Сенбі, 16 Шілде 2016   |   631 рет оқылды

ЖАН

Көзге ілінбейтін микробтан бастап, алып китке дейін, бірер күн тіршілік ететін болымсыз өсімдіктен мың жыл жапырақ жаятын үлкен ағашқа дейінгі затты қозғалысқа келтіретін болмысты «жан» дейміз. Қозғалысқа келіп, жанмен бірлескен материалдық зат – тән. Тән – сонда жан мен заттың бірлесуі болып шығады. Бірақ, жан ғайып болмыс болғандықтан оның көрінісі заттың белгісі арқылы ғана білінеді.

Жаңа туған сәбиді үш күн емізбесе ол үзіледі. Оны адамдар аштан өлді дейді. Яғни тәнге қорек керек екені осыдан білінеді. Жан тәнде тұру үшін тән денеге осындай зат қажет екен. Оны біз «сусын, қорек, азық, тамақ» деп атаймыз. Адамның да, барлық тіршілік иесінің де тәні осы заттардан жаралған, құралған. Оған сондай өзіне лайықты зат берілмесе, солады, әлсірейді, ақыры өледі.

Сонда, жанның тәнде тұруына керек заттарды әуел баста кім дайындаған? Ұлы Жаратушы осы заттарды жаратқаннан кейін топырақ текті бүкіл тіршілікті, кейін адамзатты жаратты делінген. Жаратылғаннан кейін өз-өзіне сай қорек дайындалды. Туған сәбидің ең алғаш қорегі сүт. Анасының жеген тамағынан емшекте пайда болатын сүттің құрамы ғажап, сонша нәзік заттардың өз мөлшерінде бір тамшы сүтте жиналуы – Құдірет шеберлігін паш етеді. (Оның дәлелі, әлі күнге дейін аса күрделі лаборатория арқылы ана сүтінің құрамын дәл жасау мүмкін болмай келеді).

Сүттен бұрынғы жанның қорегі ауа. Сәт сайын жанға дәру болып тұрған, ауаның құрамындағы оттегінің мөлшері болымсыз өзгерсе, сол мезетте бүкіл тіршілік тұншығып өлер еді. Ауадан кейінгі жанның тірегі су. Екі-ақ түрлі элементтен ең қарапайым зат суда тіршілікке қажет бүкіл зат ериді.

Тіршіліктің осындай тіректері болмаса өмір жоқ.

Құдайсыздардың табиғаттан тартып алдық, өзіміз жасап алдық деп жүрген игіліктерін соған дейін дайындаған кім? Табиғат деп, жаңағы аталған жанды дүниені айтсақ, ол өзі осындай нәзік мөлшермен дайын тұрған қажеттіліктерден жаралып тұрса, онда ол өзі жаратылғанға дейін жаралып қойғандығын дәлелдеудің керегі не? Өзі жаралған нәрсе – жаратушы бола алмайды деуіміз содан.

Жан – жаралған болса, онда Жаратушысы бар. Оның Жаратушысы мезет сайын оған қамқор болады. Мәселен, тәндегі мыңдаған күрделі қызметті реттеп тұрған адамның өзі ме? Адам өкпесіне сорған ауаны қаныма қалай жіберемін дей ме? Не жүректегі қанды денеме қалай таратам деп басын қатыра ма? Яки, жеген тамағын бүкіл денесіне тепе-тең жеткізуге жігер жұмсай ма? Әлбетте, ол мүмкін емес.

Сонда мұны қалт жібермей реттеп тұрған – денедегі жан. Жанды жаратқан құдірет Иесі – Ұлы Жаратушының өзі бәріне қамқорлық жасауда.

Олай болса, табиғат жаратты деу – өз Жаратушыңа жала жабумен тең ең үлкен ақымақтық. Тауда жүрген аю менің жанымды жаратты, не аулада өсіп тұрған ақ қайың мені жаратуға көмек берді деу, я болмаса осы табиғаттың бәрі бірігіп ақылдасып бүкіл болмысты жаратты деп кім дәлелдеп бере алады?! Тіпті, бізді от пен суға түсірмей тірі етіп, сездіріп, ойландырып тұрған ғажап нәрсе ақылды да еш ақылы жоқ табиғат жаратты деу қаншалықты ақылға сыйымсыз деші!

Құдайсыздардың айтқанындай адам миы ақылды өндірмейді, ол соны өзіне қабылдап алатын ерекше ғажап мүше. Егер ол ақылды өндіретін болса, қасқыр асырап алған балалар неге қасқырға айналып кетеді? Неге сол жерде өз өзінен адам болып шықпайды? Ақыл – Алладан беріліп, адам қоғамында сақталып, бірінен бірі жалғасатын ғажайып ғайып зат.

Ал ақылды да сақтап, сан қилы түрге келтіріп тұрған жан – Ұлы Жаратушының жаратқан жаны. 

Абай ХАМЗА
Әлеуметтік желілерде бөлісуді ұмытпаңыздар

Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы