Жексенбі, 26 Маусым 2016   |   513 рет оқылды

Әбу Ханифаның зеректігі

 "Оны көрсету мүмкін емес" деген мәжусиге Әбу Ханифа рух, ақыл секілді кейбір бар нәрселердің де көріне бермейтінін айтқанда жамағат дереу тәкбір айтып, қатты қуанады. 

      Имам Ағзам жас шағында Басра қаласында бір мәжусимен кездеседі. Қалаға сауда жасау мақсатымен келген мәжуси «Мен отқа Алла деп табынамын. Өйткені, ол отты көремін. Ал сендердің Аллаларың жоқ, бар болса маған көрсетіңдер, әрине, сендер көрсете алмайсыңдар. Ғалымдарыңды, ұстаздарыңды шақырыңдар, маған көрсетсін» деп халықты қатты састырады. Аспаннан түскендей елдің құтын қашырып мазасын алған мына неменің аузын жабу үшін жұрт бір жас баланы шақыртпақ болады. Егер оны жеңсе ұстазын шақыртпақ. Бірақ, мәжуси «Менің майда-шүйделермен дауласып отыратын уақытым жоқ» дейді. Ақыры не керек, ертеңінде ел болып жиналып мешітте белгілі уақытта жолықпақшы болады.
      Келесі күні келіскен уақытта мешіт іші лық толып жас жігіт пен мәжусидің пікірталасын тамашаламақ болады. Мәжуси ерте келіп ап орындыққа жайғасып, жас жігітті күтеді. Бірақ, белгіленген уақыт әлдеқашан өтіп кетсе де жас жігіт Әбу Ханифа кешіге береді. Ол кешіккен сайын мәжуси «Оқымыстыларың қорыққанынан келмейтін болды» дейді көтеріле түсіп. Халық та мазасыздана бастайды.

 Біраз уақыт өткеннен соң Әбу Ханифа алты айрығынан тер ағып жетеді:
–  Айыпқа бұйырмаңыз, ағайын! Кешігіп қалдым. Өзеннің арғы жағалауынан бер жағына өтетін көлік іздеп тұрғанмын. Ешкім көрінбеді, сіздерден ұят болды-ау деп, не істерімді білмей тұрғам, кенет басыма бір ой сап ете қалды. Өзеннің жағалауындағы ағаштарға «Әй, ағаштар, бірің қайық, бірің ескек болыңдар, мен өзеннің арғы жағына өтейін» дедім. Айтып ауыз жиғанымша болған жоқ, сіздерге өтірік, маған шын, ағаштар әп-сәтте бірі қайық, бірі ескек боп мені көзді ашып-жұмғанша бергі жаққа алып өтті, – дейді. Сол-ақ екен, орындықта отырған мәжуси қарқылдап тұрып күлсін кеп.
–  Ғалым деп алып келгендерің мынау болса жетіскен екенсіңдер, – дейді, – айналайын-ау, ағаштың өз-өзінен қайық болғанын қай атаңнан көріп ең? Дәл осыны күткен Әбу Ханифа дереу:
– Ағаштың өз-өзінен қайық болмайтынына сенбейсің де, мынау үлкен ғаламды жаратушысыз болуы мүмкін дейсің бе? – дегенде, мешіт іші қуаныштан тәкбір айтып, шулап қоя береді. Орындықта отырған мәжуси:
–  Олай болса, неге сендердің Аллаларың көрінбейді. Егер бар болса көрінуі керек емес пе? Ол жоқ болғандықтан көрінбейді, – дейді. Әбу Ханифа мәжусиге:
–  Сенің ақылың бар ма екен осы? – деп қарсы сұрақ қояды. «Бар» дейді мәжуси.
–  Олай болса, ақылыңды көрсет бізге, – дейді мәжусидің өз сұрағын өзіне қойып. «Оны көрсету мүмкін емес» деген мәжусиге Әбу Ханифа рух, ақыл секілді кейбір бар нәрселердің де көріне бермейтінін айтқанда жамағат дереу тәкбір айтып, қатты қуанады. Әбден тығырыққа тірелген мәжуси ашуланып:
–  Басы мен соңы болмайтын біреудің болуы мүмкін бе екен? – деді. Сонда жас жігіт Имам Ағзам Әбу Ханифа саспастан:
–  Сен санау білесің бе? – дейді.
–  Білемін, – дейді мәжуси.
–  Бірдің алдында неше бар?
–  Бірден бұрын сан жоқ. 
–  Дәл сол сияқты Алланың да алдында ешқандай жаратылыс жоқ.
«Жығылған күреске тоймас» дегендей мәжуси осы жерде мына сұрақты қояды қырсыға түсіп:
–  Жарайды, Алланы бар дейік, онда ол қай жаққа қарай бағыт алып барады?  Бұл сұраққа имам Ағзам хазірет:
–  Шамды жаққанда оның жарығы қай жаққа бағыт алады? – дейді.
–  Барлық жаққа жайылады, – деп жауап береді мәжуси. Сонда имам  Ағзам:
–  Шамның жарығы барлық жерге тарайды екен де, жер мен көктің нұры Алла тағала барша жерді қамти алмай ма екен? Мұны күннің өзі дәлелдеп тұрған жоқ па? – дейді. Жеңілгенін біле тұра ақтық рет амал қылып қалайын дегендей былай дейді:
–  Сендер Алланы барлық жерде бар деп ойлайсыңдар. Осыны қалай түсіндірер едің? – дейді. Сонда Әбу Ханифа бір кесе сүт алдырып. Мәжусиге қарап :
–  Май сүттің қай жерінде? – деп сұрайды. 
–  Май мұның барлық жерінде, – деді мәжуси. Әбу Ханифа Алланың бұл әлемнің барлық жерінде бар екенін оның ұғымына шақтап түсіндіріп береді. Мәжуси соңғы сұрағын қояды. Бірақ, басындағыдай емес, алғашқы арыны басылып даусы бәсең шығады:
–  Сендердің Аллаларың дәл қазір не істеп жатыр, соны айтшы.
 Әбу Ханифа мәжусидің орындығынан түсуін сұрап, орнына өзі отырып алады да:
– Қазір Алла тағала сен секілді ақымақ біреуді орнынан түсіріп, мен секілді жас баланы әлемге ғибрат болсын деп басқалардан бір саты биікке көтерді, – дейді.
 Сөзге тоқтаған мәжуси имам Ағзам Әбу Ханифаның ақылы мен зеректігіне таң қалып,  рахметін айтып, дереу сол жерде тілін кәлимаға келтіріп мұсылман болады.

"Әбу Ханифа және Ханафи мәзһабы" кітабынан.

Әлеуметтік желілерде бөлісуді ұмытпаңыздар

Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы