Дүйсенбі, 20 Маусым 2016   |   727 рет оқылды

ЕҢ ҮЛКЕН ЖИҺАД – НӘПСІҢМЕН КҮРЕС

Мысырда ұзақ жыл оқып келген шариғаттанушы Ержан Қажы Малғажыұлы діни басқармаға төраға, Бас мүфти болып сайланғанда көпшілік оны танымайтын еді. Өзеуреп сөйлемей-ақ, көрініп қалуға тырыспай-ақ кәсіби һәм білімді маман «Алмас қылыш қында жатпайтынын» көрсетті. Оның үстіне биылғы жылдың қазан айында Діни басқарма Астанаға көшіп, жаңаша тірлік бастады.

– Қадамыңыз құтты екен, екі­ жылға жетер-жетпес уақытта бір­талай игілікті істі жүзеге асырып үлгердіңіз. Оның ішіндегі ең айтулысы, сөз жоқ, діни басқарманы Астанаға көшіріп тәуекел еткеніңіз. Ислам және еліміздің тари­хындағы сандаған қалың көштің шер­лі шежіресі де көпке мәшһүр. Жөні бөлек көш – Сіздің көш. Ниет-мақсатыңызды өзіңізден асып кім айтар?

– Аса қамқор, ерекше мейі­рім­ді Алланың атымен бастаймын. Барлық мақтау бүкіл әлемді жаратқан Алла Тағалаға және Оның Елшісі Мұхаммедке сәлем­дер мен салауаттар болсын.  Сөз жоқ, Астана – күллі қазақ баласының, еліміздің еңселі Елордасы. Еліміздің елжанды, мемлекетшіл азаматтары Елбасы бастаған тарихи көшке ілесіп, Елорданың бір кірпіші болып қалануда. Діни басқарманың Астанаға көшуі – тарихи оқиға. Бұл бастама жұмысымызға жаңа серпін береді. Діни салаға тиісті мекемелермен бірлесе жұмыс істеуге үлкен мүмкіндік туып отыр. Елорда – географиялық тұрғыдан да тиімді. Орталық аймақтан барлық облыстардағы өкіл имамдардың жұмысын қадағалап, бағыт-бағдар беріп отыруға ыңғайлы қала. 

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2014 жылғы қазан айында Астана қаласына қоныс аударды. Бұл жайт ҚМДБ-ның­ орталықтандырылған ұйымдас­ты­рушылық – басқару әлеуетін күшей­туге және мемлекеттік орта­лық органдармен қарым-қатынасын арттыруға жағдай жасайды. Астанаға көшу Діни басқарма қызметкерлеріне зор жауапкершілік жүктейді. Жұмыс қарқынын күшейтуге пәрмен бердім. Өйткені діни салада әсте босаңсуға болмайды. Алла Тағала көшімізді баянды етсін деп тілейміз. 

– Он екі айды өзара «Дін мен­­­ дәстүр жылы» деп бастап, жақ­сы идея көтердіңіз. Аллаға шүкір, жоба қызу қолдауға ие болып, жарқын көрініс тапты. «Дін мен дәстүр жылы» аясындағы атқарылған, басталған жобаларды қорытындылайтын да уақыт келгендей. Осы жыл мен жоба нені ұқтырды? Нені ұттырды Һәм не берді?

– Жыл соңы − дін мен дәстүр жылын салтанатты түрде тәмамдайтын уақыт та таяп қалды. Осыған орай Астана мен Алматы қалаларында рухани кештер ұйымдастырылады. Сонымен бірге, өкілдіктерге әр өңірде игі шаралар ұйымдастыру туралы тапсырма берілді. Дін мен дәстүр бастамасы не ұқтырды, не ұттырды деген сауалға оралатын болсақ, қазақ халқы өзіндік таңдауы, тарихы бар, салт-дәстүрге аса бай халық. Өткеннен қалған көптеген ұлы, игі-ізгі құндылықтарға иеміз. Бұл қасиеттер біздің қандай халық екенімізге нақты кепіл бола алады. Елдің өміршең үміті қандай тиянақтарға негізделсе, болашағымыз да сондай болады. Дін мен дәстүр бастамасы осы тұрғыдан келгенде өте маңызды. Мәселеге тереңірек үңілетін болсақ, дүниеде өзгермейтін ештеңе жоқ. Бірақ өзгеріске түсе отырып елдің тұтастығын құрайтын тіндер, арқаулар болады. Ол біздің дініміз Исламмен бірігіп, астасып кеткен салт-дәстүрлеріміз. Міне, осы қалың көпшіліктің рухын баурап алған шариғи негіздегі дәстүріміз өмір салтымызға айналуы қажет. Дін мен дәстүрдің болашағымыздың жарқын болуы үшін атқаратын рөлі ерекше. Неге деген сауал туындауы мүмкін. Бүгінде екі күштің қабаттаса қосарланып, тұспа-тұс келіп жатқанын жиі байқаймыз. Соңғы уақытта осы ұлттық дәстүр жаңаша жанданып, қоғамдық қажеттілікке ие болуда. Бұл әлемдік рухани дағдарысқа қарсы төтеп бере алатын жалғыз жол. Мұндай өзгерістердің кейбір иірімдері ақпарат құралдарынан, кітаптардан, кинолардан, ғалам­тордан байқалады. Әлі де жалғасын табады деген сенімдемін. Сонымен қатар, көзге көрінбейтін күрделі процесстердің де ықпалын көріп, байқап жүрміз. Қабаттасып келген осындай жайттар дін мен дәстүріміздің негізін түсіндіретін жүйе жасауға себеп болды. Осы бағытта ауқымды жұмыстар атқарылды. Еліміздегі мешіттерде ұлттық нақышта рухани іс-шаралар мен кештер ұйымдастырылды. Төл дүниелерімізді насихаттайтын кітаптар жарық көрді. Дәстүр-салтқа кім ие? Ол – Халық. Сол себепті, дін мен дәстүр бастамасы Діни басқарманың ғана емес, ол жалпы халықтық үрдіс болғандықтан әлі де жалғасын табады деп сенемін. 

Тағы бір айта кетер мәселе: Діни басқармаға келген сәтте мен діни қауым, яғни имам-молдалар мен зиялы қауымның, жалпы жұрттың арасындағы алшақтықты байқадым. Имамдар өзіне таныс, үйреншікті уағыздарды айтса, көп жағдайда мұны халқымыз түсінбей жатады. Әрине, пайғамбарлар, сахабалар өмірі баршаға өнеге. Алайда бізге жақыны – қазақтың би-шешендері, ақын-жазушылары, олардың жыр-дастандары. Олардың да өмірі мен шығармашылығынан алар ғибрат мол. Дін мен дәстүр жылы аясында имамдарымыз өнегелі өлеңдерді, тағылымды толғауларды уағыздарына арқау етіп, мақал-мәтелдермен сөйлей бастады. Осыдан кейін зиялы қауым өкілдері дін өкілдерінің сөзіне ден қойып, екі тараптың ойлары бір арнаға тоғыса бастады. Сондықтан «Бұл идея не берді?» деген сөзге келгенде, дін мен дәстүр халық пен имамдардың арасында алтын көпір болды деп айта аламыз. Екіншіден, тарихи мешіттер жайлы, оны салдырған қазақ тұлғалары туралы зерттеулер жасалып, фильмдер түсірілу қолға алынды. Мұсылман қауымының мейрамдары, мәселен Ораза, Құрбан айт, Мәуліт мерекелері ұлттық нақышта тойлана бастады. Мереке күндері мешіт ауласында киіз үйлер тігіліп, асық ойнатылды, арқан тартылды, тағысын тағылар. Бұл – барша халықты біріктіре білген көпшілік шараға айналды.

– Елде діни ахуал түзеле бергенде, қазақтың өрімдей жастарының қару кезеніп, «жиһад» деп ұрандатып, Сирияға аттануы барша қазақтың жанына батты... 

– Өз сөзіне өзі жауап бере алмайтын жастағы ойын балаларының сыртқы күштердің ықпалы мен арбауында кетуі бізді, мұсылман жамағатын қатты өкіндіреді. Баланың болашағын ойлаған ата-ана бұған әсте жол бермеуі тиіс еді. Сан ғасырлық тарихы бар салты мен дәстүрлі дінінен қол үзіп, бүлдіргі діни нанымға санасы уланған кейбір ата-аналардың қасаң көзқарастары мен Құранға және шариғатқа қайшы, адамгершілікке жат әрекеттерінен баланың да болашағына балта шабылып, саясиланған діни ұстанымның құрбанына айналуда.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өзінің уағыз-насихат жұмыстарында жастарды әсіре діншілдікті ұстануға шақырмайды. Иманынан Отанын сүйетін, ата-анасын қадірлейтін, мемлекетшіл азамат болып өсуге үндейді.

Мұсылман адам дінді саясат үшін пайдаланғысы келетіндердің, Исламды мансұқтауды мақсат тұтқан саяси күштердің нанымынан сақтануы тиіс. Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) хадистерінің бірінде:«Мұсылманды сөгу – пасықтық, ал оны өлтіру – күпірлік», – деген.

Теріс пиғылды радикалды ағымдар Исламдағы «жиһад» сөзін пайдаланып, адамдарды мұсылман елдері арасында болып жатқан қақтығысқа қатысуға шақыруда. Осыған орай, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ғұламалар Кеңесі «Жиһад ұғымы және қазіргі заман» туралы арнайы пәтуа шығарды.

Жиһадтың шарттары:

Ең әуелі имамның (мемлекет басшысының) рұқсаты болуы тиіс. Шариғатымызда имамның (мемлекет басшысының) рұқсатынсыз соғысқа шығуға тыйым салынған. Жиһад (соғыс) істері имамға (мемлекет басшысына) жүктелгенінде ешқандай күмән жоқ. Күнә істерден бөлек басшыға бойсұну міндет. Қасиетті Құранда Алла Тағала: «Әй, мүміндер. Аллаға бойсұнып, Пайғамбарға әрі өздеріңнен болған әмір иелеріне бойсұныңдар» («Ниса» сүресі, 59-аят) деп бұйырған.

Екіншіден, шариғат шартына сәйкес, жиһадқа шыққан адамның мақсаты айқын болуы тиіс.

Үшіншіден, дұшпаннан төніп тұрған қауіп нақты болуы шарт.

Егер бұл шарттар орындалмаса, онда мұсылманның іс-әрекеттері бұзақылыққа, қаскөйлікке ұласады. Біреудің өміріне қауіп төндіруге, ар-намысына тиюге, зұлымдық жасауға – дінімізде рұқсат жоқ. Жаратушы Иеміз: «...Жазықсыз адамды өлтірген адам – барлық адам баласын өлтіргенмен тең (күнәкар) болады...» («Мәида» сүресі, 32-аят) – деп қатаң ескерткен.

Соқыр сеніммен өзге елдің ішкі мәселесіне араласып, саяси соғыстарға қатысу – «ахли сүннет» ақидасына жат және ислам шариғатына қайшы. Шындығында, кез келген соғысқұмар адамның ашқан соғысы жиһадқа жатпайды. Негізінде, мұндай бас-көзсіз озбырлық іс-әрекеттер мәселені шешпейді. Керісінше, қиындатып, шиеленістіре түседі. Қазіргі таңдағы ең үлкен жиһад – діни сауатсыздықпен күрес. Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Үлкен жиһад – өз нәпсіңмен күрес», – деген.

– Қазір Халал өнімдерді стандарттау бөлімі нендей істер атқаруда? Бұл бөлімнің атқарар шаруалары жайлы толыққанды тоқталып кетсеңіз. 

– Жақында халал өнімдерді стандарттау саласы бойынша 250 имам сертификат алып шықты. Олар бұл сала бойынша, Алматыдағы Ислам институтында білімдерін жетілдірді. Бұдан былай халал өнімдерді стандарттауға имамдар да атсалысатын болады. Өндірілген өнімдердің қаншалықты сапалы, қаншалықты шариғат талаптарына сай келетінін анықтайтын боламыз. Мәселен, шұжық шығаратын халал сертификаты бар цехтарды онлайн жүйесінде камералармен бақылау немесе сол өңірдің имамы өндіріс ошағына жауап беретін болады. Сонымен қатар, Діни басқарма жанынан арнайы зертхана ашуды жоспарлап отырмыз. Біз қазір халал сатандарттау жүйесінің барлық механизмдерін қарастырып, жүйелеудеміз. Соңғы уақытта кәсібін жүргізу үшін халал сөзін жамылу жиіліп кетті. Халал сөзі – кәсіптің көзі емес. Біз бұған асқан жауапкершілікпен қарауымыз қажет.

Бүгінгі уақытта мұсылмандар үшін ақыреттік азық пен дүниәуи ілімді де қатар алып жүру қажеттілігі туындады. Өйткені жейтін асымыз халал болуы үшін мұсылмандарға технолог, биолог мамандар аса қажет. Емделуге пайдаланып жатқан дәрі-дәрмектер адам ағзасына зиянсыз халал екенін анықтау үшін де медицина саласын терең меңгерген мамандар керек. Әрбір мұсылманның тұрмыс-тіршілігі халалмен байланысты. 

– Сіз қарапайымдылықты, қайырымдылықты кеңінен насихаттап келесіз. Еліміздегі барлық имамдарға, ҚМДБ-ға қарасты мекеме қызметкерлеріне осы екеуіне салғырт қарамауды тапсырдыңыз. Мұны имамдар қаншалықты рия­сыз атқаруда?

– Әрбір дін қызметкерінің адами келбеті Пайғамбарымыз Мұхаммедке (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) ұқсауы керек. Абай атамыз айтады ғой: «Болмасаң да ұқсап бақ» деп. Тарихтан белгілі, сүйікті пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) әрбір іс-әрекетінде, қандай ортада болса да бір қалыпты болған. Кейінгі үмметтеріне де қарапайым болуды әмір етті. Алланың елшісі: «Мен құл сияқты отырамын, құл сияқты жеймін. Маған қарапайым болу әмір етілді. Ешкімнің ешкімнен артықшылығы жоқ. Алла Тағаланың рахмет есігі баршаға ашық. Кім өз-өзін жоғары санаса, Алла оны төмендетеді. Кімде-кім қарапайым болса, оның дәрежесін көтереді. Сол секілді Алланың әділдігіне көз жеткізіп, бір қадам жақындаған құлына жүз есе дәреже береді», − деген ғибратты сөзі әр мұсылманға өмірлік үлгі, таусылмас қазына. Алланың сүйікті Елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) бірде қасында отырған адамның ыңғайсызданып отырғанын байқап: «Өзіңді еркін ұста, мен патша емеспін. Мен құрма жеген кұрайыштық әйелдің ұлымын», − деп адамзатқа ортақ үлгі көрсетеді. Сол сияқты әрбір қазақ баласы қандай орында отырсын, қандай мінберден сөйлесін, ол, ең бірінші, ауылдың баласы. Біз ауылдан шығып, ақсақалдардың батасын алып, қазақы тәрбиеге қанып өстік. Дін қызметкерлеріне тәкаппарлық, менмендік, өзімшілдік сияқты пенделік қылықтар жарас­пайды.

 Имамның тұлғалық келбетіне келгенде дін қызметкері: «Өзгеден емес, өзімізден бастауымыз керек», − деген ұстанымды басшылыққа алып отырамыз. Алла Тағала Құранда: «Қауым өзін өзгертпейінше, Алла оны өзгертпейді», − деп ескертеді. Халық жақсылығың болса, жақсылығыңды, кем кеткен жерің болса оны да көріп, біліп отырады. Елден еш нәрсені жасырып қала алмайсың. Имам тек сөзбен ғана емес, амалы арқылы да тәлім береді. Сондықтан, молданың аузынан шыққан сөз, оның әрбір амалы айналасындағы адамдар үшін үлгі-өнеге, ғибрат болуы керек. 

– Қай жылдардағы діни басқар­ма­­дағы тойшылдықты – ойшылдық ығыс­тыра бас­тады. Ақ шапаны желкілдеп, көк шапаны көлкілдеп анда-мұнда жүретін имамдардың да етек-жеңі жиналып, ілім-білім­ге, ғылымға барынша көңіл бөл­гені байқалады. Десек те діни кадрлардың, имамдардың жетіл­ді­ретін тұсы көп. Бұл тұрғыда не дер­ едіңіз?

– Имам-молдалардың білімі мен біліктілігін арттыру – біздің басты назарымызда тұрған мәселе. Қазіргі уақытта ҚМДБ-ның құрылымында 3 967 діни мамандар қызмет атқарады. Олардың діни білімін тереңдету жұмысы қолға алынды. Осы ретте мемлекеттік мекемелермен бірлесіп, имамдардың біліктілігін көтеруге арналған арнайы курстар ұйымдастырылып, 2014 жылдың 9 айында 1400-ден астам дін қызметшісі білімдерін жетілдірді.

Өңірлердегі имам-молдалардың халықпен жұмыс істеу қабілетін тереңдетуге, білімін жетілдіруге бағыт­талған семинарлар да ұйымдас­ты­рылуда. 

Имамдардың атқарып жатқан қызметіне лайықтығын анықтау ретінде мешіт имамдарын аттестациялау жұмыстары өткізілді. ҚМДБ-ның аттестациялық комиссиясы Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Шығыс Қазақстан облыстары мен Алматы қаласының 1031 имам-молдасы аттестациядан өткізілді. Алла қаласа, келер жылы да бұл жұмыс қарқын алып, өз нәтижесін береді деген сенімдемін.

– Өкіл имамдарды қызметтен ауыстыру қандай нәтиже беріп жатыр? 

– Діни салада да ротация деген ұғым бар. Оның берер нәтижесі тәжірибеде анықталған. Ротацияға байланысты лауазымды қызметті 5 жылдан артық атқарған имамды өзге өңірлерге ауыстырдық. Ол өзінің қалада, облыста жинақтаған мол тәжірибесі мен білімін сол өңірде пайдаланады. Мұндай кадрлық өзгерістер діни мамандарды жаңашылдыққа, кәсібилікке, тың игі идеяларға жетелейді. 

– Қазір жер-жерде жақсы имам­дардың бар екеніне көз жеткізе бас­тадық. Осындай мамандар ҚМДБ-ға, «Нұр Мүбәрак» университетіне, Имам­дардың білімін жетілдіруі инсти­тутына қажет сияқты. Көрін­бей, еленбей жүрген талантты, іскер имамдар қаншама?! Соларды­ республикалық деңгейдегі жұмыс­тар­ға неге тартпасқа?

– Облыстарға жасаған ресми сапарларымда жергілікті жердегі діни ахуалмен қоса, діни мамандардың да біліктілігіне мән беремін. Мәселен, оңтүстік өңірінде болғанымда тәжірибелі имамдармен кездестім. Ойы, сөзі, өзін ұстауы, бәрі көңілімнен шықты. Оған қолқа салып, Алматыға алдырттық. Қазір Алматы қаласында, Орталық мешітте қызмет атқаруда. Осындай күш-қайраты мол, дінге ықыласты, діни саладағы жұмыстарды дөңгелетіп әкететін жігіттерді байқап, бағамдап, оларға жауапты қызметтер ұсынып жатқан жағдайымыз бар. 

– Елбасы Н.Назарбаевтың «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауы туралы ойыңызды білу де маңызды дер едік...

– Бұл – бүгінгі таңда мемле­ке­тіміздің әрбір азаматына қажетті құжатқа айналғаны сөзсіз. Адам баласы қоғамнан, мемлекеттен тыс өмір сүре алмайды. Әр адам туған елдің бір бөлшегі. Еліміздің алдына үлкен мақсаттар қойып, береке-бірлікте өмір сүруі ол ең бірінші халқымыздың өзіндік бітімі, ішкі мұратының тұтастығы, бірлігінің арқасы. Елбасының Жолдауы осы мақсатты көздейді. Елбасы Жолдауда: «Біздің кейінгі ұрпаққа аманаттар ең басты байлығымыз – Ел бірлігі болуы керек. Осынау жалпыұлттық құндылықты біз әрбір жастың бойы­на сіңіре білуге тиіспіз», − деді. 

Мемлекетіміз жетістікке жеткен сайын, түрлі халықтарды біріктіре түсуде. «Мәңгілік ел» идеясы осы мұратты дөп басты. Елбасы «Мәңгілік Ел» деген құдіретті ұғымға тоқтала келе, ондай идеяның бастауы тым тереңде жатқанын жеткізген еді. Жолдауды дін қызметкерлері де қолдап, халқымыздың тыныштығы мен дамуына үлес қосып келеді. Ендеше, кез келген салада қызмет ететін азаматтың, былайша айтқанда, бәріміздің мақсатымыз бір. Ол – бірлікті сақтап, Қазақстанның гүлденіп, іргелі ел болуы. 

Ел болып бірлесіп әрекет ету, жақсылыққа, жарқын өмірге құштарлық нұрлы жігерлі сеніммен ұштасып жатса, еліміздің еңсесі биіктей түсері анық. 

Тілегіміз де, үмітіміз де осы ғой!

Шапса – тұлпардың тұяғы, ұшса – құстың қанаты талатын ұлан-ғайыр жері бар Қазақстанның бүгіні мен болашағын ойлау, ойлап қана қоймай, іскерлік таныту, игі істерге үлес қосу – баршаға жүктелген жауапкершілігі зор міндет. Мұсылманның мұраты – қоғамға пайдасын тигізу. Халыққа мейірім-шапағатын төгіп, Отанға адал қызмет етіп, көпшіліктің батасын алған адам Алла алдында да абыройы асқақтай түседі. 

Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) мұсылманшылықтың іргесін бірлікпен бекітіп, атақ-дәрежесі мен қызметіне қарамай, мұсылманның бәрін бір-біріне бауыр, туыс деп жариялады. Алла Елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) араздасқан адамдар мен бірлігінен береке кеткен тайпалардың басын қосып, ынтымаққа ұйытты. Татулықты ту етіп, тіршілігін бірлікпен әспеттеген мұсылман жамағаты досқа да, дұшпанға да кеңпейіл, қонақжай, кешірім жолын ұстанған атпен тарихта қалды. Тарих қашан да үздік үлгінің куәгері бола бермек. Өзіне қалағанды өзгеге де тілейтін пайғамбар үмбеті осылайша өмір сүрудің өнегелі өрнегін қалыптастырды. Сөзімен де, ісімен де үлгі бола алды.

Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) бүкіл адамзат баласына жолдаған өсиетінде: «Нағыз мұсылман бауырына озбырлық жасамайды, оны сатпайды. Кімде-кім мұсылман бауырының қажетіне жараса, Алла Тағала да оның қажетін өтейді...» деген. Біз Ислам дінінің қоғамдық мәселелерді шешуге, адамдар арасындағы қайыр-шапағат пен мейірімділік, кешірімділік, бауырмалдық секілді асыл құндылықтарын көбірек насихаттауымыз қажет. Елбасы ата-аналарды қарттар үйіне өткізу – дінімізге де, дәстүрімізге де жат нәрсе екенін айтты. Діни басқарма өзінің діни қызметі аясында 4 бағыт бойынша жұмыстарды жыл басынан бері жүйелі жүргізіп келеді. Соның бірі – қайырымдылық, яғни, қамкөңіл жандарға қамқорлық.

Бәрімізге Отан – ортақ, жер – ортақ. Жаратушы Иеміздің адамзат баласына қасиетті Құранда айтқан әмірі мынадай: «...Жақсылық іске, тақуалыққа бір-бірлеріңе көмектесіңдер, күнә­лі және дұшпандық іске көмектес­пең­дер...» («Мәида» сүресі, 2-аят). Халқы­мыздың болашағы үшін жасал­ған мемлекеттік жобаларға мұсылман жама­ғаты да атсалысып, көмектескені абзал. 

– Діни басқарманың қайырым­ды­лық шаралары болашақта жал­ғасын таба ма? 

– Тәуелсіз Қазақстанның 70 пайыз­дан астам бөлігін құрайтын мұсылман қауымы да қоғамдағы жайт­тарға бей-жай қарай алмайды. Қамыққанға қамқор болып, жабыққанды жебеп, сүрінгенді демеп жіберу – мұсылмандық һәм адамгершілік борышымыз. Осы бағытта бүкіл аймақ, аудан, ауыл мешіттерінде қайырымдылық шаралары, атап айтқанда, «Мектепке жол», «Бауырыңа өмір сыйла», «Қарттарға қамқорлық», «Жетім көрсең, жебей жүр», «Мүгедектерге мейірімділік танытайық», т.б. акция­лар ұйымдастырылып келеді. Бір ғана мысал: «Мектепке жол» акциясы аясында тұрмысы төмен 18 мың балаға қажетті киім-кешек, оқу құрал-жабдықтар берілді. Бұл – діні мен тілі, дәстүрі мен танымы әртүрлі ұлттар мен ұлыстарды бір мақсатқа біріктірген сауапты шараға айналды. Бұл ретте хадис тағылымын айта кеткен жөн: «Мұсылмандар бір-біріне жанашырлығымен және рақымшылығымен бір дене секілді. Егер дененің бір жері ауырса, онда бүкіл дене онымен бірге ыстығы көтеріліп, ұйқысы қашып, мазасызданады». Осы іспетті Пайғамбар (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) үмбеті, біз, баршамыз бір үйдің баласындай, тату өмір сүріп, бір-бірімізді қолдап, демеу көрсетуіміз керек. 

– Сіздіңше, иманды қоғам құру үшін не істеу керек?

 – Иманды қоғам құру үшін ізгі амалдар жасалуы қажет. Қазір біз жастар арасында уағыз айтқанда осыған мән беріп жатырмыз. Діндар болып кету міндет емес. Иманды мұғалім сабағын дұрыс жүргізсе, иманды дәрігер адамдарға жаны ашып, денсаулығын түзесе, иманды басшы қарамағындағы қызметкерлерге әділдік жасаса, иманды құрылысшы шынайы жұмыс істесе, міне, сонда ғана біздің елдің игілігі үшін қызмет ететін жастар көбейеді. Студенттермен кездесулерімде оларға жиі айтамын: жақсы отбасы құруың, салиқалы ұрпақ тәрбиелеуің, терең білім алып, халыққа қызмет етуің, бойдағы жаман мінезден арылуың – жақсы мұсылман болғаның. Алла жолындағы күрес дегеніміз осы. «Жақсы адам кім?» деген сауалға пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Жақсы адам – қоғамға пайдасы тиген пенде», – деп жауап берген. Демек, әркім Алланың өзіне берген қабілеті мен қарымын елдің игілігі, халықтың бірлігі мен дамуы жолында жұмсағаны жөн. Бұл – Аллаға деген ризашылық пен шүкірліктің белгісі, көрінісі. 

– Әдетте Сізге дейінгі мүф­ти­лер халықты тек Құрбан айт, Ораза айт, Рамазан айларында құттықтаушы еді. Сіз жуырда халқымызды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтадыңыз...

– Тәуелсіздік – Алланың хал­қы­мыз­ға берген ұлы сыйы, баға жетпес байлығымыз. Жаратушы Иеміздің ұлы нығметіне шүкір етіп, тәуелсіздікті сәт сайын қорғау, қастерлеп-аялау – еліміздегі әрбір азаматтың адамгершілік борышы. Кезінде құлауға шақ қалған рухани құндылықтарымызбен егемендігімізді алып, еңсені тіктеген Тәуелсіздік жылдары қайта қауыштық. Дербес елдігіміздің арқасында дініміз еркіндік алды. 

Ендігі жерде, мемлекетіміздегі тұрақтылық пен дінаралық келісімнің қалыптасуы және еліміздің халқының береке-бірлігін арттыру жолындағы жұмыстарға қолдау көрсету азаматтық парызымыз екенін ұмытпайық.

Тәуелсіздік жылдары еліміздің барлық аймақтарында зәулім-зәулім мешіттер бой көтеруде. Жастарымыз имандылыққа бет бұруда. Мұндай игіліктің барлығы Тәуелсіздігіміздің жетістігі. 


Ержан қажы Малғажыұлы

Әлеуметтік желілерде бөлісуді ұмытпаңыздар

Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы