Сейсенбі, 06 Қыркүйек 2016   |   727 рет оқылды

Пайғамбардың айды жару мұғжизасы

Бұл кезде пайғамбар ердің жасы елуге шыққан. Мұқатқан жауына мерейі толық үстем болмаса да, абыройы асқақтап тұрған. Әбужәһіл өзімен пиғылдас кілең пасықтармен  Мұхамбетті арандатудың жаңа жолын іздеп жатты. Бір күні ол:

— Мұхамбет тұзаққа түспеді. Әзірше біздің Манат, Лат, Уззалар үнсіз. «Құдайлар не дейді» деп, қарап отыра беруге тағы болмайды. Оның сиқырының күші жетпейтін бір айла таптым. Мен білсем ол керемет көрсете алмайды, — деді де жоспарын айтты. Бәрі оның ойын хош көрді. Пасықтар түгел жиналып:

— Ей, Мұхамбет, ақындықта мықты екенсің. Сиқырлы өлеңдеріңмен бейсауат жұртты арбап болдың. Бізді ақымақ қылғаның жетер. Құдайға шүкір, біз де біраз игі жақсылармен сұхбаттас болғанбыз. Әһлі кітаптардың талай уағызын тыңдағанбыз. Шын пайғамбарға Алласы мұғжиза берсе керек-ті. Мына яһудидің барлық пайғамбарында мұғжиза болған. Мұса теңізді жарған, Сүлеймен жындарға сарай салдырған, Ғайса өлікті тірілткен, Дәуіт таумен тілдескен. Сенде оның бірі жоқ. Он жыл болды құр Құраныңды оқып жүрсің. Елдің берекесін алып біттің. Екіге жарылған жұрт әбден титықтап болды. Сенің кесіріңнен аталас туыстар аралас-құраластан қалды. Не де болса бір жағына шығайық. Айды жарып, хақ пайғамбар екеніңді көрсет. Қолыңан келсе мойындаймыз, келмесе бізге ренжіме. Істің аяғы насырға шабуы мүмкін. Не дейсің? — деді.

Пайғамбар не айтарын білмей, үнсіз отырып қалды. Себебі, Тәңір тағала оған «мен саған ең ұлық мұғжизаны бердім. Ол – Құран» деген еді. Сол кезде Жебірейіл періште келді де, «Мұхамбет, еш алаң болма, шарттарына келіс» деді. Расул:

— Мен дайынмын. Қайда, қашан? – деп қысқа қайырды.

Ертесіне Құбайыс тауының етегіне он мың адам жиналды. Аспандағы ай тап сол түні шар табақтай толысып тұрды. Айнала сүттей жарық еді. Әбужәһіл:

— Мұхамбет ортаға шықсын, — деп айқайлады. Алланың елшісі топтан жарылып шықты да, таудың төбесіне қарай көтерілді. Төмендегі тобыр:

— Ал, көрсет кереметіңді, — деп мұқата бұйырды.

Пайғамбар күбірлеп бір дұға оқыды. Кенет ай орнынан қозғалып, бейне бір бұларды мыжып тастайтындай төбеден төніп келді. Жаңа ғана қара аспанда әдемі сәуле шашып тұрған көркем айдың бұжыр-бұжыр, алабажақ бетін жақыннан көргенде пасықтардың жүрегі тоқтап қалуға шақ қалды. Олар «бізді басып қала ма» деп үрейі ұшты. Оған «керемет көрсет» деп қыстағандарына өлердей өкінді.  Сол кезде Расул «иә, біссімілдә» деп оң қолымен ишара етіп, айдың ортасынан бір-ақ ұрды. Сол сол-ақ екен, ай дәл ортасынан қақ айрылып құлап түсті. Ай қаһырап жарылғанда оның бетіндегі қиыршық құмдар мен ұсақ тастар, жаңбыр сияқты төбеден жауып кетті. Бұ  сұмдықты көргенде, жұрттың жағы қарысып, тілі сөйлеуге келмей қалды. Көбі «осы жерден тірі шықсақ жарар еді» деп зәресі ұшты. Тіпті, топтың шетінде тұрғандар үйіне қарай безе жөнелді. Қалғаны ай жарылған сәтте кейін қарай лықсып, бірін-бірі таптап, құлағандарын мыжып, жөнкіле көшті. Мұғжиза мұнымен бітпеді. Айдың сынығы бүрісіп бір уыс болып қалды. Сөйтті де екі жартысы да жарыса келіп пайғамбардың қойнына кіріп жоқ болды. Даладағы жарық сонымен лап етіп сөнді.  Көзге түртсе көргісіз, тас қараңғы түнек орнады. Пасықтар «иә, Лұт, иә, Манат өзің жар бола гөр» деп құдайларына жалбарынып жамырап кетті. Көбі не сөйлеп, не қойғандарын білмей сандырақтап қалды. Кейбірі тілінің келгенінше кәлима-шаһадатты шатып-бұтып айтып жатты. Қараңғыда қара тобыр бірін-бірі таптап жатқанда, жоғалып кеткен айдың екі сынығы пайғамбардың екі жеңінен жарқ етіп қайта шықты. Түнек серпіліп, айнала қайтадан жарық болды. Ай орнына қайта барып қонғанда, Меккенің үсті сүттей жарық болып шыға келді. Таудағы тобыр тым-тырақай қашып, үйлеріне барып тығылды. Үш күн бойына үрейден арыла алмады. Көшеге ешкім шықпады. Сауда уақытша тоқтады.  Ал, Құбайыстың басында пайғамбардың санаулы серіктері ғана қалды. Олардың иманы одан сайын беки түсті.

Надандар есін жиған соң, «ойпырмай, не деген күшті сиқыршы еді. Мұхамбет зәремізді алды-ау. Құрысын, бұдан кейін «керемет көрсет» деп айтпайық» деп бұрынғы әндерін қайта басты.

Әлеуметтік желілерде бөлісуді ұмытпаңыздар

Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы