қайта еске де алмай, жадыңнан өшіресің. Бұл да, барлап қарағанға, лаңкестіктің бір түрі. Өз тарихын, өз өткенін, өз ата-бабасының аруағын ұмыту – құрдым кету деген сөз. Мұның түп негізі Ұлы Жаратушының ақырғы жіберген Елшісі Пайғамбарымыз Хазіреті Мұхаммедті (саллал-лаһу аләйһи уәс-сәләм) һәм оның сахабаларын, одан кейінгі ғұламаларды еске алып, Құран бағыштамауға шақырады. Сонда өткенін ұмытқан иісі мұсылман кімнен ғибрат қылмақ? Ата-бабаның жасаған ізгілікті істерін қалай жалғастырмақ? Егер осындай жалған тыйымдар шын мәнінде ислам дінінде бар болса,Алла Елшісі (с.у.а) мынау сөзді тектен-текке айтпас еді: (Алла Елшісі (с.у.а) еш нәрсені тектен-тек айтпаған) Бірде бір әйел Алла Елшісіне келіп, анасының нәзір оразасы болғандығын, алайда,соны орындай алмай бұл өмірден өтіп кеткендігін айтады. Алла Елшісі: «Қамқоршысы оның орнына ауыз бекітсін» дейді. Бухари мен Муслимдегі бір хадисте де бір әйелдің бір айлық нәзір оразасы болады. Бірақ өтей алмай өліп кетеді. Сонда оның ұлы (яки, қызы) Пайғамбарымызға келіп: «Мен оның орнына ораза ұстасам бола ма?»дейді. Алла Елшісі(с.у.а): «Анаңның қарызы болса, өтер ме едің?» деп сұрайды. Ол: «Иә» деп жауап қатқанда, Пайғамбарымыз(с.у.а): «Алланың борышын өтеу бәрінен де лайық» дейді.

Ораза – тәндік құлшылықтардың бір түрі. Ендеше хадисте біреудің өкіл етіп ұстаған оразасының сауабы қайтыс болған мұсылманға бағышталатынын айтып тұр.Әбу Дауудтың кітабындағы хадисте де бір әйел Пайғамбарымыздан (с.у.а) тірі күнінде қажылыққа бара алмаған анасының орнына қажылық парызын өтеу мәселесін сұрайды. Алла Елшісі: «Иә, оның орнына қажылық жаса» деп жауап қатады. Мұнда да өтелген қажылықтың сауабы өліге бағышталатыны айтылуда. Басқа бір хадисте де: «Өліге (қабірге дейін) үш нәрсе ереді. Отбасы, мал-мүлкі, амалы. Бұлардың екеуі кері қайтып, біреуі қалады. Отбасы мен мал-мүлкі кері қайтып, жасаған амалы өзімен бірге қалады» делінген. Негізі бұған барлық Ислам ғұламалары келіседі Һәм әһли сүниит ғұламаларының барлығы да тірі адамның амалының сауабы өліге пайда беретінін айтқан. Тек қана Мұғтәзила аталған бұрыс ағымдағылар өліге тірінің дұғасы да, садақасы да пайда бермейтінін айтқан. Алайда, кейбір амал мен жақсылықтардың өліге пайда беретіні хақында ап-айқын аят пен хадистер бар. Мысалы, өліге бата жасау мен истиғфардың (Алладан өлінің кешірілуін тілеу) пайдасы болатынына мына аят дәлел: «Олар кейін келгендер былай дейді: «Раббымыз! Бізді әрі бізден бұрын иман келтірген туыстарымызды кешір! Әрі жүрегімізде иман келтіргенге деген ешқандай өштік қалдырма» (Хашыр сүресі, 10). Бұл аятта Хақ тағала өмірден өткен мұсылман бауырлары үшін кешірім тілеген мұсылмандарды мақтаған. Егер кешірім тілеудің өліге пайдасы болмайтын болса, Алла тағала аятында өліге кешірім тілеп, бата қылғандарды мақтамайтын еді.

Өліге оқылған жаназа намазы да оған бата қылып, оның кешірілуін тілеу үшін қойылған. Алла Елшісі (с.у.а) де: «Өлінің жаназа намазын оқыған соң, оған шынайы түрде дұға етіп, бата қылыңдар» дейді. Пайғамбарымыздың (с.у.а) өзі де жаназа намазын оқыған кезде, артынан дұға еткен. Егер бұл намаз бен дұғаның өліге пайдасы болмағанда,Алла Елшісі (с.у.а) бұлай жасамас та еді, өзгелерге әмір етпес те еді.

Міне, бұл тірі адамның өлгенге деген құрметі оның кебінделіп, жуылуынан басталады. Ендеше, Исламда өлген кісіні арулап жерлеу өлгеніңді құрметте дегенді білдіреді. Арулап жерлеген кейін де оны еске алып, кейінгі ұрпаққа жақсы істерін ғибрат етіп жүреді. Сол себепті, атам қазақ өлгенді жерлеген кезде бәрі де бір ауыздан «жақсы кісі еді, жақсы адам еді» деп, оның тек жақсылығын ғана паш етеді. Ал өмірде жаманшылықтары болса, үнсіз кешіріп жіберді. Тіпті, имам өлген кісінің жаназасын шығарар алдында:

«Мұның қарызы бар ма еді?» деп қайталап сұрайды. Қарызы болса, артында қалғандарына аманат еттіреді. Міне, исламдағы құрмет осындай.

Ислам ғұламалары, атап айтсақ Әбу Ханифа, Ахмед ибн Ханбәл жәнә сәләф ғалымдарының бір бөлігі ораза ұстау, Құран оқу, зікір ету тәрізді тәндік құлшылықтардың сауабы өліге жететінін айтады. Мұндағы мақсат – оларға деген құрмет. Сондай-ақ Ханафи, Ханбәли және Шафиғи мен Мәликилерден кейінгі ғұламалар да өлінің жанында оқылған Құран сауабы оған жететінін айтады. Құран оқылғаннан кейін бата қылудың абзалдығын жеткізеді. Ханбәлилер дәстүрі бойынша қабірдің жанында Құран оқудың ешбір нұқсандығы жоқ. Олар мына хадиске сүйенеді: «Кімде-кім мазаратқа барып,«Ясин» сүресін оқыса, Алла тағала сол күні мазарда жатқан өлілердің азабын жеңілдетеді. Сол жердегі өлілердің санындай оқыған адамға сауап жазылады». Басқа бір хадисте: «Кімде-кім ата-анасының басына барып, біреуінің яки екеуінің қабірінің жанында «Ясин» сүресін оқыса,Алла оған кешірім етеді» дейді.

Негізі,Алла Елшісінің (с.у.а) өзі әр жылдың басында Ухуд шейіттерінің қабірлеріне барып былай дейтін: «Сабыр еткендерің үшін сендерге (Алладан) сау-саламат тілеймін! Дүниенің ең тамаша нәтижесі – осы!». Алла Елшісі кейде Бақи мазаратына барып былай дейтін: «Уа, мұсылмандар елінің тұрғындары! Сәлем сендерге! Біздер де, иншалла, сендермен қауышамыз. Аллатағала бізге де, сендерге де кешірім берсін. Ақырет қорқыныштары мен қиыншылықтарынан амандық пен қорғаныш тілеймін». Міне, Пайғамбарымыз (с.у.а) өлілерге дауыстап тұрып, бата қылған.

Қазақ халқында ертеден бері өліге көбінесе «Ясин» сүресі оқылады. Бұл да тегін емес. Өйткені, Алла Елшісі: «Өлілерге «Ясин» сүресін оқыңдар» деген. Ханафилер осы хадиске сүйене отырып, «Адам амалдарының сауабын басқасына бағыштай алады. Амалы қырағат, намаз, ораза, садақа, қажылық т.б. барлық түрлерінен болады» деп фәтуа берген. Бірақ Әбу Ханифа, Ахмед ибн Хәнбәл және Имам Мәликтің көзқарасы бойынша, Құранды мазар жанында оқу – мәкрүһ. Алайда, Имам Мұхаммедтің көзқарасы бойынша,қабір басында Құран оқуға болады. Тіпті, бір хабарда Ахмед ибн Ханбәл да болады деп фәтуа айтып, дәлел ретінде кейбір хадистер мен Ибн Омардан келген хабарды айтады. Ибн Омар қайтыс болар алдында жерлеген соң, қабірінің басында «Бақара» сүресінің басы мен соңындағы аяттарды оқуды өсиет еткен.

Өліні қимай жылау мәселесіне келсек, Алла Елшісі (с.у.а) ұлы Ибраһим өлгенде жылаған. Себебін сұрағандарға ол: «Бұл – Алланың рақымы. Оның құлдарының жүрегіне қойған. Алла рақымды құлдарына ғана рақым жасайды» дейді. Алайда, Құдайға тіл тигізіп, жаман сөздер айтып, бетін жыртып, айқайлап жылауға болмайды. Ал атам қазақта жылау бар, бірақ бетін жыртып жылағандарды тиып отырған. Әдептілік – қашан да исламның рухы.

Енді кейбір дін атын жамылып, елдің бәрін, тарихтың бәрін, билер мен хандардың бәрін «кәпір» мен «мүшрік» деп, өздерін ғана мұсылман етіп жүрген, өлгенге құрметі былай тұрсын, бейт басына барып ата-баба аруағын аяққа таптап, арулап діни рәсіммен жерленгендердің кесенелерін қиратып жүрген, Сириядағы дін атын жамылған содырларға қосылып, мұсылман жанның баласының бастарын кесіп, мейірім атаулыдан жұрдай болып, азғындықтың шегіне жеткендерді бір барлап қараңыз, манағы біз айтқан исламдағы өліге құрметті бір барлап қараңыз. Иманды былай қойғанда, сырттағы ар-ожданы бар басқа дін өкілдері де ақ-қарасын ажыратып, қайсысының адамдық қасиетке жататындығын айта алар еді деймін.


Мұхиддин ИСАҰЛЫ,

теология ғылымының докторы, доцент

Әлеуметтік желілерде бөлісуді ұмытпаңыздар

Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы