Сәрсенбі, 07 Қыркүйек 2016   |   928 рет оқылды

Құрбандық шалудың сауабы мен маңызы

Тәуелсіздігімізге жиырма бес жыл толып, еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағынан жаңғыруымен бірге рухани және мәдени өреміз де көтеріліп келеді.

 Елбасының ұлттық мерекелердің мәртебесін көтеру бастамасының арқасында  Құрбан айт мемлекеттік деңгейде аталып өтілетін діни мейрам қатарына қосылды. Жыл сайын Құрбан айт мерекесін барша мұсылман қауым зор ықыласпен атап өтеді. Құлшылығын жасайды.

Алла Тағала Құран Кәрімнің «Кәусар» сүресінің  3-аятында «Намаз оқы және құрбан шал» - деп әмір етіп, құрбандық шалудың уәжіптігін білдіреді.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) «Кімде-кім мүмкіншілігі бола тұра құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын!» - деп бұйырған.Тағы бір хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у.) «Құрбан шалыңдар! Өйткені ол Ибраһим әкелерінің сүннеті, яғни «сүннет» жолы деген мағынаны білдіреді.

Бізге уәжіп болған құрбандық шалу – Ибраһим (а.с)- нан жалғасқан жол болып табылады.

Құрбандық шалу белгілі бір адамға уәжіп болғандығы үшін  мына шарттар орындалуы тиіс:

Мұсылман болу;

Құрбан айт уақытында жолаушы болмау;

Негізгі қажеттерден тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болу;

Нисап мөлшері - 85 грамм алтын, яки құнына тең келетін ақша;

Бас бостандығы болуы;

Балиғатқа жеткен болуы мен ақыл – есі дұрыс болуы.

Сонымен қатар, құрбандыққа шалынатын малдарға келсек, қой яғни, бір жасқа, сүйегі ірі болса алты айлық,  ал  ешкі бір жасқа толуы тиіс. Сиыр, қодас екі жасқа, ал түйе бес жасқа толуы қажет.

 Алла елшісі (с.а.у): Төрт мал құрбандыққа жарамайды: Анық соқыр, анық ауру, (жүре алмайтындай дәрежеде) көрініп тұрған ақсақ және жілігі көрінетіндей өте арық малдар», - деп түсіндірген.

Ал егер біреудің құрбан шалуға әзірлеген малында бір кемшілік кейіннен пайда болса, Әбу Ханафи мазхабы бойынша бұл малды құрбандыққа шалуға болады делінген. Әбу Сайд Худри былай дейді: «Біз құрбандық үшін бір қошқар сатып алдық. Бірақ қасқыр шауып, оның артқы жамбасын жарақаттады. Бұл мәселе жайлы сұрағанымызда, Пайғамбарымыз (с.а.у) ол малды құрбандыққа шалуымызды бұйырды», - деген.

Құрбан шалатын кісі бай болатын болса, малды алмастырғаны абзал болады.

Ибраһим пайғамбардың кезінде құрбан шалу қажылықтың бір шарты ретінде сүннетке айналып, соңғы елші хазіретті Мұхаммед(с.а.у) – ға жетті.

Осы кезден бастап, құрбан  шалу қажылықтың бір рәсімі ғана болмай, бүкіл мұсылман жұртшылығына ортақ құлшылық түріне айнала бастады.

Алла Тағаланың әмірлерін қалтқысыз орындау пендені Жаратушының разылығына бөлеп, ахыретте сый – сияпатқа кенеледі.

 Құрбан шалу да – Алла Тағаланың бұйрығы, сол себепті бұйрықты шын ықыласпен орындаушы Раббысының разылығын алып,  ахыретте жүзі жарқын болып, мол сауапқа иеленеді.

Сондықтан барша мұсылман әр жылда құрбан шалып, сол құрбан етінің бір бөлігін отбастарына, екінші бөлігін туған – туыстарына, жолдастарына және кембағалдарға таратып, Алла Тағаланың разылығына бөленеді.

Бұған дәлел ретінде Ибн Аббас (р.а.)былай деген: «Пайғамбарымыз (с.а.у) шалған құрбандығының үштен бірін – отбасына, үштен бірін – кедей көршілеріне, қалған үштен бірін садақа ретінде тарататын».

Сонымен қатар, құрбандық шалудың сауабы жайында ілімнің кілті болған Әли (р.а) былай дегенді: Әркім үйіннен,  құрбандық шалу ниетімен бір малын алып шығатын болса, әрбір аттаған адымы үшін оған он сауап жазылар, он күнәсі өшіріліп, және (Алла алдында дәрежесі) оң дәреже жоғарылайды.

Құрбандық шалудың уақыты Құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні ақшамға аз уақыт қалғанға дейін жалғасады. Үзір себептерге байланысты Құрбан айт намазына бара алмай қалған адамның, намаз оқып болатындай уақыт өткеннен кейін құрбан шала беруіне болады.

Пайғамбарымыздан (с.а.у.) Құрбандық шалудың уақытына байланысты бірнеше хадис риуаят етілген. Бәрә ибну А'зибтің риуаяты бойынша: «Аллаһтың Елшісі (с.а.у.): «Біздің бұл күнде алғашқы жасайтын ісіміз – намаз оқу, қайтып келіп, құрбандығымызды шалу. Кім осылай істесе біздің сүннетімізге ергені. Ал кімде-кім бұдан бұрын құрбанын шалатын болса, бұл құрбанының отбасына берілген еттен айырмашылығы жоқ. Бұның құрбан болуы мүмкін емес.

Раббысына құрбандық  шалатын жан, өз құрбандығын  өзі шалғаны -  мұстахап (яғни жақсы) болады.  Дегенмен өкілеттік беру арқылы басқа адамға да бауыздатуға болады. Құрбандық шалатын жан мұсылман болуы шарт болып табылады.

Осылайша қасиетті құрбан айт күні барша мұсылмандар бір – бірін құттықтап, айт намазын оқып, тәкбір айтып, халыққа шалынған құрбандарынан жегізіп,  Алла алдында сауапқа кенеледі.

 

Омаров Талғат Сейіткәрімұлы

ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілі,

орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің бас имамы

Әлеуметтік желілерде бөлісуді ұмытпаңыздар

Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы