Бейсенбі, 09 Маусым 2016   |   1024 рет оқылды

ШҮКІР ЕТСЕ, ЖАҚСЫЛЫҚ АРТАДЫ

Бүкіл ғаламның Раббысы Алла тағалаға мақтаулар болсын! Аллаға шүкір айлардың сұлтаны қасиетті Рамазан айына да қадам бастық. Расында бұл ай – мейірім, рахым, кешірім айы. Сондай-ақ, адам баласы сабыр, қанағат, шүкіршілік сынды күллі көркем-мінезбен де көмкеріле түседі. Рамазан айымен ұштаса түсетін һәм адам баласы күн сайын  қолданса, берекелене беретін шүкіршілік хақында аз-кем тоқтала кеткенді жөн көрдім. Өйткені, күнделікті қарапайым тіршілік барысында қолда бар нығметтің қадірін де, оған айтылар шүкірін де ескере бермейміз.

Дегенмен, рамазан айында ораза ұстаған пенде өзіндегі нығметтің Алладан екенін шексіз түсініп, шүкіршілігін еселей бастайды. Алла Тағала былай дейді: «Алланың нығметін санасаңдар, санына жете алмайсыңдар...». ("Нахл" сүресі, 18-аят) Ал, ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Екі нығмет бар: адамдар қадірін білмей алданып жүреді. Ол денсаулық және бос уақыт», - деп айтқан.

Расымен саралап қарасақ, деніміздің саулығы, басымыздың амандығы, елім-жерім дейтіндей Отанның болуы, заманымыздың бейбітшілігі бұлар да үлкен нығмет. Әйтсе де, бұл айтылғандар көзбен көрген нығметтің бір парасы ғана. "Нахл" сүресінің 53-аятында: «Сендердегі әрбір нығмет Алладан», - деп келеді.

Денің сау, бауырың бүтін болып, қоғамың тыныштығында өмір сүру – бүгінде біз бағалауы тиіс нығметтердің бірі. Өйткені, әлемде бейбіт елінің іргесі сөгіліп, басындағы бағы тайып, қуаныштарынан құт қашқан елдер де бар. Мұсылман күпірлікте емес, әрдайым шүкіршілікте болады. Өйткені, мұсылман баласы бір-бірінің халін сұрағанда «Әлхамдулиллә, тәуба» деп жатады. Ата-бабаларымыз бастарынан түрлі зобалаңды өткізіп, зар заманды кешсе де, әлхам-шүкірін бір тастамаған халық.

Шүкір артқан сайын, Алладан берілер нығметте еселене бермек. Ал, нығметке күпірлік, берекесіздікке әкеліп соғады. Мұны қасиетті Құран былайша растайды: «Егер жақсылығыма шүкір етсеңдер, оны арттыра беремін, егер күпірлік жасасаңдар, азабым, әрине, аса қатты» («Ибраһим» сүресі, 7-аят). Өкінішке орай, шайтанның сыбырына құлақ түріп, уәсуәсасына ерген жандар шүкір жайын ұмытып, шағымдануға, көңіл толмаушылыққа бейім келеді. Мұнымызды жақсы білетін Алла тағала "Сәбә" сүресінің 13-аятында: «Құлдарымның ішінде шүкір етушілер өте аз», - дейді.

Пайғамбарымыз да (с.ғ.с.) жан-тәнімен көп шүкіршілік еткен. Ол (с.ғ.с.) түні бойы аяқтары ісіп кеткенше намаз оқитын еді. Сондай халінің бірінде көрген хазіреті Айша (р.а.) анамыз: «Уа, Алланың елшісі! Алла Сіздің өткен және келер күнәларыңыздың барлығын жарылқаған ғой. Ғибадат үшін мұншама қиналғаныңыз қалай?» - деп сұрағанда, Алла елшісі (с.ғ.с.): «Мен шүкір етуші құлдардан болмаймын ба?» - деп жауап қатқан екен.

Бірде әділетті төрт халифаның бірі хазіреті Омар (р.ғ.) бір адамның «Уа, Алла! Мені сол аздардың қатарында ете гөр!» деп дұға жасағанын естиді. Одан: «Бұл қандай дұға?» - деп сұрайды. Әлгі дұға жасаушы: «Алла Тағала: «Құлдарымның ішінде шүкір етушілер өте аз», - демеді ме?! Мен сол аз ғана шүкір етушілердің қатарында болғым келеді, - деп жауап береді. Мұны естіген хазіреті Омар: «Омардан басқасы білімді екен», - деген.

Алланың пайғамбары шүкір етуші құлдардан болуды қалаған болса, онда бізге не тұрыс?! Аллаға иман келтіріп, пайғамбарды сүйсек, ұстанар жолымыз әрине шүкіршілік пен тыныштық болмақ. Рас, тыныштығымызға көп-көп шүкір етуге мұқтажбыз. Еліміз еңсесін тіктеп, тәуелсіз отан болғанына да биыл жиырма бес жыл. Осынша уақыт бойы дініміз де, әлеуетіміз де өркендеп даму үстінде. Дегенмен, бейбіт заман мен ондағы береке-бірлігіміз бәзбіреулер үшін қажет емес болар.

Қазақ елі Отандастарымыз үшін әрқашан қымбат. Өкінішке орай, дін атын жамылып жүрген бәзбіреулер елімізді Сирияға айналдырғысы келетін секілді. Сонда көздегендері не?! Ол да түсінікті – бүлік пен күпірлік қана. Қасиетті рамазан айының қарсаңында Ақтөбе қаласында орын алған оқыс оқиға елімізді есеңгіретіп, бейбіт халқымызды бір шошытып алды. Алла мұндайдың бетін мұнан әрі алыс қалсын!

Әлгі лаңкес жасаған жандардың әрекеті мүлдем мұсылмандық іс емес. Дініміз мұндайды қаралап, бейбітшілікті мұрат етеді.  Ақиқатында, жазықсыз жандардың өмірін қиған залымдарды ел азаматтары, шынайы мұсылман бауырларымыз түбегейлі айыптайды. ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының Ақтөбе қаласында орын алған лаңкестік оқиғаға байланысты мәлімдемесінде: «...Ақиқатында, жазықсыз жандардың өмірін қиған залымдарды ел азаматтары, шынайы мұсылман бауырларымыз түбегейлі айыптайды. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай, еліміздің тыныштығы мен бейбіт өмірі – баршамыз үшін ең жоғары құндылық. Сондықтан қоғамдағы тыныштық пен бейбіт өмірді сақтау – әр азаматтың борышы һәм парызы деп білгеніміз жөн. Еліміздің барша азаматтарын арандатушылық әрекеттерге берілмеуге, қоғам тыныштығын қадірлеуге және жауыздықпен жұмыла күресуге шақырамын», - делінген.

Иә, мұндай зұлымдыққа бой алдырғандардың әрекеті күпірліктен туған іс. Өйткені, Алла былай дейді: «Сендер мені еске алсаңдар, мен де сендерді еске аламын. Маған шүкірлік етіңдер, күпірлік етпеңдер!» («Бақара» сүресі, 152-аят). Келесі бір аятта былай деп келеді: «Ей, мүминдер! ...Егер Аллаға ғана құлшылық етер болсаңдар, оған шүкіршілік етіңдер» («Бақара» сүресі, 172-аят). Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бір сөзінде: «Қиямет күні көп мадақ айтушы пенделерді тұрғызу үшін жар салады. Сол сәтте бір топ тұрып, оларға арнайы белгі беріліп жәннатқа кіреді», - дейді. Адамдар: «Иә, Алланың елшісі! Көп мадақ айтушы олар кімдер?», - деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Алла Тағалаға әр түрлі жағдайда да шүкір етушілер», - деп айтқан.

Құран аяттарына және пайғамбар хадистеріне қарасақ, тек қана жақсылыққа үгіттейді. Соның бірі - шүкіршілік. Қазіргі уақытымыз қой үстіне бозторғай ұялаған заман. Мұны бабаларымыз аңсады, армандады. Тәуба, ұрпағы бізге нәсіп болды. Енді мұны онан әрі бағалап, кейінге ұрпаққа табыстау бүгінгілерге сын.

Кейде қолда бар алтынның қадірін бағалай алмай жататын кезіміз жиі болады. Сол үшін «Аяз би әліңді, құмырсқа жолыңды біл!» дейтіндей хал кешуіміз керек. Оған апаратын бірден-бір жол «шүкір» деген рухани қазынамызды ұмытпау.

Олай болса, әрбір нығметтің қадірін құт көріп, басымызға қонған бақытқа күн сайын шүкір айтуды ұмытпайық. Ораамыз қабыл болсын!    

Талғат ОМАРОВ,

ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілі,

орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің бас имамы 

Әлеуметтік желілерде бөлісуді ұмытпаңыздар

Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы